25 Наурыз, 2011

Қазақтың жырымен жылындым

749 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Қазақстан бүгінде жүзден аса ұлттың өкілін бауырына басып, Тә­уелсіздіктің торқалы тойын өт­­кізгелі отыр. Дархан көңілді осы халықтың бар мейіріміне бө­ленген орыс қыздарының бірімін. Менің өмірім осы елмен етене. Қыз бұрымындай құлдилай ағатын Жетісудың жеті өзені бас алатын Алатаудың етегіндегі Үш­­қоңыр жайлауында өмір есігін ашып­пын. Шамалғанның тау шат­қа­лындағы «Шұбаратта» ба­ла­лы­ғымның базарлы сәті өтті. Шешем Ирина Иосифовна Үш­қоңыр биокомбинатында жұмыс істеді. Осындай сәттерде Рақыш Ботамбаев атамыздың үлкен ша­ңы­ра­ғында қалатын едім. Кіші ба­ласы Сайлаумен түйдей құр­дас­тығым тағы бар. Анасы Шәлі апам екеуімізді егіз емізіп, еркелетіп бақты. Анаммен дос-жар, сырлас еді. Өмір­лерінің соңына дейін сый­ласып өтті. Зура апа да жадымда. Ертек айтып, ән са­лып жұ­ба­та­тын. Тентектік жа­са­сақ, «Шоң әже Тәтебала келе жа­тыр» деп қор­қытатын-ды. Жүз­ден асып, өмір­ден озды жа­рықтық. Зура да, сіңлісі Шәлі апам да қырғыздың қыздары еді. Дастархандары жи­ылмайтын, жоқ­­тан бар жасап, ас даярлап, торғайдың балапан­да­рын­дай ұшып-қонып жүрген бізді әр­қашан аялайтын. Кейінірек бә­ріміз 1 Май ауылына бірге кө­те­р­іле көштік. Зердемнен орын алып, ойым­нан кетпейтін жан құрбым Әл­кемайдың шешесі Шаматай апа. Олар таң қылаң бере жұмысқа кетіп, қас қарая белін шешетін. Кешкісін шетен, тобылғы, қы­зыл тікеннен отындарын арқа­лай келетін. Біз үшін тандырдың ыстық күліне піскен қызыл­ша­дан тәтті ештеңе жоқ сияқты еді. Бетіне талқан се­бетін. Шаматай апамның қол диірменіне әйелдер кезекпен бір уыс бидайларын тартуға ба­ра­тын еді. Шаматай апа диір­мен­нің тасын айнал­ды­рып, өлең құ­рап, әндететін. Жи­налғандар көз­дерін сығып, жан жарасы же­ңілдегендей күй кешетін. Май шамның жарығымен бірі шұлық тоқыса, бірі жамау салатын. Со­ғыстан келмеген ер-азаматты са­ғына еске алатын. Сон­дағы жесірлер салған ән, ұзақ-сонар дастан, айтыстар кө­кейімнен әлі де кетпейді. Өлеңге деген құ­мар­лы­ғым сол кезден басталған-ау ша­масы деймін. Өткен жылы жетпіс жасқа кел­дім. Торқалы тойыма тарту бол­ған Қарлығаш қызымның «Чувств, мыслей, слов моих полет» деген өлеңдер жинағының жарық көруі. «Сезімімнің, ой мен сөздің самғауы» деп қа­зақ­шалап, өлеңдерін аз-аздап ау­да­рып жатқан жайым бар. Мені дер кезінде өлең, жыр­дың өлкесіне тәрбиелеген ұстаз­дарым болды. Алдымен қазақ­тың кәусар сөзіне тілімді келтірген, бірінші сыныптағы мұға­лі­мім Бекболат батырдың немере қызы Күлтай Досым­бек­қы­зы­ның аруағына әрқашан бас иемін. Ал, айтыс өнеріне алғаш бау­лыған кім десеңіз, оны та­ратып айтайын. Қызылордадағы педучилищеде оқып жүрген кезім. Ле­ниннің 90 жылдығы болуы ке­рек, алпысыншы жыл ша­ма­сы. «Асқар Тоқмағамбетов деген ірі ақын келеді. Барлықтарың ой­ларыңда не бар, бәрін жа­зың­дар, сахнаға шығып өнерлеріңді көр­сетіңдер» деген тапсырма берілді. «Отан қызы» деген қа­быр­ға газетін шығаратынбыз. Сонда менің «Тұңғыш сөзім» деген өле­ңім жарияланды. Ленин ту­ралы. Соны оқыдым. Ақын аға: «Маған сәрсенбі сайын жас ақын­дар келеді. Редакцияға өлең­­деріңді әкел, көрейік, оқи­ған» деді. Ол кезде жасы ал­пыс­тан асқан кезі. Содан бір дәп­терді толтырған өлеңімді алып бардым жаңағы жиынға. Балашбек бар, Жанұзақ бар, Серік бар, Қомшабай бар, бәрі жиналыпты. Өлеңдерімді оқып берейін десем, әлгі балалардың өлеңі бас­қа, менікі басқа сияқты. Содан кейін «Соңынан көрсетейінші», дедім. Олар кеткеннен кейін Асе­кең өлеңдерімді көрді де буын, шумақ деген не екенін түсіндірді. Көп ұзамай Сырдария аудандық комсомол комитетінің хатшылы­ғына сайландым. Қолым тигенде жи­ынға барып тұрдым. Сөйтіп, бірте-бірте ақын қыз атанып қал­дым. Содан Асекеңе барғанда ол кісі айтар сөзін өлеңдетіп қоя беретін. Мен де ол кісіге өлеңмен жауап беруге тырысатын едім. «Ой­пырмай, кісі топырағына тарт­пай қоймайды екен-ау», дейтін жа­рықтық. Кейін білдім ғой, Сүйінбай мен Жамбыл топырағынан жа­рал­ға­нымды. Шамалғанда тудым. Үш­қоңырда өстім. Қаскелеңдегі Абай атындағы орта мектепте оқыдым. Сыр бойына барып, небір Сыр сүлейлердің ұшқыны тиген болар. Әйтеуір, айтыс өне­рін­де бағымның жануына осы­лар­дың бәрінің және Асекеңнің септігі тигені анық екенін жас келгенде біліп отырмын. Баукеңнің де орны бөлек. Өт­кен ғасырдың 64-ші жылы Шым­кент­те өлкелік айтыс өтті. Оған Ас­қар Тоқмағамбетов, Әбділда Тә­жібаев, Мұхамеджан Қаратаев, жалпы бүкіл Жазушылар одағы көшіп барғандай болды. Марқұм Әзілхан Нұршайықов қатысты. Баукең оңдайдан әсте қала ма. Өзі айтыс жаңадан көтеріліп жатса, қалай келмесін. Ол кезде бүгінгідей дүрмекті, аузымен құс алған жігіттер жоқ па деймін. Мені алпыстағы шалмен айтыстырды. Жалпы, менің маңдайыма үлкендермен айтысу жазылғандай. Ал шалдардың қан­дай екенін білесіз ғой. Сөздің кені емес пе? Мысалы, бірде Мұқаш Байбатыровпен сөз қағыстырдық. Маған қарсылас шықпаған соң, залға «Менімен айтысатын адам болса шығыңдаршы, мына қо­лым­дағы алтын жүзігімді берейін» дедім. Тыпыр етіп, жақ ашқан жан болмады. Содан сексен бестегі Мұқаш атам елеңдеп, намыстанып домбырасын қағып-қағып жіберіп, өлең төкті. «Қой, жас келін екенсің, бірдеңең жұ­ғып жүрмесін» деп домбырасын сүйей салды. Мен: Келіннің кетеді екен несі жұ­ғып, Ақсақал, кетті білем есің шығып. Даусыңыз өршілдеу боп шық­қан­менен, Ататай, барасың ғой төмен бұ­ғып... Қыз десе тоқсандағы аунайды екен, Көне шоқ тау суымен ойнай мА екен. Орыстан бұл Надежда туғаннан соң, Шалдан да жеңіледі деп ойлай ма екен, – дегенімде, «Ей, кемпір, қайдасың? Мына қызды үйге ша­қырайық!» деп бүкіл жинал­ған­дарды дүр сілкіндіріп, күлдірді. Оңтүстік өлкелік ірі айтыста менімен айтысқан Тастан Жол­да­совқа «Өй, баламен айтыса ал­ма­ған мұртты» деп Баукең қатты рен­жіпті. Содан мені Баукең ша­қырды дегенде қатты абыржып қалдым. Ол орналасқан қонақүйге жалғыз барудан сескеніп, ерте­ңі­не Роза апайымды (ғалым Шам­ға­ли Сарыбаевтың қызы) ертіп барсам, Кәмаш жеңгей екеуі мейрамханада отыр екен. Роза апайға «Бір­ге кірейік» десем, «Жоқ, өзің кіре берші. Мен ол кісіден қор­қамын» деді. Баукеңнің өзі түгіл, мұртының әр талы сұс білдіріп тұрғандай кө­рінді. Қазақтың біртуар аза­ма­ты еді ғой. Қасына бардым. «Аға, шақыртқан екенсіз» деп едім. «Отыр, қыз, тамақ ішесің бе?», деді. Даяшы қызды шақырып, «Мы­на қызға шоколад әкел» деді. Дая­шы қыз алдыма сиырдың тіліндей шоколадты әкеліп қойды. Сосын Баукең «Кәмаш, сен ай­тасың ба, мен айтам ба?», деді. «Айтсам бы­лай, менің де өнерлі жалғыз ұлым бар. Газетте істейді. Соған мына Асқар Тоқмағамбетов бар, Жар­қынбеков Қаржау деген бар, солардың бәріне құда түстім. Шең­гелдің гүлі қата, әкеңе қырық қара айдап барам, балама сені қо­лайлап отырмын», деді. Тура осы­лай сөйледі. Содан үндегенім жоқ, шоколадын алдым да шығып кет­тім. Баукеңмен болған осы әң­гімені Нұршайықов Әзағаң өзінің «Ақиқат пен аңызында» жазды. Әлгі айтыста Әбділда аға төр­аға. Бәйгені үлестіріп жатқан. Бә­рімізге қол сағат берілді. Ғалым Мамытбек Қалдыбаев­қа Баукең айтқан бір сыр: «Хал­қым­ның тілі мен дәстүрін ту етіп айтысқа түскен орыс қызы На­деж­да Лушникованың өнерін тұң­ғыш тамашалағанымда тұла бо­йым шымырлап, жанарыма жас үйі­рілді. Ал айтыс соңында На­деж­да өнерін елеусіз қалдырған тө­решілер алқасының әділет­сіз­ді­гі­не ыза болғаным сондай, ор­ным­­нан ұшып тұрып «Бас бәйге сенікі, Надя қызым!» деп көп жыл­ғы сенімді серігім – алтын са­ғатым­ды қолына таққаныма қуа­нам». Ағаның сағатын қа­йыр­дым. Ай­тыс соңынан «Лира» ал­тын саға­тын сыйлады. «Надя, ше­берлігің үшін» деп жаздырыпты. Сол са­ғат қазір мұражайда. Келін боп түскен босағам Сә­мен батырдың ел-жұрты. Ха­лық ақыны Әсімхан Қосбасарұлының ауылы. Айтыстағы қарсылас әріп­тесім, халық ақыны Әлімқұл Жам­­быловтың өніп-өскен жері. Кенен Әзірбаевтың 100 жыл­дық мерейтойының қарсаңы. 1984 жылы Алматы облысы атқару ко­митетінің орынбасары қызметіне Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз келді. Қазақтың маңдайына берген азамат еді. Сырдария аудандық комсомол комитетінде хатшылыққа сай­ланғанымда, Өзекең ком­со­мол­­дың Орталық комитетінде бас­шы болатын. Кейін, 1971 жылдың ба­сында Қазақстан Ленин ком­сомолы сыйлығын қо­лынан ал­дым. Сол кезде екі жеке өлеңдер жинағының авторы атан­ғанмын. Кенекеңнің тойына дайын­дық­ты, яғни қатысатын барша ақын­дардың киім-кешегінің түр-түсіне дейін таңдап, тіккізді. Он күн бо­йы ай­татын өлең-жырымызды са­раптады. Сол жолы ағамызға Үм­бетәлі Кә­рібаев туралы айтып, му­­зей ашылса деген тілегімді жеткіздім. Тойдан соң көп ұзамай Өзекең хабарласты. «Ашайық, бірақ өзің басқарасың», деді. Қыркүйектің 11-і күні музейді қолға алдым. Ақынның үлкен қызы Зейнеп әпкемізбен жұмысқа кірістік. Сы­ладық, ақтадық, екі бөлмелі үй «пи­яздай» болды. Құрылысы бас­талған мұражай 1986 жылы аяқ­талды. Сол кезде өнерге ақ жол тілеп, ағалық қамқорлықпен қа­раған Өзбекәлі Жәнібекұлы екенін ұмытпаймын. Кеңес өкіметінің алғашқы жыл­дарында шекара асып, Қы­тайға босып кеткен бауырларды қайыруға көп септігі тиген Үм­бетәлінің жырлары ел құлағында. 1946-1947 жылдары Қытайдың СУАР-ынан бір топ өнер иелері қыдыра келгенде, өкімет адам­да­рынан Үмбетәлі ақынды сұрайды, үйіне барып, «жыр жорғасына» сәлем беруге ниет білдіреді. Осы жылдары «Қазақ елі» аталатын араб әрпімен басыла­тын, Мәскеуден шығып, Қытайға тарайтын газетте Үмбетәлі мен Жамбылдың өлең-дастандары ба­сы­лып, артынша, Мәскеудегі баспаханадан арабша жазумен Үм­бетәлінің жыр жинағы шықты. Редакторы Исабеков. Музейге ақын­ның көп жылдар бойы сақ­тап келген қадірлі жәдігері – жыр жинағын, Мәскеуде шығару жа­йындағы келісім-шартын, «Қазақ елі» газет-журналының бір да­на­сын, естелігін арнайы сыйға тарт­ты. Не деген ұқыпты азамат де­сеңші, көзінің қарашығындай қы­рық жыл бойына бір парағы бүк­телмей сақтағаны. Көрме залының ортасында қал­­пақ пен китель киген Үм­бет­әлінің бюсті. Оншақты жігіт кө­те­ретін бабадан жеткен мұра – қа­ра­шаңырақ төбеге қадалып, бас­құр, шаша­ғы­мен сол күйі тұр. Бұл тұсқа қырғыз күйшісі Мұ­рат­әлі­нің қомузы, Таң­жарық сыйлаған бүйірлері ойық болып келген, тұ­тас өрік ағашынан шапқан дом­быра, Жамбыл ата­мыздың күй­лерін бізге жеткізген, жерлесіміз, атақты күйші Қы­дыр­қожа Шор­танбаевтың домбырасы, өзге де ауданымыздың ақын-жазу­шыла­ры­ның сыйға тартқан кі­таптары бар. Музей алдында Үмбетәлі мен Нұрила ақындарға арналған ескерткіш тұр. Енді айтулы екі ақынның қайталанбас ғажап ай­тысы туралы айтайын. Бұл 1921 жылдың жазында, революциядан кейін есін жаңа жиған халық алғаш тамашалаған айтыс еді. Облыс басшылары да ақын­дар кірген үйге жайғасады. Тайсалмас жорғалар бас қосқан мерекеде Жамбыл бастап, өлеңнен шашу шашады. Осы айтыста Нұрила сөз асылын төгеді. Мен болсам Жантудағы Нұ­рила ақын, Шығандап шырқағанда  шықсын даңқым. Құбылтып ырғағымен даусым әнді, Тыңдасын ынтасымен сүйіп халқым. Үмбетәлі ықтан гөрі жел өтін, ылдидан гөрі өрді сүйетін нағыз дауылды дарын иесі. Өт­кір сөз ал­масымен көзді ашып-жұм­ғанша торғай ілген қыр­ғидай талай ақын­дарды іліп, жүлдеге ат, түйе алып жүргенін бұл өңір түгел білсе де, Нұрила бұл жолы ешкімнен қаймығатын емес. Қиядан түлкі алған сұң­қардай шабытты. «Әри­не, ай­тыс­паймыз Жамбылменен, бас­қасының бай­қасам нарқы тө­мен» деп түй­регені жанына тиген Үмбетәлі: Сүйегімнен Бармақтың сөзі  өтіп, Табаныма зырқырап барды жетіп. Жамбылдан басқа ақынды көзге ілмей, Делебемді қоздырды екпіндетіп... Ала сөйлеп әркімді омырауға, Ұшырадың, Нүрік-ау, үлкен дауға. Аттан байтал аптығып озған  емес, Сұрамаспын сондықтан сенен сауға, – дейді. Осы айтыста Жамбыл «Нұрила жеңді» деген төрелігін өзі айтып, ризалығын білдіріп, «Тербеткен жүрегімді жас баладай, құлағымда тұрады осы даусың», деген екен. Үмбетәлі Кәрібайұлы 1916 жылғы Бекболат Әшекейұлы бас­таған көтеріліске қатысып, жыр­шы-жаршысы, үгітшісі бо­ла­ды. «Бекболат» дастанын шы­ғарды, оның Иса Дәукебаев деген жамылғы атымен (псевдоним) тараған бұл дастаны мектеп оқулықтарына кірген. Дастан қазақтың асыл қазынасына айналған. Осынау айтулы оқи­ға­ға арнап жасалған көрмеде кө­терілісшілер қолданған айбалта, білтелі мылтық, шоқпар сияқты қолдан жасалған қарулар, заттар сақтаулы. Сондай-ақ, бар ғұмырын автоклуб меңгерушілігіне арнаған кино қойып, жыр-дастан төккен, дүлдүл ақын Әсімхан Қос­ба­са­ров пен Әлімқұл Жамбылов жыр­лары жи­настырылды. Нә­ти­жесінде Әсімхан ақынның «Жам­­былдан алып ба­таны» жә­не Әлекеңнің «Сырлы қызыл домбыра» атты кітаптары жарық көрді. Қолжазбалар мұ­ражай қо­рында сақтаулы. Мұражай сәні де, мәні де са­налатын бір көрме – ол ауы­лымыздың құрметті азаматы, ұшқыш-ғарышкеріміз Талғат Мұ­­­сабаевқа арналған. Үмбетәлі Титовқа арнаған (1961 ж.) өле­ңінде «Сенен де биік ұшады, немерем мен шөберем» деп келетін өлең жолдары бар. Көріпкел ақын ғой. Көрмедегі теңдесі жоқ материалдар, ғарышкердің ұшу сапарында киген киімі, қол са­ғаты, кітаптары, қолдан кестеленген эмблемалары, бәрі де өз қолынан табыс еткен бұйымдар. Еңбектің үлкен-кішісі бол­май­ды. Оны ел-жұрт елеусіз қал­дырмайды. Өткен жылы «Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері» атағын Елбасының қо­лынан алдым. Тәуелсіздіктің тәт­­ті дәмін елмен бірге таттым. Отағасы Тұрлыбекпен 45 жыл отастық. Бетіме жел болып тимеді, сыйласып өттік. Шүкір, қазақ туған құдағиындай, құрақ ұшып күтеді. Ол да болса, қа­зақтың бір ауыз жырының ұла­ғаты, еліміздің сөз сый­лай­тын таптырмас қа­сиеті. Менің де жүрегім қазақтың жырымен жы­лынғанын мақта­ныш­пен ай­тамын. ... Болсын деп жыр көгінде зор құлашың, Жамбыл атам берді өзі домбырасын. О, дала, жомарт дала, гүл бағыңа, Сен әлі сан бұлбұлды қон­дырасың, – деген Жамбыл атама арнау жырыммен аяқ­тайын. Тә­уелсіз елдің көк­бай­рағы биікте болып, айы оңынан тусын. Надежда ЛУШНИКОВА, Үмбетәлі мұражайының шырақшысы, ақын. Алматы облысы.