19 Наурыз, 2011

«Қырғи-қабақ» соғыс құрбаны

2458 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
1. ШЫЖҒЫРЫЛУҒА ТИІС ШҰЖЫҚ Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ас­сам­блеясына бір рет бас сұққанның өзі ғанибет. Тілшілік тірлік барысында жер бетіндегі ең беделді және биік са­налатын мінберді де көрдік. Сипадық. Мұнда кім тұрмаған! Өз елінің, өз ұлысының мүддесін былай қойғанда, тіпті жеке өзінің мықтылығын көрсету үшін қалай-қалай сөйлемеген! Соның бірі Кеңес Одағының көсемі Никита Хрущевтің 1960 жылдың күзіндегі сөзі. «Жақында бір кәсіпорында бол­дым. Онда зымырандарды тура шұ­жық сияқты шығарып жатыр», деп соқ­қан сол тұстағы біздің басшымыз. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқ­­талуы адамзатты тыншыта қой­ма­ды. Өйткені, соның нәтижесінде жер шары екі жүйеге жарылды. Бұрынғы бағыттарын сақтаған АҚШ, Англия, Франция, үштен екісі сақталған Германия, Италия, Бенлюкс аймағының үш, Скандинавия түбегінің төрт мемлекеті және басқалары капиталистік жүйені құрады. Кеңес Одағы соғыс­тың соңына қарай өзі басып алған Шы­ғыс Еуропаны, оның ішінде Гер­ма­нияның үштен бірін Демо­кратия­лық Республика атап зорлықпен социалистік қотанға қамады. Бір жақта НАТО, яғни Солтүстік Атлантикалық қорғаныс одағы, екінші жақта онымен соғысқа әзір Варшава шарты пайда болды. Социалистік қосын өз қанатын кеңге жаюға ұмтылды. Азия, Африка аймақтарындағы кейбір елдерде төң­ке­ріс жасап, социализм орнатуға ұм­тылды. Әр елдің тентектерін тауып, қолтықтарына су бүрікті. Ливияда – полковник Муамар Каддафи, Кубада – коменданте Фидель Кастро. «Іздегенге – сұраған» дегендей, социалистік қо­ра­ға аяқ астынан қосылған алақандай Куба алып АҚШ-тың дәл іргесінде тұр­ды. Таяқ тастасаң тиетін жер. Тура осы Кубаның социалистік республика болып жариялануы екі жүйе арасын­дағы тартысты шарықтау шегіне жеткізгені белгілі. Бұл тартыстың ресми аты бар. Оны сол жылдары Нұрмахан Оразбеков сынды қазақ журналистері «қырғи-қа­бақ соғыс» деп сәтті аударған. Бұл қа­ру жұмсауға дейін жақсылап жарақ­тану бәсекесі болатын. Өйткені, 40-шы жылдардың соңында Америка Құ­рама Штаттары мен Кеңес Одағы, одан сәл кейін Ұлыбритания мен Фран­ция, Қытай ядролық қаруға ие болды. Енді сол атом, сутегі бом­ба­ла­ры­мен қарсыласқа соққы беру тәсіл­дері қарастырылды. Бұл орайда 50-ші жылдар соңында Кеңес Одағы төрт бағытты қарастырды. Олар: стратегия­лық бомбалағыш ұшақ; континента­ра­лық баллистикалық зымыран; конти­нент­аралық қанатты зымыран; конти­нент­аралық ұшақ-снаряд. Америкалықтардың қолында ол кез­де 40 шақты зымыран бар еді. Кешікпей жаңа тұрпатты «Атлас» және «Титан» аталатын континентаралық бал­­листикалық зымырандарға ие бол­мақшы. Оған Кеңес Одағы лайықты жауап беруі керек. Жауап бастапқыда іспен емес, сөзбен берілді. Кеңес Ода­ғының көсемі Никита Хрущев 1960 жылы күзде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясында отырып амери­ка­лықтарды әлгі «шұжық сияқты тоқ­таусыз шығып жатқан ракеталармен» қорқытқан. Шын мәнінде ол кезде Кеңестің зымыран