19 Қаңтар, 2017

Ауыл мұғалімінің ахуалы

373 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақ поэзиясының алыбы Қадыр Мырза Әлі «Біз өте дарынды, талантты халықпыз» деген еді. Сол таланттардың дені ауылдан шыққаны да дау туғызбайды. Қауырсын қанат қабілетті жеткіншектерді тәрбиелеп, білім беруде ауыл мұғалімдерінің еңбегі айрықша. Ал, осындай ерен еңбек жасап жүрген ауыл мұғалімдеріне қолдау мен қамқорлық қай деңгейде?  Алдымен ауыл мұғалімінің тұр­мысы жайлы айтсақ. Қала­мен салыстырғанда ауыл тұр­­­ғындарын толғандыратын тір­ші­лік түйткілдері көп. Әлі күнге дейін көгілдір отынды тұтыну мүмкіндігіне жетпеген, қыс кезінде қи, тезек, көмір жағып отырған ауыл тұрғындары бар. Ауыл мұғалімдерінің де көрген күні осы. Есіл уақыт отын кіргізіп, күл шығаруға кетеді. Оларға отын алуға жұмсаған шығыны да өтелмейді. Ауыл мұғалімдерін қолдаудың жолы қандай? Қазір ауыл әкімдіктерінің бюджеті бар. Қаражат ауылдарды көркейту мен абаттандыруға жұмсалмақ. Сол қаржының белгілі бір бөлігі ауыл мұғалімдеріне отын алуға және коммуналдық қызмет тө­лем­дері үшін бөлінсе дұрыс бо­лар еді. Ауыл мұғалімдерін қаржылай қолдаудың мұндай үлгісі бұған дейін болған. Соны қайта жаңғыртса қайтеді? Ауыл мұғалімдері үшін үлкен қолдау болар еді. Білім және ғылым қыз­мет­кер­ле­рі кәсіподағының өңірлерде ұйым­дары бар. Сол арқылы да ауыл мұғалімдерін әлеуметтік қол­дау мәселесін шешуге болады емес пе? Өңірлердегі білім беру сала­сы­ның өкілдеріне әлеуметтік же­ңілдіктер жасау – олардың мәр­тебесін көтерудің таптырмас бір жолы. Мұның сыртында білікті кадрларды ауылда тұрақ­тан­дыру деген маңызды мәселе тағы бар. Ауылдық жерде тұрып қызмет жа­сайтын педагог-мамандарға әлеу­меттік жеңілдіктер туғызу ісін­де салалық кәсіподақ ұйым­ла­рының рөлін арттыру да кезек күттірмейтін іс. Республиканың кез келген өңірінде білім және ғы­лым қызметкерлерінің басын құ­райтын кәсіподақ бірлестігі сол аймақтағы ең ірі салалық ұйым болып табылады. Батыс Қа­зақстан облысы бойынша 28 мыңға жуық мұғалім кә­сіп­одақ ұйымының мүшесі. Об­лыстық білім және ғылым қыз­меткерлері кәсіподағының таяуда өткен пленумында ауылда тұратын мұғалімдерге әлеуметтік жеңілдіктер жасау жөніндегі мәселе орынды көтерілді. Сала­лық кәсіподақтың төрағасы Марат Даупаев оған мүше ауыл мұ­ға­лімдеріне сауықтыру және де­малыс орындарына жолдама беру әрі олардың балаларының жаз­ғы демалыстарын ұйым­дас­ты­ру мәселелері ұдайы назарда екенін атап көрсетті. Енді ауыл мұғалімдеріне әлеуметтік қар­жылай көмек жасалса, тіпті дұ­рыс болар еді. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы