Кеше Қазақстан президенттігінен үміткер Мэлс Елеусізов Оңтүстік Қазақстан облысында болып, халықпен жүздесті. Мақтаарал ауданында болған кездесулер Шымкент қаласында жалғасын тапты. Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты Жастарды кәсіби бағдарлау орталығында өткен кездесуде Мэлс Хамзаұлы жиналғандарды сайлау алдындағы бағдарламасымен таныстырды.
– Әдетте, жұртшылық мені табиғатты қорғаудан басқа ештеңе толғандырмайтындай көреді. Олай емес. Менің сайлауалды бағдарламамда табиғат мәселесі екі-үш ауыз сөйлемдермен шектеледі. Мен негізінен республикамыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын бүгінгісінен әрі жақсарту жайын ойлаймын, – деді президенттікке кандидат.
Сөзін осылай сабақтаған үміткер алдымен ауылдың жағдайын көтеру, шағын және орта кәсіпкерлікті нығайту керектігін айтты. Қазір дүние жүзінде азық-түлік тапшылығы қатты сезілуде. Біраз мемлекеттер аштыққа ұрынды. Ал, жер асты байлығы орасан пайда әкеліп жатқан Қазақстан шикізаттан түсетін табыстарға малдана бермеуі керек.
Ел экономикасын көтеру, жұмыссыздықты азайту, зейнетақыны көтеру, индустриялық-инновациялық бағыттағы бағдарламаны жетілдіру жөнінде бүгінгі жасалып жатқан жұмыстарға тілектес екендігін жеткізген үміткер Кеңес Одағы кезінде жақсы жолға қойылған мүгедектер мәселесі бүгіндері сын көтермейтіндігін атап көрсетті. Жемқорлық жегіқұртқа айналып келеді. Жемқорлық жайлаған жерде заң да жұмыс жасамайды, дәрменсіз. Судьяларды халық сайлап қоюы қажет. Әйтпесе, олар кімнің қалтасы қалың, соған жұмыс жасап кете береді.
Қазақстан президенттігінен үміткер өзінің үш-төрт мәрте соттасқанда осыған көзі анық жеткендігін қосты.
Әрине, соңғы сөз табиғат мәселесіне ойысты, Мақтааралдың күнкөрісі – мақта. Бірақ, көп су керек ететін дақыл улы химикат, тыңайтқышпен өсіріледі. Аралдың түбіне жеткен мақтаны ауыстыратындай дақылдарды іздестіруіміз керек.
Мэлс Хамзаұлы алқаптарды аралап көргенін, тұзы бетіне шыққан топырақтың іркінді суды сіңіре алмай тозып бар жатқанын айтты.
– Бұл кездесулерде маған бүйрек бұратындардың молдығы сенімімді нығайтты, – деді ол. – Халыққа өз ойымды бүкпесіз айтып жүрмін. Таңдау өздеріңде.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.