шабуылын жасар шамасы жоқ еді. Стратегиялық мақ­сат­тағы зымыран әскерінің құрыл­ға­нына он ай ғана уақыт өткен. Жеті полк әскери кезекшілікке қойылды. Олар­дың екеуінде «Р-5 М» аталатын зы­мыран болды. Ұшу қашықтағы 1200 ша­қырымнан аспайды. Бес полк «Р-12» зымырандарымен қаруланды. Олар 2000 шақырым жерге соққы жа­сауға жарайды. Бірақ ядролық зарядты көтеріп АҚШ қалаларына дейін жетпейді. Королев жасаған «Р-7 А» зы­мы­раны 8000 шақырымға дейін көк мұ­хитты көктей ұшуға қабілетті еді. Бірақ, ол бомба тастауға арналмаған. Әрі ұшыру үшін он сағат бұрын әзір­леу керек. Ал жанармай құйылған қал­пы небәрі үш сағатқа шыдайды. Демек, ядролық соғыс үшін қолайсыз. Оның үстіне небәрі төртеуі ғана жасалған. Осындай жағдайда бар үміт келесі конструктор Михаил Янгельдің «Р-16» аталған баллистикалық зымыранына артылды. Ол 13000 шақырымға дейін ұшуы тиіс. Әрі оны ұшуға бірнеше минөтте әзір етуге болады. Хрущев БҰҰ Бас Ассамблеясын бәтеңкемен тоқпақтаған шақта бұл зымыран әлі сынақтан өтпеген. Бірақ, соған жа­қын­дап қалған. Енді қалайда ұшырып көріп, сосын желідегі шұжық сияқты шы­ғара бастау керек. Аталмыш зымыранды жасау небәрі бір жыл бұрын қолға алынған еді. 1959 жылы 13 мамырда КПСС Ор­талық Комитеті мен СССР Министрлер Советі «М. К.Янгельдің 586-шы Айрықша конструкторлық бюросында екі сатылы континентаралық баллис­ти­калық зымы­ран жасау туралы» қау­лы қабылдады. Оған «Р-16» деген ат берілді. Ал америкалық тізу жүйесіне оны «SS-7» деп жазылған. Үкімет қау­лысына сәйкес зымыранның бас конс­трукторы Михаил Янгель болды, ал зы­мыранның қозға­ғышын, ұшыру қон­­дырғысын және басқару жүйесін жасау сол салалардың бас конс­трук­торлары Валентин Глуш­коға, Виктор Кузнецовқа және Борис Коноплевқа жүктелді. Алғашқыда зымыранды Байқоңырда тұрған жер бетіндегі қондырғыдан ұшы­ру көзделді. Өйткені, сол кездегі билік белгілеген уақыт тым аз еді. Үкіметті де түсіну керек, әлемде қа­лып­тасқан саяси жағдай барысында уақыт ұзақ ырғалып-жырғалуды көтер­мейтін. Бұл зымыран бұған дейін Королев бастаған мамандар жасап шыққан зымырандардан өзгеше болуы тиіс. Біріншіден, зымыранның екі сатысы іске кезегімен қосылады. Кеңес Одағында оның алдында жасалған зымыранның екі сатысы бірден істейтін. Келесі айырмашылығы зымыранның жағатын отынында. Королевтің зымырандары оттегі және керосин қоспасымен ұша­тын. Ал Янгель зымырандарының отын багына өте улы диметилгидразин деген жаңа қоспа құйылмақ. Кейін оны қысқартып «гептил» деп атады. Қазақ үшін қасіретті сөздің бірі осы болмақ. Хош, зымыранның ұшардағы сал­мағы – 140 тонна, ұзындығы – 34 метр. Соққы жасайтын термоядролық заря­ды­ның қуаты – 5,0 мегатонна, ұшу қашықтығы – 13 000 шақырым. Кімнің болсын көкесін танытатын қару екені талассыз. 