12 Қаңтар, 2017

Сыр елінде 175 жаңа жұмыс орны ашылды

257 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

12-01-17-Damu

«Даму-Аймақтар» шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін аймақтық қаржыландыру бағдарламасы аясында өткен жылы 32 қызылордалық кәсіпкердің жобалары жүзеге асты. Бағдарламаның сәтті жұмыс жасауы нәтижесінде 175 жаңа жұмыс орындары ашылды, деп хабарлайды «Даму» қорының баспасөз қызметі. Өткен жылы Қызылорда облысының әкімдігі мен «Даму» қоры бірлесіп, «Даму-Аймақтар» бағдарламасының жүзеге асуы үшін 1,5 млрд теңге қаражат бөліп, нәтижесінде аймақтың кәсіпкерлері 8,5 пайыз үстемемен 180 млн теңгеге дейінгі несие қаражатын «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Қазкоммерцбанк» АҚ секілді екінші деңгейлі банктерден алуға болатын бірегей мүмкіндікке ие болды. «Даму-Аймақтар» бағдарламасының тиімділігін пайдаланған кәсіпкерлердің бірі «Спортмастер СБ» ЖШС компаниясының директоры Бауыржан Махмутов. Ол «Банк ЦентрКредит» АҚ 8,5 пайыз үстемемен 20 млн теңге көлемде алған несие қаражатын «Арай» мөлтек ауданында спорттық кешен ашуға жұмсады. Жас старт-аппер несие қаражатына қол жеткізу мақсатында «Даму» Қорының бөлшек кепілдендіру бағдарламасын да пайдаланды. Айта кетейік, облыс әкімдігі мен қор арасында 2017 жылы ынтымақтастықты жалғастыру туралы меморандумға қол қойылған болатын. Биылғы жылы да «Даму-Аймақтар» бағдарламасы аясында кәсіпкерлер үшін 180 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие қолжетімді болды. Негізгі құралдары қайта жаңғырту мақсатындағы несиені 60 айға дейін берілсе, ал айналым қаражатын толтыруға 36 айға дейін мерзімге несие алу мүмкіндігі қарастырылған. Несиені кепілдендіру мөлшері жетіспеген жағдайда кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясындағы бөлшек кепілдендіру құралын пайдалана алады. Кепілдендіру мөлшері әрекет етуші кәсіпкерлер үшін – 50 пайыз, ал бастауыш кәсіпкерлерге - несие сомасының 85 пайыз дейін қарастырылған.