26 Наурыз, 2011

ПАРЛАМЕНТ «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті

383 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұтымды ұсыныстар ел беделін көтереді

Еліміз үстіміздегі жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалы­ғын бастағалы отыр. Таяу Шығыс пен Араб елдеріндегі және Солтүстік Африка мемлекеттеріндегі (Тунис, Йемен, Ливия, Египет, Йордания, Алжир, Ливан және Судан) саяси дағдарыстар Ұйым жұмысын айтарлықтай күрделендіре түсетіні қазірден белгілі. Біз Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Әділ Ахметовті сөзге тартып, жоғарыда аталған өңірлерде орын алып отырған оқиғаларға байланысты сұрақтар қойған болатынбыз. – Әділ Құрманжанұлы, араб әлеміндегі дүмпулерге не себеп болды деп ойлайсыз? – Араб әлеміндегі дүмпулер сол елдердегі халықтың әлеуметтік жағ­дайының нашарлығымен тікелей байланысты. Бұл елдерде демо­гра­фия­лық өсу қарқыны жоғары бол­ған­дықтан, халықтың басым көпшілігі жастар болып келеді және олардың арасында жұмыссыздық өте үлкен деңгейде. Мысалы, Сирияда екі қолға бір жұмыс таппай жүргендер 40 пайызға жетеді екен. Мұндай жағдай өзгелерінде де, атап айтқанда, Йеменде 35 пайызды, Тунисте – 22, Алжир мен Египетте 20 пайызды құрап отыр. Оның үстіне жаһандану заманында интернет байланысы қоғам өмірінде ерекше мәнге ие бола бастады. Интернет арқылы басында Тунисте орын алған дүмпулер өзге араб елдеріне де сол сәтте жетіп, сынықтан басқаның бәрі жұғады демекші, соңғылар да от қойған пілтедей тұтана бастады. – Жұмыссыздық, әсіресе, жастар арасында өте жоғары деңгейде дегенді айттыңыз. Осы ойыңызды тарқатыңқырап берсеңіз. – Аталған аймақтағы тұрақсыз­дық­қа, жоғарыда атап көрсет­ке­нім­дей, кейбір елдердегі ішкі саясат пен әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тым төмендігі ықпал еткені айқын. Халықаралық еңбек ұйымы мәлі­мет­тері Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка аймағында жұмыссыздық 75 пайызға жеткендігін көрсетеді. Өкі­ніш­тісі сол, бұл елдерде жұмыс­сыз­дар армиясын толықтырып отыр­ған­дар кілең жастар. Египетті алар бол­сақ, халқының үштен бір бөлігі 15 жас­қа дейінгілер, ал Алжирде бұл көр­сеткіш халықтың төрттен бір бө­лі­гіне тең. Иорданиядағы орташа жас 21 болса, Йеменде бұл көрсеткіш – 18. – Сол елдердегі шиеленістің ушы­ғуына бұдан басқа не әсер етуі мүмкін? – Әрине, басты себепті әлемдік қаржы дағдарысымен байланыстыр­ған жөн болар. Аталған дағдарыс қи­ын­шылықты басынан кешіп отырған елдерді тығырыққа одан бетер тіреп қойды. Оның үстіне әлгі елдердегі ішкі саясат пен әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық саясаттың әлсіздігі де бой көр­сетіп қалды. Осы орайда өз еліміздегі жағдайды да назарға ала кеткен дұ­рыс. Қазақстанда татулық пен тұ­рақ­ты­лықтың негізінде қалыптасқан сын­дарлы ішкі саясат пен әлеуметтік-экономикалық және көпвекторлы сыртқы саясаттың жүйелі үйлесімдігі еліміз қауіпсіздігінің бірден-бір мыз­ғымас кепіліне айналып отыр. – Аймақтағы тұрақсыздыққа үшін­ші жақ саясатының әсері бар деп айта аламыз ба? – Енді оны көзбен көріп, қолмен ұстап алмаған соң біреу түрткілеп отыр, деп айту қиын шығар. Ал енді мысал үшін АҚШ-тың қазіргі президенті Барак Обама өз қызметіне кірісе салысымен алғашқы мемлекеттік сапарларын мұ­сыл­ман елдерінен бастады. Египеттегі белгілі университетте оқыған дәрісі кезінде бүкіл мұ­сылман өркениетінің әлем­дік өрке­ниетке қосқан үлесін ай­шықтап берді. Ғылымның басты сала­ларын ескі әлем арабтардан, яғни Шы­ғыстан үйренгендігін шегелеп тұрып айтты. Оның алдында, яғни АҚШ-тағы 