Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
1995 жылдың күзінде біз Фукуокада өткен Бүкіләлемдік универсиадаға Қазақстан командасын делегация жетекшісі лауазымымен бастап барған едік. Аппаратта Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары кезіміз. Сол кездегі Вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовтің: «Абай тойына бір адамдай еңбегің сіңді. Сол үшін сені жарты айға Жапонияға демалысқа жібермекшіміз», дегені есте. Демалысқа дегені, әрине, әзілі ғой, ұйымдастыру жағын былай қойғанда, кілең жастық желігі басылмаған студент спортшылардан құралған команданы алыстағы елге алып барып, алып қайтудың өзі оңай еместігі белгілі. Әйтсе де, универсиада бір басталып кеткен соң жарыстар өз ырғағымен өтіп жатады екен, спорттық көрсеткіштер жағына толық жауап беретін бас жаттықтырушы, кезіндегі атақты волейболшы Заңғар Жәркешевке сеніп алған соң екі-үш күннен кейін-ақ қаланы ғана емес, елді де біршама аралауға мүмкіндік туды. Сондағы жарты айдың ішінде көлікпен баруға болатын біраз жерді аралап, делегация жетекшісі ретінде арнайы бекітілген аудармашының көмегімен біраз адаммен сөйлесіп те қайтқанбыз. Шардаралық бір жігіт Нагасаки қаласында дәрігерлікке оқып жүр екен, сол қонаққа шақырып, ұстаздарымен де әбден әңгімелескенбіз. Универсиаданың ашылу салтанатында Жапония тарихы би тілімен бейнелі айтылып шықты. Аралға кемелерден түсіп жатқан адамдар, олардың жергілікті тұрғындармен әуелі қату келіп, кейіннен тату болып араласып-құраласуы көрсетілді. Жапонияның ежелгі тұрғындары саналатын айндар бүгінде небәрі 20 мың адам шамасында. Сонда қазір ел халқының 99 пайызын құрап отырған жапондардың өздерінің ата-бабалары қайдан келген? Бұл сұраққа жауапты Жапония туралы кітаптардан таба қоймайсыз. «Этническая принадлежность древнейшего населения архипелага еще не окончательно выяснена», деп өте шығады. Олардағы «Важнейшие даты» деген тұстан әрі барса «300 г. до н. э. – Иммиграция из материковой Азии» дегенді ғана (Мэри Меррей Босрок, «Азия», М., 2007, 371-бет) оқисыз. Әйтпесе ол да жоқ. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында: «Жапон аралдарына адамдар біршама кеш қоныстанған. Ғалымдар мұнда ең алғаш қазіргі айндардың аталары, онан кейін оңтүстіктен индонезиялық топтар тілінде сөйлейтін тайпалар, ал б.з.б. 4-3 ғасырларда Оңтүстік Кореядан тайпалар келді деп есептейді» (3-том, 568-бет), делінген. Біздің бір байқағанымыз, жапондардың өзі осы тақырыпты қаузай беруге онша құмар емес. Мұның бәрі есте жоқ ескі замандағы оқиғалар ғой дегенмен, ел халқының әу баста сырттан келгенін айта беру мемлекеттік идеологияға онша үйлесе бермейтін болса керек. «Сырттан келген» демекші, Жапония атауының өзі де сырттан қойылған. Марко Полоның ана жылы «Мектеп» баспасынан жарық көрген кітабындағы («Книга о разнообразии мира», А., 2004) «Здесь описывается остров Чипингу» деген тараудан Жапония туралы оқисыз. Автор арал атын естілуі бойынша жаза салған. Дұрысы – «жи-бэнь-го» деген үш иероглиф. Мағынасы – күн – түбір – ел. Қазақылау етіп жатықтау қайырсақ, «күн шығатын ел» болады. «Жи-бэнь» иероглифтері Оңтүстік Қытай диалектісінде «я-пон» деп айтылады, ал жапонша «ниппон» деп оқылады екен. Елдің қазіргі ресми аты осы – Ниппон. Марко Поло заманынан бері жапон мемлекетінің бұрынғы Ямато атауы Япония болып өзгерген. Қазақтың жалпақ тілмен «жапон» деп жүргені қайта «жи-бэньге» жақынырақ сияқты... Сонымен, бұлардың арғы бабалары осындағы аралдарға (ұзын саны 4 мыңға жуықтайды, негізгі ірілері төртеу – Хоккайдо, Хонсю, Сикоку, Кюсю) сырттан келді дедік. Қайдан келгенін біз анықтай алмаспыз. Жапондардың материктік Азиядан алып қалған (бәлкім, алып келген) мерекелерінің бірі – Көктемгі теңесу күні. Мемлекеттік мерекелер қатарында, 21 наурызда аталады. Кәдімгі өзіміздің Наурызымыз сияқты. «Әлемге әйгілі» айдарының аясында жарияланған Корея туралы мақаламызда («ЕҚ», 2010, 30 сәуір) олардың өздері арғы бабаларын Алтайдан тарататынын айтқанбыз. Корейлер мен жапондардың тарихи тамырластығы талас тудырмайды. Біз бұл арада олардың аралға келгенін айтқалы отырмыз. Халық тағдырын тарих қалыптастырады дейді. Біздіңше, тарихтан да бұрын география көбірек қалыптастыратын сияқты. Жапонияның арғы-бергі тарихындағы ең басты оқиғалар да, ел ретіндегі ең басты сипаттары да алдымен оның географиялық орналасуына байланысты екені даусыз. Әдетте Жапония мен Англияның өзіндік дара бітімін олардың аралдағы мемлекеттер екендігімен түсіндіріп жатамыз. Ал сол екі ел туралы жазған «Ветка сакуры» және «Корни дуба» атты кітаптары үшін кезінде КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған тамаша публицист Всеволод Овчинников былай дейді: «Таң шапағы елін Азия материгінен бөліп жатқан Корей бұғазы Ла-Манштан шамамен алты еседей үлкен. Ерте замандағы басқыншылар үшін бұл өте елеулі бөгет болатын. Сол бөгет қоршап тұрған Жапонияны жатжұрттық әскерлер ешқашан басып ала алмаған». Мұны біз Құбылай ханның екі жорығынан да көреміз. Қытайды билеп тұрған Құбылай жапон жерін жаулауға алдымен 1274 жылы аттанған. Күшті дауыл кемелерін жағалауға жақындатпай қойған соң кері қайтқан. Екінші жорығына жылдар бойы дайындалған. Жүздеген кемелер тұрғызған. Мыңдаған жауынгер теңізшілер дайындаған. Ақыры 1281 жылы жорыққа шыққан. Құбылай флотилиясы аралға жақын қалған кезде жапон жағалауы жағынан адам айтқысыз алапат дауыл соғады. Сол дауыл Құбылай кемелерін қаңбақтай үйіріп, бірін де қалдырмай түгел суға батырады. Жапондар сол желді Камикадзэ, яғни Жаратқан жіберген жел атайды. Арал жапондарды жатжұрттықтардың жаулап алуынан да, олардың дүниетанымдық, сенім-нанымдық әсер-ықпалдарынан да ғасырлар бойы қорғап тұрды. Марко Полоның: «Остров Чипингу – на востоке, в открытом море; до него от материка тысяча пятьсот миль. Остров очень велик; жители белы, красивы и учтивы; они идолопоклонники, независимы, никому не подчиняются», деп жазатыны бар. Расында да, 1945 жылға дейін Жапония ешкімнен