2. БӘЙГЕГЕ ТІГІЛГЕН БАСТАР Байқоңыр қаласын асықпай арала­саңыз ескерткіштер, монументтер, стел­­лалар көп екенін байқайсыз. Мұн­дағы тас тұғырлар мөлшері жан басына шаққанда Қазақстан мен Ресейдің қай қаласынан болсын анағұрлым артық. Бір жерде менмұндалап алғашқы зы­мыран тұғырда тұр. Кең аллея орта­сынан атақты «Союзды» тамаша­лай­сыз. Бір мектептің алдында ғарыштан оралған құлдилау аппараты қойылған. Ғарыш кемелері өз алдына, бір тұста төрт ебелекті ұшақ шыжымға отыр­ғы­зылған бүркіттей болып қалыпты. Қа­ланы салғызған Барминнің, кеңестік зымыранның атасы атанған Королевтің, онымен бәсекелес, бәлкім бақталас болып өз зымырандарын ұшырған Ян­гельдің, Челомейдің, соның бәріне қоз­ғағыш жасаған Глушконың, алғашқы ға­рышкер Гагариннің ескерткіштері бар. Кейін маршал Неделинге ескерткіш орнатылды. Біздіңше бірінші ескерткіш сол кісіге қойылса керек еді. Бірақ, құпиялар заманында маршалға ескерткіш тұрғызбақ түгіл, оған қатысты оқиғаның бәрі тас бүркеулі жатты. 1960 жылы 22 ақпанда СССР Министрлер Советі «Р-16» зымыранына қа­тысты Мемлекеттік комиссия құра­мын бекітті. Әлбетте, құпия жағдайда. Оның төриесі болып Қорғаныс минис­трінің орынбасары, Стратегиялық мақ­саттағы ракета әскерлерінің бас қол­басшысы артиллерия маршалы Митрофан Неделин тағайындалды. Бұл ко­мис­сияның басты мақсаты жаңа зы­мы­ранның ұшу сынағын қабылдап алу еді. Митрофан Иванович 40 жыл бойы әскери қызметте жүрді. Бірнеше қыр­ғынға қатысты. Алдымен азамат, одан испан, одан фин соғысын бастан өт­керіпті. Ұлы Отан соғысында от кешкен. Артиллериялық бригаданың, кор­пустың командирі болған. Одан бір­қатар армиялар мен майдандардың артиллерия қолбасшысы қызметін атқар­ды. Шығыс Европадағы Балатон көлі маңындағы ұрыс операциясы үшін Совет Одағының Батыры атанды. Со­ғыстан кейін Ф.Э.Дзержинский атын­дағы әскери академияны бітірді. 1959 жылы оған артиллерияның бас мар­шалы атағы берілді. Және енді құ­рылған стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды. Кейін сарапшылар Мемлекеттік ко­мис­сияның төриесі болып маршал Не­делиннің тағайындалғанын «осы істегі ең басты қателік» деп тұжырады. Өйт­кені, маршал емес басқа біреу комиссия төрағасы болғанда оның орын­басар­лары мен мүшелері өздерін басқаша ұстар еді. Пікірлерін, күдіктерін бүк­песіз айтар еді. Ал, бас қолбасшыға уәж айтуға, күдік келтіруге ешкімнің дәті бармады. Маршалдың өзі зымыран жанынан кетпей отырғанда, басқа­лардың ешқайда мойын бұруға, тіпті ойлануға мұршасы болмады. Әркім өз басын бәйгеге тіге отырып, жанталаса жұмыс істеді. 1960 жылғы қыркүйек айының со­ңында Янгельдің ұшуға тиіс зымыраны Байқоңырға жеткізілді. Сол тұста полигон бастығы болған генерал Константин Герчек ХХ ғасыр соңында, бұл тақырыптағы «құпия» деген таңба алы­нып тасталған шақта өз естелігін жария етіпті. Сонда «бұйымның» Байқоңырға өте шикі күйде түскенін өкінішпен еске алады. «Қисынға, ақылға салып қара­ғанда «Р-16-ны» Байқоңырға алып келу­дің жөні жоқ еді. Оның ірі олқы­лықтары, шалағайлықтары жетерлік екен. Бірақ ол тұста «жоғары жаққа» зымыранның сынаққа дайын еместігін айта алатын ешкім шықпады. Бәрі «сәтін салса» деп ойлады. Біздер, сы­нақшылар осындай жағдайды тап болдық және оның кепіліне айналдық. Жоғары биліктің менмендігі апат пен бақытсыздықты жақындата түсті, оны ысырып тастау еш мүмкін болмады». 