«Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық комиссиясы» сайлауалды және сайлау барысы іс-шараларына бақылау жасап, қандай да бір сайлау заңдылықтарын бұзушылықтарға жол берілмеуін қадағалап, үгіт-насихат науқаны барысында әкімшілік ресурстардың пайдаланылмай, сайлаудың әділетті өтуіне, оқу уақытында мектеп оқушылары мен студенттердің көпшілік көріністер үшін тартылмай, сайлау комиссияларында барлық партия өкілдерінің енуі мен сайлаушылар тізімдерінің дұрыстығына назар аударуды міндетіміз деп санайтын комиссия құрамында есімдері елге белгілі азаматтар баршылық екені белгілі. Біздің тілшіміз жоғарыда аталған мәселелерге байланысты көзқарасын білмек мақсатпен осы қоғамдық комиссияның мүшесі, жазушы Смағұл ЕЛУБАЙДЫ сөзге тартқан болатын.
– Смағұл аға, өзіңіз құрамына енген қоғамдық комиссия сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталғаннан бері байқаушылық жұмыстарға кірісіп кеткені аян. Не байқадыңыздар?
– Елімізде өтетін президенттік сайлауда Қазақстан халқы тек президент сайлап қана қоймайды, өзінің алдағы болашағына таңдау жасайды. Сондықтан Нұрлан інімнің (Ерімбетов) осындай бір қоғамдық комиссия құрамыз деген ойына қолдау білдіріп, оның құрамына енуге келісімімді бердім. Бұл менің бірінші рет байқаушы ретінде сайлауға қатысуым. Жалпы, менің ойымда әрбір қазақстандықтың сайлаудан тыс қалуға азаматтық еш құқығы жоқ. Себебі, мемлекетіңнің басшысын сайлау – ол сенің өзіңнің, отбасыңның, бала-шағаңның болашағына тікелей қатысты. Осы таңдау жасау арқылы сен еліңнің де, өзіңнің де болашақтағы таңдауыңды жасайсың. Бұл – тәуелсіз еліңнің болашағы деген сөз. Ендеше, осындай науқанда белсенділік танытпаған адам қандай кезде белсенді болады? Комиссия құрылуының да негізгі мақсаты осында жатыр.
Егер біз өткен өмірімізге көз салсақ, Кеңес өкіметінің тұсынан бастап, біздің сайлауға деген көзқарасымыз онша болмағаны аян. Себебі, тоталитарлық заманда сайлаушының шын мәнінде еркі болған жоқ. Барлығы алдын ала шешіліп қойылатын, тек сан көбейту үшін, пайыздың үлкен етіп көрсетілуі үшін жасалатын. Бұйрықтың күшімен, бастықтардың нығарлауымен, білектің күшімен сайлауға қатысу мәжбүрленетін. Өкінішке қарай, осы әдет біздердің санамызға сіңіп қалғандай. Ал азаматтың өзінің таңдау құқығының болмауы – үлкен кемшілік. Ал қазіргідей тәуелсіздік алған заманда азаматтар тарапынан белсенділіктің табылмай қалуының бір себебі осыдан болса керек.
– Сіз бірнеше жыл қатарынан Еуропада тұрып, еңбек еттіңіз. Айтыңызшы, олардың азаматтарының белсенділігі қандай дәрежеде?
– Әрине, батыстағы сайлау бөлекше. Онда пайызды ұлғайтуды мақсат тұтпайды. Халықтың 50 пайызының дауысын алса, ол ел сенімінің өте жақсы көрсеткіші деп бағаланады. Және оларда азаматтардың саяси белсенділігі өте жоғары дәрежеде. Біз үшін де әрбір қазақстандықтың үйінде отырып қалмай, сайлауға қатысуы маңызды. Және олардың әрқайсысында сайлауды осылай әділ, ашық өткізуге болады екен ғой деген сенім пайда болса, онда комиссияның мақсатының орындалғаны.
Ал енді осы комиссияның мүшесі ретінде Қызылорда облысында болып қайттым. Көңілім қуанғаны, сайлау учаскелері «100 мектеп, 100 аурухана» аясында салынған жаңа мектептерде орналасыпты. Ондай мектеп кейде ауыл түгілі бұрын Алматының өзінде болмайтын. Жасақталуы мен жабдықталуын көргенде көңілің толады.
– Сонда барлығы өте жоғары деңгейде ме? Ешқандай олқылық көрмедіңіз бе?
– Қоғамдық комиссия болғандықтан, біз көрген-білгенімізді ОСК-ға айтып тұруды міндетіміз санаймыз. Әрине, ешбір іс мінсіз, кемшіліксіз болмайды. Мәселе соның көрсетілген уақытында жөнделуінде. Біз өткенде ОСК-ға ашық хат жолдадық. Мысалы, лингвистикалық комиссияның жұмысын заңнамалық тұрғыдан қайта қарау туралы. Себебі, ол комиссиядан мемлекеттік тілді жетік білмейтін адам өтіп кетіп отыр. Осыны көрген азаматтың көңіліне сайлауға деген сенімсіздік орнауы ғажап емес. Осыны біз хатымызда көрсеттік. Үміткерлерді насихаттайтын билбордтардың үлкен қалаларда ілінуі жөніндегі кеткен кемшіліктерді де айтып көрсеттік. Ал ОСК-дан біздің ұсыныстарымызға деген нақты жауап түспеді. Осыған таңқалудамыз. Керек десеңіз, ОСК туралы да жаңа заң қабылдануы қажет деген ойдамыз.
– Сөзіңізге қарағанда, комиссия сайлау өткен соң да жұмысын жалғастыра беретін тәрізді. Себебі, заңнамалық өзгерістер үшін жұмыс жүре беруі тиіс қой.
– Дұрыс аңғарыпсыз. Біз қоғамдық ұйым ретінде тіркелгендіктен, жұмысымызды сайлау бітті деп доғарып қоймаймыз. Алдағы сайлаулар үшін, заңнамалық өзгерістер енгізу бағытында жұмысымызды жалғастыра береміз деген ойдамыз.
Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.