19 Наурыз, 2011

Казгидромет: табиғат тамыршысы

3547 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Ұлттық гидрометеоро­ло­гия­лық  қыз­метінің құрылғанына тоқсан жылға тарта уақыт болыпты. Сонау 1922 жылы алғаш іргетасы қаланған бұл маңызды ор­талық бүгінде еліміздің Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің ірі де іргелі ғылыми-өндірістік кәсіп­орыны болып табылады. «Қаз­гидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны (РМК) осы жылдар ішінде елі­міздің гидроме­теорологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тынымсыз қызмет көрсетіп, өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік кә­сіп­орынның 3 мыңнан астам қызметкері өздеріне жүктелген зор міндетті орындау үшін тәулік бойы қоршаған ортаға мониторинг жүргізеді, ауа райын, су, топырақ және өсімдіктер әлемі сияқ­­ты әртүрлі ортадағы табиғи құбылыстарды бақы­лай­ды, өз­герістерге ғылыми талдаулар жүргізеді, болжамдар жасайды. Табиғи апаттарды болжап, адамдардың өмі­рі мен мүліктерді қорғауда сақтандыру жасайды. 2008 жы­лы «Қаз­гидромет» РМК Астана қаласына көшіп келген бо­латын. Ұлттық гидро­ме­тео­ро­ло­гиялық орталықтың ауа ра­йын болжауда, табиғи апаттардың алдын алуда, елі­міз­дің экологиялық ахуалын айқындауда атқарып отырған қызметімен жа­қынырақ танысу мақсатында «Қаз­гид­ро­мет» РМК-ның бас директоры, Дүниежүзілік Метеорология ұйымының Қа­зақстандағы тұрақты өкілі Талғат ЗЕЙНУЛЛИНДІ әңгімеге тартқан едік. – Талғат Маратұлы, әңгі­меміздің әлқиссасын қа­зақ­стандық синоптиктердің қыз­­метіне қысқаша шолу жасаудан бастасақ. Ауа ра­йына болжау жасағанда олар неге сүйенеді, қандай мағ­лұ­мат­тарды басшылыққа ала­ды? – Біздің синоптиктер ауа райын болжағанда, міндетті түр­де Қазақстанның барлық өңірлерінде орналасқан 260 жер метеостансаларынан, 8 ірі аэрологиялық стансалардан жә­­­не жер серігі арқылы алын­ған жан-жақты мағлұматтарды негізге алады. Бұл мағлұмат­тар атап айтқанда, ауаның тем­пературасы, атмосфералық қы­сым, желдің бағыты мен екпіні, күннің бұлттылығы ту­ралы деректер түгелімен ар­найы си­ноптикалық картаға енгізіліп, әр үш сағат сайын жа­ңар­ты­лып, түбегейлі өңдеу­ден өткі­зіліп отырады. Мұн­дай ақпа­рат­тар синоптиктерге ауа ра­йының алдағы уақыт­тағы өз­герістері туралы, циклон мен антициклондардың орналасуы туралы кең көлем­дегі мәлі­меттер береді. Ауа ра­йының кешегі және бүгінгі карта­ла­рын салыстыра оты­рып, си­ноп­тиктер әрбір циклон мен антициклонның нақ­ты даму құ­былыстарын анық­тайды. Яғ­ни, олар өткен тәу­лік­терде қалай қарай жыл­жыды, олар­дың жылдамдығы қандай дә­ре­жеде болды және олар жүріп өткен аймақтарда ауа райы қандай өзгерістерге ұшырады. Бұл циклондар мен антициклондар өздері жүріп өткен аймақтардың ауа райы­ның өз­геруіне қаншалықты әсер етті. Міне, осындай ақ­параттарды жан-жақты зерттей отырып, си­ноптиктер енді циклондар мен антицик­лон­дардың қалай өзгеретінін, қа­лай қарай жыл­житынын және өздері жүріп өтетін аймақ­тар­дың ауа райын қандай өз­герістерге ұшы­ра­та­тынын есеп­­теп шығарады. Сонымен бірге біздің синоптик ғалымдарымыз плане­тамызда орналасқан басқа да ауа райын болжайтын стан­са­лардың ақпараттарын да кеңі­нен пайдаланады. Мәселен, Ва­шингтон және Рейдинг ор­та­лықтарынан келіп түсетін болжам карталары ауа райын 3-7 тәулікке дейін болжауға мүмкіндік  береді. Сонымен қа­тар ауа райын сандық болжау әдістерін де барынша кең қолданамыз – Ауа райының өзгеріс­тері туралы қаншалықты дә­режеде  дәл болжам жасай аласыздар? – Жоғарыдағы айтылған тәсілдердің бәрін қолдан­ған­ның өзінде ауа райын 100 па­йыз дәл болжау мүмкін емес. Қазіргі уақытта ауа райын бол­жау дәлдігі орта есеппен 78 пайызды құрайды. Ауа ра­йының өзгеруі негізінен жер беткейінің бедерлеріне байла­нысты болады. Мәселен, тау бөктерлі өңірлерде ауа ағым­дары биік жоталарда кешеуілдеп тұрып қалуы немесе ба­ғыт­тарын күрт өзгертіп, ауыт­қып кетуі мүмкін. Сөйтіп, ағым­дық тасқындар бұзылып, ауа ағымының жылдамдығы өзгереді. Жер бедерлерінің кескіндері ауа температурасының тәу­ліктік қозғалысына  елеулі ық­пал етеді. Тау беткейімен жо­ғары соққан жел бұлттың қа­лыңдауына, жауын-шашын­ның күшейуіне әкеліп соқса, ал тау бөктерлерінен аңғар­ларға қа­рай соққан жел, керісінше, бұлт­тың ыдырауына, ыл­ғал­дылықтың азаюына ық­пал етіп, ауа температурасының кө­терілуіне алып келеді. – Ауа райын болжаудың дәлдік мерзімі қанша? Ауа райының қауіпті құбылыс­та­рын қанша уақыт бұрын болжам жасап айта аласыздар? Маусымдық болжамдарды мә­­­­селен, алдағы жаздың құр­ғақ­шылығын немесе қыс ай­ла­рын­да қаншалықты қар тү­се­тінін анықтай аласыздар ма? – Ауа райын ұзақ мерзімге болжау басқармасында жылына екі рет маусымдық болжам жа­рық көреді: * 12 наурызда жылдың жы­лы маусымына (сәуір-қазан ай­ларына), * 12 қазанда жылдың салқын маусымына (қараша-наурыз ай­ларына). Маусымдық болжамдарда Қа­­зақстан Республикасы бо­йын­ша ауа температурасының және жауын-шашынның айлық мөлшерден ауытқуы туралы то­лық мәліметтер беріледі. Яғни алдағы маусымның әдеттегіден суық немесе жылы бола­тын­ды­ғы, жауын-шашынның әдет­те­гіден көп немесе аз жауа­тын­дығы туралы деректер нақ­ты­ланады. Сонымен қатар елі­міз­дің әр облысы бойынша ауа тем­пературасы мен жауын-ша­шын­ның  көп жылдық орташа айлық мөлшері ұсынылады. Мау­­сым­дық болжамдардың ақи­­қат­ты­ғының орташа пайызы ауа тем­пературасы бойынша – 68 па­йыз, жауын-шашынның мөл­ше­рі бойынша 50 пайызды құ­райды. Әрбір жылдың маусымдық мерзіміндегі ауа райының біркелкі болмайтындығына және көп­теген атмосфералық үдеріс­тердің жиі алмасып отыруына байланысты ауа райының мау­сымдық болжамдары кеңес тү­рінде ғана беріледі. Ауа ра­йы­ның айлық болжамдары әрбір айдың 15 жұлдызында, мысалы, ақпан айының ауа райының бол­жамы 15 қаңтарда, наурыз айы­ның болжамы 15 ақпанда деген сияқты жарияланып отырады. Әрине, қысқа мерзімді ауа райы болжамдары, мә­селен, алдағы  