Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев тәржімалаған швейцар драматургі Макс Фриштің «Дон Жуан немесе геометрияға деген құштарлық» атты бес актілі комедиясын КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі театр және кино актері, режиссер Асанәлі Әшімов сахналап, көрерменге жаңадан «Дон Жуанның думаны» қойылымын ұсынды.
Алдымен Макс Фриштің өзі туралы бірер сөз айтар болсақ, швейцар жазушысы «Дон Жуан немесе геометрияға деген құштарлық» пьесасын 1953 жылы жазса, сахналық туындының екінші нұсқасы 1962 жылы дүниеге келген. Әлемге әйгілі кейіпкер «Дон Жуан» бейнесін 1969 жылы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында алғаш сахналаған режиссер, Қазақстанның Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов болса, сондағы басты тұлғаны сомдаған кино және театр әртісі Асанәлі Әшімов араға қырық жылдан астам уақыт салып, елордаға спектакльдің тың нұсқасын алып келді.
XVII-XX ғасыр аралығында әлем әдебиетіндегі басты тұлғаның біріне айналған ол – италянша Дон Джиованни, испанша Дон Хуан, сол сияқты француз, неміс, ағылшын әдебиетінде де осы есіммен кездесетін, ал бүгінде дүниежүзі драматургиясында жан-жақты толысып, кемеріне жеткен, сөйтіп барша халықтың ұғымына жадағай күйде оралмай, сезімді «серіліктің» сергелдеңі еткен, махаббатқа тұрлаусыз жан ретінде қабылданған, Еуропа мен батыстың театр әлеміне етене таныс, бірте-бірте шығыс пен батыс мәдениетін бір-бірінен алшақтатпай, қайта біріктіре түскен жиынтық бейне. Ал енді біз әлем классикасын репертуарына қосқан астаналық театрдың тарихи туындыны қаншалық бойларына сіңіріп, ойларына қондырды деген мәселеге келсек, жеңіл жолмен келген бақыттың ақыры бәрібір баянсыз боларын, жақсылық пен жамандықтың, сүю мен жек көрудің арасы бір-ақ сәттік екенін, аңдамай сүрген өмірдің өксігі өртше күйдірерін, ар жолынан ауытқыған пенденің пешенесіне перизат сезім бұйырмасын ұқтыратын қойылымның тағылымдық тарихын талай ғасырдан бері сахна тағынан таймастан, тамыры тартылмастан мәңгі ғұмыр кешіп келе жатқан тағдырынан аңғару қиын соқпайды. Әлемнің ең белді актерлері Хуанмен бірге Севильяда бірге серуендеп, бірге жүдеп, кейіпкер кешкен қасіреттің қайғы-мұңына бірге батып, онымен бірге қамығып, көз ілмей көл-көсір сезім құшқанда, жаны мен демі тек батыс мәдениетімен ғана етене жақын сияқты болып көрінетін дүние қазақы сахнада қалай көрініс табар екен деген қызығушылық та жоқ емес еді. Өнер мен өнеге үлгісіне әр ел өз өресінде үн қатса, ұлттық сахнадан халықтық қағидаға жат қылық байқалмай, отандық өнерпаздар олжалы тұстан көрінді деуге толық негіз бар. Астаналық театрдың декорациясы мен костюм бояулары бағзы заманғы оқиғаны баяндағанмен, сезім патшалығында сенім мен серттен тайып, арулардың арман аспанын жасындай осып, гүл қанатқа қадалған жантақтай жапанда жалғыз кезген жанның ішкі күйзелісін жеткізерде қазақ санаткері қапысыз өнер көрсеткендей.
Сауық-сайран құрған жұрттың жаңғырған күлкісінен Севилья көшелері бейнебір ұлан-асыр тойға малынғандай әсер қалдырады. Түн баласы түрленіп кетіпті. Адам бойын билеп әкетер құдіретті музыкадан құлақ тұнады. Бозбала жігіттің төңірегіне ұрлана көз тастауы тым сезікті. Дон Жуан бейнесі («Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Нүркен Өтеуілов) көп оқиғалар ойналып барып, кейіпкеріне орағытып соғатын кейбір спектакльдер сияқты емес, мұнда бірден басты ойынпаз ортадан көрінеді. Жан-жақтан жамыраған үндер қабаттасады: «Дон Жуан! Дон Жуан!». Оның ішінде әсіресе, Донна Эльвира (Айнұр Бермұхамедова) үнінен ерекше бір діріл байқалады. Тенорио (Болат Ыбыраев), Дон Гонсало (Жанқалдыбек Төленбаев) мен Диего Әкей (Мейрам Қайсанов) шаршы топты қақ жарып, жұрт ішінен бөлектене береді. Дон Жуанның келмей қалу себебін әркім сан саққа жүгіртіп, жұрт арасы гу-гу әңгімеге айналып кетіп бара жатқанда Тенорио дауысы шырыл қаға жөнеледі: «...Менің ұлыма ара түспеңіз. Имандай сырым, көрерсіз де білерсіз, сол немеде жүрек жоқ. Шешесі де сондай еді. Қаршадайынан қаңтардың мұзындай сұп-суық, селт етпейді. Аттай жиырмаға келіп тұрып, аузы-мұрны қисаймай, әйел қауымына зауқым жоқ дейді. Әншейін ұялып айтқан болса бір жөн ғой, сорлатқанда сол айтып тұрғаны шыны. Бір бүкпесі болсайшы шіркіннің. Ойына не келсе де, лақ еткізіп айта салады. Жақында маған өліп-өшіп сүйетінім геометрия дейді...» Әкенің ұлы үшін жүрегі елжіреп жеткізген мұңынан өрбитін сахналық көрініс көрерменді өзіне ә дегеннен-ақ баурап ала жөнеледі. Бұл арада спектакльдегі рөлдерді сомдаған әртістердің шеберлігіне көп нәрсе байланысты екені көрініп тұрды. Осы тұрғыдан алғанда, театр ұжымы өзін өте жоғары деңгейден көрсете білгенін айта кеткен жөн. Әдетте кез келген спектакльдің жүгін бір немесе екі-үш әртістің кәсіби шеберлігі көтеріп алып шығады. Мұнда да сондай өзгелерден оқ бойы озып көрінген өнерпаздар сүйсініс туғызды. Дон Жуан рөліндегі Нүркен Өтеуіловтің өнеріне риза болмаған адам некен-саяқ. Спектакль негізінен комедиялық шығарма болып саналғанмен, кейіпкердің жан күйзелісі драмалық жанрға тән оқиғалармен өрілетін тұстар кездесіп қалады. Осы екеуін де Нүркен ойдағыдай орындады. Комизмге құрылған Дон Жуан бейнесін драмалық тұғырда тұшымды жеткізді. Оның іс-әрекетіне көрермен езу тартқанмен ар жағынан адам тағдыры, аз күндік марапат пен ләззаттың мәңгілік мазағы мен азабын тартқан тақсырет менмұндалайды. Епископ: «Еркектің жалғыз болғаны жақсы емес деп кітаптың өзінде жазылған ғой. Тәңірінің дүниеге әйелді жаратып жүрген себебі де сол емес пе!» десе, оған Дон Жуан: «Жаратқан ием сонда еркектерді әбден жарылқап тастадым деп ойлады-ау...
Біз әлі оған жете қойған жоқпыз. Шынын айтқанда, Тәңірімнің бізді екі жынысты қып екі жарып жібергеніне өз басым онша разы емеспін. Адамның бір бүтіннің өзі болмай, тек соның бір жартысы ғана болуы қандай әділетсіздік» деп күйзеледі. Мұндай ойлар көрерменін философиялық тылсымға тартады. Шынымен де неге өмірдегі барлық нәрсе жұптан құралады? Екі жарты болмай, әу баста неге солар бүтін күйде жаратылмаған? Бұл ретте біз шығарманың кейіпкерінің ғана мәңгі тұлға болып қалмағанын, сонымен бірге пьесаның бүкіл адамзат баласының ойын ортақ бір мақсатқа бағыттайтын байламы да өлмес, өшпес мұра екенін бағамдаймыз. Ең соңғы көрініс – өмірдің тұйығына тірелген тағдырдың тауқыметі заманның иығына артылған жүк болып қалады. Сол жүктің әлі күнге топты толғанта беретіні қалай? Махаббат жыры теңіздің толқынындай ғасырдан ғасырға жалғаса берсе, ар-ожданның айнасы адамзаттың үзбей күзеткен асыл айдыны болып қала бермек. Адамзаттың алтын сандығын махаббат жырлары ғана толтырмайды, сол сезімге семсер сұққан, ару айдың бетіне бұлт үйірген жандар жайлы дастандармен де дәйім жасай бермек. Шын қайғыға батып, тағдыры трагедиямен аяқталатын – осы Дон Жуан. Миранда (Айнұр Жетпісбаева): «Тағы да басым айналды. Шамасы, біз нәрестелі боламыз-ау деймін» дейді. Дон Жуан: «Нәресте дейсің бе?» деп шошып кетеді. Миранда: «Жуан, сен қуандым деп қазір айтпай-ақ қой. Бір күні шыннан қуанғаныңды өз көзіммен көрсем мен үшін одан артық бақыт жоқ» деп уысына шылбырды ұстаған күйі қатып қалады. Режиссердің әр оқиғаны беру шешімі көрерменді бей-жай қалдырмайды. Мәселен, осы бір ғана сәттің әсері еш естен шықпастай. Басына шынжыр ілінген Дон Жуан Миранданың жетегінде кетіп бара жатады. Түн баласын шулатып, түндікті түбіттей түткен ноянның соңғы демі осылай әйел шынжырының астында тұншығып қала береді. «Ас тәтті болсын!» деген ошақ басындағы бір ауыз сөздің «еркіндіктен» айырған шылбыр сөздей түйінделуі көркем шешім... Бір нәрсе анық – астаналық театрдың репертуарына жаңадан бір тың туынды келіп қосылды. Шығарма мен сахналық қойылымның біртұтас дүниедей бірімен-бірі үндестік құруы режиссер еңбегінің жанғаны деп білеміз. Ойдан қосылған, тыңнан табылған дейтіндей автор еңбегіне нұқсан тиген жер жоқ. Кейбір сахналық қойылымдар пьесаның негізгі өрмегінен ауытқып кетіп, «әттеген-ай» дегізіп жатса, ал мұнда бәрі бастапқы тамырдан тарайтыны анық танылады. Наурыз мерекесі тұсында тұсауы кесілген қойылымды жұрттың Жер-ананың бойына жылғадай жылы леп таратар көктемгі ауадай сүйсіне жұтуынан сондай бір ғажап әсер сезіледі.
Ал енді сөз соңында бұл қойылымның қазіргі таңдағы көкейкестілігі неде деген мәселеге тоқталайық. Дон Жуан – әлемдік әдебиетте көптеген ұлттық сөз өнерлеріне ортақ бейне. Ол жөнінде Мольер де, Корнель де, Байрон да, Александр Дюма да, Пушкин де, Блок та, Цветаева да, бәрі де жазған. Дүние мәдениетінде мұндай бейне екеу ғана: Дон Жуан мен Фауст. Дон Жуан образының мұндайлық танымалдығы тіпті де тегін емес. Өйткені, сезім бар жерде, нәпсі бар жерде, тән бар жерде оны кім қалай пайдаланады деген мәселе туындамай қоймайды. Әдебиет зерттеушілері Дон Жуан бейнесінің қоғамның парасаттылық деңгейіне байланысты эволюцияға түсіп отыратынын дәйім айтумен келеді. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ сахнасына Дон Жуанның қайта оралуында белгілі бір ой қисыны бар дер едік. Жасыратыны жоқ, нарық келіп, парық кетіп жатқан қазіргі кезеңде серіліктің өңі айналдырылып, оны жүргіштікпен, тіпті анығын айтар болсақ, азғындықпен шатастырып алғанымыз жасырын емес. Қаллеки театрының жаңа қойылымы донжуандықтың драмасын, трагедиясын ашып көрсете алуымен құнды. Талай сайранды сүріп, талай отбасына ойран салған, талайдың обалына қалған Дон Жуанның спектакль соңында тірі өлікке айналып, өзін-өзі ағаш мәйітке тығып тынатыны мына өмірде ештеңенің де өтеусіз кетпейтінін, әр қиянаттың бір қайтарымы болатынын көрсетеді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.