12 Қаңтар, 2017

Президенттің жұмыс кестесі: 2016 жылдың негізгі қорытындылары

509 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін
2016.IX.04 (саммит G-20, г.Ханчжоу)2016 жыл Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтіп, мұның өзі тиісінше мемлекеттік органдар мен ел Президенті Н.Ә.Назарбаев қызметінің мазмұнында өзіндік ізін қалдырды. Жылдың өн бойында шет елдерге сапарларды, өңірлерге жасалған жұмыс сапарларын, түрлі мәжілістер мен кеңестерді, халықаралық және республикалық форумдардың, конференциялар мен съездердің жұмыстарын, шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлерін қабылдауларды, жұртшылық пен еңбек ұжымдарының өкілдерімен кездесулерді, өнеркәсіп кәсіпорындары мен әлеуметтік нысандарды аралауды қоса алғанда, Президент Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен 700-ге тарта хаттамалық іс-шара болып өтті. Мемлекет басшысы 11 кеңес өткізді, атап айтқанда, елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша – 3, Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның қызметі мәселелері бойынша – 2, Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру қорытындылары бойынша – 2, Бес институттық реформаны жүзеге асыру мәселелері бойынша – 1, Жер реформасы жөніндегі комиссия қызметінің қорытындылары бойынша – 1, Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы және ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмеге дайындық мәселелері бойынша – 1, Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы және 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындық мәселелері бойынша 1 кеңес болып өтті. Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен сондай-ақ Үкіметтің 2 кеңейтілген мәжілісі, Сыртқы істер министрлігі коллегиясының 1 кеңейтілген мәжілісі, Шетел инвесторлары кеңесінің 1 отырысы және Қауіпсіздік Кеңесінің 4 мәжілісі болып өтті. Жыл ішінде Президент Парламент Мәжілісінің отырысына екі мәрте қатысты. Сондай-ақ, Парламент пала­таларының төрағаларымен кездесіп, депутаттық корпуспен тұрақты негізде өзара бірлесе жұмыс жүргізді. Мемлекет басшысы еліміздің өңірлеріне 17 жұмыс сапарын жасады: Алматы қаласында 5 рет, Павлодар және Ақмола облыстарында екі реттен, сондай-ақ Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында болды. Сонымен қатар, Президенттің Астана қаласы бойынша да тұрақты түрде жұмыс сапарлары болды. Екіжақты қатынастардың аясында шет елдерге жасалған 16 сапарды, сондай-ақ 9 халықаралық саммит пен 2 халықаралық форумды қоса алғанда, Президенттің қатысуымен халықаралық сипаттағы 100-ге тарта кездесу мен іс-шаралар болып өтті. Н.Ә.Назарбаев 21 баспасөз конференциясы мен брифинг өткізді, отандық және шетелдік БАҚ-қа 13 сұхбат берді, 2 бейне үндеу жолдады. Бұдан басқа, оның авторлығымен Қазақстанның орталық газеттерінде 2016 жылғы 6 қаңтарда «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» және 4 сәуірде АҚШ-тың «The Hill» күнделікті саяси газетінде «Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит: ілгері бастаған жол» деп аталатын 2 мақала жарық көрді. Жыл бойында Президент 6 мыңнан астам құжатты қарап, қол қойды, олардың қатарында 107 заң, 243 жарлық, 88 өкім, 16 мәжіліс хаттамасы, 1042 қызметтік құжат, 4200 талдамалық және ақпараттық-анықтамалық материал, азаматтардың 309 арыз-шағымы бар. Осы кезеңде Мемлекет басшысы 56 күн сапарда болды, соның 31 күні шет елдерде және 25 күні Қазақстанның өңірлерінде өтті. 2016.XII.16 (открытие монумента)* * * Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жыл­дығын тойлаған мерейтойлық жыл «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жү­зеге асырудың басталуымен тұспа-тұс келді. Осыған байланысты Президент Н.Ә.Назарбаев жыл басында мерзімдік басылым беттерінде жарық көрген өзінің «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақа­ла­сында Ұлт жоспары «біздің қазақстандық арманымыз – ХХІ ғасырда көшбасшы 30 ұлттың бірі болуға қол жеткізуімізге жол ашатындығын» атап көрсетті. 2 қаңтарда Елбасының төраға­лығымен Үкіметтің және Президент Әкімшілігі басшылығының қатысуымен Бес институттық реформаны және Ұлт жоспарын жүзеге асыру жөнінде кеңес болып өтті. «Ауқымды дайындық жұмыстары атқарылды, тиісті құжаттар қабылданды. Президент Әкімшілігі, Үкімет, әрбір министрлік және әкімдіктер қойылған міндеттерді нақты орындауға атсалысуы қажет», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы. Алда тұрған жұмыстың ауқымы мен маңызын түсінген бесінші шақы­рыл­ған Парламент Мәжілісінің депутаттары Президентке Мәжіліс пен бар­лық деңгейдегі мәслихаттар депу­тат­­тарының сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсыныс білдір­ді. Пар­ламент палаталарының төраға­ларымен, Премьер-Министрмен және Конституциялық Кеңестің төрағасымен ақылдасқаннан кейін Президент халық қалаулыларының бас­тамасын қолдады. Парламент сайлауына даярлық аясында Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен 29 қаңтарда болып өткен «Нұр Отан» партиясының ХVII съезінде «Қазақ­стан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасам­паздық» сайлауалды бағдарламасы қа­был­данды, сондай-ақ Парламент Мәжі­лісіне депутаттықтан үміткерлердің партиялық тізімі бекітілді. 20 наурызда болып өткен Мәжіліске кезектен тыс парламенттік сайлау қоры­тындылары бойынша, «Нұр Отан» партиясы дауыс беруге қатысқан сай­лау­шылардың 82,2% дауысын иеленіп, айқын жеңіске жетті. Парламентке сон­дай-ақ «Ақ жол» Қазақстан демок­ра­тиялық партиясы мен Қазақстан Ком­мунистік халықтық партиясының өкілдері де енді. Алтыншы шақырылған Парла­менттің І сессиясының ашылуында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы жаңадан сайланған депутаттардың назарын Ұлт жоспарын жүзеге асыру контексінде әлеуметтік-экономикалық және құқық­тық реформаларды заңнамалық қам­та­ма­сыз ету жөніндегі міндеттерге аударды. Өз кезегінде, атқарушы биліктің құ­рылымдары алдына мемлекеттік басқару мен мемлекеттік аппарат қыз­метінің тиімділігін одан әрі арттыру жөнінде міндеттер қойылды. Осыған байланысты жыл ішінде Ақпарат және коммуникациялар, Дін істері және азаматтық қоғам, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері жаңадан құрылды. Сонымен қатар, жыл басынан Пре­зи­денттің 2015 жылғы 29 желтоқ­сан­дағы Жарлығымен бекітілген «Мем­лекеттік қызметшілердің этикалық кодексі» күшіне енді. Онда мемлекеттік қызметшілердің жұмыста және тұрмыста өздерін ұстауының этикалық нормалары мен ережесі белгіленген. Бұдан басқа, этика жөніндегі уәкілетті өкіл институты құрылды. Оның міндеттеріне этика­лық нормалардың бұзылуының алдын алу, олардың қолданылу мәселелері бойынша кеңес беру, мемлекеттік қызмет­шілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, ұжымдағы қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қолдау функ­ция­лары кіреді. Н.Ә.Назарбаев қарашада болып өткен судьялардың VII съезінде Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында елдің соттық-құқықтық жүйесін дамыту басымдықтарын судьялар кор­пусы алдында белгілеп берді. Құқық­тық реформаның көзге көрінетін алғаш­қы нәтижелерінің бірі сыбайлас жем­қор­лықпен күрестің жаңа деңгейге көтерілуі болды. Мәселен, өткен жыл барысында жоғары лауазымды шенеуніктер мен ұлттық компаниялардың топ-менед­жерлеріне қатысты бірқатар қылмыстық істер қозғалып, сотқа дейін жеткізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының сәуірдегі «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» тақырыбындағы ХХІV сессиясын да мерекелі жыл күнтізбесіндегі елеулі іс-шаралардың қатарында атап өтуге болады, оның жұмысының қорытындысы бойынша «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі қабылданды. Онда, Президент айтқандай, біздің халқымыз құрған әрі аңсаған басты жалпыұлттық құндылықтар, Қазақстанның тағдырына, дамуы мен өркендеуіне мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың өзара жауапкершілігі көрініс тапты. Біздің құрамамыздың Рио-де-Жанейро қаласындағы ХХХІ жазғы Олимпия ойындарында табысты өнер көрсетуі қазақстандық патриотизм мен бірліктің жарқын айғағы болды, онда түрлі дәрежедегі 17 медальді жеңіп алдық. Елдің олимпиадалық құрамасының сенімді жеңісі біздің азаматтарымыздың өз Отаны үшін патриотизмі мен мақтанышының артуына қосымша серпін берді. Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен 26 тамызда болып өткен Олимпия ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін салтанатты ұлықтау рәсімінің зор өрлеу туғызғаны кездейсоқ емес. Қыркүйекте Алматы қаласының 1000 жылдығын тойлау мерейтойлық жылдың маңызды мәдени оқиғасы болды. «Бұл дата ЮНЕСКО-ның Адам­заттың атаулы және мерекелік күнтіз­бесіне енген. Аталған шешім Алма­тының өңірлік және жаһандық даму­дағы бірегей рөлінің айрықша екенін көрсетеді. Сондықтан біз бүкіл халық болып қаланың мыңжылдығын Отанымыз Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесінде мерекелеудеміз», деді Президент ме­рекелік іс-шаралар барысында. 2016 жылы еліміз, сондай-ақ, Семей ядролық полигонының жабылғанына 25 жыл толуын атап өтті. 29 тамызда Астана қаласында болып өткен «Ядролық қарусыз әлем қалыптастыру» атты халықаралық конференцияда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Ядролық қару-жарақты қысқарту туралы жалпыға ортақ шарт әзірлеу, барлық жерлерде өңірлік ядросыз аймақтар құру және Солтүстік-Шығыс Азияда, Еуропа мен Арктикада қосымша аймақтар құру туралы ұсыныстарды ортаға салды. Сонымен бірге, өткен жылы елдің ішкі саяси өмірінде бірқатар елең еткізерлік оқиғалар болды. Көктемде қоғамдық күн тәртібінде жер мәселесі өткір көтерілді. Үкімет бас­тамашылық танытқан Жер кодексіне мемлекет меншігіндегі ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерлерді жеке­шелендіруге қатысты өзгерістер қоғамда теріс пікір туғызды. Әрі мұны жекелеген күштер пайдаланып қалуға тырысты. Осыған байланысты Президент жер заңнамасына арналған түзетулерге мораторий жариялады, сондай-ақ Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылып, оған Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, азаматтық белсенділер кірді. Комиссия жұмысы барысында 6 мәжіліс және Ақмола, Алматы, Аты­рау, Қызылорда облыстарының жұрт­шылығымен 4 көшпелі кездесу өткізілді. Мемлекет басшысы 18 тамызда болып өткен кеңесте Жер реформасы жөніндегі комиссия қызметін қорытындылай келе, комиссия ұсыныстарын, соның ішінде мораторийді 5 жылға ұзарту туралы ұсынысты толығымен қолдады. Сонымен бірге, Президент жер заң­на­масына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдаған кезде Үкіметтің негізінен ауыл шаруашылығына қаржы тарту мақсатын басшылыққа алғанына назар аударды. «Бүкіл әлем аграрлық секторға инвестициялар тарту ісімен айналысуда. Біздің мемлекетіміз де ауыл шаруашылығын дамыту үшін көбірек капитал тартуды қалады. Егер бұл жұмыс түсіндіруден басталып, тек содан кейін ғана заңдар қабылданғанда, онда ахуал басқаша қалыптасқан болар еді», деп мәлімдеді Президент. Бүкіл әлемді шарпыған халықаралық терроризмнің өршіген жағдайында, бұл қасірет, өкінішке қарай, біздің елімізді де айналып өтпеді. Жазда Ақтөбе және Алматы қалаларында болған қайғылы оқиғалар терроризмнің шекарасы жоқтығын, кез келген елдің лаңкестердің нысанасында қалуы мүмкін екенін барынша айқын көрсетті. Терактілерден кейін Президент бірден Қауіпсіздік Кеңесін жедел шақырып, қажетті, соның ішінде терроризм мен экстремизмге, қару-жарақ айналымына, сақтау мен сатуға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы жетілдіру, миграция мен діни бірлестіктерді реттеу жөнінде қажетті тапсырмалар берді. Ұлттық қауіпсіздікті нығайту және терроризм мен діни экстремизмнің көріністеріне қарсы іс-қимыл бойынша мемлекет қабылдаған алдын алу шаралары қоғамда толық түсіністік пен қолдау тапты. Тұтасымен алғанда, болып өткен оқиғаларға қарамастан, Қазақстан үшін тәуелсіздіктің 25 жылдығының мерейтойлық белесі жалпыұлттық өрлеу мен бірлесу ауанында өтті. Жыл бойы елдің барлық өңірінде, сондай-ақ Қазақстанның шет елдердегі өкілдіктерінде мерейтойға арналған көптеген іс-шаралар болып өтті. Ерекше көзге түскен Қазақстан азаматтарын мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі айтулы датаға үйлестірілді. Мемлекет басшысының қатысуымен 15 желтоқсанда Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиналыс мерекелік іс-шаралардың шарықтау шегі болды. Ұлттық мереке күндерінде елордада салтанатты жағдайда ашылған «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі ел үшін тарихи межені есте қалдыратын символдық белгі болып қалды. 