26 Наурыз, 2011

Қазақша мiнсiз жазатын өзбек

456 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бұл мақаланы жазуыма мына көрiнiс түрткi болды. Бiрыңғай өзбек ұлты тұратын Қарабұлақ ауыл әкiмдiгi кеңсесiнiң ғи­ма­ра­тында аталмыш округтiң жаңа танысқан ветеринар дәрiгерi Бек­жан Халимжановпен әңгiме­ле­сiп отырғанбыз. Түске жақын мезет едi. Iшке елудi еңсерген егде ер кiсi кiрдi. Кабинет иесiмен төс түйiстiрiп амандасып алған соң: – Бекжан ука, облыстық бiр ме­кемеге хат жiберуiм керек едi. Соны қазақшалап жазып бершi, – деп кост‏юмiнiң қойын қалта­сынан бiр жапырақ қағаз шығарды. – Мәйлiң, ака. Бiрақ, дәл қа­зiр емес. Менде қонақ отыр­ға­нын көрiп тұрсыз, – деп едi, әлгi кiсi: – Оу, укасы, Шымкентке бү­гiн шұғыл жеткiзуiм қажет. Осы қазiр жасамасаң бастықтардан сөз ести­мiн. Бұл сенiң мiндетiң еместiгiн бiлемiн. Алайда, мұны атқаратын өзiңнен басқа ешкiм­нiң жоқ екенiн сен де, мен де бiлемiн. Өзге ама­лым қайсы? – деп қысылтаяң­ды­ғын бiлдiрiп, шыр-пыры шықты. Бекжан маған қарады. –Үлкен адамның меселiн қай­тармай, тiрлiгiн тындырып берi­ңiз. Шаруасы тым тығыз екен, – деп келгеннiң iсi бiткенше күту­ге ықыласымды аңғарттым. Бөлме қожасы жаңағы кiр­геннiң қағазын алды да, ал­дын­дағы компьютер клавиа­тура­сының түймелерiн сырт-сырт баса жөнелдi. Қос қолының сау­сақ­тары зыр қағады. Ортадағы үлкен үстелдiң үс­тiнде бiр қырынан тұрған ком­пью­тер­дiң мониторына назар сал­дым. Қазақша әрiптер сайрап барады. Жiтi көз тiктiм. Мем­ле­кеттiк тiл­дегi сөздер мен сөйл­ем­дер қатесiз тiзiлiп жатыр. Iшiм жылып сала бердi. Облысымызда өзбектер бар­шы­лық. Бiзбен араласып, құрала­сып жүретiн олардың жергiлiктi ұлт­тың тiлiн бұзбай, бiр кiсiдей “гәпiре­тi­нiн” жақсы бiлемiз. Ал, қа­зақ тi­лiн­де сауатты, таза жаза алатын өзбек ағайынды көруiм алғаш. Бекжан дайын болған мә­тiндi күтiп отыр­ған адамға ұсынды. Асығыс тiрлiгiнiң тез бiт­кенi­не қуанған бейтаныс кiсi маған қарата: – Бiздiң 40 мыңға жуық өзбек тұратын ауылда қазақша хат, құ­жат жазатын осы Бекжан ғана. Әйтеуiр, күнiмiзге жарап тұр. Алла нұрына бөленсiн баламыз. Рахмет, оған да, сiзге де! – дедi де жөнiне кеттi. Негiзгi iссапарыма байланыс­ты Қарабұлақта мал бордақы­лау­мен айналысатын шаруа қожа­лық­тарын аралап жүрмiз. Жол­серi­гiм Бекжан Халимжанов төрт түлiктi семiртушiлердiң жағ­да­йын баяндап келедi. – Елбасымыз ешкiмге алақан жай­май, жұмыс iстеп теңге таба­мын, отбасының күнкөрiсiн тү­зей­мiн дегендерге кеңiнен жол ашып, мүмкiндiк жасап қойды. Құдайға шүкiр, ауылымызда жұ­мыс­сыз отырған ешкiмдi кездес­тiр­мейсiз. Абай атамыздың “Ең­бек етсең ерiнбей, тояды қарның тiленбей” дегенi осы емес пе! – дейдi жолдасым. – “Еңбек бәрiн де жеңбектiгiн” де қосып қойы­ңыз бұған. Ұлы ақынның “Егер iсiм өнсiн десең, ретiн тап!”, “Ең­бек – қуаныш, жалқаулық – айы­рылмас азап”,  деп айтқаны тағы бар. Жолай көкейге ой түстi. Жа­рай­ды. Жергiлiктi халықтың тiлiн құр­меттегенiне, бiлгенiне “әп, бәре­кел­дi” деп көтерiлiп қаламыз. Қазақ­стан­да тұратын өзге ұлт өкiлiнiң қазақша сөйлегенiне разы­мыз. Ер­кiн көсілетiндерiн де көптеп жо­лық­­тырамыз. Ал, қазақ тiлiнде әдемi де қатесiз жазуды Бекжанның қайдан, қалай үйренгенiн сұрадым. – Мен осы Қарабұлақта ту­дым. Осында өзбек мектебiн бi­тiр­дiм. Бұдан кейiн Самарқанд­тағы ауыл шаруашылығы ин­с­ти­тутының ветеринария факуль­тетi­нiң күндiзгi бө­лiмiнде оқыдым. Оны тәмам­даған соң Сырдария об­лысының Мырза­бай ауданын­дағы Бируни өндiрiстiк коопера­тивiн­де бас малдәрiгерi, төраға бо­лып үш жылдай қызмет атқар­дым. Қарабұлаққа 1995 жылы оралдым. Мұнда алдында тұтыну кооперативiнде ветеринария дәрi­герi болдым. Одан аудандық ла­бораторияның филиалын басқару­ға сенiм бiлдiрiлдi. Өндiрiстiк кооператив төрағалығына да сай­лан­дым. Қазiр осы ауыл әкiм­шi­лiгiнiң ветеринариялық мал дәрi­герiмiн. Қарамағымда лицензиямен жұмыс iстейтiн 15 маман бар. Елге келгеннен кейiн қазақ­ша жазуды игерудi қолға алдым. Өйткенi, қызмет ба­бында iс қа­ғаз­дары мемлекеттiк тiлде да­йындалу қажеттiлiгi ал­дым­нан шы­ға бердi. Тиiстi орын­дарға мә­лi­мет, ақпарат, түрлi хат­тарды қа­зақша әзiрлеу керек. Қате жазсаң қайтарып жiбередi. Өз iсiңдi бас­қаға жасап бер деп қа­шанғы жа­лынасың. Содан мәж­бүр­лiктен мең­гергенiм рас. Жал­пы, ынта-ықылас болса, мiн­детiңе жауап­кер­шiлiкпен қарасаң үйренбей­тiн­дей еш қиындығы жоқ, – дейдi Бекжан. – Мүмкiн­дi­гiнше қазақша кiтаптар оқимын. Абай­дың, Шәкәрiмнiң, үш Мұх­тар­дың, Қадырдың шығар­ма­ла­рына үңiлемiн. Үйде “Абай жо­лы­нан” бастап, жерлесiмiз Хан­бибi апа­мыздың, Мархабат аға­мыз­дың туын­дылары тұр. Мер­зiмдiк бас­пасөзден “Егемен Қа­зақ­стан”, “Оң­түстiк Қазақстан”, “Мәр­­төбе” газеттерiн үзбей жаз­дыра­мын. Зайыбым Дильфуза өз­бек мектебiнде қазақ тiлi мен әде­биетiнен сабақ бередi. Бiр қы­зым­ның аты – Дариға. Әпке­сiн­дей қайраткер болсынға ырым­дап, есiмiн солай қойдық. Сайрам ауданының “Жыл ада­мы” атағын алған, қазақша қа­ты­рып әңгiме айтатын, мемле­кет­тiк тiлде iс қағаздарын мүдiрмей, мiнсiз жазатын өзбек жігіті Бекжан Халимжанов қоштасарда: – Тау мен тау қосылмайды, адам мен адам кездеседi. Жылы жүзбен ұшырасқанша, деп жы­миып шығарып салды. Жеңiс БАҺАДҮР. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы.