19 Наурыз, 2011

2002

811 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
Осыдан дәл он жыл бұрын, 2001 жылдың көктемінде басылым бетінде «Тәуелсіздік толғауы» атты айдар ашылып, оның аясында тәуелсіздіктің қадір-қасиеті, артар жауапкершілігі, қояр тала­бы, берер мүмкіндігі туралы мақалалар жариялана бастаған болатын. Сол айдардың ая­сында кезінде жүзеге асқан жобаның бірі – тәуелсіздік белестерін жыл-жылымен әңгімелеп шығу еді. «1991», «1992», «1993»... «2001» деген тақырып­тар ғана қойылған ол мақалалар ав­тор­ларының арасында Зейнолла Қабдолов, Камал Смайылов, Манаш Қозыбаев, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Қуаныш Сұлтанов сияқты ай­тулы қаламгер-қайраткерлер болып еді. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына «Егемен Қазақстан» осы дәстүрді жалғастырып, 2002-2011 жылдар аралығындағы  белесті кезеңдерді қамтитын мақалалар циклын жария­лауды бас­та­ғалы отыр. Ол мақалалар жұртшылық кү­тіп жү­ре­тін «етжеңді» нөмірлерде жария­лан­бақ. Ал­ғаш­қы мақаланы оқырман назарына ұсынамыз. 2002 жыл, соған дейінгі және осы кездегі іс-әрекеттерімізді, жоспарлар мен нәтижелерімізді са­рап­қа салсақ, сол амалды тапқан елдің өмірді тү­бегейлі өзгертуге батыл бет бұрған жылы бо­лыпты. Қазақстан дербес ту көтеріп шыққан сонау тоқсаныншы жылдарда есімдері жаһанға мәш­һүр кейбір қайраткерлер экономикасы құл­дыраған (1990 жылы инфляция 3000 пайыздан асып түсті) көп ұлтты елдің саяси ғұмыры ұзақ бол­майды деген болжамынан бас тартып, рес­пуб­ликамызда жүргізілген реформаларды ТМД мемлекеттеріне үлгі етуге көшіпті. Бізде жүзеге асырылған, жедел әрі нәтижелі жүзеге асырыл­ған шараларға әлемнің дамыған елдері назар ауда­ра бастаған. Кешегі Одақтың тұсында өнер­кәсібі айтарлықтай дамыған Ресей, Украина, Беларусь секілді елдерді бар-жоғы он жылда артта қалдырған Қазақстанның әр жылы зерттеу ны­са­ны­на айналды. Алыс та, жақын да ұшқыр за­ман­ға тез бейімделген елді сенімді әріптес деп таны­ды. Соның көп айғағының бірі – Америка Құра­ма Штаттары Конгресінің жиырма бір мүшесі Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа осы елге ресми сапарынан соң жазған хат. Аталған хат «Егемен Қазақстан» газетінің 2002 жылғы 1 ақпан күнгі санында жария­ланды. «Құрметті Президент мырза! – делінген онда. – Бізге Сізді халықты тәуелсіздіктің алғашқы он жыл­дығымен және басқа көптеген ұлы жетіс­тік­тер­­мен құттықтау бір ғанибет. Біз орта­лықтан­ды­рыл­ған жоспарлы экономикаға негізделген тота­ли­тарлық коммунистік қоғамнан күн сайынғы өсімді көрсетіп отырған қауырт даму үстіндегі эко­номикасы бар шынайы ашық және демо­кра­тия­лық қоғамға көшу барысында Қазақстан қол жеткізген таңданарлық табыстар­мен құттық­тай­мыз... Біз Құрама Штаттар Қаза­стан арқылы шы­найы дос тапты деп білеміз. Біз Қазақстанда және оның төңірегінде бейбітшілікті, демо­кра­тия­ны және тұрақтылықты орнық­тыру­дағы Сіз­дің көш­бас­шылығыңызды жоғары бағалаймыз. Біз Сізге және Қазақстан халқына алдағы барлық онжыл­дық­тарда көптеген табыс­тарға жетуді тілейміз». Қазақстан 2002 жылды әлемнің ең әлді мем­ле­кетінің алдындағы осындай зор беделмен бас­та­ды. Экономикалық көрсеткіштер бойынша Шы­ғыс Еуропа елдерімен үзеңгі қағыстырды. Ішкі жалпы өнімнің осы тұстағы нақты өсімі Польша мен Венгрияда 25 пайыз болса, Қазақ­стан­да 26 пайызға жетті. Батыс сарапшылары бізде қалыптасқан қаржы жүйесін ТМД-дағы үз­дік жүйе деп бағалады және әлемдік стан­дартқа сай келетіндігін атап көрсетті. Эконо­ми­каның тұрақты өсуіне барлық негіз қаланды. Президент «Независимая газетаға» берген сұхбатында елдегі осы оңтайлы ахуалды сипаттай келіп: «Нобайлап айтқанда, бұл дамудың «экстре­мал­дық», «дағдарыстық» моделінен жұрт «тірлік ету» емес, қалыпты өмір сүріп, еңбек ететін үйле­сімді адами қоғам құруға біртіндеп өту»,  деген еді. Сол тұста «Қазақстан» телерадиокор­пора­ция­сында жұмыс істеген біздер, журналистер, осы игі өзгерістер елдің көңіл-күйін көтере баста­ға­нын аңғарып жүрдік. Студияға әр өңір­ден әлеу­мет­тік-тұрмыстық қиындықтар тура­лы ағылып келіп жататын шағым-талаптар күрт азайды. Оның орнына жер үлесін пайдалану, несие алу, өндірілген өнімді өткізудің жол­дарын сұрастыр­ған хаттар көбейді. Бір сөзбен айт­қан­да, ел өзінің шаруасын дөңгелете бастаған еді. Нарық санаға да, тұрмысқа да бойлап еніп келе жатты. Мемлекет жаңа даму кезеңіне қадам басты. Енді бұрын мүмкін болмаған міндеттерді шешуге кірісу керек еді. Президент ол міндеттерді жыл­дың басында, қаңтар айында Үкімет мүше­лері, барлық деңгейдегі әкімдер бас қосқан ке­ңес­те айқындап берді. Олар: республикалық бюд­жет­тің әлеуметтік бағытталуы, терең эко­номикалық талдау мен жоспарлау, концепциялар мен бағ­дарламалардың орын-орнына қойыл­ған жүйесі, өндірістік емес саланы және әлеуметтік қорғау жүйесін реформалау. Осы орайда айта кетейік, мемлекет 2002 жылы халыққа әлеуметтік қарыздарды алғаш рет толығымен өтеді. Бірінші қаңтардан бастап ай­лық пен зейнетақы өсірілді. Мұнымен қатар ел­дің алтын-валюта қоры артты. Республика енді қар­жыны экономикаға бөлумен бірге білім, ден­саулық сақтау, мәдениет салаларына мақ­сатты түрде бағыттай бастады. 2002 жыл Президент Жарлығымен Денсаулық жылы деп жа­рияланды. Үш негізгі міндет таңдалып алынды: халықтың денсаулық жағдайын жақ­сарту, ден­сау­лық сақтау жүйесіне мемлекеттік қолдау көр­сету, саламатты өмір салтын насихаттау. Көптеген өмірлік маңызы бар шараларды қиын-қыстау жылдардың өтінде жүріп жүзеге асырған Қазақстан сол күндерде соншалықты биік болмаса да ең ауыр, ең тайғақ асудан асып, қарсы алдындағы Алатаудай асқарға жігерлі көз салып отырған жолаушыны елестетіп еді. Ат-тұрманы сай, тек желдіретін жерде желіп, аяң­дай­тын жерде тізгін тартып отыру керек. Елба­сы­ның сөзімен айтсақ: «Жай жүрсең – қасірет қуып жетеді, қатты жүрсең – қасіретті қуып жетуің мүмкін». Әр істің, ол кезеңдік пе, әлде ұзақ мерзімді ме, өз кезегі бар. 2002 жылы мемлекеттің назары ауылға ауды. Мұның да себептері мен дәйекті негіздері бар еді. Аграрлық секторда 1998-2001 жылдар ара­лы­ғын­да жүргізілген реформа барысында 2284 ша­руа­шылық тоқырауға ұшырады, яғни банкрот деп жарияланды. 2002 жылдың қар­саңында 1981 ша­руа­шылық таратылды. Соның нәти­же­сінде, ауыл ал­ғашқы дағдарыс кезеңінде белшеден батқан қа­рыз­дан құтқарылды. 