Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында мемлекеттік мүлік туралы мәселе қаралды.
Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова жуықта ғана Мемлекет басшысы «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға қол қойғандығын, ендігі мәселе осы заңды жүзеге асырудан туындайтындығын айтты. Жаңа заң экономиканың әртүрлі салаларындағы мемлекеттік мүліктерге қолданылатын жалпы ережелерді белгілеу, оларды басқаруды реттейтін заң нормаларын бір заңның аясында біріктіру және осы бойынша Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың құзыретін айқындау мақсатында әзірленген. Бұл заң базалық болып табылады. Сондықтан мемлекеттік мүлікті сатып алу және оны иеліктен шығару (сату) кезінде туындайтын барлық мәселелерді жүйелейтін болады.
Жаңа заңның өзіндік жаңалықтары бар. Соның қатарында оның барлық мемлекеттік органдардың құзыреттерін мемлекеттік мүліктерді республикалық және коммуналдық мүліктерге бөле отырып айқындайтындығын айтуға болады. Заңға сәйкес мемлекеттік мүлікті басқарудың заманға лайық жүйесі қалыптасып, ол жоспарлау, мониторинг жүргізу, бағалау және бақылау мәселелерін қамтуы тиіс. Ендігі кезекте мемлекеттік мүліктің бірыңғай тізімі қалыптастырылады. Таяудағы екі жылдың ішінде мемлекеттік мүлік туралы барлық ведомстволық ақпараттар осы тізімге жинақталатын болады.
Мемлекеттік кәсіпорындарды құрудың тәртібі мен мақсаты, олардың қызмет аясы айқындалып, бұл кәсіпорынды басқарушылардың жауапкершілігі күшейтіледі. Ендігі кезекте мемлекеттік кәсіпорынға өз аясында еншілес кәсіпорындар құру құқығы берілмейді. Барлық мемлекеттік кәсіпорындарға, олардың қызмет түрлеріне қарамастан, жоспарлаудың бірыңғай жүйесі қарастырылатын болады. Мемлекеттік мекемелердің мемлекеттің атынан және өздерінің аттарынан әрекет етуіне шектеулер жасалады. Заңда осы секілді басқа да жаңалықтар мен өзгерістер аз емес.
Заң мемлекеттік мүлікті басқарудың тиімділігін арттыру үшін қызмет етеді. Сонымен қатар ол барлық мәселелер нақты айқындалғандықтан, еліміздің
инвестициялық ахуалы мен бизнестік ортаның жұмысына да жағымды әсер етуі тиіс. Мемлекеттік кәсіпорындардың санын оңтайландыру барысында бюджеттің мемлекеттік кәсіпорындар үшін жұмсалатын шығыстары да азая түседі деген болжам бар.
Жанар Айтжанова осы заңды жүзеге асыру үшін белгіленіп отырған бірқатар шараларды атап көрсетті. Мәселен, үстіміздегі жылдың 1 тамызына дейін тиісті ережелерге өзгерістер енгізіп, коммуналдық меншіктің облыстық және аудандық деп бөліну үдерісін толық аяқтау қажет. Ал жыл соңына дейін қызмет аясы белгіленбеген кәсіпорындар мен еншілес кәсіпорындарға талдау жүргізілетін болады да 2012 жылдың наурызына дейін олардың тағдыры шешіледі. 2012-2013 жылдардың аралығында мемлекеттік мүлік туралы бірыңғай тізім қамтамасыз етіледі.
Аталған мәселені талқылау барысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қазақстан Бүкіләлемдік сауда ұйымына қосылған жағдайда бұл заңның еліміздегі инвестициялық ахуалға қандай әсер ететіндігін сұрады. Сұраққа берілген жауапта, мұндай жағдайда осы заңның еліміздегі инвестициялық ахуалдың болжамдылығына қызмет ететіндігі, яғни әсері жағымды болуы тиісті екендігі айтылды.
Сондай-ақ Премьер-Министр басқа да сұрақтар қойып, олардың барлығына қанағаттанарлық жауап алды.
Үкімет отырысында сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге бағытталған жаңа бағдарлама жобасы да талқыланды. Осы жөнінде баяндама жасаған Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің басшысы Қайрат Қожамжаров бұл бағдарлама қоғамның сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға, азаматтардың мемлекеттік органдардың осы бағытта жүргізіп жатқан шараларына деген сенімділігін арттыруға қызмет ететіндігін атап көрсетті. Қазіргі күні Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күрестің еуропалық стандарттарын меңгеруде. Бағдарлама елімізде әзірленген «Еуропаға жол» бағдарламасының талаптарымен де сәйкес келетіндігін айтты.
Аталған мәселелерді қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қаралып отырған мемлекеттік мүлік туралы заңды жүзеге асыру және сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі қоғамды толғандыратын мәселелер екендігін атап көрсете келе, қазіргі уақытта Интернеттің дамуына байланысты жариялылықтың барынша күш ала түскендігіне тоқталды. «Қазір бүкіл әлемдегі секілді біздің қоғамымызда да ашықтық, жариялылық үдерістері күш алып келеді. Осы жағдайды енді сыбайлас жемқорлықпен күрес секілді маңызды мәселеде де сәтті пайдалануымыз қажет. Мемлекеттік органдар басшыларының жеке блогтарының ашылуы да осындай себептерге байланысты», деді. Сонымен қатар, қаралып отырған мәселелерге қатысты тиісті ұйымдардың алдына міндеттер жүктеді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.