19 Қаңтар, 2017

Телефон алаяқтары титықтатты

1177 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Телефонмен-ақ аузыңды аңқитып кететін алаяқтар кез келген өңірде бар. Адамның сеніміне кіруді шебер меңгерген олар жиған-тергеніңізді әп-сәтте үптеп кетуі мүмкін. Бір ғана Қарағанды өңірінде былтырғы жылы телефон алаяқтарынан 23 адам зардап шегіп, жалпы сомасы 1 миллион теңгедей қаражатынан айырылған. Облыстың Ішкі істер депар­таменті 2016 жылы орын алған сондай қылмыс түрлерін жария етті. Әлгі айтқан оқиғалардың тоғы­зында алаяқтар аңқау азаматтардың үй телефонына қоңырау шалып, өздерін құқық қорғау орган­дарының қызметкерімін деп таныстырып, тұтқаны көтерген адам­ның ет жақын адамының әлде­б­ір қылмыс үшін ұсталғанын және соны құтқару үшін белгілі бір сома қа­жеттігін айтып, «қармаққа ілген». Тағы да тоғыз оқиғада қылмыс­керлер телефон иесіне оның туысы немесе өкілі болып хабарласып, қарызға немесе бір бағалы затты сатып алуға жетпей тұрғанын жеткізіп, өлердегі сөзін айтып ақша сұрап алдаған. Одан басқа үш жағдайда тұтқаны көтерген адамға оның қомақты ұтысқа ие болғаны хабарланып, оны алу үшін хабарлаған ұялы телефон нөміріне бірлік салуы сұралған. Ал тағы екі жағдайда қоңырау шалған алаяқ қайсыбір қызмет үшін ақы төленуін талап етіпті. Әлбетте, бұл оқиғалардың бірде-бірі бойынша айыпталушы тұрмақ, күдікті де ұсталған жоқ. Оның басты себебі – зардап шеккендердің ішкі істер органдарына тым кеш хабарлауы болып отыр. Телефон арқылы жасалған 23 алаяқтықтың үшеуі бойынша қылмыстың ізі анық­талмағандықтан, тергеу-іздестіру амалдары мүлде доғарылды. Қалған жиырмасы бойынша да еш күдікті қолға түспегендіктен, қылмыстық істерді уақытша тоқтату туралы шешім қабылданған. Қолдан келетіні: қазір халық мейлінше көп жүретін орындар мен қоғамдық көліктерде телефон алаяқтары туралы сақтандыру ақпараттары жарияланып жүр. Оның үстіне, полиция қандай да бір ұтыс ойынын жариялаған ресми ұйымдастырушы сыйлық үшін, оны жеткізіп беру мен құжаттарын рәсімдеуге ешқандай қаржы талап етпейтінін ескертіп отыр. Десек те, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бұған дейін де қаншама рет хабарланды. Аңқау азаматтар сонда да сенгіштігін қояр емес. Сенім жақсы қасиет дегенімізбен, оның осындай бір опық жегізер тұстары да болатынын естен шығармаған абзал. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