19 Наурыз, 2011

Аманатқа қиянат жасамайық

601 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Сарысу ауданында орын алған мына келеңсіздік тек аудан не облыс көлемінде емес, бүкіл Қазақ елін шулататын оқиға болғалы тұр. Күйші Ықыластың мүрдесін мазалап жүр­ген­дер сол ауданның Саудакент ауылында тұ­ратын 87 жастағы кейуананың қолына қалам ұс­татыпты. Қара қобыздың киесі атанған Ықы­лас Дүкенұлының немересі, яғни 87 жастағы Шырын Түсіпбекқызы маған арнайы хат жолдап, зиялы қауым аталатын бір топ кісінің атасының Қуаралға жерленген мәйітін Саудакенттегі кесенеге әкеліп қайта жерлеу туралы бастама көтеріп жатқанын айтқан. «Бұл кі­сі­лердің мұсылмандыққа жатпайтын теріс әре­кетіне атам жарықтықтың осы күні тірі жүрген бір қауым ұрпағы ғана емес, бүкіл Сарысу халқы және кіндік қаны тамған Жаңарқа елі түгел қарсылық білдіруде. Сонда да әлгілер өз ниеттерінен қайтар емес», деген кейуана сөз соңында менің осы мәселеге араласып, баспасөз бетінде пікір білдіруімді сұрапты. Әрине, бұл мәселені мен жақсы білемін. Оған қоса Шырын апаның менен аруаққа ара­ша сұрайтын жөні де бар. 1965 жылы «Қа­зақ әде­биеті» газетінің 22 қазандағы нө­міріне Ықы­лас Дүкенұлы туралы «Қыл ішектің атасы» деген көлемді мақалам жарық көрген. Сонда ол кісі өзін Қуаралға жерлеуге өсиет қалдырғанын егжей-тегжейлі баяндаған едім. Тағы да қысқаша еске түсірейін. Қо­быз­шының қа­бі­рі Бетпақда­ла­ға қарай көк­тей өтетін бұрынғы Қа­зық­ты жо­лы­ның бойында. Шу өзені осы тұста негізгі арнасынан бір қырындай ағады. Су жайылмайтын болғандықтан, ол жер Қу­а­рал деп аталған. Соның күнбатыс тұмсығындағы ескі қорымға Ықаңның ұлы анасы Кемен жерленген. Сондықтан, ол жер Кемен қорымы деген атқа ие. Ұлы қобызшы да өз өсиеті бойынша осы зиратқа ақ жуып, арулап қойылған. Біз мүрдені орнынан қозғау мұсылмандыққа жат екенін ескерткіміз келеді. Шариғат заңы бойынша ту баста «аманат» деп қойылған мәйітке қол тигізуге болмайды. Ол ақирет күніне дейін сол қалпында сақталуы тиіс. Егерде бұған қиянат жасалса, оның күнәсі соны жасаған адамдардың мойнында болмақ. Біздің исламды, шариғатты тілге тиек етуіміздің себебі, Ықаңның жасынан бір Аллаға сыйынып, екі жаһанның бақытын уәде еткен ислам дінін ұстануында. Ол 1886 жылы 62 жасында Меккеге сапарға аттанып, қажылық парызын абыроймен өтеп қайтқан тұлға. Бұдан соң ұлы қобызшыны ауыл-аймақ, ел-жұрты қастерлеп «әжіата» деп құрмет тұтқан. Ал енді мүрдені Сауданкенттегі кесенеге көшіргісі келетіндер ұлы бабаның сонау шал­ғай­да, елсіз жерде, өзіне арналып салынған символдық кесенеден бөлек жатқанын, егер Ықаңның мүрдесі сол шартты кесененің ішінде болған болса, оның маңызы артып, киелі орынға айналатын мүмкін­ді­гін айтып қоғам­ның назарын аудартқысы келеді. Оған қоса орыстың ұлы әншісі Шаляпиннің мәйітінің Парижден Мәскеуге әкеліп жерленгенінен бастап осындай рәсімнің өз елімізде кімдерге қатысты болғанын тізімдеп, алға тартады. Алдымен осы пікірлердің қисынсыз екенін айтқым келеді. Ежелгі қалыптасқан дәстүр бой­ын­ша бақилық болған адамға кесене марқұмға топы­рақ бұйырған жерден салынады. Мұсылман әлемі­нің қалыптасқан тәртібінде ондай кесене күмбезді және төрт құлақты болып келеді. Мысалды алыс­тан іздемей-ақ, Саудакент ауылындағы осыдан бір жарым ғасыр бұрын салынған Шоқай дат­қаның кесенесін алайық. Ұялмай көрсететін­дей нағыз салтанатты кесене. Ал, облыс бас­шылары Кеңес кезіндегі науқаншылдықпен әрі қалыптасқан дәстүрді ескермей аудан ор­талығы Байқадамға қалқайта салған Ықылас бабаның шартты түрдегі кесенесі салтанаттан жұрдай, тіпті мықырайған жертөле дейтіндей белгі. Осы үшін марқұмның қабірін қозғап, мүрдесіне тиісу ағаттық болар еді. Бұл пікірімді аталмыш кесенені өз көзімен көрген азаматтар жоққа шығара қоймас. Шаляпиннің Мәскеуге қайта жерленгеніне қатысты мынаны айтар едік. Орыстың ұлы әншісінің мүрдесі өзге елден әкелініп отыр. Бізде де осыған ұқсас жағдайлар бар. Сонау Карелиядағы Міржақып Дулатовтың сүйегін елге әкеліп қайта қойған оқиға қоғамның есінде. Арыстарымыздың сүйегінің діні, ділі бөлек жат жерде жатуы расында да елдігімізге сын жәйт болатын. Қорқыт баба мен Өтеген батырдың сүйектері жатқан жерлерді су басып кету қаупі болған соң өзге жерлерге қайта жерлегені де тым өрескел жағдай емес. Махамбет батырдың бөлшектенген денесін қосып, жер қой­нына қайта қою да оғаш оқиға болып саналмайды. Біздің алдымызға тартылып отырған ел тарихында өзіндік орны бар атақты хандар мен би-батырлардың Рәбия бегім кесенесінен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне көшірілуі де бұл оқиғаға мүлде ұқсамайтын үлкен мәселе. Ал, қара қобыздың киесі – Ықылас бабаның Қуаралға өз өсиеті бойын­ша жерленгені мүлде басқа жағдай. Сондықтан, біз өз пікірімізде қаламыз. Шариғат заңы бойынша «ама­нат» деп қойылған мүрдеге қол тигізуге болмайды! Сағат АРЫНҰЛЫ, журналист. Тараз.