Баға Қостанайда да көтеріліп тұр. Жақында облыс әкімі Сергей Кулагин облыстағы ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен, ұқсату кәсіпорындарының басшыларымен, қалалардағы сауда орындарының, базарлар мен супермаркет иелерімен және азық-түлік түрлерін көтерме тасымалдаушылармен кездесу өткізді. Әрине, әңгіме қазығы облыс өңірінде өндірілетін және сырттан әкелінетін әлеуметтік маңызды тауарларға бағаны тұрақтандыру мәселесіне байланды.
Кедесуде облыс басшысы аймақ экономикасын және әлеуметтік саланы дамытудағы бизнестің қосқан үлесіне лайықты баға берді. Өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығын, халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында кәсіпкерлермен бірлесе, түсіністікпен жұмыстар атқарылғандығын да атап өтті. Жалпы, бизнесті дамыту үшін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау, жеңілдіктер де ауыз толтырып айтарлықтай.
Облыс әкімінің орынбасары Н.Сәдуақасов кездесуге қатысушыларды ауылшаруашылық жылының қорытындыларымен таныстырып өтті және өңірдегі азық-түлік тауарлары бағасына талдау жасады. Облыста бағаның божысын босатпау үшін аз жұмыс атқарылған жоқ. Тұрақтандыру қорының арқасында тек биыл ғана емес, бірнеше жылдан бері нан мен нан өнімдеріне баға бірқалыпты деңгейден өзгерген емес. Биыл да облыс қалалары мен ауылдардағы кез келген дүкендерде нанның бағасы көтерілген жоқ. Қымбатшылық салқынын білдірмеу мақсатында әлеуметтік дүкендер мен сауда нүктелері жеткілікті мөлшерде ашылды. Сонымен қатар республиканың өзге облыстары мен жақын шет елдерден көкөніс жеткізу орталықтандырылды, қоғамдық мал мен ауыл-селодағы жеке қожалықтар үшін жемге субсидия берілді. Республикалық бюджет есебінен облыста төрт жүзден аса шаруашылық қаржылай көмек алды.
Облыс басшылығы үстіміздегі жылы аймақта азық-түлік молшылығын жасау үшін бірқатар жұмыстар жоспарын жасап отыр. Сүт және ет бағытындағы мал және құс шаруашылығы бағдарламасы жүзеге асуда. Алдымыздағы көктемгі дала жұмыстары кезінде картоптың және көкөніс алқаптары кеңейтілетін болады. Көкөністі сапалы сақтау мақсатында қоймалар жасақталады және осы бағытта бірнеше құрылыс нысандары да жоспарланып отыр.
Кездесуде облыс әкімі бағаны тұрақтандыруда өздерінің қаржылық-экономикалық жағдайы мәз еместігіне қарамастан бұрынғы қалыптасып қалған дәстүрмен аудандардағы ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер үлкен жауапкершілікті арқалап жүргенін айтты. Сондықтан облыс басшысы бар жүкті өндірушілерге арта бермей, ұқсату кәсіпорындарын да азық-түлік бағасын құрықтауға жауапкершілікпен атсалысуға шақырды. Ол жауапты адамдарға еттің сатып алу және сатылу бағасын қадағалауды тапсырды. Өйткені, бағаны көбіне ортадағы алыпсатарлар аспандатып жібереді. Мысалы, Қостанай ауданында село тұрғындарынан килосын 350 теңгеден сатып алған шошқа еті Қостанай қаласындағы орталық базарға келгенше 600-700 теңгеге өседі. Басқа ет түрлері мен өткен жылы құрғақшылық болуына байланысты тапшылық танытып отырған картоп бағасы да осылай құбылады.
Кездесу соңында әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мақсатында облыстағы «Иволга-Холдинг», «Арай Холдинг», «Милх» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Қарасу–Ет» сауда-өндірістік компаниясы, тағы басқа да ірі ұқсату кәсіпорындарымен, сауда орындарымен екіжақты меморандумға қол қойылды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.