35 мың жеке шаруа қожа­лық­тары құрылды. Олар ойдағыдай нығаюы үшін несиемен тиімді жұмыс істеуі керек еді. Алайда, ипо­текалық несие алу үшін жерді кепілге салудың нормативтік-құқықтық ба­з­асы реттелмеген. Жерге жеке меншік заңд­ас­тырыл­маса, оны жасау да мүм­кін емес-ті. Осы­ған сәй­кес Президент 2002 жылы сәуір айында жария­ланған Қазақстан халқына Жол­дауында Үкіметке «Жерге жеке меншік тура­лы» заң жо­ба­сын жасап, Парламентке ұсынуды тапсырды. Бұл жылды еске алғанда осыған арнайы тоқталуымыздың себебі бар еді. Заң жобасы Пар­ламентте барынша қызу талқыланды. Жерге мемлекеттік меншікті жақтаушылар халықтың едәуір бөлігінің қолдауына ие болды. Ұлттық мүд­деге жүрекпен қарайтын шығармашылық элита жер сату отанды сату деп дабыл қақты. Қайсыбір топтар оған саяси астар беріп, қазақ халқының тарихи құқына қол сұғу түрінде айыптады. Ал Парламенттегі пікірталас негізінен жер телімдерін оларды шартты иеленушілерге тегін бөліп беру, жеке меншікке сатылатын жердің көлемі, оны анықтап бөлудегі жергілікті биліктің құқы секілді өткір мәселелер төңірегінде өрбіді. Жерді сатудан түсетін қаржы туралы да дау туды. Осы және басқа ой мен мүдде қайшылықтары шиеленісе келіп, жыл өткеннен кейін Үкімет отставкаға кетті. Соңы осылай аяқталған жер заңы 2002 жылдың елеулі оқиғасы болды десек қателеспейміз. Бұл тәуел­­сіз­­дік­тің ел ұғымындағы кейбір құнды­лық­тары нарық атты экономикалық жүйенің қағида­лары­мен бірден қабыса қоймайтынын көрсетті. Ұлттық сезім мен сана нарықтануы үшін уақыт керек еді. * * * Еңсесін тіктеп, қазақ есімді байырғы халықты жаһанға жария еткен, Президент сөзімен айтсақ: «Ұлттың беделін қайтарып берген» жас мемлекет өткен он жылда игерген жетістіктерін одан әрі баян­ды ету үшін ғаламмен қанаттаса өркендеуге тиіс­ті. Сондықтан да 2002 жыл Қазақстанның әлем­мен тығыз қарым-қатынас орнатуға арналған іс-шараларына толы болды. Елбасының ақпан айын­да қауырт дамып келе жатқан Үндістанға са­пары Еуропа мен Қытайда жалғасты. Осы ал­ғаш­қы сапарда Президент Үндістан – Қазақстан бірлескен декларациясына қол қоюмен бірге 15 миллион халқы бар Дели қаласындағы бір көшеге қа­зақтың ұлы ақыны Абай есімінің берілу сал­та­натына қатысты. Миллиардтан астам үнді халқы қазақтың ұлттық рухына осылай құрмет көрсетті. Бұл Алаш жұртының жаһанға экономи­калық әл-қуатымен, саяси парасатымен танылу­мен бірге рухани жақындасуының жарқын көрінісі еді. Халықаралық қатынаста осылай жемісті бас­тал­ған жыл Қазақстанның, оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық қана емес, әлемдік мәнге ие болған аса маңызды идея­ларының салтанат құрған жылына айналды. 2002 жылдың 7 маусымында Шанхай ынты­мақтастық ұйы­мының саммиті өтті. 1996 жылы Елбасы тікелей ұйытқы болып, Ресей, Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Қытай мен Тәжікстан мемлекеттері арасын­да шекаралық қауіп­сіздік пен сенімді нығайту және әскери күш­тер­ді өзара қысқарту жөніндегі келісім түрінде дүниеге келген ұйым жаңа сапа­лық дең­гей­ге көтерілді. Шан­хай ынтымақтастық ұйымы хар­тиясына, Ай­мақтық терроризмге қарсы құры­лым жөніндегі келісімге және Шанхай ынты­мақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер бас­шы­ларының Деклара­ция­сына қол қойылды. Бар­лық тараптар бұл құжат­тар­ды жоғары бағалап, әлемдік саясатта нақты­лыққа айналған ірі тарихи оқиға деп мәлімдеді. Осы 2002 жылы Қазақстан үшін де, Ұжымдық қауіпсіздік келісіміне мүше болған басқа да мемлекеттер үшін де