ҚР Парламентінің Мәжілісі пленарлық отырыс барысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстан Республикасында Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын құру (2-санат) туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдады.
«Келісімге 2012 жылы Астана қаласында ЮНЕСКО бас директорының ҚР-ға ресми сапары барысында қол қойылды. 17 мемлекеттің ішінен Қазақстанды таңдау ЮНЕСКО-ның Қазақстанның гляциология саласындағы жетістіктерін мойындауы болып табылады», - деп хабарлады заң жобасын таныстырған ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.
Министрдің айтуынша, бұл орталық Орталық Азия елдері ғалымдарының зерттеу бойынша күштерін біріктіруге және үйлестіруге арналған.
«Қазіргі уақытта ҚР БҒМ гляциологиялық орталық құру үшін қажетті барлық іс-шаралар кешенін орындады. ҚР Үкіметінің келісіміне сәйкес, орталықты қаржыландыру үшін қажетті қаражат бөлінген. Қазақстан үшін осы орталықтың құрылуы өте маңызды. 2016 жылы 95 млн теңге бөлінген», - деді Е. Сағадиев.
Сонымен қатар министр мұндай орталықтың әлемде алғаш рет құрылып жатқанын айтты.
«Мұндай орталық әлемде алғаш рет құрылуда. Құрамы әр 5 жыл сайын өзгеріп отыратын басқарушылар кеңесін құру жоспарланып отыр. Орталықтың басқарушылар кеңесінің құрамына ЮНЕСКО екі өкілін және ҚР-дан 5 өкілді қосу жоспарлануда», - деді министр.
Оның айтуы бойынша, Қазақстанның ғалымдары 60 жыл бойы осы салада зерттеулер жүргізуде.
«Орталықтың құрылуы су қауіпсіздігі, сондай-ақ климаттың өзгеруі проблемалары бойынша жүргізіліп жатқан зерттеулердің деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. География институтынан орталықта жұмыс істеу үшін алдын ала 43 маман іріктелген, олардың 52,4%-ы жас мамандар. Орталықтың құрылу кезеңінде қызметтік үй-жай, жабдық, бағдарламалық қамтамасыз ету және техникалық құралдарды география институты бөледі», - деп мәлімдеді министр.
Атап өтейік, Орталық Азия өңірлік гляциология орталығы (2-санат) ғылыми-зерттеу қызметін үйлестіруді нығайту жөніндегі функциялар мен міндеттерді орындайды, ғылыми зерттеулерді жүзеге асырады, өңірлік ғылыми-зерттеу бағдарламаларының әзірлемелерін көтермелейді.