1960 жылы Байқоңырдың бастығы болған әскери адам 40 жылдан соң осылай мемуар жазыпты. Әлі ақауы көп, жібі ширатылмаған, айылы тартылмаған зымыран сонымен Байқоңырға әкелінді. Жоғары жақтан дереу оны сынаққа ұшыратын күн белгіленді. 1960 жылдың 23 қазаны. Жексенбі екен. Мәскеуден осындай нұсқау түскен сәтте сынақ алаңында митинг өтеді. Онда бас конструктор Янгель сөйлейді. Жексенбі күні ұшуы тиіс зымы­ранды сапарға дайындау үшін 21 қазан жұма күні ертемен зымыранды құрас­тыру-сынау корпусынан ұшу алаңына алып шықты. 1989 біз осы құрастыру-сынау ғимаратын арнайы барып көр­генбіз. Биіктігі шамаман алты-жеті қабат үйге пара-пар ғимарат. Ішкі қа­быр­ғасын айналдыра сөрелер мен бас­палдақтар көмкеріп тұр. Сол арқы­лы ортаға тігінен қойылған немесе көл­денең жат­қы­зылған зымыранның кез келген тұсына барасыз. Ғимараттың ұзындығы да баршылық. Қазақтың тай шаптырымы болмаса да, бала кездегі бұзау өріске толық жарайтындай. Сыртқы бас қақпасы ортасынан жармаланып, сырылып ашы­лады. Бай­қоңырға тұтас емес, ірі-ірі бөлшектер түрінде жеткізілген зымыран толық күйге тура осы жерде келтіріледі. Одан әрі темір жол арқылы самғау алаңына жол тартады. Біз көр­генде бірнеше мәрте солай болды. Хош. Біздің айтып отырғанымыз 1989 жылғы көрініс қой. Ал 1960 жылғы 21 қазанда Янгельдің жаңа зы­мыраны құрастыру-сынау кешенінен темір жолға артылмай, басқа әдіспен шығарылды. Оның астына резеңке доң­ғалақты темір арбалар қояды да, бетон жолмен саумалдап отырып 41-ші ұшы­ру алаңына жеткізеді. Арнайы темір тростар арқылы зымыранды тігінен көтереді. Жан-жағынан қаусырмалар ұс­тап қалған соң бүйіріндегі арбаларды босатып, төмен түсіріп алады. Енді бірнеше қабатты биік қаусырмаларға түрлі мамандар шығып, зымыранды сынаққа дайындай бастайды. Алдымен бактарға зымыранның қозғағыштарын істетін отын құйылған. Гептил. Отандық зымыран өндірісінде бұрын пайдаланылмаған аса улы қоспа. Тура 100 тонна құйылыпты. Бірақ, кешікпей сол бактан жерге тамшы тама бастайды. Мемлекеттік комиссия төресі «бұл ақау соншалық елеулі ме, зы­мы­ранды уақтылы ұшыруға кедергі емес пе» деп сұрайды. Ұшыру жұмысына жауапты басшылар маршал алдында абыржып «ол соншалықты мән беретін ақау емес» дейді. Маршал сонда тамшы тамып тұрған жерге астау қоюға тап­сырма береді. Және астауды төгіп тұ­руға кезекші солдаттар бөлгізеді. Сөй­тіп ол күні дайындау жұмыстары тынымсыз тамшылар астында жүреді. Ертесінде, яғни, 22 қазанда зымы­ранды ұшуға әзірлеушілер тағы бірнеше күтпеген жағдайларға тап болған. Алдымен зымыранның автоматты бас­қару жүйесі ешкім күтпеген команда береді. Зымыран бөліктерін қозға­ғыш­тардан оқшаулайтын қалқанша ашылып кеткен. Сосын әлгі басқару жүйесінің өзінде басты тарату шынжыры қары­сып қалған. Мемлекеттік комиссия оқ­шаулау қалқаншаларын ауыстыруға және шынжырды жөндеуге тапсырма береді. Басқару жүйесін жасаған бас конструктор Б. Коноплев «бүкіл жүйені жаңалаудың қажеті жоқ, осы қалпында ұшыруға болады» деп мәлімдейді маршалға. Сонымен екінші күн өтеді. Сынау жасалуы тиісті 23 қазанда зымыранды тік тұрған қалпында жөн­деу мен әзірлеу жұмыстары жалғасқан. Мұның бәрі «Р-16-ның» жанармай то­лық құйылған күйінде істелді. Бір жаманшылықты сезгендей бас конструктор Янгель маршал Неделинге «жанармайды ағызып алса қауіпсіз болар еді» деп қалады. Бірақ, онда бірнеше апта жоғалмақшы. Ал, АҚШ-пен арадағы жанталасқан жағдайда Кеңес Одағы басшыларына күндер не, сағат­тардың өзі ұзақ болып көрінді. Сонымен зымыранды даярлау 23 қазанда аяқталмады. Қанша жанталас­қанмен Үкімет белгілеген сынақ күніне үлгере алмады. Сосын 24 қазанның таңы атты. Тағы күні бойы қар­балас. Бас хатшы Хрущев қайта-қайта қоңырау шалады. Старт алаңы басында жүрген маршал Неделин әр сағат са­йын шырылдаған қызыл теле­фонды көтереді. Ақыры «ақау­лардың бәрі жөнделді» деп баян­да­лады. Енді зымыранның ұшына бір сағаттық әзірлік басталады. Маршал ұшы­ру алаңынан 3 шақырым жердегі қауіпсіз аймаққа салынған бақылау бекетіне келеді. Бірақ мұнда байыз тауып отыра алмапты. Бес-он минут өтпей жатып, ажал айдағандай қайтадан ұшы­ру алаңына келген. Маршалдың қайта орал­ғанын көрген полигон қызмет­кер­лері кресло әкеліп, ұшатын зымыран­нан небәрі 15 метр жерге қойыпты. Қазір барып қарасаңыз сол орындық қойылған нүктеде қызыл мәрмәр тас тұр. Онда маршал Митрофан Неделин­нің барлық лауазымдары мен атақтары, сосын қаза тапқан күні көрсетілген. 1960 жылғы 24 қазан. Маршал қайтып келген соң алыс­тағы бақылау бекетіне кеткен Мемлекеттік комиссия мүшелері мен оларға еріп жүрген топ та қайтадан осында оралды. Өйткені бұдан екі күн бұрын Неделиннің «кім де кім бұл сынақтан қорықса, үйінде отырсын» дегені әр­кім­нің құлағында қалған. Байқоңырда күн батып қалған, ал Мәскеу уақытымен 18 сағат 05 минутта жарты сағаттық дайындық басталды. Бірақ, ешкім маршалға келіп, стартқа тікелей қатысы жоқ адамдардың енді бұл жерде қалуға болмайтынын ескерте алмады. Тура осы кезде сынақты әзір­леу­шілер токты тарату бағдарламасын бастапқы сәтке көшіру ісін бастайды. Сол кезде ешкім күтпеген оқиға бол­ды... Зымыранның екінші сатысының қозғағышы өз-өзінен іске қосылып кетті. Екінші сатының соншалық ыс­тықпен шығарған отты ағыны бірінші саты багының қаптамасын қыздырды да сұрапыл жарылыс гүрс ете қалды. Небәрі алты секундта бүкіл ұшыру алаңы отқа оранды. Биіктігі 34 метрлік зымыранды қоршаған қаусырма саты­ның әр жерінде жұмыс істеп жатқан адамдар ширатыла, бүктетіле отты жіпке немесе допқа айналып, төмен сал­бырап немесе ауаға ұшып жатты. Бұл ойдан шығарылған көрініс емес. Зымыранның ұшу сапарын кинока­мераға түсіру үшін Байқоңырға арнайы топ келген. Олар істің нәтижесін лен­таға тартып, Мәскеудегі мемлекет бас­шысына апаруы керек еді. Киношылар стартқа әзір тұрған. Бірақ түсіруді бастамаған. Өйткені, әлі жарты сағат­тай уақыт бар еді. Ал зымыранның белінен төмен жалын лап ете қалғанда «сынақ басталды» деп ойлаған оператор дереу камераны қосады. Сөйтіп бұл апаттың барысы бедерленіп қалды. Осы кинотаспа кейін зымыран ұшыру бары­сында техника қауіпсіздігін сақтау үшін мамандарға арнайы көрсетілетін. Ұшыру алаңының арнайы