саяси-стратегиялық мәні ерекше тағы бір шешім қабылданды. Каспий жағалауында бас қосқан Армения, Беларусь, Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Ресей мен Тәжікстан республикаларының президенттері Орталық Азиядағы ұжымдық жедел әрекет күштерінің тұрақты оперативтік тобын қар­жы­ландыру, бірлескен әскери штаб құру, әс­кери-тех­никалық саладағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін тиянақтады. Енді Орталық Азия мем­лекеттерінің оңтүстік шебіне сыртқы күштердің қаупі төнген кезде барлық мүше мемлекеттер бірігіп тойтарыс бере алатын еді. Мұны Қазақстан Президенті «қамсыздандыру полисі» деп атады. 2002 жылдың Қазақстанда туған ой-ұсы­ныс­тар­дың түпкі мәнін жаһан да, ғаламның бір бөл­шегі – ТМД елдері де бұрынғыдан да терең ұғын­ған, ынтымақтастықта ұйытқан жайдары жүзді жыл болғанына айғақ көп. Еуразиялық экономи­калық қауымдастықтың Мемлекетаралық кеңесі­нің ке­зекті мәжілісі соның бірі ғана. Осы қауым­дас­тық­тың құрылуына Қазақстан Президенті ұйытқы болғаны белгілі. Әлемде жаһандану үрдісі белең алған кезде ұлан-ғайыр кеңістіктің эконо­ми­калық мүмкіндіктерін үйлестіре даму мақсатынан туған Еуразия идеясы уақыт өткен сайын өмір­шеңдігін дәлелдей түскен еді. Осы мәжілісте қауым­дастық та­мырын тереңге жая алатынын көрсетті. Нұр­сұл­тан Әбішұлы төрағалық еткен басқосуда әлемдік қаржы-экономикалық өзгерістер кезінде қауым­дас­тық­тың ішкі рыногын қорғауы, өзара саудада демпингке қар­сы және өтемдік шара­ларды қолданбау, терроризм мен есірткі бизнесіне қарсы күрес, басқа да өзекті мә­селелер дәйек­телді. Эко­но­ми­калық қауым­дас­тық­тың болашақта эконо­ми­ка­лық одаққа айналуын мүше елдер басшылары қол­дай­ты­н­­дық­тарын білдірді. 2002 жыл осылайша ай­мақтық саяси-әлеумет­тік, эко­­­номикалық тағдырлы ше­­­шім­дерге толы жыл бол­ды. Еуразия құрлығы Қа­зақстанды өзара ық­пал­даса өркен­деу­дің ұлағатты ша­ңы­рағына ай­нал­дырғандай еді. Ала­таудың бау­райын­дағы Ал­ма­ты мен Сарыарқаның төсіндегі Ас­танадан шар­та­рап­қа жаңа ғасырдың тың ой-байламдары тарап жатты. Қазақстан және оның Президенті, әсіресе, Азия құрлығы үшін барынша тиімді өмірлік шешімдерге ғұмыр берді. Ал­маты­да Азиядағы өз­ара іс-қимыл және сенім шара­лары жө­нін­дегі ке­ңес­тің бірінші саммиті табысты өтіп, «Ал­маты актісі» қабыл­данды. «Он жыл бұ­рын, БҰҰ Бас Ас­самблея­сы­ның 47-ші сессия­сына қатысушылар, – деді саммитті ашу кезіндегі сө­зінде Нұрсұлтан Назарбаев, – осы заманғы өзекті проблемаларды тал­қы­­лау, ХХІ ғасыр сынақтарына барабар шараларды талдап жасау үшін Азия мемлекеттері басшы­лары­ның тұрақты әрекет ететін кеңесін шақыру туралы менің ұсынысыма түсіністік танытып, қолдау білдірген бола­тын... Мен жоғары деңгейде Кеңес ша­қыруды бү­кіл Азия аумағының 90 пайызын алып жатқан мемлекеттер қолдағанын қанағатпен атап айтқым келеді. Оларда үш миллиардқа жуық халық, яғни Жер шары халқының жартысы тұрады. Азия мемлекеттерінің жиын­тық эко­номикалық әлеуеті таң­да­нарлық және жа­һан­дық экон­оми­ка­ның сүбелі факторы болып та­бы­л­ады. Азия елдеріндегі жалпы ішкі өнім долларлық ба­ла­мада 13 триллионға жуықтайды». Қазақстан Президенті осынша қуатты, өзара ық­палдасу бағытында жаңа келісімдерге келу ар­қылы одан да қуаттана алатын Азияны ауқымды қақты­ғыс­тарға ұрынбауға, жағдайды ушықтырмау үшін бір-бірімен өзара қарым-қатынаста ұстамды­лық пен жауаптылық танытуға шақырды. Алматы актісіне бірқатар ТМД мемлекеттерімен бірге Египет, Үн­ді­стан, Иран, Израиль, Қытай, Пәкстан, Ре­сей, Түркия, Моңғолия президенттері қол қойды. Қазақ елі осылай әлем төріне өрледі. Халық­ара­лық саяси кеңістікте жаңа кемелді мемлекет пай­да болды. 