Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өткен аптаның соңына қарай жұмыс сапарымен еліміздің Оңтүстік өңірінде болып қайтқанынан газет оқырмандары құлағдар. Сапар барысында Елбасы Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы соғып, ол жерде жатқан ұлтымыздың ұлы тұлғаларына зиярат етті, құран оқытты.
Елбасы осы сапарының соңында, Түркістан қаласындағы жаңадан салынып, былтыр күзде ғана пайдалануға берілген Тарихи-мәдени этнографиялық орталықтың әсем ғимаратында қазақтың бір топ зиялыларымен кездесу өткізді. Кездесуде мемлекеттік тіл, дін мен діл, ұлттық идеология мен жастарды елжандылыққа тәрбиелеу жөнінде жан-жақты ашық әңгіме болды.
«Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметов те осы кездесуге қатысып, сөз сөйлеген еді. Біз көрнекті ғалымның сол кездесуде сөйлеген сөзін ықшамдап, оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Бүгінде Қазақстан дамудың қайталанбас өзіндік ерекше жолына түсті. Енді еліміз сандық көрсеткіштерді артқа тастап, сапалық өзгерістерді меңгере бастады. Яғни, дамудың күрделі, сапалық белгісіне нық қадам басқан жаңа мемлекетке айналу үрдісіне көштік.
Бұл жайдан-жай құбылыс емес деп білемін. Бұл – келелі, жүйелі жетістіктердің тарихи көріністері. Өлшемсіз ерен еңбектің нәтижесі. Соның арқасында Қазақстанның әлемде өзіндік орны бар екендігін және одан өнеге-үлгі алуға болатындығын дүние жүзі мойындап отыр. Бұл – асылық айтқан сөз емес, бүгінгі күн шындығы.
Бұл сөзіме дәлел де, дәйек те жеткілікті. Сол көп жетістігіміздің бірі – «Мәдени мұра» бағдарламасы. Ешбір елде жоқ, дер уақытында қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан, төл мәдениетіміз үшін теңдессіз жоба! Осы бағдарлама үшін де, оны жасатып, қабылдатқаныңыз үшін де, құрметті Елбасы, Сізге айтарымыз тек рахмет қана!
Бұл бағдарлама өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырғандай болды, ескіргеніміз жаңарып, жоғалғанымыз табылып жатыр. Енді Президент өзі бас болып көрсетіп берген осы үлгімен жергілікті жерлерде де мол рухани құндылықтар жинақтала басталды.
Мысалды мен бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысы жөнінен айтайын. «Қазыналы Оңтүстік» айдарымен өткен жылы осы өңірдің фольклорын, ауыз әдебиетін, аңыздары мен жырларын, басқа да рухани құндылықтарын арнайы ғылыми орталық құрып, жинақтай бастаған едік. Осы рухани құндылықтардың бас-аяғын шамалап есептеп қарасақ, келешекте 300 томнан асатын түрі бар. Бұл шын мәнінде халықтың баға жетпес орасан байлығы дер едім. Былтырғы жыл аталған кітаптардың 20 томын жарыққа шығардық. Ол кітаптар қыздың жиған жүгіндей болып көрмеде тұр.
Жалпы, тарихи тұрғыдан қарағанда, қас-қағым мерзімде 20 жылға толып отырған өскелең мемлекетіміз озық елдердің өзіне үлгі-өнеге бере алатын жағдайға жетуі – халқымыздың, оны басқарып отырған Президентіміз, Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің ұлы табысыңыз. Әлбетте, мұның тарихи нарқы мен парқын бүгінгі біз пайымдай алмай жатқан шығармыз. Оларға баға беру болашақтың еншісінде. Бірақ, бүгінгі ұрпақ, әсіресе, аға буын ретінде біздің айтарымыз, ең бастысы – тәуелсіздікті бағалай білуіміз керек. Тәуелсіздік – өзіңіз әрдайым айтып жүргендей, теңдесі жоқ құндылық.
Осынау барша жетістіктің жолбасшысы болғаныңыз үшін, қадірлі Елбасы, ардагер ақсақал, көпті көрген қарт ғалым ретінде сізге деген өз басымның алғысы зор. Бәріміз бұқараның қалың ортасында жүреміз, ел-жұртпен күнделікті әңгімелесіп, пікірлесіп жүреміз. Содан көрген-білгенімді сөз ретінде жасырмай айта кетейін: мен ғана емес, өзіңізге деген халқымыздың ризашылығы, қарапайым ақ тілегі шексіз. Біз осыған күнделікті көз жеткізіп жүрміз.
Бүгінгі кездесу қатысқан адамдардың есінде ұзақ уақыт қалатыны сөзсіз. Өйткені, бұл арада біздің де көкейімізді көптен қозғап жүрген өнегелі де өрелі әңгіме болып жатыр. Қоғамды толғандырған, бізді толғантып жүрген өзекті проблемалардың бәрін Сіз сезіп-біліп отырады екенсіз. Бәрін қолмен қойғандай жіктеп-жіліктеп, оларды шешудің жолдарын да нұсқап, мінеки, алдымызға жайып салып отырсыз. Рахмет!
Біз де халқыңыздың өзіңізге деген ақ тілегіне қосыла отырып, еліңіздің көшін бастап, алдағы мақсаттарға жетелей беріңіз демекпіз.