Ұрпақ тәрбиесінде ұстаздың орны бөлек қой. Кейде ата-ана бере алмаған тәлім мен тәрбиені мұғалім үйретіп жатады. Жақсы мұғалімге қарап бой түзеуді әр бала өзіне парыз санайды. Мен мұны өз балаларымның өсу жолынан көріп-біліп жүрмін. Біздің бала кезімізде оқушылар лагерьге жиі барып тұратын. Қазақ балаларымен бірге өстік. Содан да болар, мемлекеттік тілді өзім де, балаларым да жақсы біледі. Талғар қаласындағы Жамбыл атындағы №6 мектептің 10-сыныбында оқитын қызым Ангелина Гайворонская Көкшетаудың Бурабайындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру кешенінде жиырма күн болып қайтты. Жақсы достар тапқанын, білімді ұстаздардан сабақ алғанын, мейірімді тәрбиешілерден үлгі үйренгенін үзбей айтып жүр. Әр пән мұғалімі оқушыға қажеттің бәрін жасапты. Тақырыптар бойынша өткен сабақтардың тізбесін, алған бағасын, мінездемесін қолына ұстатыпты. Мен соның бәріне қарап отырып еліміздегі бірден-бір кешеннің осындай жұмысына риза болумен қатар, алғысымды айтып хат жібердім. Бурабайдың әсем табиғатының аясында өткен сабақ, үйренген тәрбие баламның мәңгі есінде қалатын секілді.
Мен бұрын Көкшетауда «қазақ артегі» жұмыс істейді дегенді еститінмін. Сөйтсем, ол «Балдәурен» оқу-сауықтыру кешені екен. Біздің бала кезімізде Қырымдағы Артекке бару әр оқушының арманы саналатын. Енді міне, тәуелсіз елімізде де сондай «артек» жұмыс істеп жатыр екен. Осы арада, айтар бір ұсыныс-пікірім – «Балдәурен» оқу-сауықтыру кешенінің бөлімшелерін барлық өңірлерден ашып, соның бәрінде де оқушылар демала жүріп білімін жалғастыратын мектептер ұйымдастырса, нұр үстіне нұр болар еді. Тіпті, сол бөлімшелерде жақсы жағынан көзге түскен оқушыларды «Балдәуренге» жіберіп жатса, оқушылардың мәртебесі көтерілер еді. Оны «қазақ артегі» деп атасы да еш артықтығы жоқ секілді. Бұлай деуіме себеп, еліміздегі барлық оқушыларды «Балдәуренге» жіберу мүмкін емес екені белгілі. Оның үстіне, Бурабайға барып қайтуға кез келген оқушының жағдайы да көтере бермейді. Бір сөзбен айтқанда, мектептегі ұстаздар секілді балалар демалып, оқитын кешендегі мұғалімдер мен тәрбиешілерге де ілтипат білдіру керек. Оның үстіне мен «Егемен Қазақстан» газетін үзбей оқитындардың қатарындамын. «Білім», «Тәлім» бөлімдерінде ұстаздар туралы көп жазылып жүр. Мен де бас басылым арқылы ұстаздар қауымына алғысымды білдіруді міндет санадым.
Татьяна ГЛАДКИХ
Алматы облысы,
Талғар қаласы