1-3 күннің ауа райы бол­жам­дары дәлірек болады. Гидрометеорология орта­лы­ғын­да ауа райы тәулік бойы бақыланып отырады. Бұл ретте «Қазгидромет» орталығының бас­­­­ты мақсаты жергілікті  әкі­м­ішілік органдарға, тиісті мекемелерге мүмкін болатын төтен­ше қауіптерді, ауа райының күрт өзгеру құбылыстары ту­ралы, мүм­кін болатын боран, дауыл және басқа табиғи апатты жағ­дайлардың мәліметтерін 12 са­ғат немесе мүмкін  болған жағ­дайда 1-3 тәулік бұрын хабарлап отыру болып табылады. Соны­мен бірге, Қазақстанның барлық өңірлері бойынша ауа райы бол­жамдарын және метео­рология­лық мәліметтерді тұты­нушы­лар­ға дер кезінде жеткізіп отырады. – Қазіргі кезде кейбір тұр­ғындар гидроме­теор­талық­тың болжамдарынан гөрі жа­уы­рын­­шылар мен экс­тра­сенс­тердің болжамдарына кө­бі­рек сенетін сияқты. Жалпы, Е.Қо­жам­сейі­тов сияқты ауа ра­йын бол­жау­шыларға қан­ша­лықты сенуге болады? – Көріпкелдердің ауа райын қалай болжайтынын және қан­дай деректерге сүйеніп сәуе­гейлік жасайтынын нақты айта алмаймын. Олардың болжам­да­рының қаншалықты шын­дық­қа келетінін де айту қиын. «Қаз­гидромет» РМК Бүкіләлем­дік метеорологиялық ұйымның мү­шесі болғандықтан халық­ара­лық талаптарға сәйкес қа­лып­тасқан ғылыми синопти­ка­лық-статистикалық зерттеулерге сү­йенеді. – Гидрологиялық апат­тар­ды қанша уақыт бұрын және қаншалықты дәлдікпен бол­жауға болады? – Апатты гидрологиялық құ­былыстарға көктемгі су тас­қын­дары, таулы өзендердің күрт еріген қар немесе қатты жауған жаңбырлардан тасуы, сел және қар көшкіні жатады. Өзен­дер­дегі қатты су тасқынын кейде 1 ай немесе одан да ұзақ уақыт бұрын есептеп, ескертуге бола­ды. Мәселен, ақпан айының соңында өзен сағаларында ерекше мол қар қоры жинақталады. Егер күн күрт жылынса немесе қалың жаң­­бырға ұласса, са­нау­лы күннің ішін­де-ақ апатты ахуал қалып­та­суы мүмкін. Мұн­дай құбылыс ал­дын-ала синопти­ка­лық мәлімет­терге сәй­кес 1 немесе 3 күнге дейін нақты бол­жа­нады. Осыған бай­ланысты тиісті ескертулер жасалып, да­был қағылады. Таулы аудандардағы ұзақ мер­зімді болжамдар орташа есеп­­пен алғанда 1 ай немесе бір тоқсан бұрын әртүрлі деңгейде жүргізіліп отырады. Бұл болжамдар су қоймасының жұмыс режімін, өңірлердегі суармалы тәсілдерді жүргізу нормаларын анықтап отыру үшін керек. Тау өзендерінің тасуын, сел және қар көшкіні сияқты табиғи құ­былыстарды алдын-ала дәл болжау мүмкін емес. Мұндай апат­тардың пайда болуына әсер ететін құбылыстар өте тез арада, кейде бірнеше сағаттың ішінде-ақ орын алады. Таулы аймақ­тардағы қалың жаңбыр немесе мол қар жауатын ке­зең­дерді гидро­метеороло­гия­лық фак­тор­ларға сүйене отырып, негізінен 12-ден 24 сағатқа дейін алдын-ала болжауға болады. Ал қар көшкіні туралы қауіп бірнеше күн бұрын анықталып, ха­бар­ланып отырады. Сонымен бірге, ірі өзендердегі көктемгі мұз кептелісінің әсерінен су дең­ге­йінің күрт көтерілуі сал­дарынан болатын апатты ахуалдар да алдын-ала ескертіледі. «Қазги­дро­мет» РМК