темір қа­шамен қоршалып тасталғаны пайда емес, зиянға шықты. Талайлар сол қор­шаудан секіре алмай жалын көмейіне жұтылды. Денесі жанып жатқанның біразы далаға қашып шыққанмен, бә­рібір өртеніп өлді. Кейбіреулер оттан қашып бетон құдыққа бас сауғаламақ болады. Бірақ, ол әлгі улы гептилге то­лы екен, тұншығып қаза табады. Айт­пақшы, старт алаңының сол жақ тұ­сында қалқа қабырға болды. Оның ар жағына арнайы техника қойылған. Қы­зуы қақ ортасында 3 мың градусқа жеткен жалыннан тірі қалуды ойлаған біраз адам солай қарай қашады. Әттең, қалқа мен аралыққа жаңадан асфальт жайыл­ған екен. Соның битумы қас-қағымда еріп кетеді. Ығып келгендер сол ыстық батпаққа батып өртеніп өлген. Дереу апат дабылы қағылып, бар­лық алаңдардағы өрт сөндірушілер мен құтқарушылар осында шақырылды. Денесін күйік шалған, уланған бірақ әлі кеудесінде қыбырлаған жаны бардың бәрі ауруханаларға аттандырылды. Өлік­терді жинау мен анықтау басталды. Маршалдың денесін балқып кеткен Алтын Жұлдыз медалі арқылы анық­тайды. Ең ірі дененің басқару жүйе­сінің бас конструкторы Борис Коноплев екені бірден белгілі болыпты. Неделинмен бірге Жалпы машина жасау минис­трінің орынбасары Гришин, Янгельдің орынбасары Берлин, Социалистік Ең­бек Ері Носов және басқасы бар тоқ­саннан астам адам қаза тапты. Александр Носов полигон бастығының ғы­лыми жұмыстар жөніндегі орынбасары еді. Янгельдің өзі темекі тартып алу үшін шылым шегетін орынға кетеді. Полигон бастығының орынбасары генерал-майор Мрыкин темекіні тастамақ болып, «ең соңғы шылымымды шегейінші» деп Янгельдің соңына ілеседі. Сол кезде зымыран жарылып кетті. Соңғы папирос өмірін сақтаған Мры­кин қалған өмірінде «мені құтқарған осы» деп темекі тартып өтіпті деседі. Ал Янгельге телефон соққан Хрущевтің бірінші сөзі: «Сен неге бірге өртеніп кетпегенсің?» болыпты. 3. «ЖУҒАННАН ЕМЕС, СЫҚҚАННАН...» Қай ел астанасында болмасын ерекше алаңдар бар. Бейжіңде Тяньаньминді көрдік. Лондонда Букингем сарайы алдындағы алаңда сағаттап тұрғанбыз. Ресейдің басты майданы – Қызыл алаң­ның да аумағы басқалардан кем емес. Алаңды жиектеп тұрған Кремльдің биік қабырғаларына біраз қайраткердің жерленгені, дұрыстап айтқанда дене­сінің күлі қойылғаны белгілі. Сол жерден маршал Неделиннің де күлі қойыл­ған тақтаны тауып аласыз. Оның қалай қаза тапқаны туралы хабар кешігіп жария етілді және ақиқат сорақы түрде бұрмаланды. 1960 жылы 28 қазанда ғана кеңестің орталық газеттеріне елге басшылық жасайтын КПСС Орталық Комитеті, СССР Жоғарғы Советі Президиумы және СССР Министрлер Советі атынан хабарлама шықты. Онда: «1960 жылы 24 қазанда КПСС Орталық Комитеті мүшелігіне кандидат, СССР Жоғарғы Советінің депу­таты, СССР Қорғаныс министрінің орын­басары, Стратегиялық мақсаттағы ракета әскерлерінің бас қолбасшысы маршал Митрофан Иванович Неделин авиация апатынан қаза тапты», делінген. Бай­қо­ңырда болған жойқын зымы­ран жары­лысы туралы бір ауыз сөз айтыл­ған жоқ. Апатты естіген Мәскеу сол күні-ақ құпия жағдайда Мемлекеттік комиссия құрды. Оны Леонид Брежнев басқарды. Сәл кейін сол Брежнев ел басқарған шақта бірінен кейін бірі қорғаныс министрі болатын Гречко мен Устинов сияқты әскерилер, Глушко сынды ға­лым мен Сербин сияқты Орталық Комитет өкілі бар бұл комиссия сау етіп ертесінде 25 қазанда полигонға келеді. Аэродромнан түсе сала қонақ үйге соқ­пастан бірден құрастыру-сынау кешеніне жетеді. Комиссияның бірінші отырысы суыт өтті. Оған «Р-16-ға» қатысы бар және кешегі апаттан тірі қалған бас­шылар мен мамандар шақырылды. Бреж­невтің аузынан бірінші болып «біз ешкімді жазаламаймыз» деген сөз шық­ты. Бұл лепес Бас хатшы Хрущевтің бас конструктор Янгельге: «Сен неге бірге өртеніп кетпегенсің?» дегеніне қараған­да иманды еді. Мемлекеттік комиссия өз кезегінде техникалық комиссия құр­ды. Өйткені, бәрібір бұл зымыран сы­нақ­тан өтіп, сапқа тұруы керек. Техникалық комиссияға СССР Қорға­ныс техникасы жөніндегі мемлекеттік комитет төриесі Константин Руднев басшылық етті. Келесі күні-ақ олар апат себептерін толық анықтаған баяндама әзірлеп, Мемлекеттік комиссияға мәлім етті. «Зымыран апатының кемшілігі Бас конструктор Михаил Янгель тарапынан емес» делінді онда. Жарылысқа соқ­тырған ақау зымыранды басқару жүйе­сінен кетті. Оның бас конструкторы Коноплев отта күйіп қаза тапты. Ал нақ кінәлі ұшу алдындағы нұсқауды толық орындамаған оператор көрінеді. Бірақ, Брежнев уәдесінде тұрып, оның атын анықтау мен жазалауға жол берілмеді. «Ең басты қателік зымыранның жанармай қайта құйып алынбаған қалпы жөнделуінде» деп көрсетілді. Бұл орайда «солай болсын» деген ұйғарымды «Р-16» ракетасын сынау жөніндегі бастапқы Мемлекеттік комиссия төриесі Неделин айтқан. Маршал да енді марқұм. Апаттан кейінгі Брежнев басқар­ған Мемлекеттік комиссия сол жерде шұғыл шешімдер қабылдайды. Неде­линнің денесі, анығында күлі Мәс­кеудегі Қызыл алаңда жерленетін бол­ды. СССР Жалпы машина жасау ми­нистрінің орынбасары Лев Гришин­нің мүрдесі де Мәскеуге аттан­ды­рылды. Бірақ оны дабыра етпей, ешкімге сездірмей Новодевичьево зира­тына қояды. Лауазымы үлкен болса да оның қаза тапқаны туралы ақпарат, көңіл айту ешқандай басылымға берілмеді. Зымыранды сынауға Днепропетровскідегі 586-айрықша конс­трук­торлық бюросынан келген, енді қазақ жерінде күйіп, уланып қаза болған ал­ты маманның денесі Украинаға жө­нел­тілді. Бірақ ол жерде улатпай-шулатпай жедел жерлеп тастау тапсы­рыл­ды. Ал, космодромда қызмет еткен полигон бастығының орынбасары Социалистік Еңбек Ері Носов бас­таған әскерилердің денесін Ленинск қаласында жерлеу үшін Бауырластар моласы қазылды. Онда «1960 жылы 24 қазанда әскери парызды орындау кезінде қаза тапқандар мәңгілік есте» деген жазуы бар белгі қойылды. Апат құрбандарының толық тізімі кейін Байқоңыр атанған қаладағы Ғарыш мұражайында сақтаулы. Ресми дерек бойынша 92 адам қаза тауып, 125 адам жарақат алды. Бірақ кейін сарап­шылар, тіпті шетелдік зерттеушілер «құрбан саны бұдан әлдеқайда көп» дейтін болады. Енді ақиқатты анық­тау мүмкін емес. Сондықтан біз ресми есепті қанағат қыламыз. Маршал қаза тапқанмен зымыран­ды қатарға қосу жұмысы тоқтамады. Оған