Халық білуі тиіс мәселелер де жоқ емес
Жұртқа мәлім, 2016 жылдың 22 желтоқсанында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселелері туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Ол бойынша, үй немесе пәтерді жалға беретін адамдарға ондағы азаматтарды тіркеу міндеттелді. Қазіргі уақытта азаматтарды уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінде 157 778 азамат тіркелген, олардың 79 412-сі тұрақты, ал 78 366-сы уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркеліпті.
Осы орайда кейбір заңдарға өзгерістер мен толықтырулар да енгізілуде. Сондықтан қазіргі кезде тіркелудің еш қиындығы жоқ. Ең бастысы, қажетті құжаттарды тіркеу орнына алып бару керек. Мәселен, ол үшін үй иесінің келісімі, үй иесінің жеке куәлігі, тіркелушінің жеке куәлігі және тіркелу үшін 227 теңге төлегені туралы түбіртек қажет. Сонымен қатар, тіркелетін үй иесінің өзі немесе нотариус куәландырған сенімхат қажет. Электронды цифрлық қол болған жағдайда азамат электронды үкімет арқылы тіркелуіне болады және тұрақты тіркелген жерінен тіркеуден шығу қажет те емес.
Кейбіреулер әр тіркеушіге қанша шаршы метр тұрғын жер болуы керек деп сұрайды. Жалпы, белгіленген санитарлық талаптар бойынша, пәтерде әр тіркелушінің кемінде 15 шаршы метр тұрғын жері болуы керек. Әзірге бұл норма Алматыда енгізілген. Болашақта елдің барлық аймақтарында осындай талаптар қабылданатын болады.
Тіркелген әр адамға пәтерден қанша тұрғын жер берілуі керектігі әр аймақта әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Алматыда ғана 60 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерде төрт адамнан артық тіркеуге алуға болмайды. Ал, жалпы, осы заң бойынша, шаршы метр талабына байланысты еш шектеу қойылмаған. Басқа қалаға ұзақ уақытқа емделуге немесе ауруханаға жату үшін барған азаматтар да сол жерде тіркелуі тиіс. Ал басқа қалада жұмыс істейтін, бірақ қонақүйде тұратын адамдар қонақүйде тіркелуіне болады.
Ал енді бұл заң талаптары бұзылған жағдайда, яғни уақытша тұрып жатқан жерінде бір айдан аса уақыт тіркеусіз тұрғаны үшін 7 АЕК, яғни 16 мың теңге айыппұл салынады. Екінші тексеру кезінде заң бұзушылық анықталса, айыппұл 13 АЕК, яғни 29 500 теңге болады. Пәтер жалдаушыларды тіркеуге қоймаған пәтер иелері болса, олар 10 АЕК, яғни 22 600 теңге айыппұл төлейді. Олар жеке тұлға емес, шағын кәсіпкерлер болса, айыппұл көлемі 15 АЕК немесе 34 000 теңге, ал ірі кәсіпкерлік субъектілері болса, 50 АЕК көрсеткіш, яғни 113 500 теңге.
Алайда, заң күшіне енгенімен, айыппұлдар салу әлі де көптеген құжаттардың қабылдануын талап етеді. Сондықтан уақытша тіркеусіз азаматтарды анықтау ісі 2017 жылдың 1 ақпанында басталады. Осыны ұмытпаған жөн. Уақытша тіркеусіз адамдарды анықтау ісі бұған дейін де жүргізіліп келеді. Мысалы, өткен жылы 13 адам осы талапты орындамағаны үшін жауапқа тартылған болатын. Ағымдағы жылы Оңтүстік Қазақстан облысында «Мигрант» іс-шарасы аясында 1000-нан астам заң бұзу дерегі тіркелген. «Мигрант» шарасы 4 күнге созылды. Осы уақыт аралығында еліміздің көші-қон тәртібін бұзған 973 дерек анықталды. Оның ішінде 365-і шет ел азаматтары. 41 адам сот шешімімен өз еліне қайтарылса, 244 адамға құны екі миллионнан астам теңге айыппұл салынды.
Жалпы, тәртіп сақшыларының қырағылығының арқасында 579 отандасымыз құжатсыз жүргені және тұрақты тіркеуге алынбағаны үшін тәртіптік жауапқа тартылған. Жеке куәлігі жоқ 26 тұрғын уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Полиция қызметкерлерінің күшімен 40 адам шетелдік жұмыс күшін тартуда заң талаптарын өрескел бұзған деген айыппен әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта елде тіркелмеген азаматтардың саны едәуір екені байқалуда. Сарапшылардың пікірі бойынша, қалалардағы халықтың 20-50 пайызы ресми статистикаға енгізілмеген. Мұндай жағдай азаматтардың әлеуметтік қолдауларға, бірінші кезекте, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы игіліктерге қолжетімділігін айтарлықтай шектейді.
Тағы бір айтар жайт, тұрғын үйлердің меншік иелері көп жағдайда өздерінен мекенжайларды жалға алушыларды тіркемейді. Бұл олардың салықтардан жалтаруына, сөйтіп қолданыстағы заңнаманың бұзылуына жол ашады. Осыған байланысты, мемлекет енгізген шаралар негізді әрі оң сипатқа ие. Өйткені, «жасырын көші-қон» деп аталатын мәселе шешіледі және заңсыз пайда табушылардың әрекеттеріне тосқауыл қойылады.
Өткен жылы Парламент Мәжілісінде тиісті жұмыс тобының жоғарыда аталған заңның ол кездегі жобасын талқылау үшін бірқатар отырыстар өтті. Оған белгілі құқық қорғаушылар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері қатысты. Олардың кейбіреулерінің пайымдауынша, қабылданып жатқан жаңа өзгерістер туралы халықты ақпараттандыру өз деңгейінде жүргізілмеген. Адамдар уақытша тіркелмесе, мемлекеттік қызметтерді, медициналық қызмет көрсетулерді, басқалай әлеуметтік игіліктерді пайдалана алмайды. Енді міндетті түрде тіркелуі тиіс. Ал тіркеусіз жүрген уақыты бір айдан аз болса, құқық бұзушыға ескерту жасалады және тіркеуге тұруға мүмкіндік беріледі.
Сондай-ақ, маңызды жаңалықтың бірі – облыстық мәслихаттарға көші-қон үрдістерін реттеу тәртібін бекіту құқығы берілуі болды. Бұл сол және басқа өңірдегі жағдайға байланысты тұрғылықты мекенжай бойынша жекелеген тіркелу ерекшеліктерін бекітуге мүмкіндік бермек.
Жалпы, уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркелу кезінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы (ХҚО) тіркеуді ресімдеу уақыты 15-20 минуттан аспайтын болуы қажет. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдан бастап заңсыз жалға беруші азаматтар 10 АЕК немесе 22 600 теңге мөлшерінде және тіркелмеген тұрғындар 7 АЕК немесе 15 883 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны мәлімделді. Сонымен қатар, азаматтар бірінші бұзушылық кезінде ескерту алады, тек қайтадан бұзушылық көрсетсе, белгіленген көлемде айыппұл төлейтін болады.
Анар ЖОМАРТОВА,
Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы департаментінің аға инспекторы