17 Қаңтар, 2017

Өрт қалдырған өнер

418 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Биші ағашҚоржынында талай қазынасы бар Болат Омарәлиев еліміздегі ең байырғы фототілшілердің бірі. Сонау 1980 жылы «Егемен Қазақстан» арнайы фотобайқау өткізген кезде, ол кісінің бірінші орын алғанын көпшілік ұмытса да, газет шежіресі ұмытпасы анық. Одан кейін де «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» сияқты басылымдардың байқауында топ жарған қағылез фотограф Ресей, Польша, Украина елдерінде фотокөрмесін өткізген. Ендеше бұл жолы фото­граф­тың табиғаттың тосын құбы­лыстарына құрыл­ған бір ғана суретіне тоқтал­мақпыз. Бұл фотоға «Өрт қалдырған өнер» деген тақы­рып қойдық. Егер Омар­әлиев­тің тек қана «Таби­ғат­­тың өзі мүсінші» деген қас қағымдық жұмыс­тарын жинас­тырсақ, оның өзі бір фо­то­­серияға айналған болар еді. Бұл сурет туралы фото­тілшінің өзі былай дейді: «Сонау 1980 жылдары Қы­зылорда облысы Шиелі ауда­­нындағы Мұстафа Шоқай ауы­лына бардық. Жабайы қоян, қырғауыл фотообъективке іліне ме деп, ыңғайланып келе жатсам, алыстан биік адамның сұлбасын көрдім. Қашықтан қара­ғанда құшағын жазып тұрған адам сияқты. Жүрегім су ете қалды. Жақындап келсем, әйдік қарағаш. Құдды би­леп тұрған қыз секілді. Жан-жағын­дағы жыңғыл, шең­гелдер түгел өртенген». Шынында да Омарәлиевтің шығармашылық мұрағатынан мұндай суреттердің бір парасы шығады. Мектепте жүргенде-ақ бейнелеу өнеріне қызыққан Болат ағамыз алғаш рет фотоаппаратты 15 жасында қолына алады. – 16 жасымда тұңғыш фото­этюдім облыстық газетке шықты. Бұл сол заманда айтарлықтай же­тістік болатын. Ол кезде Алма­­тыда Сайлау Пернебаев деген фототілші болды. Ол кісі біздің қазақтан шыққан тұңғыш фото­этюдші. Соған еліктеп жүрсем де, оған ұқсатпай фото­этюдтің басқа түрін түсіре бастадым. Содан бері де жарты ғасыр өмір өтіпті. 48 жыл бойы Қызылорда облыстық «Сыр бойы» деген газетте фототілші болып жұмыс істедім. Өткен жылы зейнетке шықтым, – дейді шежірелі әріптесіміз. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