ауруханадан жазылып шыққан бас конструктор Янгельдің өзі мұ­рындық болды. Ол апат сәтінде шы­лым шегуге кеткенмен, жарылыстан кейін адамдарды құтқармақ болып, өртке алдымен жүгіріпті. Сол жерде улы газ өкпесіне толып, есеңгіреп құлаған. Уланғаны, телефон арқылы Хрущевтің сілкілегені аз болғандай, оны одақтас республика Украина Ор­та­лық Комитетінің бірінші хатшысы Николай Подгорный бюроға салады. Өйткені, коммунист ретінде Янгель осы республиканың есебінде тұр. Одан мәселесін Днепропетровск об­лыс­тық партия комитеті қарайды. Қа­зақ мұндайды «жау жағадан алғанда, бөрі – етектен» десек керек. Нәти­же­сінде бас конструктор инфаркт алып тынды. Бірақ, табиғаты қайсар адам екен, ауруханада жатып зымыран ақауларын қалай жою керектігін то­лық есептеп шығыпты. Сол жылдың желтоқсан айында Днепропетровскіде келесі «Р-16» зы­мы­раны зауыттық сынақтан өтті. Янгель оның басқару жүйесін жаңадан, басқаша жасатты. Тағы басқа ұсақ кемшін тұстарын пысықтады. 1961 жы­лы қақаған қаңтар айында екінші зымыранды өзі Байқоңырға алып келді. 2 ақпан күні зымыран сәтімен ұшып шықты. Ол қуаты бес мегатонна болатын оқбасыны алып ұшуға қа­білетін танытты. Рас, сынақ ба­ры­сын­да түсуі керек нүктеден сәл ауытқып кетеді. Бірақ бұл келесі жолы түзеуге болатын нәрсе еді. Екінші сынақтан кейін Кеңес Одағы қарсыласқа қандай қашықтықтан болсын қуатты ядролық соққы беретін мүмкіндікке ие болды. Бұл апатқа қатысты соңғы дерек мынадай. Ресей Федерациясының Пре­зи­денті Борис Ельцин өз қыз­ме­тінен кетерінен сәл бұрын 1999 жылы 20 желтоқсанда «Р-16» континен­т­аралық баллистикалық зымыранын бі­рінші жауынгерлік сынауға қатыс­қан 99 адамды «Ержүректік» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойған. Тірі жүргені бірер адам екен. Ең шені үлкені – отставкадағы генерал-полковник Константин Герчик. Қат­ты күйік шалғанда кеңестің ең мықты дәрігерлері терісін тұтасқа жу­ық қайта қалпына келтіріп берген. Со­ның өзінде полигон бастығы қызметін тастамаған. Ақыры Зымыран әске­рі­нің бас қолбасшысы қызметіне дейін жеткен. Жасына орай әскери саладан кеткен соң Байқоңыр космодромы ардагерлер кеңесін басқарған. Сосын... және бір дерек айта кетейік. Осы зымыранды жасаушы, апатқа тікелей куә болушы Михаил Янгель кейін өз ажалынан, алтыншы әлде жетінші инфарктен кейін көз жұмады. Бар қателікті түзеп, зымыранды сәті­мен сапқа қойған соң. Демек оның да маршал Неделин сияқты Байқоңырда ескерткіш болып тұруға хақысы бар. Сосын гептил туралы қосуға бола­ды. Бұл пәле ақыры зымыран ұшыру­дағы басты жанармайға айналды. Қа­зақ даласына қапелімде зымыран құлаған сайын «гептил төгілді» деп ат­тандайтын болдық. Маршал Неделин бастаған жүзге жуық адамның ғана емес, Бетпақдала мен Сары­ар­қада қырылған миллиондаған киіктің ажалына гептил себепші десек, ешкім бізді өтірікші дей қоймас. Өтіріктің көкесі бұдан жарты ғасыр бұрын ай­тылған. «Маршал Неделин ұшақ апа­тынан қаза тапты...».!!! Қайнар ОЛЖАЙ. Алматы – Байқоңыр – Мәскеу – Алматы. Суретте: 1. Байқоңыр қала­сын­да­ғы Митрофан Неделин ескерткіші.