Кенді Алтайдан Универсиадаға 42 спортшы қатысады
Кикбокстан әлемнің 5 дүркін чемпионы, еліміз біріншілігінде сан мәрте топ жарып, халықаралық жарыстарда Қазақ елінің туын желбіреткен атақты спортшы, бұдан бұрын да облыстық спорт және туризм басқармасын басқарған, соңғы екі-үш айдан бері лауазымды қызмет тізгінін қайта ұстаған Асқар Можановпен қысқы Универсиада жөнінде пікір алмасқан едік.
– Асқар Байжігітұлы, Универсиадаға қысқы спортпен шұғылданатын жерлестеріміз қанша жолдамаға ие болды? Кімдерден үміт күтесіз?
– Дүниежүзілік Универсиаданың елімізде өтуі әлем жұртшылығын таңдай қақтырарлық елеулі оқиға. Дәрежесі жөнінен Олимпия ойындарынан кейін екінші орында тұрған Универсиадаға әлемнің 60-қа тарта елінің сайыпқырандары қатысады, оны 80 мемлекеттің 1 миллиардқа жуық көрермені тамашалайды. Қазақ елі тәуелсіздік алған ширек ғасырда ауыр атлетика мен бокстан әлем чемпионаттарын, Азия біріншіліктерін, қазақ күресінен «Қазақ барысы» секілді басқа дүбірлі халықаралық сайыстарды өткізді. Оның үстіне, Астанада Экспо-2017 көрмесі өтпек. Бір жылда ғаламат екі оқиғаның қатар өтуі шынында да ғажап жаңалық.
Қысқы спорт түрлері Кенді Алтайда ерекше дамыған. Шаңғы, биатлон, тау шаңғысы, шайбалы хоккей сияқты қысқы спорт түрлерінен жерлестеріміз жүлделі орындарды иеленіп жүр. Шығыс Қазақстан облысының студенттері бүгінге дейін 6 Универсиадаға қатысып, 6 алтын, 4 күміс, 6 қола медальды қанжығалаған. Алматыдағы XXVIII Универсиададан екі алтын, бір күміс медальды алуды мақсат тұтып отырмыз.
– Алтын медальдан үміткерлер қатарында кімді айтар едіңіз?
– Алдын ала тон пішкен жөн болмас. Кейде қолда тұрған алтынның бір мезетте уыстан сырғып кететіні де бар. Лиллихамер Олимпиадасында жерлесіміз Шешкельдің сөреге бірнеше метр қалғанда сүрініп, төртінші орынды қанағат тұтқанын қалай ұмытайық. Немесе атақты шаңғышымыз А.Полтораниннің әлем чемпионатында құлап қалып, бесінші орынды місе тұтқаны да есте. Демек, тактикалық әдіс пен шеберлікті қатар меңгергенде ғана діттеген межеге жете аласыз.
Алматыдағы Универсиадаға Кенді Алтайдан 42 саңлақ қатысып, спорттың 9 түрі бойынша бақтарын сынайды. Атап айтқанда, шаңғы спортынан – 5, биатлоннан – 5, тау шаңғысынан – 4, тұғырдан шаңғымен секіруден – 3, фристайлдың могул және акробатика түрлерінен –7, коньки спортынан –1, шайбалы хоккейден – 11, сноуборд, шаңғы қоссайысынан – 2 студент. Ал еліміз бойынша Универсиадада барлығы 195 (оның 103-і ер, 92-сі әйел) спортшы қатысады деп күтілуде. Демек, Қазақстан құрамасының төрттен бірін біздің жерлестеріміз құрап отыр.
Фристайлдан әлем чемпионатының қола жүлдегері, Әлем кубогының жеңімпазы Юлия Галышева бұдан бұрын да Дүниежүзілік Универсиадада алтын алқаны жеңіп алған. Бұл жолы да Юлиядан тек алтын күтеміз. Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков, биатлоншы Галина Вишневская бір алтын, бір күміс алса, тамаша болар еді. Фристайлдың акробатика түрінен Ақжол Заманбеков, шаңғыдан Әсет Дүйсенов, Иван Люфт, Марина Матросова, Анжелика Тарасова, конькиден Эльвира Халикова сияқты талантты жастарымыз намысты қолдан бермес деген ойдамыз. Қалай дегенде де, елдігіміз бен бірлігіміз сынға түсер сәтте жерлестеріміз жеңіс тұғырының биік сатысынан көрінеді деп сенеміз.
– Универсиада эстафетасы бізде қашан өтеді?
– Шығыс Қазақстанда эстафета 26 қаңтарда өтіп, оған 60-тан астам жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқуда үздік жастары қатыспақшы.
–
Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист
ӨСКЕМЕН