Наурыз мерекесі – ертеден қалыптасқан ерекше мерекелердің бірі. Мәселен, Маңғыстау өлкесінде «Наурыз» мейрамы наурыз айының 14-інен бастап тойланады. Бұл дәстүр тіпті Кеңес Одағы күшінде тұрған кезде де жалғасын тауып жатты.
Маңғыстау жерінде мереке ресми түрде «Наурыз мерекесі» деп аталмаса да әр жылы наурыздың 14-інен бастап «Амал күні» деген атпен аталып келді. Сол күні жастар таңертеңгісін үлкендердің алдына барып, батасын алып жататын. Көшеде кездесе қалса, бір-біріне: «Жасың құтты болсын!» деген игі тілектерін де жеткізетін. Жаңа жылдың келуімен адам айына қарамай бір жасқа есейеді деген де түсінік бар. Сонымен қатар, «Жасыңа жас қосылсын!», «Жаманшылықтың бәрі өткен жылмен кетсін!» деп тілек білдіріліп жатуы да сондықтан болса керек. Сондай-ақ «Амал ақ болсын!» деген жақсы тілектерін айтып, үлкен кісілердің жайған дастарқанынан дәм татысады. Ол кезде қыстан қалған сүр ет асылып, үлкен әжелеріміз қазақтың ұлттық киімдерін (қамзол, кәжекей) киеді. Сандықта жатқан жақсы заттар керілген жіпке жайылады. Бала кезімізде неге бұлай істейді екен деген таңданыс та болатын. Бүгінде қыстан шыққан жұрт үшін осылайша бар жақсысын іліп қою жақсылықты шақыру екенін ұққандаймын.
Менің бала кезімде, жас кезімде Наурыз мерекесі қазіргідей ауқымда тойланған жоқ, әйтсе де қазақ халқының осы бір дәстүрі Кеңес өкіметінің қатаң тыйым салуына да қарамастан, төрімізден орын алып жатты. Біз Наурыз мерекесін күн мен түннің теңескен күнімен байланыстырамыз, ал Маңғыстау жерінде ол жаңа айдың тууымен ұштасады. Екіншіден, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Ресейдің Астрахань мен Волгоград облыстарында осы күні Наурыз тойланады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз ұлттық дәстүрлерді қалпына келтіре бастаған кезде 22 наурыз мереке ретінде ерекше аталып өтілетін ұлттық мерекеге айналды. Заң жүзінде мемлекеттік мереке ретінде өзінің орнын тауып отыр. Сол үшін де Наурыздың орны барша қазақстандықтар үшін алабөтен деп білемін. Мереке аясында ұлттық дәстүрлерімізді жаңғыртып, бала тұсауын кесіп, келіннің бетін ашып, түрлі ойын-сауықтың өткізілуі еліміз азаматтарының көңіл күйін көтере түседі. Соңғы жылдары осы бір мерекеде қазақтың ұлттық киімдерін киюшілер қатарының өсіп келе жатуы қуантады. Мерекені мәнді де ауқымды етіп өткізе бастауымыз – ол ең алдымен тәуелсіздіктің арқасы екенін ұмытпағанымыз жөн.
Өткен жылдан бастап халықтық мереке үш күн қатарынан тойланатын болып заңдық шешімін тапты. Наурызды жаңа жыл ретінде кеңінен атап өту тұрғысында Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде бірнеше рет айтып көрсетті де. Ендігі мәселе – осы жаңа жыл мерекесін қоғам арасына кеңінен сіңіре беру. Ол үшін алдымен мерекенің тұжырымдамасын жасап, оның атрибутикаларын пысықтап алғанымыз жөн. Оны біз мемлекеттік деңгейде жас ұрпаққа тағылым мен тәрбие беретін мереке ретінде қарастыруымыз қажет. Екінші жағынан өзге ұлт өкілдерінің талабына сай етіп үйлестіре көрсету басты міндет болуы тиіс.
Көшпелілер ұрпағы саналатын қазақ халқы үшін Наурыз мерекесі өте үлкен рөл атқарған. Қыстың қыспағына қарсы келген көшпелі жұрт көктемін сағына күткендей әсер қалдырады. Малдың басы көкке тиіп, ақтың мол болуымен адамдардың көңіл күйлері көтеріңкі қалыпқа түсетіні айтпаса да түсінікті. Арқаны кеңге салып, мерекені тойлауға мүмкіндік алған деген ойымды жеткізгім келеді. Енді кеңестік кезеңнен қалған қысылып, қымтырылудан арылып, жаңаша рәуіште тойлауымызға барлық негіз бар.
Әрине, Наурыз мерекесін тойлауды айтқанда кейбір жәйттерді де айналып өте алмаймыз. Қазіргі таңда, әсіресе, қалалық жерлерде әр түрлі мекемелер мен ұйымдарға киіз үй тігуді, ас мәзірін әзірлеуді тапсырғанымен, ол халықтық сипатқа ие бола алмай келеді. Жаңағы тігілген киіз үйлерде тек сол ұжымның басшылары күтіліп, Наурызды мерекелеуге келген қалың нөпір амалсыз суыққа тоңып, қойылған концертті де дұрыстап тамашалай алмай, үйлеріне қайтады. Онда да қызық бірінші күні-ақ таусылып, жұрт үйлерінде жатып қалады. Міне, мұндайды болдырмау үшін киіз үйді көбірек тігіп, бауырсақты да молынан пісіріп, көпшіліктің көңілін көтеретіндей деңгейде атап өтуіміз керек. Онда да ол бір күнмен аяқталмай, үш күн қатарынан әр түрлі шаралармен толығуы тиіс. Өкінішке қарай, бізде әлі де ұйымдастыру жағы кемшін түсіп жатады.
Осы орайда тағы бір айта кететінім, Наурыз мерекесіне жаңа жылдық сый-сияпаттар сияқты өзіндік сыйлықтарды да жасауымыз керек. Мәселен, кішкене наурыз қалта жасап, оны тәттілермен және өзге де сый-сияпаттармен толтырсақ, орынды болмай ма? Наурыз қазан асып, аста-төк етіп өткізетін мереке емес, көпшілік жүрегінен орын алар мәдени шара ретінде танылғаны орынды. Менің пайымымша, мұның барлығы болашақта рет-ретімен орнына келеді. Ал жалпысында Наурыз мерекесін елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері де отбасында кеңінен атап өтуі үшін оны барынша халықтық мерекеге айналдыра білуіміз қажет.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, Наурыз мерекесінің маңызы толық ашылуы тиіс. Жоғарыда айтқан сый-сияпаттар әзірлеу, дәстүр жалғастығын паш ету, өзге ұлт өкілдерін де осыған тарту сияқты шараларды мықтап қолға алған жөн. Сонда Наурыз мерекесі бүкілхалықтық сипат алатын болады.
Гүлнар СЕЙІТМАҒАНБЕТОВА, Мәжіліс депутаты.