сондай-ақ Каспий жағалауындағы су дең­гейінің көтерілуін де тұрақты түрде ба­қылап отырады. Соңғы он жыл ішінде Ұлт­тық гидрометеорологиялық қыз­­мет елімізде орын алған бір­қатар табиғи апаттарды алдын-ала дәл болжап, тиісті өңір­лер­дің әкім­дік­тері мен төтенше жағдайлар органдарына күні бұрын ескертулер жасап, дабыл қақты. Мә­селен, 1988 жылдың маусым айында Күмбел өзе­нінде орын алған селді, 1990 жылдың шілдесіндегі Беделбай өзенін­дегі су тасқынын, 2008 жылы ақпанда Оңтүстік Қазақ­стан об­лысында орын алған қат­ты су тасқынын, 2010 жылдың наурыз айында «Алматау» тау шаңғысы базасы аумағында бол­ған үлкен кө­лемдегі қар көшкінін күні бұрын анықтап, дер кезінде да­был қақ­ты. Осының нәти­же­сінде адам және материалдық шығындарға жол берілмеді. – Талғат Мұратұлы, сіз­дердің мекемелеріңіз еліміздің аумағында тұрақты эко­логия­лық мониторинг жүргізеді. Осы ретте Байқоңыр ғарыш ай­лағының Қазақстан эколо­гия­сына тигізген кері әсері қақында не айтасыз? – Байқоңыр ғарыш айла­ғы­нан ұшырылған зымыран­дар­дың әртүрлі бөлшектерінің жерге құлауы, аса улы жағармай қал­дықтарының төгілуі, қор­ша­ған ортаға және сол өңірде тұратын халықтың денсау­лы­ғына ерекше кері әсерін тизігіп отырғандығы жасырын емес. Әсіресе, «Протон» зымыран­да­рын ұшырған кезде аса қауіпті гептил отынын пайдалану та­биғи ортаға орны толмас шы­ғын келтіріп отыр. Гептил қа­уіптілігі жағынан 1-ші класқа енген улы ластағыш бо­лып есептеледі. Оның құра­мын­дағы канцерогенді және мутагенді зиянды элементтер топы­рақта, өсімдіктерде және жа­нуар­лар­дың ағзасында жинақ­талу қа­білеті жоғары уытты лас­тағыш­тар болып табылады. Ға­лым­дардың дерегі бойынша, ға­рыш зымырандарының жерге құла­ған бөлшектерінде үш тон­наға жуық пайдаланылмаған геп­­­тил сақталады және жер бетіне тө­гіледі. Ал оның шекті мөл­шері атмосфералық ауаның 1 текше шақырымында 1 килограмм ғана болуға тиіс. Ай­мақтың гептилмен ластану жағ­дайы қор­ша­ған ортаның табиғи тепе-тең­дігінің бұзылуына, то­пы­рақтың ластанып, өсімдік атау­­лының құ­рып кетуіне әкеліп соғады. Қазір «Қазгидромет» РМК зы­мыран ұшыру аудан­дарының ма­ңындағы елді мекендердегі атмосфераның жай-күйін ба­қылау мақсатында зы­мыран ұшы­рудан бұрын және ұшыр­ғаннан кейінгі кезеңде тұ­рақты түрде экспедициялық зерт­­­теулер жүргізіп, жинаған мә­лімет­терін тиісті органдарға тапсы­рып отырады. – Балқаш көлі Арал те­ңізінің кебін киеді, Каспий те­ңізінің жағалауы экология­лық апатты аймаққа айна­лады деген болжамдар туралы пі­кі­ріңіз қандай? – Балқаш көлі Іле және Жоңғар Алатауының беткейінен басталатын өзендердің суы есебінен қалыптасқан Еуразия құр­лығындағы ірі су көзінің бірі болып саналады. Көлге құя­тын судың 80 пайызы Іле өзенінің еншісіне тиеді. Іле-Балқаш бассейніндегі жер беті суларының жалпы көлемі 28,85 текше шақырым болса, оның 17,4 текше шақырымы Қытай Халық Рес­пуб­ли­касы ау­мағында құ­ра­ла­ды. Соңғы уақытта Бал­қаш көлі төңірегінде су мәселесі өт­кір орын алып отыр. Атап айт­қан­да, мем­ле­кет­тер ара­сын­дағы су бө­лі­су мәселесінен ту­­­­­ын­да­ған көл эко­­­жүйесі қыз­ме­­­тінің наша­­р­лауы, су дең­ге­йінің күрт тө­мендеуі, таулы ау­дандарда ор­ман­дар­дың ота­луы табиғи ортаның нашар­ла­уына кері әсе­рін ти­гізіп отыр. Іле-Балқаш бассейніндегі судың лас­та­нуы ерекше алаң­дау­шылық ту­ғы­зу­да. Су қорының үнем­­ді пай­дала­ныл­мауы сал­да­ры­нан Іле өзе­ні­нің суы жыл сайын 20 па­йыз­ға азайып, өзен арнасы ай­тар­лықтай тарылып кет­кен. Есеп­сіз жүр­­гі­зілген егіншілік тех­ноло­гиясы Балқаш және Қап­шағай ма­ңын­дағы су­дың лас­та­нуы­на, бат­пақ­та­нуы­на әке­ліп со­ғуда. Балқаш кө­лінің лас­тануына Қы­тай елінен келетін әртүрлі техногендік қалдықтар, Балқаш мыс қорыту комби­нат­ының тех­ни­калық қалдықтары орасан зор зиянын тигізуде. Іле-Балқаш бас­­сейнінде экологиялық мониторинг жүргізу соңғы уақытта біршама ұлғайтылды. Алайда, бұл аймақта гидроме­тео­ро­ло­гиялық және экологиялық тексеріс жүр­гізетін стационарлық орын­дар аз. 2006 жылдан бастап көлдің оңтүстік-шығыс бөлі­гінде жаз­ғы-күзгі кезеңде экспе­дициялық зерттеулер жүргізіліп келеді. Біздің қазіргі қолы­мыз­дағы мә­лі­меттер бойынша, Бал­қаш көлі­нің ластану деңгейі 4 класқа жа­тады. Яғни, көл суы­ның ласта­нуы өте жоғары деңгейде. «Қазгидромет» РМК гидро­локтарының үздіксіз жүргізген мониторинг деректері көрсетіп отырғандай, соңғы жылдары Іле өзенінің жоғарғы ағысында (ҚХР) және орта ағысында (ҚР) суды көп мөлшерде бөгеудің сал­дарынан Қапшағай қаласы маңындағы жармада өзен ағы­сының жылына 3,5-4,0 текше шақырым, ал кей жылдары 4,5 текше шақырым қысқарып отыр­­ғандығы анықталды. Есептеулер көрсетіп отырғанындай, мұндай су бөгеттері болмаса Бал­қаш көлінің деңгейі 343,2 метр болар еді. Ал қазіргі уа­қытта көл суының деңгейі 342,1 метр деңгейге төмендеген. Сол себепті келешекте қазіргі су қолдану тәсілі өзгертілмейтін болса, Қапшағай ГЭС-нің су қоймасына келіп тү­сетін және Балқаш көліне құя­тын су мөл­шері бұдан да азайып, апатты жағдайға әкелуі әбден мүмкін. Соңғы 3-4 жыл­дың ішінде ғана (2005-2009) Балқаш көлінің деңгейі 0,5 метрге (46 см.) төмендеген. Алдағы уақытта Қытай мемлекеті аумағында су бөгеулердің көбеюіне байланысты көлдің суы одан сайын төмендейді. Со­нымен қатар, оның минерал­дылығы 2 г/л-ге дейін ұлғайған. Бұл Балқаш қаласы мен Балқаш мыс қорыту комбинатын тұщы сумен қамтамасыз етуді қи­ындатады. «Қазгидромет» ға­лым­­дары Іле өзенінің ағысы тө­мендеген жағдайда Батыс Бал­қашқа келетін табиғи апаттың кері әсерін жеңілдету шара­ларын белгілеп, ұсыныстар әзір­леді. Іле өзені алабында қазіргі су қолдану тәсілін өз­гертпесе, Балқаш көлін 341,0 метр шекті деңгейде ұстап қалу мүмкін емес. Балқаш кө­лін табиғи қал­пында сақтап қалу үшін Іле өзенімен жы­лына кемінде 11,5 текше метр су келуі керек. Іле өзенінен су алуды өсіру үшін тарату каналдарына фильтрация жүй­лерін жасау және булану шы­ғындарын азайту