Бүгінгі таңда Жайық өзенінің экологиялық мәселесі толғандырып отыр. Өз бастауын Башқұртстан жерінен алатын Ақжайық Қазақстан мен Ресейдің трансшекаралық өзені болып табылады. Соңғы жылдары Жайық өзенінің суы тартылып кеткендігі екі елді де алаңдатады. Бұл мәселе Қазақстан мен Башқұртстан депутаттары арасындағы әңгіменің арқауы болды.
Парламент Мәжілісіне келген Башқұртстан Республикасы Құрылтайы – Мемлекеттік жиналысы төрағасының орынбасары Рафаил Зинуров бастаған делегация Экология мәселелері және табиғат комитетінің мүшелерімен кездесті.
Комитет төрағасы Ерлан Нығматулин Жайықты қорғауға қатысты Қазақстан мен Ресей арасында болған кездесулер жөнінде айтып берді. Тараптар алдағы уақытта бірлесіп іс-шаралар өткізуге мүдделі екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ осы басқосуда ормандарды қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту, табиғат байлығын пайдаланушылардың қоршаған ортаны бүлдіруіне жол бермеу мәселелері сөз болды.
Кездесуге Мәжіліс депутаттары Валерий Котович, Айткүл Самақова, Тоқтарбай Қадамбаев қатысты, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.