2002 жыл әлемнің күнтізбесіне құр­лық­тар мен елдер тағдырлары тоғысқан сәтті кезең ретінде жарқын жүзбен енді. * * * Республикамыздың осы жылдағы әр қадамына сыртқы елдердің бұқаралық ақпарат құралдары тұрақты назар аударып келіпті. Солардың ішінде Ресейдің «РИА Новости» ақпараттық агенттігінің тыңғылықтылығы еріксіз назар аудартады. Агенттік 2002 жылғы 26 ақпанда Нұрсұлтан Назар­баев­қа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық сыйлық тапсырылғанын хабарлаған. Қазақ-түрік универ­си­тетінің осы сыйлығына бұдан бұрын Түркия президенті Сүлейман Демирель ие болған еді. Елбасы осы жылдың 7 сәуірінде Дүниежүзілік банктің президенті Джеймс Вулфенсонмен кездескен. Екі жақ құны 700 миллион доллар біріккен бағ­дар­лама әзірлеу үстінде екенін мәлімдеген. Ал 29 сәуір­де Президент өлім жазасына мораторий жария­лау­ды ұсынады. 9 қыркүйекте Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары Астанада екі елдің шек­ара­ларын реттеу жөніндегі келіссөз ой­да­ғы­дай аяқтал­ғанын мәлімдейді. Бұрын даулы болып келген үш бөлік туралы ортақ шешім қа­был­­данған. 17 қазанда Қазақстанның елорда­сында Нұр­сұлтан Назарбаев пен ЕурАзЭҚ-тың бас хат­шы­сы Григорий Рапота қауым­дас­тық шеңберінде бірыңғай энерге­ти­калық кеңістік құру мүмкін­дік­терін талқылады. 24 желтоқсанда ел Президентінің Қытай Халық Респуб­ликасына сапа­рын Ху Цзиньтао жоғары бағалайды. Пекин университетінде сөз сөйлеген Қазақстан басшысына Құрметті доктор атағы беріледі. 2002 жылы жарық көрген түрлі ақпарат құ­рал­дарын парақтасаңыз журналистерге Прези­денттің есігі ашық болғанын көресіз. Жиі сұхбат берген, «төртінші билік» өкілдерінің Қазақстанда өткен фо­румдары мен жиындарына түгел қатысып, жур­налистиканың халық, мемлекет өміріндегі ықпалы туралы ой бөліскен. Жалпы алғанда, осы жылды – журналистер жы­лы болды десек те артық емес. 26 сәуірде Ал­ма­т­ыда Бірінші Еуразиялық медиа-форум жұмысын баста­ды. 13 наурызда Астанада Қазақстан жур­на­лис­тері­нің бірінші конгресі өтті. Маусымның соң­ғы күн­дерінде Лениногорда басталған «Еуразия шеңбері» жас журналистер форумы кенді Алтайдағы Риддерде аяқталды. Бұлардың қай-қайсысы да әлемдік ақпараттық кеңістікке талпынған Қазақстан үшін қаншал­ық­ты маңызды болса, өзара ықпалдаса өркендеуге, орын алып келген және көрініс тауып отырған кереғар­лық­тарды пәтуамен реттеуге пейілді жаһан үшін де мәнді еді. Соған орай Бірінші Еуразиялық ме­диа-форумға алыс-жақын елдердің ықыласы ерекше болды. Оның жұмысына ғаламның 63 мемлекетінен 400-ден астам делегат қатысты. Олардың ара­сында аузы дуалы, құрлықтар түгел таныған көр­некті мемлекет қайраткерлері, өткір ойлы та­ны­мал журналистер, төрткүл дүниеге жағалай хабар тарататын, мемлекетаралық саясатта ықпалды те­лерадио агент­тіктерінің басшылары, шығарма­шы­лық дарынын шартарап құрметтеген қаламгерлер бар