18 Қаңтар, 2017

Тұлға тұғыры

802 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ЕК-2Қазақстан – қайраткерлер мен ғалымдарға бай, өткені де, бүгіні де, болашағы да баянды ел. Егер менен «Еліміздегі жаратылыстану ғылымының ең озық, әлемге танымал 10 ғалымын атаңызшы?» деп сұраса, ойланбастан биолог-генетик, академик Рахметқажы Іскендірұлы Берсімбайды атар едім. Неге, ойланбастан? Себебі, бұл туралы кемі 10 жыл бұрын ойланып-толғанып, бір шешімге келіп қойғанмын. Рахаң туралы көп айтуға болады. Оған менің моральдық құқым бар деп санаймын. Өйткені, ғылым-білім саласында ол кісімен ағалы-інідейміз. Сондай-ақ, төрт жылдай уақыт бір университетте қоян-қолтық қызмет атқардық. Алғаш тұжырымдап айтып көрейін: Рахметқажы Берсімбай – биология ғылымының биік деңгейдегі кәсіби маманы. Ол – Кеңес Одағының ең биік және жаңашыл ғылыми ордасы Новосібір мектебінде өмірінің біраз бөлігін өткізген ғалым. Ол – Қазақ ұлттық университетінде ғылыми мектеп қалыптастырған академик. Ол – Қ­азақстанда бірне­ше ғылыми инс­титуттың негізін қалаған білікті ұй­ым­дастырушы. Ол – Білім және ғы­лым вице-ми­нистрі болған қайраткер. Ол – Қазақстанда тұңғыш рет PhD бағдарламасы бойынша ғалымдар даярлаған ЖОО-лар (Еуразия ұлт­тық университеті, Қазақ ұлттық университеті, Ұлттық техникалық университет) ішінде маңызды идеялар көтеріп, соны жүзеге асыруға күшін аямаған маман. Ол – әлемдік ғылыми коммуникацияға 1970-1980 жылдары-ақ араласқан, дүниежүзілік ғылыми ортада зерттеу-мақалаларымен танылған профессор. Ал, адамдық қасиетіне келсек, Рахметқажы Іскендірұлы бәрін орнымен атқаратын, елі мен жерін шексіз сүйетін, ғылым құндылықтарын ұлтына және әлемге лайықты танытып жүрген елшіл азамат. Қай ұжымда болсын өзін нағыз зиялы деңгейінде ұстап, замандастарына да, жастарға да үлгі-өнеге көрсетеді. Мен «шынайы интеллигент» деген баға Рахаңды толық ашады деп есептеймін. Азаматтар түрлі жағдайда танысып, идеялас, пікірлес болып жатады. Рахметқажы Іскендірұлы туралы 2000 жылдардың басында баспасөзден және ғылым-білім саласының жауапты азаматтарынан естіп-білсем, жақын танысып, араласуым 2008 жылдан басталды. Дәлірек айтсам, осы жылы Елбасы өкімімен Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетіне ректор болып тағайындалғанымда, ғылым және халықаралық байланыс­тар проректоры лауазымына Қазақстан Рес­публикасының Президенті жанын­дағы Мемлекеттік басқару акаде­миясының І вице-ректоры қызметінде жүрген Рахаңды аттай қалап шақырдым. Елбасы мені ректор етіп бекітерде, университетті халықаралық деңгейге көтеруді, әлемдік рейтинг бәсекесіне енгізуді, шет елден білікті мамандар тартып, ғылым сапасын арттыруды, ұтқырлық жүйесімен студенттердің әлемдік оқу орындарында білімін жалғас­тыруын ұйымдастыруды, магис­тратура мен докторантураға серпін беруді тапсырған еді. Біз кешікпей осы кешенді жұмысты бастап кеттік. Бұл ретте тәжірибесі мол, жетекші елдердің рейтингті журналдарында 15-20 жылдан бері мақала жариялап жүрген, ағылшын тілін жетік білетін Рахмет­қажы Іскендірұлының көп жәрдемі тиді. Нәтижесі – көз алдарыңызда. Жұрт «Times THE – QS World University Rankings» не екенін өңі түгіл, түсінде де көрмеген кезде, Еуразия ұлттық университеті тұңғыш рет әлемдік рей­тинг­ке ілікті. Біраз әріптестеріміз ғы­лымдағы Thompson Reuters, Scopus базасы, импакт-фактор, хирш индексі деген атаулар мен ұғымдарды әлі естімеген кезде, біздің ғалымдарымыз бәсеке айдынына қаймықпай енді. Университет деңгейін бір адам ешқашан көтере алмайды. Сондықтан, Р.