2016.VI.17 (Петербург. эконом форум)-1* * * Әлемдік экономикалық дағдарыстың теріс ықпалына қарамастан, 2016 жылы Қазақстан өз экономикасын әрта­рап­тандыру мен жаңғыртуға бағыт­талған құрылымдық реформаларды жалғастырды. Күрт өзгерістерді бастан өткеріп отырған жаһандық ахуал жағдайын­да Президент Н.Ә.Назарбаев респуб­ликаның әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық басқарылуын өз бақы­лауында мығым ұстады. Ұлт жос­пары мен бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыру аясында көзделген рефор­малардың параметрлерін нақтылау мақ­сатында Елбасы жыл бойы жұмыс мәжі­лістерін жүйелі түрде өткізіп тұрды. Мәселен, Мемлекет басшысы мамырда, тамызда, қарашада ел дамуының әлеуметтік-экономикалық даму мәсе­лелері бойынша кеңестер, сондай-ақ ақпан мен қыркүйекте Үкіметтің кеңей­тілген отырыстарын өткізді. Сонымен қатар, Президент Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия мен Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмысын да назардан тыс қалдырған жоқ. Өткен жылы дәстүрлі түрде индус­триялық-инновациялық және инфра­құрылымдық дамудың «Нұрлы жол», тұрғын үй, агроөнеркәсіптік кешенді нығайту, шағын және орта бизнесті қолдау мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелері әдеттегідей мем­лекеттік экономикалық сая­сат­тың басымдықтары болды. Жыл аяқталар тұста көптен күткен Қашаған мұнай-газ кен орнының іске қосылуы осы ауқымды жұмыстың заңды нәтижесіне айналды. «Қашаған кен орнының ашылуы әлемдік энергетика саласындағы соңғы 50 жылда ең елеулі оқиға болды. Онда 4,5-тен 5,5 млрд тоннаға дейінгі мөлшерде мұнай және 3 трлн текше метрдей газ қоры бар деп жобалануда. Осылайша біз кен орындарын пайдаланудың қарқынды кезеңіне көштік. Бұл межемен шектелмей, тезірек жобалық қуаттылығын қамтамасыз ету маңызды», деді Н.Ә.Назарбаев кен орнын ресми пайдалануға беру рәсімінде. 2016 жыл ауыл шаруашылығы үшін де жемісті болды. Елде астықтың рекордтық өнімі жиналды. Астықтың жиынтық өнімі бункерлік салмақта 23,1 млн тоннаны құрады, мұның өзі 2015 жылмен салыстырғанда 1,4 есе жоғары әрі тәуелсіздік кезеңіндегі рекордтық өнімдердің бірі болды. Орташа өнімділік гектарына 15,2 центнерді құрады. Қазақстан өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуының проблемалары Мемлекет басшысының ұдайы бас­ты назарында болды. Мерейтойлық жыл Президенттің еліміз бойынша жұмыс сапарлары кестесінің тығыздығымен есте қалды, Елбасымыз соның аясында облыстардың активтерімен, еңбек ұжымдарымен, жұртшылық өкілдерімен кездесіп, ондаған өнеркәсіптік, әлеу­меттік және мәдени нысандарда болды, бірқатар жаңа өндірістік нысан­дар­дың іске қосылуына қатысты. Олар­дың қатарында Орал қаласындағы «Бола­шақ-Т» ЖШС үй құрылысы комбинаты, Ақтөбе қаласындағы мұнай жабдықтары зауыты, Павлодар қаласындағы мұнай коксын қыздыру зауыты, Шымкент қаласындағы «Химфарм» АҚ жаңа цехы және басқа нысандар бар. Президент Дүниежүзілік қысқы Универсиада-2017 мен Алматы қа­ласы мерейтойының 1000 жылдығын мерекелеуді өткізуге даярлық мәселесіне байланысты оңтүстік астанада бірнеше рет болды. Онда Халықаралық уни­вер­ситеттік спорт федерациясының өкіл­дерімен кездесіп, «Медеу» мұз айдынын және «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортын қайта жөндеу жұмыстарының барысымен арнайы барып танысты. Сондай-ақ, Н.Ә.Назарбаев берген тап­сырмаларының орындалу барысы, «Ал­маты-2020» бағдарламасының, ПИК ре­формасының іске асырылуы, Алматы агромелиорациялық белдеуінде жаңа жұмыс орындарын ашу барысы туралы қала басшылығының есептерін жыл бойы ұдайы тыңдап отырды. Сондай-ақ ел астанасы дамуы­ның мәселелері де Мемлекет басшы­сының ерекше бақылауында болды. ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесін өткізуге байланысты бұл мәселелердің көкейкестілігі арта түсті. Елбасы жыл бойы «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басшылығының есептерін үзбей тыңдап отырды, Қазақстанның Ұлттық павильоны, халықаралық тақырыптық және корпоративтік павильондар, сауда, ойын-сауық нысандары орналасатын көрменің құрылыс алаңын өзі аралап көрді. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 көр­месі аяқталғаннан кейін көрме кешені­нің инфрақұрылымын пайдалану мә­селелері де Н.Ә.