2001 жылғы террорлық әрекет Батыс пен Шығыс өркениеті арасына шоқ тастап, жарықшақ түсіргені белгілі. Міне, сол екі өркениеттің арасын жа­қын­датуда Обама көп әрекет жасады. Жылы-жылы сөздер айтып, кез келген түйткілді мә­селелерді бір үс­тел­дің басында отырып шешейік, үн­қа­ты­суды жалғыстырайық деген тұр­ғы­да ниет білдірді. Бұл, әрине, құп­тарлық саясат дер едім. – Орын алған кикілжіңдерді шешудің жолы бар ма? – Тығырықтан немесе әлемдік қар­жы дағдарысынан шығудың ұтым­ды жолдарын Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Ресей газет­терінің бірінде жан-жақты көрсетіп берген болатын. Онда қазіргі кезде бүкіл әлемде үлкен басымдықпен қол­даныста жүрген әлемдегі ең ал­пауыт елдің валютасының әлемдік қар­жы дағдарысынан шығуға мүм­кін­дік жасай алмай отырғанын ашып айтқан еді. Сондықтан ұлттық валюталардан биік тұратын жаңа заманға лайық әмбебап валютаны ойлап табу қажеттігін, оны халықаралық деңгей­де әбден талқылап, пісіріп алу қажет­тігін баса көрсеткен-тін. Ондай валю­таның қажет екеніне барлық ел мүдде білдіріп, жаппай қолдаса ғана, одан да дәлірек айтқанда, әр елдің құқы тең сақталып, консенсус негізінде қабылдаса ғана өмірге келуі мүмкін екенін ашық мәлімдегені белгілі. Негізінен, әрбір ел әлемде ең тұрақты саналатын валюталармен санасады. Қазіргі кезде әлемнің жиырма ал­пауыт елі кіретін ұйым бар. Бұған мүше елдер Қазақстанмен есептеседі. Өйткені, Азия мен Еуропаның ара­сында «алтын көпір» болып отырған Қазақстаннан көңілге қонатын соны идеялар мен ұсыныстар шығып жа­тыр. Елордамыз соңғы кездері ха­лық­аралық саяси астанаға айнала баста­ды. Жақында ғана Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хат­шысының орынбасары әрі осы Ұйымның Женевадағы (Швейцария) орталығының директоры болып та­ғайындалуы еліміз үшін үлкен мәр­те­бе. Бұл Қазақстанның халықаралық деңгейдегі әлеуетін көрсетеді. Қазақ­та: «Жасы кіші демегін, ақылы асса аға қой», деген аталы сөз бар. Эко­но­ми­касы шағын, сондықтан онымен есеп­тесу шарт емес деген әңгіме болмау керек. Кімнің ақылы бар, қай ел татымды ұсыныстар жасай алады, міне, сол елдермен есептесу керек дегенді айту ләзім. Ендеше, жас болғанмен біздің елдің де әлем өркениетіне қосары бар. – Ислам Конференциясы Ұйы­мы­на төрағалығымыз алдағы шілде айының 1-інде басталады. Біз төр­аға ретінде араб әлеміне не ұсына аламыз? – Біз ең алдымен бейбітшілік мис­сиясын ұстанамыз. Былтырғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыз халықаралық дәре­жеде оң бағасын алды. Тіпті, осы Ұйымның Парламенттік Ассамблея­сы­ның бұрынғы президенті Ж.Соареш «Қазақстаннан басқа бірде-бір мемлекет ЕҚЫҰ-ны басқаруға соншалықты үлкен дайындықпен келген жоқ», дегенді айтты. Оның сөзі шынымен де расталды. Президент төрағалыққа кірісер алдындағы үндеуінде төрт «Т»-дан басталатын басымдықтарды мәлім етті. Біз сол қағиданы ұстандық. Тура сол қағиданы ИКҰ-ға төрағалығымыз барысында да ұстануымыз керек. Қа­зақта «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қанатты сөз бар. Тура жүріп, ешкімді алаламай, сая­сат­ты ұстараның жүзімен өткізе білуіміз керек. Сонда ғана бізге деген сенім артады. Былтырғы жинақтаған тәжіри­бе­міз жеткілікті. Ислам Конференциясы Ұйымы – БҰҰ-дан кейінгі ең ірі ха­лықаралық ұйым. Оның сыртында бай­қау­шы мемлекеттер мен ұйымдар бар екенін де назардан тыс қалдырма­ғаны­мыз жөн. Міне, әлемдегі озық үлгілерді сараптап, соны тығырықтан шығудың тетігі ретінде ұсына білсек, онда ол біз үшін үлкен жетістік болмақ. Әңгімелескен  Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.