жеңіліп көрмеген. Оны айтасыз, Мэйдзи реставрациясынан (1868-1912) кейін елде жаппай жаңғыру жүріп, жапон-қытай соғысынан соң Жапонияның Кореяға толық билік жүргізетіні, Қытайдың бұларға Тайваньды басы бүтін беріп қоятыны да бар. Одан кейінгі орыс-жапон соғысының қалай аяқталғанын, өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы ұлы экономикалық күйзелістен кейін елдегі өкімет басына ұлтшылдық бағыттағы милитаристер келіп, жапондардың Маньчжурияға басып кіргенін, Қытай жерінің басым бөлігін, Корея мен Тайваньды оккупациялап алғанын өзіңіз жақсы білесіз. Сол кезде ғой Мұхтар Әуезовтің 1918 жылы «Япония» деген мақала жазатыны, алаш баласына бұл елді: «Сол талаптың осындай жемісі әр жүректі осындай болсам деп үміттендіріп, екпін, жігер беріп, талпынтатын тарих жүзіндегі үлгісі мол бір сабақ», деп: «Осымен бұл күнде Япония тура күшею жолында, ылғи іске жаралған халық болды. Япония халқы – тарамыс жігерлі, зейінді жұрт», деп үлгі ететіні. Олардың осылай қалыптасуына елдің аралда орналасуы да, сол аралдың ылғи да бір қауіп-қатерден көз ашқызбайтын мекен болып шығуы қатар әсер еткен. Геологиялық тұрғыдан Жапония аралдары – жас аралдар. Мұндағы жер бедері әлі де қалыптасу кезеңінде. Күші әлсіз жер сілкіну дегендеріңіз мұнда күн сайын дерлік болып жатады, оның көбін жұрт елей де бермейді. Жапонияда жыл ішінде орташа алғанда бір жарым мыңдай жер сілкінісі тіркеледі. Шамамен әр ғасыр сайын қайталанып тұратын сұмдық зілзалалардың жөні басқа. Айтқандай, кешегі сұмдықтарға қарап отырып, «Мына жапондардың өзі зілзалаға ешқандай қайран қыла алмады ғой, бұларды өскен жұрт, мықты мемлекет дейтіні қайда?» дей қалудың тіпті де жөні жоқ. Біріншіден, осындай күшті зілзаладан үйлер қираған жоқ. Үйлер цунами толқынынан қирады. Екіншіден, Жапония – қазірше жер сілкіну қаупін алдын ала ескерту жүйесі жасалған әлемдегі жалғыз ел. Сол жүйенің арқасында санаулы минөттер ішінде жағалаудағы қаланың жүздеген мың адамдары биіктеу жерлерге жүгіріп шығып үлгерді. Цунами құрбандарының көбі – шапшаң қозғала алмаған қарт адамдар. Жалпы, Жапония – қартайып бара жатқан мемлекет. Бала туу көрсеткіші осы деңгейде сақталар болса, 2050 жылға дейін ел халқы қазіргісінің ширек бөлігіне кемиді. Зілзала мен цунамиден ажал құшқандардың салыстырмалы түрде алғанда аз болуы жапондардың мектепте, жұмыс орнында жылдар бойы апатты жағдайда әрекет етуге жаттыққанының арқасы. Әйтпесе, су түгелдей басып кеткен миллионнан астам тұрғыны бар қаладан қарық болғандардың саны жүз мыңдап саналуы мүмкін еді. 1923 жылғы Канто зілзаласында бірнеше секундтың ішінде 254 мың үй қирап түскен, 150 мың адам қаза тауып, 3,5 миллион адам баспанасыз қалған. Сол жиырмасыншы жылдарда Жапонияда болып қайтқан орыс жазушысы Борис Пильняк: «Жапонның бүкіл тірлігі жер сілкінуге тіреліп тұр. Жер сілкіну жапон халқын дүние-мүлік алдындағы тәуелсіздіктен құтқарып, олардың өмірінен зат атаулыны алып тастады: халықтың психологиясы оны лақтырып