қажет. Со­нымен бірге, Іле өзенінің суын ҚХР-мен бірге тиімді пайдалану мәселелерін шешу керек. Балқаш Арал теңізінің тағды­рын қайталамауы үшін ҚХР мен Қазақстан Респуб­ликасы арасында суды пай­даланудың тиімді тәсілдерін белгілеу ту­ралы шұғыл шаралар қабыл­дануы қажет. – «Қазгидромет» РМК Ан­трактиданы зерттеу экспе­ди­циясына қатысты. Осы бір маңызды ғылыми сапар ту­ралы не айтасыз? – Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бергі жыл­­­дар шежіресінде алғаш рет Оңтүстік полюстегі жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарына қатысуға мүм­кін­дік алды. Біздің орталық қыз­меткерлері бұл ғылыми-зерт­теу жұмыстарына Ресейдің Арк­тика және Антарктида инс­титутының қолдауымен қатыс­қан болатын. Біздің мамандар осы ғылыми-зерттеу жұмыс­та­рының барысында Антарктида мұздарындағы гидрохи­миялық және биологиялық қос­па­ла­ры­ның спекторлық құ­рамын Қа­зақ­станның оңтүстік-шығы­сын­дағы таулы аймақ­тар­дағы мұздақтардың спек­тор­лық құ­рамымен са­лыстыру жұ­мыс­тарын жүр­гізді. Со­ны­­мен бірге, Ресейдің Ан­тарктидада жүргізіп отыр­ған гидро­ме­тео­ро­ло­гия­лық, океано­гра­фиялық жә­не бас­қа да ғылыми-зерттеу жұмыс­тары­ның маз­мұнымен және оны сұрыптау тәсіл­де­рімен таныс­ты. Бұл ғы­лыми сапардағы тағы бір міндет  ат­мосфе­ра­дағы ластануға әсер етпейтін қоспалардың шо­ғыр­лану дең­гейін анық­тау бо­латын. Біздің мамандарымыз «Академик Федоров» ғы­лыми-зерт­теу кемесінің құ­рамында өткен жылғы ақпан-сәуір айларында Оң­түстік Афри­каның Кейптаун портынан басталған экс­пе­ди­ция құра­мында Антарктида­ның 6 жа­ғалаулық стансала­рын­да бо­лып, зерттеу жұмыс­та­рын жүргізді. Новолазеревская, Про­гресс, Дружная-4, Мир­­ный  стансаларынан алын­ған мұз сынамалар мұз жа­мылғы­сы­ның физикалық сипа­ты, қа­лып­тасу ерекшелігі тұр­ғысында зерттеулер жүр­гізді. Ядролық физика институтында бұл мұз бөлшектеріне сынақ жүргізу нәтижесінде оның құ­рамынан қоршаған ортаны лас­­тайтын кадмий, мышьяк сияқты металдардың мар­дымсыз мөлшері табылды. Со­нымен бірге, Антарктида мұ­зының құрамынан Іле Ала­тауының мұздақтарының кей­бір  элементтері табылды. Біз­дің маман-ға­лым­­дарымыз­дың бұл сапар  ба­ры­сын­да жи­на­ған деректері елімізде жүр­­гізілетін ал­да­ғы ғылыми-зерт­теу жұмыс­та­ры­на зор үлес қо­сатыны сөзсіз. – «Қазгидромет» РМК-нің халықаралық ын­тымақтас­тығы қандай дә­режеде? – Біз өз жұмысымызда Дү­ниежүзілік метеоро­логия­лық ұй­ым­­мен (ДМҰ) тығыз қа­рым-қатынаста жүргіземіз. Со­ны­мен бірге, ДМҰ-ның ІІ және ІV өңір­лік ассоциация­сының жұ­мысына қатыстық. Басқа да гидрометео­роло­гия­лық ор­та­лық­­тармен тұ­рақты түр­де екіжақты байла­ныстар жүр­­гіземіз. Айта кететін тағы бір мә­селе, 23 наурыз – Дүние­жү­зілік метеорология күні. 1950 жылы осы күні Дү­ние­жү­зілік метео­рологиялық ұйы­мын құ­ру ту­ралы кон­вен­ция күшіне енді. Бүгінде бұл күнді әлем­нің 189 мемлекеті атап өтеді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.