«Бұл – тәуелсіздік таңынан тараған шапағат арқасы», – дейді форумға жиналған екібастұздық дәрігерлер
Екібастұздық дәрігерлер бұл форумды «Тәуелсіздік жетістіктері» атты еліміз бойынша өтіп жатқан ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекелік шаралар аясына арнады. Өндірісті қала қарыштап өсіп келеді. Жыл сайын 140 мыңға жуық халқы бар көмірлі қаланың жас тұрғындары да көбейіп келеді.
– Бүгінгі форумға 200-дей дәрігер қатысып, еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бергі денсаулық сақтау саласының да қаншалықты дәрежеде дамып, алға басқанын айтып, Елбасына, мемлекетке дәрігерлерге жасалған қолдау мен қамқорлыққа алғыстарын білдіруде, – дейді қала әкімінің орынбасары Ғұбайдолла Оспанқұл. Былтыр Ксения мен Валентин Толмачевтардың отбасында екібастұздықтар атанған үшемдер дүниге келді. Қалалық аурухананың бас дәрігері Советхан Смақов, травматолог Серік Таштаев, гемодиализ бөлімінің дәрігері Шыңғыс Бихияновтар екібастұздық дәрігерлердің денсаулық сақтау саласындағы елімізде қабылданған жаңа жүйе, жаңа бағдарламаларға орай атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Ал, бас медбике Тамара Игнатова Гүлнара Нығметжанова басқаратын әйелдер босанатын перзентханада 70 миллион теңге қаржыға заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алынғанын, сонымен қатар, өмірге енген эндовидеохирургия әдісін дәрігерлердің тез арада меңгеріп кеткенін айтып өтті. Перзентхананың жас маман неонатолог-дәрігерлері Литваның мамандандырылған медициналық орталықтарында болып тағылымдардан өтіп келді. Жаңа құрал-жабдықтардың, білікті дәрігерлердің арқасында ана мен бала өміріне еш қауіп төнбейді. Бұған қосатын тағы бір жақсы жаңалық соңғы 3 жылдың ішінде перзентханада 7. 779 нәресте дүниеге келіпті, ал, ана мен бала өлімі екі есеге төмендегенін көрсетіп отыр. Екібастұздық кейбір науқастар бұрынғыдай алыс қалаларға барып емделмейтін болды. Емделу үшін барлық жағдай өз қалаларында жасалған, мысалы, нейрохирургтар заманауи емдеу әдістерін меңгеріп 36 рет сәтті операция жасаған көрінеді. – Бұл біздің елімізде отандық денсаулық сақтау саласының шынайы түрде дамып келе жатқанының айқын көрінісі, – дейді форум делегаттары-дәрігерлер.
Фарида БЫҚАЙ, Екібастұз.