29 Наурыз, 2011

Бұл кері кету болмай ма?

444 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2012 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде тағы да жеңіліс тапты. Бұл жолы біздің құрама әлемнің үш дүркін чемпионы, әйгілі «неміс мәшинесі» деген аты бар Германия командасына есе жіберді. Есеп – 4:0. Осы жеңіліс үшін ұлттық құ­раманың жаңа бапкері Мирослав Беранекті кінәлау әлі ерте деп ой­лаймыз. Өйткені, бұл – оның бас­шылығындағы Қазақстан коман­да­сының өткізген екінші кездесуі. Бұл кездесуде төрт доптың үшеуі бірінші таймда, біреуі ойынның екінші жартысында соғылды. Онда Мирослав Клозе 3 және 88 минөтте, Томас Мюллер екі рет – 25 және 43 минөтте допты Давид Лория қақпасында тулатты. Осы ойында Клозе 3 минөтте өзінің 10 жылдық спорттық карьерасын­да­ғы 60-шы голын соқса, Мюллер іріктеу турнирінде өзінің жетінші добын соқты. Матчта немістер Д. Лория қақпасына 14 рет соққы жасаса, біздің құрама Мануэль Нойер қақпасын 3 рет көздеді. Со­ның ішінде бірінші соққыны матч­тың 30 минөтінде Хижниченко­ жасады. Ойында немістер 7 рет бұрыштан доп берсе, біздің ой­ыншылар 1 рет бұрыштама берді. Сонымен бірге, Германия 6 рет, Қазақстан 10 рет тәртіп бұзды. Оған Фархатбек Ырысметовтің са­ры қағаз алғанын қосыңыз. Осы са­ры қағаздың кесірінен белгіленген айып допты Мюллердің қақпаға дәл көздегені белгілі. Жалпы, матчта немістердің біз­дің құраманы бұдан да ірі есеппен жеңуге мүмкіндіктері көп еді. Құ­раманың қорғаныстағы сауатсыз­дығы, жартылай қорғаушылардың дәрменсіздігі, шабуылшылардың ке­рі пас беріп ойнауы – осының бәрі алаң иелеріне төрт гол соғуға «жағдай жасады». Дегенмен, осын­шама гол жіберіп алса да құра­ма­ның қақпашысына кінә таға алмай­мыз. Ол матчта қолдан келгенше жақсы өнер көрсетті. Сондай-ақ, ойынның екінші жартысында Азат Нұрғалиевті алмастырған Жамбыл Көкеевтің аз да болса батылдық танытып ойнағанын айтуға болады. Қазір ұлттық құраманың осы жеңілісінен кейін команданың бо­лашағына қатысты көп пікірлер айтылуда. Соның бірін кеше Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында депутаттар алдында сөй­леген сөзінде Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов білдіріпті. Біз министр мырзаның ол жерде айтқан сөзін естіген жоқ­пыз. Дегенмен, әріптестерімізден естіп-білгенімізді айтатын болсақ, мінберде тұрып министр болашақта футболдан Қазақстан құрамасын қайтадан Азия құрлығына ауыс­тыр­сақ деген ұсынысын ортаға шы­ғарыпты. Өйткені, оның айту­ын­ша, қазір елімізде футбол си­яқ­ты № 1 спорт түріне барынша кө­ңіл бөлі­ніп, жағдай жасалып келеді. Ұлт­тық құраманың деңгейін де жақ­сартуға аз қаржы бөлініп отыр­ған жоқ. Бірақ, бөлінген қаржы тиісті нә­ти­жесін бермеуде. Осыған бай­­­ла­нысты министр Қазақстан ұлт­­­тық құрамасының Еуропадан гөрі, Азия құрлығында өнер көрсе­ту­ін қалай­тынын, бұл әңгіме төңі­регінде ол Ұлттық футбол федера­цияның президенті Әділбек Жақ­сы­­бековпен пікір алмасқанын айтыпты. Иә, Қазақстан футболының дең­гейі төмен. Кезінде шеберлігіміз артады деп Еуропаны қаладық. Егер қайта Азияға ауысатын бол­сақ, бұл кері кету болып шығады. Одан да футболды өркендетудің жолын іздеген жөн болар. Қас­қыр­дан қорыққан адам орманға бармас! Дастан КЕНЖАЛИН.