жіберді... Жапонның материалдық мәдениеті ерік-жігерге, жапон халқының жұмылған жүйкесіне жиылды», деп жазған. Көшіп-қонып жүрген шағында біздің қазақ та дүние-мүлік дегеніңді жинай бермейтін еді ғой. Құрып кетеді-ау, көзі жоғалады-ау деген ойдың өзі жапондарды зат атаулыға басқаша қарауға мәжбүрлейтіні мәселенің бергі жағы. 1995 жылы барғанымызда Нагасакиде бір жапон отбасында қонақта болғанымыз бар. Профессор тұратын үйдің тарлығына бір таң қалдық, үйде ештеңе жоқтығына екі таң қалдық. Бәрі татамиде жатады екен. Көрпе жиятын бір шкаф, киім ілетін бір шкафтан басқа дәнеңе көзге түсе қоймады. Тамақ үстелінің өзі кәдімгі біздің аласа жозымыз, ас ішіп болған соң оны қабырғаға сүйей салады. Жетпісінші жылдарында барған жапон сапарынан «Тырау-тырау тырналар» атты тамаша кітап жазып қайтқан Әбіш Кекілбаевтың: «Бөлмеге енген соң шыпта татамидің үстіндегі төрт бұрышты жіңішке столдың қасындағы алақандай-алақандай шүберек бөстекке отырасыз. Ұятқа қалғыңыз келмесе, аяғыңызды көсіліп, не бір жағыңызға жантайып сұлай кетпеңіз, салмағыңызды екі тізеңізге салып, жүгініп отырыңыз. Сәл ғана шыдасаңыз, жапондар шетелдіктерді көп азапқа салмай, амандық-саулық сұрасқаннан кейін өз қолайыңызға қарай отыруыңызға рұқсат етеді. Жапондар өз үйіне қонақ шақыра бермейді, әлгіндей аядай бөлмеде көп қонақтың бәрібір жайы табылмайды», дейтіні содан. Әбекеңнің: «Қазақтан кейінгі амандық-саулықты ұзақ сұрасатын халық жапондар ма деп қалдым. Қазақтардың шұрқыраса амандасуының сыры кең далада арасы алшақ-алшақ отырып, жиын-тойда, не мал жоғалтып, жолаушы кетіп бара жатып кездеспесе, бір-бірімен көп жолыға бермейтін сирек ұшырасуда жатса, ал жапондардың ұзақ амандасуының сыры тағы да әлгіндей тар баспанада жатыр. Қоңсы отырғанмен бір-бірінің ошақ басын көре бермейтін болғандықтан, көңілдерінің түзу екенін көшеде кездескенде білдіріп қалады; әсіресе қоштасқанда қайта-қайта иіліп-бүгіліп, тағзым етіп, бірін бірі ұзақ уақыт жібермей қояды», дегені де дәл байқау. Өздері «Жапондардың электрлі техникасы киімінен жақсырақ, киімі тамағынан жақсырақ, тамағы баспанасынан жақсырақ», деп әзілдейтін көрінеді. Ал мәселенің арғы жағы құрып кетемін-ау, көзім жоғалады-ау деген ойдың өзі жапондарды өмірдің өзіне басқаша қарауға мәжбүрлейтінінде. Жанартаулардың атқылауы, жердің сілкінуі, судың тасуы, қардың көшуі, дауылдың соғуы жүздеген жылдар бойы жапондардың бойында ерлік, шыдамдылық, ұстамдылық, етітірілік қалыптастырумен келеді. Жаңағы табиғат катаклизмдері сонымен бірге халықтың бойында табиғатқа мойынсұну, белгілі бір дәрежеде шарасыздық, тіпті фатализм де қалыптастыруда. Өмірдің бағасын білгендіктен де жапондар тіршіліктің әр сәтін қастер тұтады. Жапон поэзиясының тұла бойы тұнған бір сәттік суреттер. Хайку атты жаңа жанр жасап кеткен ұлы Басёнің мына өлеңіне қараңызшы. Иә, өлең. Хайку небәрі үш жолдан тұрады. Бүкіл өлең сөзі дәл 17 буын болуы керек. Амалсыз орысшасын аламыз енді. Старый пруд. Прыгнула в воду лягушка, Всплеск