12 Қаңтар, 2017

Темір жол транзиті табыс әкеле ме?

335 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Биылғы жылдың алғашқы күні Қытайдан Лондонды бетке алған жүк пойызы жолға шыққаны белгілі. Чжэцзян провинциясындағы Иу қаласынан Лондонның Баркинг ауданына дейінгі жолдың ұзақтығы 11 999 шақырым екен. Қазақстан, Ресей, Германия, Беларусь, Польша, Бельгия, Франция сынды жеті елдің аумағымен жүріп өткен пойыз сегізінші елдегі соңғы стансаға 18 күн дегенде табан тіремек. Бұл темір жол желісі Қазақстан үшін қаншалықты тиімді? Тоғыз жолдың торабында орналасқан, көлік хабы болуға талпынып жатқан ел қандай пайда көрмек? Қазақстанның теңіз­ге ті­ке­лей шы­ғатын жолы бол­ма­ған­дықтан, кө­лік-ло­гис­тикалық қыз­метті дамыту ел­дің эконо­микасын дамытудың басым ба­ғыт­­тарының бірі саналады. Эко­­номика ғылым­дарының кан­ди­даты Бақытгүл Қам­бардың айту­ын­ша, темір жол арқы­лы жүк тасы­малы халықаралық сауда на­ры­ғына шығатын мүм­кіндікті арттыра түспек. – Транзиттік дәліз құру ар­қы­лы, оларға қызмет көрсету үшін тех­никалық және қар­жы­лық ресурс­тар ғана емес, адам­дар да жұмысқа тартылады. Яғ­ни, біріншіден, бұл жобаның әлеу­меттік жа­ғынан тиім­ділігі бар, – дейді экономист. Оның пайымдауынша, инфра­құ­ры­лымға салынған инвес­тиция ел ішіндегі көлік шығын­дарын азайтуға ықпал ете­тіні сөзсіз. Басқа ел­дердің тәжі­рибесіне жүгін­сек, жаңа желі еліміз­де кө­лік-логистикалық қызметтердің кешенді түрде дамуына оң ық­пал етуге тиіс. – Еуропада көлік-логистикалық орталықтар өткен ғасырдың 80-жылдарында құрыла бастады. Қазір олар­да жүктерді өткізу ғана емес, тасы­малдау, буып-түю және басқа да қызмет түрлері жолға қойылған. Қазақ­стан арқылы өтетін көлік дәлізін де сон­дай деңгейге көтере алсақ, жұ­мыс орын­дары да көбейе бермек, – деп то­лықтырды ойын Бақытгүл Қамбар. Халықаралық нарық­қа шыға­тын теңіз жолы жоқ елдер инфра­құ­ры­л­ымды, сер­висті дамыту арқылы экономикалық та­бысқа кенелетініне мысалдар аз емес. Мәсе­лен, сондай ел­дердің бірі Венгрия тран­зиттік әле­уетін пайдаланып, елдің инвес­ти­циялық тартымдылығын арттыра білді. – Сол сияқты, Швейцария да ол проблеманың орнын ин­фра- ­­құ­рылымды дамыту ар­қылы толтырып отырған ел. Бұл мемлекет экс­портқа шығарылатын өнімдер­дің көлік шығындарын азай­тып, сауда-саттықты қыздыр­ды. Эконо­микалық өсімге қол жет­кізіп, әлемдегі ең бәсе­кеге қабілетті елдердің бі­ріне ай­нал­ды, – дейді экономист. «Қа­зақстан-2050» Страте­гия­сында бірқатар инфра­құры­лымдық жобаларды жүзеге асыру, 2020 жылға қарай тран­зиттік жүк тасымалы көле­мін екі есеге арттыру, 2025 жылға қарай 10 есеге дейін кө­бейту жос­пар­ланған. Қытай-Ұлы­британия арасын жалғайтын, Қа­зақстан аумағы арқылы өтетін темір жол желісі осы жоспардың үде­сінен шығуға әсерін тигізуге тиіс. Сонымен, Еуропа мен Азия­ның арасында керіліп жатқан «Жаң­ғырған Жібек жолы» Қытай мен Ұлы­британия арасындағы сауда қатынастарын ­ке­ңейтуге ықпал етпек. 18 күндік сапарға аттанған пойыздың тиегені киім-кешек, сөмке сынды тұтыну тауарлары. Жалпы, өткен жылдың алғашқы ­жартысында Қытай мен Еуропа елдерінің арасында жүк пойызы әрлі-берлі 3 мыңға жуық қатынас жасапты. Ұлыбритания Қытаймен арада темір жол бағытын ашқан Еуро­паның 18-ші елі болып отыр. Қытай билігі арзан болса да көп уақытты қажет ететін теңіз жолымен, жылдам болса да шығыны көп әуе жолымен қатар, темір жол тасымалын да дамытуға ден қойғаны байқалады. Оған Еуропа елдері де мүдделі. Британия премьер-министрі Тереза Мэй «Қытаймен арадағы қатынастар «алтынмен» тең, себебі ол корольдікке миллиардтаған доллар табыс әкеледі» деген болатын. Ал «Жаңғырған Жібек жолының» бойында орналасқан Қазақстан үшін де өзінің транзиттік әлеуетін пайдаланып, табыс табуға мүмкіндік туып отыр. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»