Назарбаевтың ерекше қадағалауында болды. Осыған байланысты мамыр айында Президент кешен аумағында орналастыру жоспарланып отырған «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес мүшелерін қабылдады. Кездесуге ЕҚДБ, «JP Morgan Cһase International», «The Blackstone Group», «Сбербанк Рос­сии» және басқа да дүние жүзіне белгілі қаржы құрылымдарының басшылары қатысты. Қазақстан басшысы «Астана» ХҚО мәселесіне өзінің төрағалығымен 29 мамырда өткен Шетел инвесторлары кеңесінің ХХІХ пленарлық отырысында да тоқталып өтті. Тұтастай алғанда, 2016 жылы Қазақ­стан экономикасы мұнай-газ секто­ры, металлургия, көлік, ауыл шаруа­шы­лығы, тамақ өнеркәсібі, фармацевтика сияқты салаларда өз дамуының қарқы­нын сақтап, тұрақтылық танытты. Эко­номикадағы қолайлы ахуал, мемлекетке халықты әлеуметтік қорғау мен қолдау саясатын жалғастырып, 2017 жылы зей­нет­ақылар мен бала тууына байланысты төлемақылардың мөлшерін 20%-ға арттыру үшін қаржы қарастыруға мүмкіндік берді. 2016.VIII.26 (чествование олимпийцев)* * * Өткен жыл біздің еліміз үшін халық­аралық салада жаңа ірі дипломатиялық жетістіктерге жеткізген, мейлінше маз­мұнды әрі нәтижелі жыл болды. Біріншіден, бұл – Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануы. Мұның өзі – көпжақты ынтымақтастық, Иран, Украина, Сирия және Ресей-Түркия бағыттарындағы бітімгершілік бастамаларды белсенді ілгерілету жөніндегі көп жылғы дәйекті саясаттың нәтижесі. Н.Ә.Назарбаев отандастарына арнаған өз үндеуінде: «БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлану – бүкіл Қазақстан халқының лайықты табысы. Бұл – ұлт толысқандығының көр­сет­кіші. Біз бейбітшілік пен ынты­мақтастықтың ортақ құндылықтарын ілгерілетуге қабілетті жауапкершілігі бар мемлекет ретінде өздерінің дауыстарын Қазақстанның кандидатурасына берген барлық елге ризашылығымызды білдіреміз», деп атап өтті. Қазақстан 2016 жыл аяқталар тұста Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі келіссөздерге арналған алаң ұсыну туралы бастама көтерді. Бұл ұсыныс алда болатын келіссөздерге кепіл ретінде қатысатын Ресей, Түркия және Иран тарапынан қолдау тапты. Екіншіден, жаһандық ядролық сынаққа қарсы қозғалыста Қазақстанның көшбасшылық ұстанымын одан әрі нығайту. Сәуірде Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Мемлекет басшысы жария еткен «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі алдағы онжылдықтардағы халықаралық дамудың сын-қатерлерін барынша айқын көрсетіп берді. Әрі күрделене түскен ядролық түйткілдер бойынша жаһандық пікірсайысқа серпін қосты. Үшіншіден, Қазақстан басшысының Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен G-20 саммитіне қатысуы еліміздің халықаралық деңгейдегі маңызының арта түскенінің тағы бір дәлелі болды. Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде жаһандық дамудың бұдан арғы жолы көбіне-көп бүкіл дүниежүзілік қоғамдастық іс-қимылының үйлесімділігіне байланыс­ты екенін атап өтіп, экономика мен қаржыны халықаралық реттеуде басты рөлді біртұтас жаһандық ұйым атқаруы тиіс деген пікір білдірді. БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесі негізінде Жаһандық даму кеңесін құру және әлемдік экономиканы жандандыру жөніндегі шаралар туралы Елбасы алға тартқан ұсыныстар «үлкен жиырмалық» кездесуіне қатысушылардың зор қызы­ғуш­ылығын туғызды. Қазақстан Президентінің 2016 жылы шет елдерге жасаған сапар­лары­ның ауқымды географиясы елі­міздің ха­лық­аралық аренадағы байланыс­тары­ның одан әрі нығая түсуіне ықпал етті. ТМД елдерімен, ең алдымен Ре­­сеймен арадағы дәстүрлі тығыз үнқа­тысу жалғасын тапты. Мемлекет басшысы өткен жыл барысында екіжақты және көпжақты форматтағы түрлі халық­аралық іс-шаралар аясында Президент В.В.Путинмен 7 рет кездесу өткізді. Сон­дай-ақ, Астана қаласында қазан айында өткен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының ХIIІ форумы және Еуразия кеңістігінің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі Қазақстан-Ресей бизнес-форумы екіжақты қарым-қатынастарға тың серпін берді. Өзбекстанмен қарым-қатынас­тар­дың да елеулі жандана түскені байқал­ды. Қазақстан басшысының сәуір айын­да Ташкент қаласына жасаған жұмыс сапарының қорытындылары бойын­ша екіжақты сауданы ұлғайту­дың, инвестициялық кооперацияны жан­дандырудың, Орталық Азия трансше­каралық өзендерінің су ресурстарын бірлесе пайдаланудың, Арал маңын эко­логиялық сауықтыру мен әлеуметтік-эко­номикалық мәселелерін шешудің, сон­дай-ақ, халықаралық терроризмге қарсы іс-қимылдың жолдары белгіленді. Н.