Тіршілікте көбіне адамға қызметтегі, өзгелермен қарым-қатынастағы мінез-құлқына байланысты баға беріліп жатады. Әрине, ол еңбек кітапшасын жазылмайды. Бірақ, халық берген әділ баға ретінде қайда барма соңыңнан «ілесіп», қалмай бірге жүреді.
Үлкендерден «Мінезі кедір-бұдыр екен» дегенді жиі еститін едік. Сол кезде оның астарына кім үңілген. Кемшілікті бетке айтып, ар-намысын жоғары ұстайтын, тақуа жандардың ортасына сыйлы болатынын содан бері біліп те, көз жеткізіп те келеміз. Бұл – өмір мектебінен алған тәлім. Содан болар, мүмкіндігінше жақсылыққа жақын болуға тырысасың.
Жалпы, адам баласы өкінбейтіндей өмір сүрсе, қане. Ал, көбіне сол арнадан асып жататындықтан сан соғып, «әттеген-ай» дейсің. Халқымыздың «Жақсылық қылсаң өзіңе, Жамандық қылсаң өзіңе, Аспанға қарай оқ атсаң, қайтып тиер көзіңе» деген тәмсілі еске түседі осындайда. Сонда біздің жақсылықтан алшақ кететініміз неліктен, деген сұрақ көкейде көлденең тұрады.
Неліктен... Өйткені, ата-бабамыз «Жамандықта – тек жоқ, жауыздықта – шек жоқ» деген. Адам өз мінез-құлқына бақылау жасап, келеңсіздікке тосқауыл қойса ғой. Керісінше еркіне, сезіміне ие болмай, ортасын сыйламауы опық жегізеді. Оған орынсыз мақтану, өтірік сөйлеу, тәкаппарлық, тағысын тағы келеңсіздіктерді қосыңыз. Осы мінезден пенденің өзі ғана емес, өзгелер де жапа шегеді. Ең негізгісі – өскелең ұрпаққа «өнеге» болатындығы.
Жастардың аға буынға еліктейтіні заңдылық. Әсіресе, үлкенді-ұсақты мекеме тізгінін ұстағандардың бойынан жақсы қасиет, адамға деген ізгі ниет іздейтін жұрт оған ерекше сезімталдықпен қарайтынын жасырмаймыз. Ізгілігіне алғысын үйіп-төгеді, ал жаны жараланса, қарадай түңіледі.
Жақсылық пен жамандық – егіз дегенді жиі айтамыз. Десек те оған көбіне өзіміз жол беретініміз бар. Өмірде бетпе-бет келіп, жақсымен жанымыз нұрланса, жамандықтан еңсе түседі. Тіпті, оның үлкен-кішісі болмайтынын да айтқан парыз. Бір ауыз сөз – биікке де көтереді, құзға да құлатады демей ме ән жолдарында.
Күнделікті аялдамада, қоғамдық көлікте, қызметте, тағысын-тағы жайларда бір-бірінің жанын жабырқататын сәттердің сирек болғанын кім қаламасын. Тұп-тұнық көңіліңді жайсыз толқын ұрса, өзіңді сабырға шақыруыңа тура келеді. Жақсылыққа жақын, жамандықтан алыс болсақ, мына өмірдің нұрлы күні көп болатыны өзімізден екенін ұмытпайық, ағайын.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.