Қазіргі таңда өзін өзі құрметтейтін, өз жұмысының жариялы да ашық болуын, қоғаммен қарым-қатынасты жоғары деңгейде ұстауды қалайтын кез келген мемлекеттік мекеме, қоғамдық ұйым, жекеменшік құрылымдар ресми сайттары мен порталдарын ашып, онымен ұдайы жұмыс істеп тұруды дағдыға айналдырып келеді. Әрине, құптарлық іс. Бірақ осы ашылған сайттар мен порталдар өз деңгейінде ме? Бұл сауалға біржақты «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру қиын. Яғни, аталған мәселеге байланысты жағдай ала-құла.
Бүгінгі қоғамымызда, әсіресе, жергілікті атқарушы билік органдарының ресми сайттары мен порталдарына көңіл толмайды. Бұл, әрине, жеңіл қарайтын мәселе емес. Елімізде электронды үкімет қалыптастыруға байланысты тиісті шаруалар жүйелі түрде әрі қызу қолға алынып жатқанда, сондай-ақ, бұл бағытта түрлі ілкімді жобалар ел игілігіне айналып үлгерген тұста жергілікті әкімдіктердің өз сайттарын жетілдіруге жүрдім-бардым қарап отырғаны түсініксіз әрі қынжыларлық жайт.
Сайттардың қызметін тұтыну мәселесінде әкімдіктерден гөрі, ұлттық компаниялар мен шағын және орта бизнес өкілдері біршама белсенділік көрсетуде. Әсіресе, салық саласындағылар өз сайттарын тиімді қолданатыны аңғарылады. Бұдан бөлек, жекелеген азаматтарымыз да аталған іске сергек қарай бастады. Сонда қалай, жұрттың бәрі жанталаса сайттарын, блогтарын ашып, оны ұтымды қолданып жатқанда, жергілікті атқарушы билік орындары осы іске қатысты қозғалыссыз отыра бере ме?
Жалпы, ел ішінде аудандар әкімдіктеріне қарасты ресми сайттарға қатысты сын-ескертпелер аз айтылып жүрген жоқ. Бірқатар жергілікті әкімдіктердің сайттарындағы ақпараттардың ескі екені, порталдар арқылы тұрғындармен байланыс орнату ісі көңіл көншітпейтіні анық байқалады. Сонымен қатар, қажетті мәліметтерді сайттан іздеудің де өзіндік қиындықтары баршылық. Ұсынылған мәліметтердің арасынан азаматтарға қажетті басты көрсеткіштер мен деректерді тауып алу қиын. Ол үшін өте ұсақ әріптермен таңбаланған сөйлемдерге шұқшиып, қаптаған кестелерге көз талдырып әуре боласың. Сондай-ақ, кейбір сайттар атаулы күндері басшылардың халыққа құттықтау сөзін жариялайтын жай ғана құрал секілді.
Бұдан бөлек, бірқатар өңірлердің сайтында аймақтың тарихы, құрметті азаматтардың, басшылардың тізімі болғанымен, халықтың рухани-мәдени өмірі, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, жергілікті кәсіпорындар мен ұйымдар жөніндегі мәлімет мардымсыз. Сонда, аудандардың өзгеге мақтана көрсетер табыстары жоқ па?
Жалпы, еліміз бойынша қанша аудан болса, соның басым бөлігінің ресми сайттары төмен деңгейде деп айтсақ қателеспейміз. Рас, араларында талапқа сай қызмет көрсетіп отырғандары бар, алайда, олардың өзінде де кемшіліктер өте көп. Дәлірегі, «мына облыстың аудандары аталған мәселеде оза шауып тұр, содан үлгі алу керек» деп айта алмаймыз. Салыстырмалы түрде алғанда, өңірлердің салаға байланысты бір-бірінен асып тұрғаны шамалы.
Халықтың өзі жасап жатқан аймақтағы ахуалмен, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен таныс болып отыруына, өзін толғандырып жүрген сауалдарына атқарушы биліктен жауап алуға құқы бар. Сол үшін мерзімді басылымдардан бөлек, Интернет ресурстарын пайдаланғысы келетіндер баршылық. Бірақ оларға ресми порталдар мен сайттардың талапқа сай болмауы кедергі келтіруде.
Біз облыстар мен аудандардың ресми сайттарын жеке-жеке атап көрсетіп, оларды бір-бірімен салыстырып, бірін мақтап, екіншісін даттауды жөн көрмедік. Тек, атқарушы билік орындарының ресми сайттарына қатысты азды-көпті өкпе-ренішімізді сөзімізге арқау ете отырып, облыс, қала, аудан басшыларына қозғау салсақ дедік.
Осы арада айта кетейік, облыс әкімдіктерінің порталдарында біршама ілгерілеушілік бар. Әсіресе, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстары әкімдіктерінің ақпарат берудегі жылдамдығы, жан-жақтылығы өзгелерге қарағанда тәуір.
Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан электрондық үкіметті дамыту ісі қызу қолға алынып отырған тұста жергілікті атқарушы орындар да өздерінің сайттары мен портал, блогтарының жұмысын жандандыруы тиіс деп ойлаймыз. Өйткені, халық пен биліктің арасындағы «алтын көпірлерге» жүрдім-бардым қарау өзімізге сын.
Тағы бір айта кетер жайт, әлгі сайттарды ашып, оның жұмысын әрі қарай алып баруға бюджеттен қаржы бөлінбей тұрмайды, әрине. Егер бюджеттің қаржысымен ашылып отырған сайт жөнді қызмет көрсетпесе, есіл ақша желге ұшқанмен бірдей болады емес пе? Осы арада сайттарға бөлінген қаржының өтеуіне сұрау салынбай отырған тәрізді.
Сөздің реті келгенде айтайық, аудан әкімдерінің сайттары ғана емес, облыстық ресми порталдардың да «болмысына» көңіл тола қоймайды. Ондағы ақпараттардың жұтаңдығына, ескі ақпараттарды жаңасына ауыстыру ісі тым шабан жүретініне талайлар куә.
Біздің ойымызша, жергілікті әкімдіктер үшін сайттардың мән-маңызын, оның халықпен тығыз байланыс орнату ісінде өте пайдалы құрал екенін сездіріп, ұқтыратын семинар-кеңестер өткізіп отырған дұрыс. Міне, осылайша олардың жұмысын жандандыруға болады.
Бұдан бөлек, әкімдіктердің әрқайсысы өзінің ресми сайттарын халық арасына кеңінен насихаттап, оның қызметін түсіндіре жүрудің де маңызы зор. Алайда, осы шараларды атқару үшін аталған желілерде алдымен қажетті ақпараттардың мол болуы тиіс. Себебі, іші бос, берері жоқ сайттарды ешкім де қарамайды.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатын, қоғамымыздағы мәдени-рухани жаңалықтарды, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын, жергілікті өндірушілердің жұмысын және басқа да игіліктерді халыққа түсіндіріп, жеткізуде жергілікті атқарушы биліктің құзырындағы ресми сайттардың әлеуеті дұрыс пайдаланылмай отыр. Сондықтан, аталған мәселеге орай талап күшейіп, нақты шаралар қолға алынса, құба-құп болар еді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»