еді. Медиа-форумның жұмысына Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың қатысып, сөз сөйлеуі оның маңызын арттыра түсті. Елбасы әлемдік тұрақтылықта Еуразия құр­лы­ғының, оның ішінде орналасуы жағынан геосаяси ықпалы айтарлықтай Қазақстанның жаһан­дағы жаңа рөліне жан-жақты тоқталды. «Каспий ХХІ ғасырдағы дамудың аса маңызды энерге­ти­калық базасына айналуда, – деді Президент. – Атлант және Еуразия саясаты нақ осында қиы­лы­сады деп белгіленуде. Сондықтан да, біз мұнда мүдделердің ымыраласпас тайталасына жол бермеуге тиіспіз. Бүкіл әлем үшін мұнда тұрақтылық пен ынты­мақтастық аймағының болуы өте маңызды». 2002 жылдың айтулы саяси-рухани оқиға­ларының біріне айналған осы медиа-форум де­мо­кратиялық ұстанымдардың негізгі көрсет­кіш­тері­нің бірі болып табылатын сөз бостандығы Қазақ­станда әлемдік талапқа сай екендігін көр­сет­ті. Республика бұл салада да ТМД елдерінен оқ бойы озық еді. 13 наурызда Астанада өткен Қазақстан журналистерінің бірінші конгресінде осы алғы қадамға лайықты баға берілді, ақпарат құ­рал­дары еркін бола отырып, халық пен мем­лекеттің мүдд­е­сі­нен тыс қала алмайтындығына назар аударылды. Конгрестің шақырылуын әуел­ден қолдаған Президент онда да бағдарламалық сөз сөйледі. Осы конгресте Елбасы БАҚ-тағы мемлекеттік тіл туралы тұғырлы ой қозғады. Телеарналарда отандық кинофильмдер, мультфильмдер, архив материал­дарын көрсетудің есебінен мемлекеттік тілдегі хабар тарату ауқымын толтыра алуы керек. Қазақ тіліне аударылған әлем киносы алтын қоры­ның екі мыңнан астам фильмдері сүрленіп жатыр. Ана тіліміздегі радио-теле бағдарлама­лар­ды да­йын­дау үшін мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін мақсатты түрде арнайы бөлу керек. Нақ осы нұсқау, Президенттің ақпараттағы тілді мемлекеттік тұрғыдан қолдау жөнін­дегі тап­сырмасы тарихи мәнге ие болды десек, орын­ды айтқанымыз. 2002 жылы қазақ тіліндегі ха­бар­лардың үлесі барлық бағдарламалардың елу пайызын құрауы жөнінде талап қойылуы және оған ұлттық мән берілуі рухани өмірі­міз­дегі елеулі жеңіс еді. Елбасы осы конгресте қазақ тілді басылым­дардың беделі биіктеп келе жатқанын атап айтты. «Мемлекет тара­пынан қабылданған ша­ра­лардың еш­қай­сысы да журна­лис­тер­дің өзінің ынтасы мен іскерлігінсіз пәрменді болмайды. Мысалы, «Егемен Қазақстан» газеті бір жылдың өзінде таралымын 27 мың данаға арттыра алды. Міне, осындай БАҚ-тарға қолдау көрсету керек», деді Президент (2002. Один год Президента. А., 2003., 235-бет). 2002 жылы Қазақстанда БАҚ-қа осынша мән берілуі республиканың саяси-экономикалық қуа­ты руха­ни-әлеуметтік өзекті міндеттермен нақты айна­лы­суға толық мүмкіндік туғызғанын көрсе­теді. Осы жылы қазақ журналистикасы жаһанға құлаш ұрып, әлемдік ақпараттық кеңістікке сәтті кіріге бастағанын дәлелдеді. * * * Тәуелсіз елдің жүріп өткен жолын көз алдың­нан өткізсең, уақыт жағынан алғанда сон­ша­лық­ты қысқа, атқарылған істер тұрғысынан қара­ған­да соншалықты ұзақ екенін аңғарасың. 2002 жыл­да тындырылған әлемдік, елдік, аймақтық ау­қым­дағы шаралар, бейнелеп айтқанда, ғасырға жүк болғандай. Олардың қай-қайсы да маңызды, шұғыл әрі өміршең. Қазақстан Президентінің ақыл-парасатымен және табандылығымен жү­зеге асырылған қыруар жұмыс бүгінгі күннің мұра­тын қамти отырып, болашаққа құлаш ұрады. Өз ішіндегі арман-мұраттарды тиянақ­та­ған ел енді алыстағы ағайынға жүрек жылуы­мен қарап, ға­сырлардың қолдан шығарып алға­нын түген­деуге кіріскен. Ертеңгі күнге әлемдегі бауырлармен бірге аттануды көксеген. 