Берсімбайдың ғылымдағы берендігі оқу орнымыздың ғана емес, Қазақстан ғылым-білімінің абыройы болды. Біз ақылдаса келе, қаржы көзін тауып, жетекші және талапты ғалымдарды әлемнің озық университеттері мен ғылыми орталықтарына ғылыми ісса­пар­мен жібердік. Тіпті, біразы сол ортада тәжірибе көрігінен өтті. Шет елде қызметте жүрген қандас бауырларымызды батыл жұмысқа шақырдық. Түркі дүниесінің басты университеттерімен іскерлік қарым-қатынас орнаттық. Әлем университеттері рейтингтегі беделімізді көрген соң, есігін айқара ашты. Әлі есімде, Рахаңның өзі Осака Ұлттық биомедициналық инновациялар инситутында, Киота, Краков, Катар, Генуя, Калькутта, Буда­пешт университеттерінде болып, өз дәрістерімен, ғылым-зерттеулерімен Қазақстанның деңгейін көрсетті. Өзі басқаларға үлгі болып, университетте клеткалық және молекулалық биология зертханасын (кейін институтқа айналды) ашты. Дос Сарбасов, Рүс­тем Омаров сынды шәкірттерімен халықаралық ғылыми жобаларды орындауға қатысты. Біз PhD бағдарламасын жүзеге асыруда талапты өте жоғары қойдық. Біріншіден, ғылыми диссертациялардың параллельді түрде шетелдік жетекші университеттерде қорғалуына күш салдық. Екіншіден, жоғары рейтингті им­пакт-факторлы жур­налдарда мақа­ла жариялауын міндеттедік. Осы бас­тамамызды кейін Білім және ғы­лым министрлігі қол­дап, іліп алып кетті. Айтқандайын, біз Thompson Reuters, Scopus ба­­за­сына енген жур­­­налдарда ма­қала жариялаған ғ­алым­дарды ынта­ландыруды да ал­ғаш қолға алдық. Рахаң осы сала бо­йынша проректор ретінде бағалау өл­шемдерін әзірледі. Мен бір феноменге таң қаламын: осы жаңашылдықты бастаған шақта Рахметқажы Іскендірұлы 61-62 жастағы аға буын өкілі екен. Ғалым соған қара­май, жастардың қолынан келмейтін жұмыстарды атқарды. Сірә, мұның бәрі бай тәжірибенің арқасы болса керек. Біз Еуразия университетінде тағы бір маңызы жұмысты бастадық. Ол – мемлекеттік тілде оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеп, шығару. Сол кезде Рахаң көпке үлгі болып, «Жалпы және молекулалық генетика» оқулығын жетілдіріп, «Генетика» оқулығының іргетасын қалады. 2011 жылы Қазақстан ғылымы үшін аса маңызды оқиға болды: академик Рахметқажы Берсімбай Семей ядролық полигоны зардаптарының генетикалық мәселесін қарастырған зерттеу нәтижесі  «Science» журналында жарияланып, Жапония Ұлттық биомедициналық инновациялар институтының құрметті профессоры атағын алды. Жоғарыда айтылғандар – Р.Бер­сімбай еңбегінің бір бөлігі ғана. Оны толық жазуды шәкірттері мен әріп­тестеріне қалдырайық. Рахаңның өмірлік позициясы туралы бір ауыз сөз айтқым келеді. Пікірлесе жүріп байқағаным: ол кісі жас күнінен елінің, ұлтының, әулетінің және өзінің намысын өте жоғары қоя білген. Сөйтіп, талаптанып, ізденіп, қазақ баласы ешкімнен кем емес деген ұстанымды толықтай дәлелдеп шыққан. Рахметқажы Іскендірұлының тағы бір тамаша қасиеті: майда-шүйдеде ісі жоқ, ғылымда да, өмірде де пендешіліктен биік тұрады. Бағалауы да, көзқарасы да – принципті, тиянақты. Сондай-ақ, Р.Берсімбай қаншама жыл Ресейде тұрып, оқып-жетілсе де, елдік тамырын бір сәтке де үзген емес. Қиын да күрделі ғылымның қайнауында жүрсе де ұлттық дәстүрден, құндылықтардан жырақталмаған. Жалпы, Рахаңның ғылымы да, ұстанған бағыты да өміршең. Бір жолы академик әлемнің генетика мен медицина ғылымы 2025 және 2050 жылдары қандай жетістікке жететіні туралы баяндама жасап, әсіресе, кәрілікпен күрес шұғыл қолға алынатыны жөнінде деректер беріп жатты. Сол мәжіліс залында мұны естіп отырған Қойшығара Салғараұлы мен Ақселеу Сейдімбек екі жақтан: «Ау, Раха, мынау лекцияңызды сөз түсінетін қалың шалдың ортасында оқып, жігерлендірсеңіз жақсы ғой!» деп, бір жағы әзілдеп, бір жағы қуанып жатты... Бүгінде Р.Берсімбай – Еуразия ұлттық университетінің Клеткалық биология және биотехнология инс­титутының директоры. Сүйікті ғылы­мымен емін-еркін айналысып, талантты шәкірттер тәрбиелеп, шет ел университеттерінде таңдаулы дәрістер оқып жүр. Ғылым тұлғасының тұғыры биік­темесе, аласарған жоқ. Ол өзіне сенеді, шәкірттеріне сенім артады. Сенуіне толық негіз бар. Өйткені, ғылым – тау­сылмайтын қазына. «Ала­ғанға – береген». Рахметқажы Іскендірұлы – ұлттың да, әлемнің де ғылыми қазынасын толықтырған және толықтыра беретін әлеуетті тұлға. Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ, Парламент Мәжілісінің депутаты, ҰҒА корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор