25 Наурыз, 2011

Сайлаушының санасы биік

390 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтында қазақстандықтардың электоралдық ар­тық­шылық берулеріне арналған социологиялық зерттеуінің екінші кезеңінің нәтижелері таныстырылды. «Демократия инс­ти­туты» тәуелсіз социологиялық ғылыми-зерттеу қауым­дас­тығы жүргізген бірінші кезеңнің мәліметтері бірнеше күн бұрын өткен конференцияда талқыланған болатын. Шетелдік мемлекет қайрат­кер­лері мен саясаткерлердің Қа­зақстандағы алдағы президенттік сайлауға берген бағаларын талдай келе, Стратегиялық зерттеулер институтының дирек­то­ры Болат Сұлтанов олардың ұнам­ды һәм тілектестік сипатын атап көрсетті. Венадағы халық­ара­лық семинарда Қазақстанның дұрыс жолда екендігі қадап айтылды. Кейбір Орталық Азия мемлекеттерінен бір өзгешелігі, мұнда бейбітшілік пен тұрақ­тылық сақталуда. АҚШ-тың Өкілдер палата­сын­да айтылған оң баға да жария етілді. Олардың пайым­дау­ын­ша, Қазақстан экономикалық тұрғыдан алғанда Орталық Азия­дағы ең қуатты мемлекет. Демек, бұл елмен қарым-қаты­наста болудың маңызы зор. АҚШ та, әлемдік қоғамдастық та 3 сәуірдегі мерзімінен бұрын өткізіліп жатқан президенттік сайлауды жалпы сайлау үдерісін нығайтудың үлкен мүмкіндігі деп санайды. Социологиялық зерттеудің екінші кезеңінің нәтижелерін таныстыра келе, «Демократия инс­титуты» қауымдастығының жобалар жөніндегі директоры Юлия Кучинская Қазақстанның барлық өңірлерін тепе-тең қам­тыған 1500 респонденттің сауал­да­масы 14-20 наурыз аралы­ғын­да өткізілгенін тілге тиек етті. Сайлау учаскелеріне келу жай­ын­дағы сұраққа берілген жауап­тар­дың салыстырмалы тал­да­масы сайлаушылар белсен­ді­лі­гінің артып отырғандығын ай­ғақ­тайды. Қазірде респондент­тердің 75,8 пайызы сайлау күні сайлау учаскесіне келуді нық ұйғарған.  Тағы 15,3 пайызы дау­ыс беруге қатысуға бейім. Осы­лайша, сайлаушылардың 90 пай­ы­­зы биік сана деңгейін танытып, алдағы сайлауда өздерінің аза­маттық борышын орындауға әзір екендігін айтуда. Электоралдық артықшылық беруге қатысты ахуал да ай­тар­лықтай өзгерістерге ұшыраған жоқ. Екінші кезеңде жауап­тар­дың нұсқаларында сайлауалды науқанына қатысушы барлық үміткерлер қамтылды. Ең жо­ға­ры рейтинг бұрынғысынша Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевқа тиесілі. Ол үшін респон­денттердің 91,7 пайызы дауыс беруге ықыласты. Үміт­кер­дің рейтингі өткендегі өл­шем­мен салыс­тырғанда 0,5 пайызға өскен. Басқа екі кандидаттың жиын­тық рейтингі 0,7 пайызға ілгерілеген. Сауалдама мәліметтері бойынша, олардың ішінде қай­сысының мойны озық тұрғанын анықтау мүмкін емес. Жамбыл Ахметбеков пен Ғани Қасымов үшін респонденттердің 0,9 пайы­зы, ал Мэлс Елеусізов үшін тура 1 пайызы дауыс беруге құлықты. Сұралғандардың 5,5 пайызы өз кандидаттарын әлі таңдап үлгермепті. Қорыта айтқанда, осынау зерт­теулер қазақстандықтардың сайлау алдындағы  электорал­дық көңіл ауаны көтеріңкі әрі тұрақты екендігін көрсеткендей. Қорғанбек АМАНЖОЛ.