Ә.Назарбаев қыркүйек айында көрші республикаға кезекті жұмыс сапарымен барып, Самарқанд қаласында Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президенті И.А.Каримовтің зиратына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, республика басшысы міндетін уақытша атқарушы Ш.М.Мирзиёевпен кездесу өткізді. Бұл келіссөздер екіжақты қарым-қатынастарды сындарлы жалғастыру үшін ауқымды негіз қалады. Сондай-ақ, таяу шет елдермен өзара іс-қимыл ТМД, ЕАЭО және ҰҚШҰ мемлекетаралық бірлестіктер аясында өрбіді. Қазақстан Президенті Достастықтың 25 жылдығына орай, Бішкек қаласында қыркүйекте өткен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ме­рей­тойлық отырысында 1991 жылы қол қойылған Алматы дек­ларациясы арқылы негізі қаланған ТМД мемлекеттердің жақындасуына арналған бірегей алаң болып қала беретінін атап өтті. «Достастықтың жұмысын жалғастыруы және болашаққа деген өзінің жоспарларын іске асыру фактілері арқылы ол өзінің өміршеңдігін, орындылығын және перспективалылығын дәлелдеп берді. Сонымен қоса, Достастықтың тәжірибесі ЕАЭО және ШЫҰ тәрізді интеграциялық ұйымдарға да септігін тигізді. Осылайша, Алматыда 1991 жылы 21 желтоқсанда ТМД-ның құрылуы зор тарихи мәнге ие болды. Менің бастамам бойынша, бүгін біз ТМД-ның 25 жылдығы жөнінде мәлімдеме қабылдап отырмыз. Ол бағдарымызды айқындап, алдымызға жаңа міндеттер қояды», деп атап көрсетті. Қазақстан басшысы жыл бойы, сондай-ақ, мамыр және желтоқсан айларында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2 отырысына қатысты. Мамыр саммиті барысында Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы бойынша 2016 жыл «Үшінші елдермен және негізгі интеграциялық бірлестіктермен ЕАЭО-ның экономикалық қарым-қатынастарын тереңдету жылы» болып жарияланды. Ал желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен ЖЕЭК-тің келесі отырысында аталған бас­таманы дамыту бағытында Үндістанмен, Иранмен, Мысырмен және Сингапурмен еркін сауда аймағы туралы келісімдер жасау мүмкіндігі жөніндегі мәселелер қаралды. Қазақстанның Ұжымдық қауіп­сіз­дік туралы шарт ұйымының жұмы­сына қатысуы маңызды мәнге ие болды. Өткен жылы ҰҚШҰ ұжымдық қауіп­сіздік кеңесінің 2 сессиясы (қазанда Ере­ван қаласында және желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында) болып өтті. Соның барысында 2025 жылға дейін­гі Ұжымдық қауіпсіздік стратегиясы қа­был­данды, сондай-ақ халықаралық терро­ризм мен экстремизмге қарсы іс-қи­мыл­дардың бірлескен шаралары айқын­далды. Қытаймен ынтымақтастық өрлеу қар­қынымен өріс алды. Бұл бағыттағы кезекті үлкен қадам Н.Ә.Назарбаевтың осы елге өткен жылғы қыркүйектегі жұмыс сапары кезінде жасалды. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздердің қорытындылары бойынша бірқатар стратегиялық құжаттарға, со­ның ішінде «Нұрлы жол» және «Жібек жолының экономикалық бел­деуі» бағдарламаларын ұштастыру жөнін­дегі ынтымақтастық жоспарына қол қойылды. Сондай-ақ, жалпы со­масы 20 млрд доллардан астам қаржы­ны құрайтын 51 жоба бойынша уағ­даластықтарға қол жеткізілді. Олар­ды іске асыру барысы кейіннен Мем­лекет басшысының қараша айында Қа­зақ­станға ресми сапармен келген ҚХР Мем­лекеттік Кеңесінің төрағасы Ли Кэцян­мен болған кездесуінде қаралды. Өткен бір жыл ішінде Н.Ә.Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен Ва­шингтон қаласында болған Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі саммит, Ташкент қала­сындағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының отырысы және Ханч­жоу қаласындағы G-20 саммиті аясын­да екіжақты форматта тағы да үш мәрте кездесті. Қазақстанның сыртқы саясатының шешуші басымдықтарының бірі Америка Құрама Штаттарымен өзара қарым-қатынас болып қала берді. Вашингтон қаласында наурыз айының соңында өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит барысында Н.Ә.