23 қазанда екі дүниенің есігі, ер түріктің бесігі – Түркістанда Дүниежүзі қазақтарының екінші құ­рыл­тайы басталды. Еуропадан, Азия мен Ресейден, қиырдағы Қытайдан қандастарымыздың ыстық сә­ле­мін үкілеп жүздеген еншілесіміз жетті. Атажұрт­ты бір көру арман болған аға-қа­рын­дасқа қазақ да­ла­сы қуанышпен құшақ жай­ды. Атамекеннің ай­бын­ды да абыройлы екенін паш еткенше асықты. Құ­рыл­тайда сөз сөйлеген Президент Қазақстанның сырт жерлерде тұратын отан­дастарға соңғы он жыл бойы ұдайы қамқорлық көрсетіп келе жатқанын, бұл тарихи парыз, ата-бабаларымыздың өсиет-мұраты екенін ерекше ілтипатпен мәлімдеді. Алыстағы аға­йын­ға сонау аласапыранданған 90-шы жылдарда қолұшын созған, бүгінде ұшақпен көшіріп алып жат­­қан жалғыз ел – қазақ елі. Бұл байланыс әр­да­йым нығая түседі, шет жерлердегі бауырлар Қазақ­стан­мен бірге өсіп-өркендейді. Қай қиянда жүрсе де, азат елімен бірге тәуелсіз. «Шетелдердегі отандас­тар­ды қолдау­дың мемлекеттік бағдарламасы» бойын­ша сырт­тағы әр қазақ туған елінің қорғауына алынған. Осы құрылтайда оның жаңа нұсқасы қабылданды. Қазанда Жер-Ана жемісін ел дастарқанына шашу ғып шашқанда, Түркістанда алты Алаш­тың ғаламға қанат қағып кеткен ұл-қызы рухани түледі, қазақтың заманы туғанына қайта-қайта сенді, ту ұстап тізе қосты. 2002 жыл осылай кіндігі – Алтайдағы, жамағаты – жаһандағы ұлттың әлемі­не бауырмал жыл болып елжіреді. Осы жаз ди­дар­лы күндері Қазақстан Ыстамбұлда түрік аға­йындармен де қауышып жатқан болатын. Онда Ал­ма­тының мәдени күндері өткен-ді. Түбі бір жұрт қазақ өнеріне шөлін қандырды. Ұлы дала әуенінен ортақ тарихтың сарынын тауып, көне ғасырларға үңілді. Атажұрт сіздер болсаңыздар, анажұрт біз едік, алдағы заман танысу мен табысу заманы болсын десті. Түркиядағы 20 мың қазақ Ертіс ағып келгендей, Есіл шалқып жеткендей шаттанды. 2002 жылы халық болып рухани түледік. Тәуелсіздікті тарихи құштарлықпен, сезім тұнған жүрекпен құлай сүю аздық ететінін пайымдадық. Азаттықтың алдында баршамыз қаншалықты тең болсақ, соншалықты жауапты екенімізді аң­ғар­дық. Жол бастар тұлға шықпай, бауырдағы перзент азамат ұлға айналмайтынын түсіндік. Ел­ба­сы көкейге қайта-қайта құйғанындай: «Еңсесі биік елдікке есі кеткен ғана топырақ шаша­ты­нын, халқына жаны шындап ашитын қайраткер орға жығатын емес, өрге шығатын жол сілтейтінін, ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болу керектігін, рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алатынын, мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы екенін, ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойнында бола­тынын, бізге енді үлкен ұлтқа тән төзім мен са­быр­лы мінез қажеттігін ұқтық. Басқаға жал­тақ­тайтын күннен кеттік, егемен ел болудың ең ауыр белесінен өттік». Жыл ел санасындағы осындай жаңғырумен шұрайлы еді. Рухани қуаттанудың отандық төлтума үлгі­лері­нің бірі және бірегейі Қазақстан халқы Ас­самблея­сы болса, 2002 жылы оның тоғызыншы сессия­сын­да жаңа даму стратегиясы қабыл­дан­ды. Ол негізінен