Биылғы жылы Шиелі ауданының аймақтық үйлестіру кеңесіне ұсынылған жобалық құны 465 млн теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл қолға алынатын жобалар арасында «Шиелі МТС» ЖШС-ның күріш ақтау зауыты құрылысы жобасы бар. Оның жалпы құны - 250 млн теңге. Жүзеге асыру мерзімі 2016-2018 жылдар. Құрылыс кезінде - 30, іске қосылғанда 40 жұмыс орны ашылады. Зауыттың қуаттылығы тәулігіне 60 тонна күріш өңдеу. Жылдық қуаттылығы 7 мың тонна ақ күріш, ақұсақ - 1850 тонна, кебек ұнтағы 1400 тонна шығару. Бүгінгі күні 5 га жер телімін алу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар «Шиелі-Жолшы» (Ә. Абдуллаев) ЖШС-ның «Темір бетон бұйымдарын шығару және пайдалану зауытының құрылысы» жобасы жүзеге асырылады. Жоба құны - 124 млн теңге, жаңа жұмыс орындарымен құрылыс кезінде - 10 адам, іске қосылу кезінде 15 адам қамтылатын болады. Қуаттылығы жылына 2500 дана плита шығару. Бүгінгі күні 5 га жер телімін алу жұмыстары жүргізілуде.
Жобалар санатына «Бек-транс строй» (Б. Адырбеков) ЖШС-ның «Құрылыс материалдарын (шлакоблок, әк тас, полипропиленді қапшық) өндіру» жобасы да кіреді. Жоба құны - 55 млн. теңге. Жүзеге асыру мерзімі 2016-2018 жылдар. Құрылыс кезінде 30, іске қосылғанда 26 жұмыс орны ашылады. Жылдық қуаттылығы әк тас - 12 мың тонна, полипропиленді қапшық - 1 млн дана, шлакоблок - 180 мың дана деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ «Б.Сыздықов» «Көлік және ауыл шаруашылығына арналған жабдықтарды жөндеу мен электр құралдарын жинақтап өңдеу өндірісі» жобасы. Жобаның жалпы құны - 36 млн теңге. Жүзеге асыру мерзімі 2016-2018 жылдар. Құрылыс кезінде - 15, іске қосылғанда 7 жұмыс орны ашылады. Қуаттылығы айына жасалатын жөндеу жұмыстар саны - 156, көрсетілетін техникалық қызмет көрсету саны - 182. Бүгінгі күні 5 га жер телімін алу жұмыстары жүргізілуде. Төрге озған төрт жоба да өңірдің экономикасына жаңа серпін береді.