в тишине. Болған-біткені осы. Ескі тоған. Құрбақа суға шолп етті. Тыныштық дір етті. Ұйқасы да жоқ. Ырғағы да жоқ. Бірақ бәрібір сурет көз алдыңызда қалып қояды. Будда ілімінде дыбыс пен тыныштық ерекше философиялық мәнге ие. Ол екеуінің от пен судай кереғарлығынан ғана емес, ол екеуінің бірінен бірі шығатындығынан. Дыбыс – тыныштықтан. Мына өмірдегінің бәрі тылсымнан, қуыстан шығады. Сонымен бірге тыныштық та дыбыстан. Дыбыс болмаса тыныштық та сезілмес еді. Тыныштық – мәңгілік. Бірақ сол тыныштықтың өзі ауық-ауық бұзылып тұрмаса, мәңгіліктің де мәні шамалы... Жаңағы құрбақа кенет суға шолп етпесе, бізді сол ескі тоғанның елжіретердей суреті де жалықтырып жіберер ме еді, кім білсін? Жалықтыру демекші, жапон графикасынан да, жапон дизайнынан да симметрияны жолықтыра алмайсыз. Симметрия – жапон үшін қайталаудың, жұптасудың белгісі. Оларда бәрі де асимметрияға құрылған. Жай ғана үстел үстіндегі гүл салған вазаның өзін олар сәл шетке ысырып қояды. Екінші адамның оны тағы бір тұсқа апарып қоюы мүмкін. Үшінші адам басқа бір тұсқа қоя алады. Сөйтіп, үстел мен ваза деген екі-ақ нәрсенің өзінен бәленбай түрлі дизайндық шешім жасалады. Ал біз ғой көзбен өлшеп тұрып жаңағы вазаны дәл ортаға апарып сарт еткіземіз. Енді оны қайта қозғаған адам ештеңені шамалай алмайтынның дәл өзі болып шыға келеді. Жапония жерін өз көзіңмен бір көрмейінше жапон жанын ұғыну, сезіну қиын болар, тегі. Шынын айтқанда, біз Жапонияның сыртқы суретін ғана білеміз. Біздің білетініміз – Фудзияма тауы, сакура гүлі, гейшалар, олардың кимоносы, жүрек жұтқан самурайлар, сумо мен каратэ, шай құю рәсімі мен икэбана... Оның өзін шала-шарпы білеміз. Мысалы, Жапонияға барып-қайтқан жолдастарына жігіттер «Гейшалар қалай екен?..» деп әзілдеп жатады. Гейша дегенің кәдімгі жезөкшенің өзі сияқты. Олардың Жапониядағы аты – юдзе. Ал гейша – жапон мәдениетінің биік үлгілерінің бірі. Атауы «өнер перзенті» деген мағына беретін «гейко» сөзінен шыққан бұл мамандықты игеруге оншақты жыл кетеді. Өйткені, гейша ерекше білімді болуға тиіс, кез келген тақырыптағы әңгімені жалғастырып әкету, қонақтардың көңілінен шығатындай әзілдесе білу, ән айту, би билеу, сурет салу, шай құю өнері, қимыл-қозғалыс пластикасы, киіну мәдениеті, қысқасы тән сұлулығы мен жан сұлулығының жарасымы – осының бәрі бүгінгі таңда дәстүрлі құндылықтарды сақтаудың бір кепіліне айналып отыр. Всеволод Овчинников жоғарыда аталған кітабында гейшамен кездесу кезінде сынау мақсатымен Бо Цзюйи шумағының алғашқы екі жолын қағазға түсіргенде гейша кейінгі екі жолын бірден-ақ жазып бергенін айтады. Ал Бо Цзюйи осыдан мың жылдан астам уақыт бұрын өмір сүрген ақын. Гейшалардың қашанда өсу, жетілу жолында жүретіні жалпы жапондықтарға тән. «Фудзи тауының 36 көрінісі» атты ғажайып серияның авторы – ұлы суретші Кацусика Хокусайдың: «Көзіме түскен нәрсенің бәрінің суретін салу құмарлығы маған алты жастан бастап тыныштық бермеді. Елу жасымда әр түрлі талай шығарма тудырған сияқты едім, бірақ ешқайсысына көңілім толмады. Нағыз еңбек жетпіс жастың шамасында басталды. Табиғатты шындап енді-енді жетпіс бес жасымда ғана түсініп келе жатырмын. Соған қарағанда сексенімде біршама тереңдік танытар үмітім бар, тоқсанға дейін сол мүмкіндігімді жан-жақты ұштап дамытуға тиіспін. Жүз жасымда менің түсінігім шын мәніндегі көркемдік түсінік деп мақтанышпен жариялай алатынымда дау жоқ. Ал егер маған жүз он жас бұйырса, жаратылыс сырын соншалық жете, шынайы тани білетіндігім әр сызығым мен ноқатымнан күлім қағып тұрар еді», дегені бар. Жапондардың қабылдампаздығы жайында көп айтылған, көп жазылған. Иә, экономикадағы модернизацияға байланысты айтар болсақ, олардың қабылдампаздығына дау жоқ. Әсіресе, соғыстан кейінгі жылдарда жапондар шет елдерден дайын технологияны талай сатып алған. Алайда олар тек пішінді қабылдайды, мазмұнды оңайлықпен қабылдай қоймайды. Рухани мәдениетке келгенде жапондар барып тұрған консерваторлардың дәл өзі. Мұнда әлі күнге жастардың негізінен ата-аналардың айтуы бойынша үйленетіні, тұрмысқа шығатыны соның бір көрінісі. Қоғамдағы ер кісі рөлі жөніндегі түсінік те солай. 1993 жылдың 9 маусымында император Акихито мен императрица Митиконың неке қию рәсімінен кейінгі өткізілген алғашқы баспасөз мәслихаты монархистердің бәрінің төбе шашын тік тұрғызған. Сондағылары... принцессаның күйеуінен тоғыз секундқа ұзақ сөйлегені екен. Одан кейін бүкіл жапон қоғамы жабылып жүріп императрицаны бойын сәл еңкіштеу ұстауға мәжбүрлейді. Сондағылары... бойының күйеуінің бойынан 3 сантиметрге биіктігі екен. Ақыр аяғында ел парламенті Конституцияға тақ мұрагері әйел адам болуы мүмкін деген түзету енгізу мәселесін көтеруге мәжбүр болады. Сондағылары... принцессаның жалғыз перзенті қыз бала екендігі. Абырой болғанда, 2006 жылдың қыркүйек айында жапон атаулы Жаратқан иеден жалбарынып сұраған ақжолтай хабар жетті: принцесса ұл бала туды. Император отбасында қырық жыл бойы ұл бала болмағанын ескерсеңіз, жапондардың қуанышын әбден-ақ түсіне аласыз. Жапон жұртының ерекше сабырлылығы көбіне-көп діннің ол қоғамдағы орнымен де байланысты. Мұнда халықтың негізгі бөлігі екі дінді – синтоизм мен буддизмді қатар ұстанады. Елдің өзінің түпкі діні – синтоизм. Буддизм әуелде Үндістанда пайда болғанымен Жапонияға конфуцийшілдікпен қосылып, алтыншы-сегізінші ғасырларда Қытайдан келген. Синтоизм жапондар бойында дүниеге, табиғатқа, адамдар арасындағы қарым-қатынастарға өзгеше көзқарас қалыптастырды. Ол дін бұл ұлтты табиғат сұлулығына сергектікке, тазалыққа, ең бастысы – ойшылдыққа, өзінің жан дүниесіне үңілуге үйреткен. Синтоистік храмдардың қай-қайсысына барсаңыз да аяқ астыңыздағы жол қиыршық тастармен көмкерілгенін көресіз. Әуелде шықыр-шықыр етіп, зықыңызды шығарады. Асфальттап тастаса қайтеді екен деп те ойлауыңыз мүмкін. Жоқ, өйтуге болмайды. Жаңағы жүйке жұқартатын шықыр сәлден кейін-ақ сіздің миыңыздан басқа нәрсенің бәрін қуалап шыға келеді. Сіз храмға бара жатып мына қара жердің бетінде не жатқанын ойлайсыз, бара-бара өзіңіздің не үшін жер басып жүргеніңіз жөнінде ойланасыз... Синто адамдарды өмірге бейімделе білуге шақырады. Мұның өзі жапондардың кез келген жаңалықты жатсынбауына, жаңару атаулының бәрін ұлт дәстүрімен жарастырып барып қабылдауына септесуде. Ал буддашылдықтан жапондар ең алдымен мына дүниенің жалғандығы, тіршіліктің тұрақсыздығы мен өтпелілігі идеясын алған. Жапондардың торқалы тойды синтоизм рәсімдерімен, топырақты өлімді буддизм рәсімдерімен өткізетіні сондықтан. Ең бастысы – бұлар екі діннің жарасымды жымдасуына қол жеткізе алған. Ең жақсысы – бұлар дінге түсіп те кетпейді, діннен күсіп те кетпейді. Дін жапон үшін әрі тарих, әрі дәстүр, әрі өмірдің өзі. А.Масловтың «Дзэн самурая» деген кітабын оқып отырсаңыз синтоның ұстанымы бойынша микидо (император) аспан рухтарының перзенті, ал әрбір жапон одан бір саты төмен тұратын рухтар – камидің перзенті. Содан барады да әр жапон аруақтар аманатына адал болуға тырысады. «Ар ұялар іс қылмас ақыл зерек» деп Абай айтқандай, ар ұялар іс қылса кешегі самурайлардай харакири жасамағанмен, қазіргі жапондардың ағайын-туғаннан алыстап, басқа қалаға көшіп кететін кездері де көп көрінеді. Олардың кез келген іс-әрекетінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен бір жағынан бабалар алдындағы, екінші жағынан балалар алдындағы жауапкершілікті сезінесіз. Жапон қоғамының кәдімгі сырт-сырт соғып тұрған сағат тетігіндей қызмет ететіні сондықтан. Жапон жерінде ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық ілуде бір кездесетіні сондықтан. Есіл тасып, ел сасып дейтіндей қазіргі күндерде де жапон халқының адамзатты айран-асыр қалдырған парасаттылық танытатыны сондықтан. Жапон елінің сын сағатта жұмылған жұдырықтай түйіліп, ұлы апаттың зардабымен күреске ұлт болып ұйысып тұрғаны сондықтан. «Жапонияны қайта қалпына келтірудің ендігі жауапкершілігі біздің мойнымызға түсіп отыр. Біз, жас ұрпақ, бірлесеміз де қажымай-талмай еңбек етіп, бұл трагедияны еңсереміз», дейді Интернет бетіндегі бір мақалада 24 жасар аспирант Мамико Симидзу. Дәл солай боларына сенеміз. Мұхтар Әуезов жиырма жасында-ақ дәл айтқан: жапондар «ылғи іске жаралған халық», «тарамыс жігерлі, зейінді жұрт». Мұндай жұрт қандай қиындықты да жеңбей қоймайды. P.S. Әңгімемізді түйіндердің алдында еліміз астанасын қайткенде де сейсмикалық қатері бар Алатау баурайынан жер сілкіне қоймайтын Арқа төсіне алып келген шешімнің қандайлық мәнділігін Жапония жеріндегі осы апат тағы бір танытып тұрғанын да еске сала кетуді артық санамадық. Айтқандай, біз осы мақаланы жазып бола бергенде, сәрсенбіден бейсенбіге қарайтын түнде, Астана уақытымен 02 сағат 19 минөтте Еуропа сейсмологиялық орталығы эпицентрі Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында, Бішкектен 33 шақырым жерде болған күші 4 балдық жер сілкінісін тіркеді. Бетін әрі қылсын! Дегенмен, сақтансақ – сақтайды.Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32