Назарбаев америкалық истеблишмент өкілдерімен кездесіп, олармен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін, сон­дай-ақ жаһандық антиядролық қозға­лыс аясында Қазақстан мен АҚШ ынтымақ­тастығының жай-күйі мен перспективаларын талқылады. Жыл соңында АҚШ-та президенттік сайлау аяқталғаннан кейін, Қазақстан басшысы жаңадан сайланған АҚШ Президенті Д.Трампты телефон арқылы жеңісімен құттықтап, онымен екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық күн тәртібінің кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасты. Н.Ә.Назарбаев ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстан халықаралық қоғам­дас­тықпен бірлесе отырып, ядросыз әлем үшін күресті жалғастыруға әзір еке­нін атап өтті. Д.Трамп бұл ұс­таныммен келісетінін білдіріп, Қазақ­стан Президентімен тезірек кездесуге мүдделілік танытты. Қазақстанның Еуропа бағытындағы қарым-қатынастары қарқынды дамыды. Еуропалық Одақпен стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға Қа­зақ­стан басшысының Бельгияға жұмыс сапары барысында Еуропалық кеңес­тің төрағасы Д.Тускпен және Еуропа­лық комиссияның төрағасы Ж.-К.Юнкер­мен келіссөздері ықпал етті. Қазақ­стан мен ЕО арасын­да бұрын жасал­ған Кеңейтілген әріптес­тік және ынты­мақтастық туралы келі­сімді іске асыру мәселелерімен қатар, ЕО мен ЕАЭО арасындағы өзара іс-қи­мыл­ды жол­ға қоюдың перспективалары ке­ліссөз­дердің аса маңызды тармағы болды. Сондай-ақ, Н.Ә.Назарбаевтың Поль­ша мен Сербияға сапары да айтарлық­тай рөл атқарды. Солардың барысын­да негізінен сауда-экономикалық, инвес­тициялық, ауыл шаруашылығы және тран­зиттік-көлік салаларындағы ынтымақ­тастыққа баса мән берілді. Польша тарапымен 845 млн доллардан астам қаржы жөніндегі келісімге қол қойы­луы және Сербиямен Ынтымақ­тас­тықты үйлестіру үшін іскерлік кеңесін құру туралы келісімге қол жеткізу са­парлардың нақты қорытындысы болды. Қазақстан дипломатиясының Азия бағытындағы басымдықтары Қы­таймен қарым-қатынастарды одан әрі нығайтумен қатар, Түркия, Иран, Жапо­ния, Оңтүстік Корея, БАӘ, Сауд Ара­биясы сияқты ықпалды мемлекеттер­мен ынтымақтастықты ұлғайтуға бағыт­талды. Жыл бойында Мемлекет басшысы Түркияға ресми және жұмыс сапарымен екі мәрте барды, солардың барысында екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығының жай-күйі мен перс­пективалары жан-жақты талқыланды. 2015 жылғы қараша айында Сирияда түрік әскери-әуе күштері ресейлік әскери ұшақты атып түсіргеннен кейін күрт ушығып кеткен Түркия-Ресей қарым-қатынастарын қалпына келтіруде Қазақстан Президентінің шешуші рөл атқарғанын ерекше атап өткен жөн. Н.Ә.Назарбаев күрделі араағайындық міндетті өз мойнына алды. Арада жарты жыл өткенде Елбасының күш салуымен екі ел арасындағы саяси диалог қалпына келтірілді, осыған орай В.В.Путин мен Р.Ердоған Қазақстан басшысына ресми түрде өз алғыстарын білдірді. Иранмен қарым-қатынаста нағыз ілгерілеу болды. Н.Ә.Назарбаевтың сәуірдегі ресми сапары барысында металлургия, тау-кен өндіру, көлік-логистика, аграрлық, туризм, ғылым-білім және медицина салаларында жалпы сомасы 2 млрд доллардан астам қаржыны құрайтын 66 шартқа қол қойылды. Келіссөздердің табыстылығына көбіне-көп «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жолының пайдалануға берілуінің нәтижесінде бұрын жасалған жағдайдың ықпалы болды. Қазақстан Президентінің Жапонияға ресми сапары 2016 жылдың маңызды оқиғасы болды. Бұл сапар қараша айында, екі елдің арасында дипломатиялық қатынастар орнатылуының 25 жылдығы қарсаңында өтті. Соның қорытындылары бойынша «Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы Азияның өркендеу дәуіріндегі ерекше стратегиялық әріптестік туралы» бірлескен мәлімдеме қабылданды. Қазақстанның Оңтүстік Кореямен өзара іс-қимылы табысты ілгеріледі. Н.Ә.Назарбаевтың осы елге мемлекеттік сапарының қорытындылары бойынша Стратегиялық әріптестік қатынастарды одан әрі тереңдету туралы бірлескен декларацияға қол қойылды. Сондай-ақ Корея тарапының қазақстандық кә­сіп­орындарды жекешелендіру үдерісіне, алда болатын ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесінің жұмысына және «Астана» халықаралық қаржы орталы­ғының қызметіне қатысуы туралы келісімдерге қол жеткізілді. Қазақстан Президентінің Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабия­сына жасаған сапары жемісті болды, солардың қорытындылары бойынша атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласы және аграрлық сектор бойынша шарттардың ауқымды топтамасына қол қойылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Азия бағытындағы байланыстарды одан әрі дамыту мақсатында ИЫҰ мен ШЫҰ сияқты ұйымдардың алаңдарын белсенді пайдаланды. Қазақстан Президенті сәуір айында Ыстанбұл қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының ХІІІ саммитінде «Ислам инфрақұрылымдық ықпалдастығы» стратегиялық жобасын іске асыру, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құру, 2017 жы­лы Қазақстан елордасында ИЫҰ ғылым және технология жөніндегі саммитін өткізу туралы бастамалар көтерді. Мемлекет басшысы маусымда Ташкент қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің жұмысына қатысты. Бұл ұйым өзінің 15 жылдық мерейтойын өз қатарына Үндістан мен Пәкістан сияқты жаңа мүшелерді қабылдауымен атап өтті. Н.Ә.Назарбаевтың пікірі бойынша, бұл оқиға ШЫҰ-ның әлемдік аренадағы беделі мен рөлінің арта түскенін көрсете отырып, оның дамуының сапалы жаңа кезеңі екенін байқатты. 2016 жылы Қазақстан Президенті алғаш рет ресми сапармен Куба Рес­пуб­ли­касына барып, онда осы елдің Мемле­кеттік кеңесінің және Министрлер кеңе­сінің төрағасы Р.Кастромен кездесті. Келіс­сөздер тақырыбы екіжақты ын­тымақ­тастықты кеңейту мәселелері болды. Ортақ пікір бойынша, сауда, білім бе­ру, денсаулық сақтау, фармацев­тика, ауыл шаруашылығы және мәде­ниет салалары басымдықтар болып танылды. Барлығын қоса алғанда, Н.Ә.Назарбаев 2016 жылы екіжақты қаты­нас­­тар желісі бойынша 16 шет елге са­пар жа­сады. Соның ішінде 2 мемлекет­тік, 7 ресми және 7 жұмыс сапарлары жасал­ды. Атап айтқанда, ол мемлекеттік са­пар­лармен – Польшаға (22-23 тамыз) және Оңтүстік Кореяға (10-11 қараша), рес­ми сапарлармен – Кубаға (2-3 сәуір), Иран­ға (11-12 сәуір), Түркияға (5 тамыз), Сербияға (24-25 тамыз), Қытайға (2-3 қыркүйек), Сауд Арабиясына (24-25 қа­зан), Жапонияға (7-9 қараша) және жұмыс сапарларымен Бельгияға (29-30 наурыз), Түркияға (13 сәуір), Өзбек­станға (15 сәуір, 12 қыркүйек), Ресейге (8-9 мамыр, 16 тамыз), БАӘ-ге (20-21 қа­зан) барды. Қазақстан Президенті көпжақты ынтымақтастық аясында 9 мемле­кет­аралық саммитке: G-20 саммитіне (Қытай), Ядролық қауіпсіздік жөніндегі сам­митке (АҚШ), ШЫҰ-ға мүше мемле­кеттер басшылары кеңесінің отыры­сына (Өзбекстан), ИЫҰ ХІІІ самми­тіне (Түркия), Қазақстан мен Ресей өңір­аралық ынтымақтастығының ХIIІ форумына (Қазақстан), ТМД мемле­кеттері басшыларының отырысына (Қыр­ғызстан), Жоғары Еуразиялық эконо­микалық кеңестің 2 отырысына (Қазақ­стан, Ресей), ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңестің сессиясына (Ресей), сондай-ақ, 2 халықаралық форумға: IХ Астана экономикалық форумына (Қазақстан) және ХХ Петербург халықаралық экономикалық форумына (Ресей) қатысты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жыл бойы елімізде және түрлі халықаралық алаңдарда бірқатар шетел көшбасшыларын, көрнекті мемлекет және қоғамдық-саяси қайраткерлерді, халықаралық ұйымдар мен компания­лардың басшыларын, іскерлік топтардың өкілдерін қабылдады және олармен кездесулер өткізді. Сондай-ақ, Н.Ә.Назарбаев БҰҰ Бас хатшысымен, Иордания Королімен, АҚШ, Ресей, Украина, Қырғызстан, Сербия, Ауғанстан, Түркия, Әзербайжан, Армения, Өзбекстан президенттерімен, Үндістан Премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесті. Президентке 12 шет мемлекеттің – Авс­трия­ның, Әзербайжанның, Вати­кан­ның, Грекияның, Израильдің, Қа­тар­дың, Нидерландтың, Таиландтың, Өзбекстанның, ГФР-дің, Швейцарияның, Жапонияның елшілері, сондай-ақ, БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Сенім грамоталарын тапсырды. * * * Тұтастай алғанда, Қазақстан өз тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткен мерейтойлық жылда қазіргі заман жедел қарқынмен өзгерістерге түсіп жатқан тұста өз мемлекеттілігін нығайту және әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену үшін елеулі қадам жасады. Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы