Түгін тартсаң майы бірге шығатын Жетісу жерінде берекесін тасыта өнетін өнімнің бірі – майбұршақ. Құнарлы топырақта өзіндік құрамын толық сақтай өсірілетін майлы дақылға рынок сұранысы жылдан-жылға артуда. Сондықтан Алматы облысы, Көксу ауданы, Теректі ауылында Индустрияландыру картасы шеңберінде майбұршақ сығу зауытының негізі қаланып, 2012 жылы «Уыз Май Industry» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылған еді. Рас, алғашқы жылдары жете көңіл бөлінбегендіктен өндіріс орны тасбақа аяңмен жұмысын жүргізе берген. Бірақ уақыт талабына сай өңірдегі шаруа қожалықтары майлы дақыл себетін алқаптарын үлкейткен сайын өнім берекелілігі артты. Зауыт алғашында 2 млрд теңгеге жуық қаражатқа Қытай елінде жасалған май сығатын қондырғыны әкеліп іске қосқан еді. Қалай десек те, техниканың аты техника емес пе. Құдай сәтін салып жүріп берді. Нәтижесінде былтырғы жылы 4675,7 млн теңгеге 4469 тонна толық майлы майбұршақ, 3272 тонна майбұршақ майы, 20333 тонна майбұршақ шроты осы өндіріс орнынан шығарылды. Негізгі тұтынушылары Алматы қаласындағы «Апель Агро», Өскемен құс фабрикасы, Шығыс Қазақстан облысындағы ұн тартатын құрамажем комбинаты, Петропавл қаласындағы бройлер фабрикасы болып табылады. Аталған ұжымдармен заңнама талабына сай келісімшарт жасалған.
«Жыл сайын 36 мың тонна майбұршақ өнімін өңдеп, сатудамыз. Майбұршақ майының бір тоннасын – 300 000 теңгеге, ал шроттың әр тоннасын 200 000 теңгеге бағалаған. Жалпы, зауытымыздың қуаттылығы бір жылда 60 мың тонна өнім өңдеуге жетеді. Бірақ шикізат жетіспейді», деді «Уыз Май Industry» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Қанағат Босқанов.
Қалдықсыз өнім түрі болып саналатын майбұршақтан барлығы 18 пайыз май сығылып алынады. Одан қалғаны құс, ірі және ұсақ малдарға арналған жем өнімі – майбұршақ шроты деп аталады. Майбұршақ шротының 100 грамында 40 пайыз ақуыз, 15 пайыз майлылық сақталатындықтан, арнайы дайындалатын құс азығының 30-35 пайызын майбұршақ шроты құрап, қалғанына өзге дәнді дақылдар қосылады. Мұндай жеммен қоректенетін бройлер балапандары 35 күнде өсіп, жетіліп, пайдалануға дайын болады.
«Уыз Май Industry» ЖШС-нің жалпы инвестициялар көлемі 2010 жылы 315 млн теңге болса, екінші кезеңде бұл сома 502,3 млн теңгеге көтерілді. Жылдан-жылға салынатын қаражат көлемі өскен сайын қуаттылығы да артып, 2010 жылғы 16 мың тоннадан былтыр 36 мың тоннаға жетіп отыр. Өндіріс орнында тұрақты жұмыс орнымен қамтылған 120 адамның орташа айлық жалақылары 75 мың теңге деп нақтыланған. Ал кәсіпорын дамуының үшінші кезеңінде өсімдік майын дезодорациялау және рафинадтау желісін іске қосу, төртінші кезеңінде маргарин және спред шығаратын желіні іске қосу, бесінші кезеңде томат сықпасын шығаратын зауытты іске қосу белгіленген.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы