18 Қаңтар, 2017

Маңызды шараға дайындығымыз дара ма?

221 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың  төрағалығымен селекторлық режімде кезекті Үкімет отырысы өтті. Онда отандық кинематографияны дамыту және Универсиадаға дайындық жайы қаралды.

86 медаль сарапқа түседі

Алматыда өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға санаулы ғана күн­дер қалды. Ал оған дайындық барысы қа­лай? Үкімет отырысында талқыланған бірінші мәселе осы. Бұл бағыттағы жұ­мыс­тардың жайын Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы баяндады. Министр бүгінде Универсиадада өнер көрсету үшін студенттердің құрама коман­дасын дайындаудың соңғы кезеңі жүріп жатқанын айтты. Қазір шараға қаты­сатын командалардың құрамы анық­талған. Универсиадаға Қазақстан аты­нан жарыс бағдарламасына енген бар­лық спорт түрлері бойынша 168 спорт­шы мен 65 жаттықтырушы қатысады. Бүкіләлемдік қысқы Универсиада Алматыда 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтетіні белгілі. Оған әлемнің 60-қа жуық елінен 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Барлығы 12 спорт түрі бойынша 86 медаль сарапқа түседі. Олардың ең көбі конькимен жүгіру спортына – 14, шаңғы жарысына – 11 және шорт-трекке – 8 медаль жиынтығы берілмек.  

45 елден визасыз  кіреді

Бұл маңызды шараны өткізуге Алматы қаласы барынша дайын. Оны қала әкімі Бауыржан Байбек мәлімдеді. Әкімнің айтуынша, бүгінде спорт, көлік және қоғамдық нысандар, сонымен қатар, қала қызметтері Универсиада-2017-ні өткізуге сақадай-сай. Сондай-ақ, ол бүгінде мәлімделген 60 елдің 57-сі тіркеуден өткенін, бұл қысқы Универсиада үшін рекордтық көрсеткіш болып саналатынын айтты. 45 ел үшін визасыз кіру қамтамасыз етіледі, қалған 12 команда жеңілдетілген түрде виза алатын болады. «Қатысушылардың алғашқы келуі 23 қаңтарға белгіленген – бұл Қазақстан мен Канада командалары. Ең көп келушілер 26 қаңтарда болады, ол күні 24 елден 700-ден астам атлет келеді. Барлығы 2200 атлет және 1000-нан астам алып жүруші қонақтар – жаттықтырушылар, дәрігерлер, ресми өкілдер келеді деп күтілуде. 25-29 қаңтар аралығында атлетикалық ауылда келген командалар үшін қарсы алу бойынша салтанатты рәсімдер өтеді. Атлетикалық ауыл мэрі олимпиада чемпионы Серік Сәпиев болды», деді әкім. Универсиада қарсаңында әуежай мен Алматы вокзалдарының қызметі мен безендірілуі айтарлықтай жақсартылған. Бірнеше рет осы нысандарда қызмет көрсету сапасын арттыру, ішкі интерьер, лаңкестікке қарсы және санитарлық қауіпсіздік тұрғысынан тексерістер жүргізілген. Барлық проблемалық мәселелер шешілген. 20 қаңтарға қарата 100% дайындық қамтамасыз еті­леді. Осыған ұқсас жұмыстар қоғам­дық тамақтану орындарының субъекті­лерімен және қонақ үйлерде жүргізіл­ді. Бұдан өзге Алматының, Универ­сиа­даның туристік карталары, сонымен қатар, мейрамханалық жолсілтемелер әзір­ленген.  

7,5 мыңнан астам қауіпсіздік қызметкері болады

Универсиада кезінде 7,5 мыңнан астам құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметкерлер, оның ішінде 150 кинолог пен жарылғыш заттар бойынша мамандар қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай деді. ІІМ басшысының айтуынша, 20 қаңтардан бастап Атлетикалық ауыл аумағында 50 қызметкері бар полиция бөлімі ашылады. Төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында өрт қауіпсіздігі қызметінің 600 қызметкері, 63 техника, 4 ұшақ тәулік бойы қызмет ететін болады. Студенттер ойынының барлық нысандарында тексеру жабдықтары жүйелері орнатылып, тестілеуден өткізілді. Жұмысқа 96 аркалық және 27 рентгендік-телевизиялық қондырғы, 2000 бейнекамера әзірленді, оның ішінде 182-сі – Шұғыл басқару орталығына шығарылады. «Жалпы, Универсиаданы өткізу кезінде қажетті құқықтық тәртіп қам­та­масыз етіледі»,  деді Ішкі істер министрі.  

40 медициналық пункт жұмыс істейді

Универсиадаға әзірлік және оны өткізу аясында көрсетілетін ме­ди­циналық көмекті ұйымдастыру бойын­ша жұмыстар жайын Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова баяндады. Министр­дің мәліметінше, қажетті көмекті көр­сетуге 215 жедел жәрдем көлігі әзір­ленген, 40 санитарлық автокөлік спорт­­тық және спорттық емес нысандарда кезекшілік жүргізеді. Қажетті жаб­дық­тармен және дәрі-дәрмектер қорымен жабдықталған бригадалардың кезек­шілігі Универсиаданың барлық спорттық нысандарында жүргізілетін болады. «Барлығы 40 медициналық пункт ұйымдастырылады, оған 229 қызметкер тартылады», деді Т.Дүйсенова. №4 және №7 қалалық емханалардың базасында ұшақ алаңдары қарастырылған, бұл қажет болған жағдайда уақтылы пациенттердің жеткізілуі мен арнайы көмектің көрсетілуін қамтамасыз етеді. 149 медициналық қызметкер тартылады, оның ішінде шетелдік мамандардан сабақ алған құтқарушы командалардың 11 дәрігері бар.  

80 елге  хабар таратылады

Елімізде өтетін ірі халықаралық шараның ақпараттық жағынан қамтылу жағы да ауқымды болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстарды Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндады. «Айта кететін мәселе, Қазақстан Уни­­версиаданы өткізетін ел болған­дық­тан хабар тарату құқығы отандық теле­арналарға тегін беріледі. Тұтастай ал­ғанда, жарыстар 80 елге  трансляция­ланып, 1 млрд аудиторияны қамтиды», деді министр. Министрдің айтуынша, Уни­версиада ойындарынан 200-ден астам тікелей көрсетілім ұйым­дас­тыры­лады. Шараның ресми хост тарату­шы­сы ретінде Халықаралық универ­си­тет­тік спорт федерациясы анықталған.  «Жыл­дың басты спорттық шарасы аяқ­талғаннан кейін Универсиаданы өткізу туралы ресми фильм түсіру ұйым­дас­тырылатын болады», деп толық­тырды министр. * * * Премьер-Министр Бақытжан Сағын­таев Универсиаданы өткізу мәселесіне қатысты жауапты мемлекеттік органдар мен ведомстволарға бірқатар тапсырмалар берді. Үкімет басшысы Универсиадаға әзірліктің соңғы кезеңі жүріп жат­қа­нын және осыған байланысты ұйым­дас­тырушылық және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Алматы әкімдігіне Инвестициялар және даму министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып қауіпсіздік талаптары мен стандарттарына сәйкес Универсиаданың жаңа нысандарының жұмысы мен көлік логистикасының барлық мәселелерін егжейлі-тегжейлі пысықтау тапсырылды. Ішкі істер министрлігіне адамдар көптеп жиналатын нысандарда, қонақ үйлерде, сондай-ақ, басқа да қоғамдық орындар мен қала көліктерінде өрт қауіпсіздігі жағдайына бақылауды күшейту міндеттеледі.  Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне ақпараттық-имидждік жұмыстарға ерекше назар аудару тапсырылды. Бұл жарыстарды, жаңалықтар блоктарын трансляциялауға да, жур­на­листердің жұмысын қамтамасыз етуге де қатысты. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне Универ­сиада кезінде медициналық қызмет көр­сетуді тұрақты бақылауда ұстау мін­деті жүк­телді. «Барлық министрліктер мен ве­домстволардың басшыларынан осы іске атсалысып,  қажетті көмек­ті көр­се­ту­лерін сұраймын», деді Б.Сағын­таев.  

Кино көкжиегі кеңейеді

Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе – отандық кинематографияны дамыту жайы. Бұл ретте Үкімет назарына «Кинематография туралы» заң, сондай-ақ, Кинематографияны дамыту тұжырымдамасы ұсынылды. Бұл мәселеге орай баяндамасында Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы Қазақстанда соңғы жылдары ішкі нарықта ғана емес, әлемдік нарықта да сұранысқа ие табысты фильмдер қатары толыққанын атап өтті. Соңғы үш жылда ауқымды әлемдік прокатқа «Қазақфильмнің» 75 картинасы ұсынылды. Олардың барлығы қазақстандық кинематографтың мүмкіндіктерін барынша көрсете алды. Кино саласын одан әрі дамыту мақсатында 2017 жылға арналған заң жобалары жұмыстарының жос­парына «Кинематография туралы» заң жобасын әзірлеу енген. Ол атал­ған саладағы қызметтің құқықтық негіз­дерін айқындап, мемлекеттік қолдау тетіктерін бекітіп, сонымен қатар, фильм шығару үдерісіндегі қоғамдық қарым-қатынастарды ретке келтіру қағи­даларын анықтауы тиіс. Биыл нау­рыз айында бұл құжат Үкімет қарау­ы­на енгізіледі, ал мамыр айында Парла­ментте қаралады. Сонымен қатар, 2016 жылдың ақпан айында Үкімет Кинематографияны дамыту тұжырымдамасының жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Жыл ішінде құжат жобасы әзірленіп, көпшілік талқылауына салынды. Жалпы, саланы дамытудың барлық негізгі бағыттары тұжырымдамада қарастырылған. Үкімет отырысында сондай-ақ, бірқатар белгілі өнер иелері болашақ қазақстандық кинематография туралы өз пікірлерімен бөлісті. Олардың арасында халық әртісі Асанәлі Әшімов, «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко, режиссер Рүстем Әбдірашев, «Арман» кинотеатрлар желісінің директоры Бауыржан Шүкенов, Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы, кинорежиссер Ақан Сатаев, режиссер және продюсер Рашид Нұғыманов бар. Мәселені талқылаудың қорытын­ды­сында Премьер-Министр кино­театр­ларға көрермендерді көптеп тарту үшін жоғары сапалы фильмдер түсіру қажеттігін атап өтті. Үкімет басшысы сонымен қатар, ірі қалалардан өзге өңірлерге де кинозалдар салу жайына назар аударды. Осыған байланысты Б.Сағынтаев әсіресе, моно және шағын қалаларда осы салаға бизнесті тарту тетіктерін ойластыруды тапсырды. Премьер-Министр өзінің орынбасары И. Тасмағамбетовке барлық мүд­­делі тараптармен бірлесе отырып Кине­матографты дамыту тұжырым­дамасы мен заң жобасын талқылап, оларды Үкімет қарауына ұсынуды тапсырды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»