Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың Нью-Йоркке жұмыс сапары мәресіне жетті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметі.
Қазақстандық министр өзінің Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапарының соңғы күні Нью-Йорк қаласында Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдерімен кездесу өткізді.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы аталған басқосу барысында еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Ұйым тарихында алғаш рет Орталық Азия өңірінен өкілдік етіп отырғанын атап көрсетті. Сондай-ақ, ол Қазақстанның Орталық Азияның барлық елдерінің ортақ мүддесі үшін күш-жігер жұмсайтынын көлденең тартты. Атап айтқанда, Қ.Әбдірахманов Ауғанстанның шетін проблемаларын түбегейлі шешпей тұрып, өңірде ұзақ мерзімді тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес екеніне назар аударды.
Өз кезегінде, өңір мемлекеттерінің дипломаттары Қазақстанның Орталық Азия елдерінің мүдделерін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігі арқылы ілгерілету жөніндегі жоспарларына қолдау білдіретіндіктерін мәлімдеп, саяси және сарапшылық деңгейлерде тиісті конструктивті өзара іс-әрекеттерді жалғастыруға дайын екендіктерін қуаттады. Бұдан бөлек, кездесуде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Саяси үндеуі оң бағаланды.
Сапары барысында, сондай-ақ, Қ.Әбдірахмановтың Италия, Швеция, Эфиопия, Польша және Латвия сыртқы саясат ведомстволары басшыларымен, Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің орынбасарымен екіжақты жұмыс кездесулері өтіп, оларда екіжақты қарым-қатынас мәселелері бойынша және БҰҰ-ның күн тәртібі жөнінде жемісті пікір алмасулар болды.
Тұтастай алғанда, қайта тағайындалған Қазақстан Сыртқы істер
министрінің алғашқы халықаралық сапары табысты аяқталды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, сапар барысында Астананың, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жауапкершілікті мүшесі ретінде, осы аса маңызды саяси органның қызметіне бейбітшілікті сақтау мен жаһандық ауқымда тұрақтылықты қамтамасыз ету істері бойынша сапалы үлес қосуға дайын екені атап көрсетіліп, бұл жайт жан-жақты қолдау тапты.
Бұл қатарда, сондай-ақ, БҰҰ Хатшылығының жаңа басшылығымен, мүше елдер сыртқы саясат ведомстволары және делегацияларымен, оның ішінде Қауіпсіздік Кеңесіне енетін елдер де бар, байланыстарды нығайту сияқты маңызды мәселелер де назардан тыс қалған жоқ.