17 Қаңтар, 2017

Математика мен физиканы бөліп оқыту қажет пе?

731 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

00000000Ашылғанына небәрі төрт жыл ғана болса да, бүгінде Алматыдағы алдыңғы қатарлы орта білім беру ошағына айналып үлгерген физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын №178 лицейдің директоры, «Құрмет» орденінің, «Ы.Алтынсарин» сыйлығының иегері, Білім беру ісінің үздігі Әбдімәжит ҚОҢЫРБАЙҰЛЫ орта білім беру саласындағы тәжірибелерімен бөліскен еді.

Әбдімәжит Қоңырбайұлы, мектеп көрсеткішін көбінесе Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелерімен байланыстырамыз ғой. Бірақ биыл бұл жүйе тоқтайды. Ендімектептердің көрсеткішін қалай бағалауға болады?

– Бірыңғай тестілеу тоқтағанымен, мектептер беретін білім сапасын дұрыс бағалаудың басқа да тәсілдері бар. Енді түлектер ауызша емтихан тапсырып, қазақ тілінен ереже айтып, математикадан бақылау жазатын болады. Бұрын тек тест парақтарын түртіп үйренсе, енді нағыз білім жинауға тырысады. Мектептердің сапасын жалпы, рейтинг арқылы салыстырады ғой. Оны өмірдің қажеттілігі деп түсіну керек.

Сіз жетекшілік ететін лицейде физика және математика тереңдетіп оқытылады. Сондықтан бұл пәндерден оқушылардың білім сапасының жоғары екеніне шүбәміз жоқ. Дегенмен, лицей оқушыларының халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға қатысу жағы неге кемшін?

– Расын айтқанда, олимпиадаға қатысу үшін баланың материалдық мүмкіндігі де жақсы болуы керек. Жолақысын, жатын орнын, басқа шығындарын ата-анасы көтере алатын, ауқатты отбасыдан шыққан бала болмаса, халықаралық жарыстарға қатысу оңай емес. Мәселен, Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінің жағдайы жақсы, Арнайы олимпиадалық топ бар. Олар балаларды арнайы даярлайды. Жеке мұғалімдерібар.

– Сонда олимпиадаға материалдық мүмкіндігі төмен балалар қатыса алмайды деген сөз бе?

– Шынын айтқанда, олимпиадаға қатысатын баланың отбасы оның білім сайысына барып-келу шығындарын еш қиындықсыз көтере алатындай болуы керек.

Лицей, гимназия деген жақсы-ақ, дегенмен, олар тек көрсеткіш үшін жұмыс істеп, нашар оқитын балаларды басқа мектепке ығыстыру сияқты үрдіске бой алдырып, бала психологиясына кері әсерін тигізбей ме деген сұрақ туындайды...

– Ұстаз әрбір оқушының қандай пәнге қабілеті бар екенін терең зерттеуі қажет. Тіпті мектеп ауыстырса немесе колледжге түссе, басқа қырынан ашылып кете ме дейсің. Әйтпесе, мектепте барлық балаға бірдей білім, бірдей тапсырма беріледі. Бірақ, нашар оқитын балалар болатыны рас. Мысалы, біздің мектепте нашар оқитын бір бала болды. Оның себебін сұрасам, «әрдайым басым дыңылдап тұрады, құлағыма бір әуен келгендей әсерде жүремін» деді. Сонда оған музыка мектебіне баруға кеңес бердім. Сол бала музыка мектебіне барып жүріп, кейін Чайковский атындағы колледжге түсіп, оны үздік бітірді. Есесіне өз өміріне дән риза, өз жолын таба білді.

Шыныңызды айтыңызшы, жалпы, математикаға кімнің бейімі көбірек, ұл баланың ба, қыз баланың ба?

– Жақсы оқитындардың көбісі қыздар, мықты математиктердің көбісі ұлдар болып келеді. Математикадан алдына жан салмайтын мықты оқушылардың кейбіреуі «Алтын белгіге» үміткер де емес.

Мұғалімдер сапасы нашарлап кетті, өйткені мұғалімдік мамандықты амалсыздан таңдайтындар көп деген сын жиі айтылады.

– Мұғалімдер кедей, жалақылары аз деген де түсінік бар. Шындығында, қалалық жерде мұғалімдерге жақсы өмір сүруге болады. Мақтанғаным емес, мен жай мұғалім болып жүріп-ақ, өмір бойы ақшадан тарығып көрген адам емеспін. «Білім және еңбек», «Қазақстан» сияқты мектеп өміріне арналған барлық газет-журналдарға мақала жазатынмын, баспаларда рецензент болдым, ақылы түрде қосымша сабақтарберетінмін. Мұғалім жан-жақты өмір сүріп, ізденіп жүруге тиіс. Сонда беретін сабағыңның сапасы да жақсарады, сабақты қызығырақ берудің тетіктерін іздестіретін боласың.

– Мектеп басшысы ретінде мұғалімдер таңдағанда оларға қандай талаптар қойғанды дұрыс санайсыз?

– Мен өзі негізінен, бостау директормын (күледі). Адамдарға, айналама еркіндік бергенді дұрыс көремін. Өзімді қинап қатал бола алмаймын. Менің айналамдағы мұғалімдердің көбісі бұрыннан бірге келе жатқан әріптестерім. Мектептің жетістікке жетуінің бір сыры – ұжым мен басшы арасындағы түсіністік. Мен ешқашан жөнсіз қысым жасамауға тырысамын.

– Қазіргі орта білім беру саласындағы өзіңізді толғандыратын қандай өзекті мәселелерді атар едіңіз?

– Біз мәселен, бұған дейін қай пәндерді бөліп оқыдық? Шет тілін, орыс тілін, информатиканы бөліп оқыдық. Меніңше, қазір осыны тоқтатып, қай пәннің балаларға қиынға соғып жататынын анықтап алу керек. Әлбетте, ең қиын пәндер физика мен математика ғой. Қазір балаға информатиканы бөліп оқытудың қажеті жоқ. Өйткені, информатиканы бала өз бетінше, шет тілін ата-ананың қадағалауымен, орыс тілін қажеттіліктен оқып жатыр. Сондықтан физика мен математиканы бөліп оқыту керек. Біздің мектептің ұтатын тұсы да сол, физика мен математикадан бір сыныптағы 30 баланы екіге бөліп оқытамыз. Бұл енді физика-математика лицейлеріне тән үрдіс қой. Дегенмен, бүкіл Қазақстандағы мектептерді лицей, гимназия, жай мектеп деп бөлмей-ақ, бәрінде физика мен математиканы бөліп оқытса, білім сапасы біраз көтерілер еді. Бір сыныпты түгел отырғызып қойып, математиканы оқыту қиын.

Сонымен қатар, үштілділік мәселесіне де сақтықпен қараған жөн. Мәселен, жоғары сыныптарда математика, физика сияқты күрделі пәндер ағылшын тілінде оқытылады деп жатыр. Егер расымен солай болса, қазақ тілін қалай ғылыми тілге айналдырмақпыз? Онда ғылыми тіліміз мүлдем дамымай қалады ғой. Меніңше, екі сынып ашып қою керек. Кім де кім баласын ағылшын тілінде оқытқысы келсе, баласын сол арнайы сыныпқа берсін. Ал қазақша оқығысы келетіндерді қазақ сыныбына берсін. Өйткені, қайсысының жақсы нәтиже беретінін біз әлі білмейміз ғой...

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