үш мақсатқа арналды: ұлттық келісімнің негізі ретінде конфессиялық үн қаты­су; елдің қауіпсіз­дігін азаматтардың қауіпсіз­дігі­мен айқындау; ұлт­аралық қатынастарды Қазақ­станның ерекшелігін ескере отырып құру. Ассамблея сессиясында Президент шарта­рап­ты толғандырған сауал салды: «Жаһандық ко­н­фес­сияаралық қақтығыстың қатері қандай? Өр­ке­ниеттердің бетпе-бет келуін болдырмай кететіндей басқа жол бар ма?». Әлемнің мазасын ала бас­таған осы сұғанақ сұрақтың жауабын да өзі берді. Ашық ақпараттық қоғам кез келген конфес­сия­ның көзқарасын таратуға мүмкіндік жасады. ХХІ ғасырды дінінің ғана емес, діннің атын жа­мылған өзінің идеологиясын «экспортқа» шыға­ратын ға­сыр­ға айналдырды. Осындай жағдайда діни фак­тор­дың саясаттануына жол беруге бол­май­ды. Қа­зақ­станда дін өзін этностық немесе саяси қауым­дас­тықтарға қарсы қоятын, райынан қайт­пайтын бәсекелестік бейнесінде емес, ұлт өкілдері мәде­ниетіне сан түрлілік беретін қосым­ша сипат ретінде көрініс табуға тиіс. Бізде мұндай тәжірибе бар. Ел қауіпсіздігіне келсек, ол – әрбір азаматтың конституциялық құқықтарын толық іске асыру деген сөз. Бір адамның еркіндігі келесі адамның еркін­дігіне нұқсан келтірмеуі керек. Заңға құлық­тылық елдегі саяси тұрақтылықтың басты шарты. Ел қауіпсіздігі, сондай-ақ, Қазақстандағы әрбір этностың қауіпсіздігі. Бұл мақсаттар әлеу­меттік-рухани өмірді одан әрі демократия­ландыруды қажет етеді. Осыған орай сессияда азаматтық қоғамды одан әрі демократияландыру мен дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлейтін республикалық тұрақты кеңес құру жөнінде шешім қабылданды. Ассамблея делегаттары осымен бірге ұлттық саясатта Қазақстанның өз мүддесі бола алаты­нын мәлімдеді. Ұлтаралық қатынастарды айқын­дау­дың мүлдем даусыз, барлық елдер үшін бірдей қолайлы үлгісі де, тәжірибесі де жоқ. Сон­дықтан бүгінде ешкім де басқа елдерге ұлттық саясаттың өзі таңдаған мүддесін ұсына алмайды. Әр мемлекеттің тарихи-мәдени қалыптасу жолына үйлесімді ұлтаралық дара көзқарасы болуға тиіс. 2002 жылы ізденіске, саяси да, экономи­ка­лық та, рухани да жаңғыруға бағытталған жігерлі ұмтылысқа толы жылы қазақ елінің қай жағынан да кемелдене түскенін көресің. Осы кезеңде жауапсыз қалған сауал жоқ, осыдан екі-үш жыл бұрын мүмкін емес болып көрінген мұраттар нақты қолға алынған, ұлттық иннова­ция­лық даму жолдарына дейін ойластырылған. Ғылым мен экономиканың үндесуіне қол жеткізуге кірісіппіз. Ғалымдардың алдына күрделі міндеттер қойылды. Енді іргелі зерттеулермен айналысып, инновация­лық өркендеу бағдарла­ма­сын дәйекті жүзеге асыру жүктелді. Ұлттық инновациялық жүйе, инновация­лық белдеу, нарықтық-интеллектуалдық меншік секілді тың ұғымдар ғылыми айналымға енді. Түйіп айтсақ, Қазақстан 2002 жылы нарық деп аталатын жарысу, жағаласу, бәсекелесу, таласу мен тартысу жолына түсіп қана қоймай, осы жойдасыз аламанда қамшы салдырмайтын шағына жетті. Бір сәтке де аялдай алмайтын тағатсыз уақыт «таңғы нәсіп – тәңірден» дейтін қазаққа «осынау аламанда төгіл­ген тердің дәмі ащы, жемісі тәтті» дегізді. Жыл­дан жылдың мойыны озық болуы дәстүрге айналды. ХХІ ғасырдың қазақтың жұлдызы жанатын ғасыры болатындығына халық кәміл сенді. Алдан СМАЙЫЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.