Дәулетті болу жердің асты-үстіндегі дайын табиғи байлықты уыстап алу емес, шикізатты барынша ұқсату екенін нарық ұғындырғандай. Қостанай өңірінің экономикасын дамытуға өндіріс және ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату кәсіпорындары, бизнестің басқа да салалары барынша үлес қосып отыр. Облыстағы ірі кәсіпорындар басшыларын, аудандар мен қалалар әкімдерін және қоғамдық ұйымдар өкілдерін жинаған форумда бизнес саласындағы жетістіктер мен өзекті проблемалар ортаға салынды. Облыс әкімінің орынбасары В.Мейстер осы саланың өткен жылғы қорытындыларына тоқталып, маңызды мәселелерді саралады. Қазір облыста 581 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Облыстағы өндірілетін өнеркәсіп өнімдерінің негізгі бөлігі соның ішіндегі 103 кәсіпорынның еншісіне тиеді. Өткен жылы өнеркәсіп өнімі жалпы көлемінің 62,5 пайызын кен өндіру саласы құрады, одан кейінгі 28,4 пайыз ұқсату кәсіпорындарына тиесілі. Өнеркәсіп кәсіпорындары жыл ішінде 447,1 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Облыс бойынша өнеркәсіп өнімі физикалық көлемінің жағымды индексі 115,6 пайыз болды. Бұл еліміздегі үшінші орындағы көрсеткіш болып саналады. Алайда көрсеткіштерді ауыз толтырып айтқанмен, облыстың өнеркәсібі шикізат өндіру бағытында қалып отыр. Сондықтан облыс экономикасы шикізаттың әлемдік бағасына тым тәуелді күйде.
Әрине, өнеркәсіптің дамуы экономиканы көтереді, халықтың тұрмыс-ахуалы жақсарады. Қазір өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындарда елу мыңнан аса адам нәпақасын тауып отыр. Олардың жалақысы облыстағы орташа еңбекақыдан 1,2 есе жоғары.
Еліміз экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде облыста толағай істер қолға алынды. Өндіріс картасы бойынша құны 226 миллиард теңге болатын 42 нысан бой көтермек. Өткен жылы инвестициялық 10 жоба жүзеге асып, соның арқасында екі мыңға жуық қостанайлық жұмыс орнын тапты. Ал үстіміздегі жылы осындай 32 жоба қолға алынды, оның жыл аяғына дейін 26-сы өмірге жолдама алады.
Елімізден сырт жерлерге де белгілі Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінде былтыр жылына 75 мың тонна өнім шығаратын металлилек кешенінің алғашқы кезегі іске қосылды. Қазір оның екінші кезегі де аяқталуға жақын. Сонымен қатар, осы кен алыбының байыту фабрикасындағы №17 технологиялық қосымша секцияның құрылыс-монтаж жұмыстары қарқын алған. Ал металдандырылған бұйым шығару зауытының құрылысы аяқталып, ол іске қосылғанда алып кәсіпорын өнімін сыртқа бұрынғыдан да қымбатқа сатуға мүмкіндік алады.
Қостанайда мәшине жасау ісі де өркендеп келеді. Отандастарымыз өткен жылы «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамында құрастырылған SsangYong жеңіл мәшинесін міне бастады. Былтыр кәсіпорын 84 мәшине құрастырып шығарды. Ал үстіміздегі жылы зауыт айына 144 мәшине шығарады! Алдын ала болжамдарға сүйенсек, 2015 жылы Қостанайдан жылына 7500 жеңіл мәшине шығарылатын болады. Бұл кәсіпорында комбайндар да құрастырылады. Қостанайда жылына 450 мың тонна ұсақ металлилек шығара алатын ірі зауыт құрылысының жобалау-сметалық жұмыстары басталды.
Ірі кәсіпорындармен қатар орта және шағын бизнестің өркендеуі де экономиканы дамытады. Өйткені, оның әлеуметтік салаға да оң ықпалы орасан. Экономиканың осы саласындағы кәсіпкерлік бірлігі облыста 36816-ға жетті. Облыстағы жалпы тұрғындар санына шаққанда нәпақасын орта және шағын бизнестен тапқандар 15,5 пайызға жетті. Бұл республикалық көрсеткіштен мысқалдай да болса артық.
Кәсіпкерлікті әңгіме еткенде оның жеткен жетістігімен қатар, өзекті мәселелері де қатар ауызға ілінеді. Соның ең бастысы осы саланы қаржыландыру, несиелендіру болып отыр. Осы орайда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы өндірісті кеңейтуге арналған жаңа жобаларға берілетін банк несиелерінің үстеме пайызына субсидия беру арқылы осы саланы қолдап отыр. Форумда сөйлеген сөзінде «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы Олег Цой өз кәсіпорнына деген мемлекеттік көмектің басы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы екенін атап өтті. Ақпан айында «АгромашХолдинг» пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры және Жинақбанк арасында қол қойылған үш жақты келісім арқасында 12 пайыздық үстеменің бес пайызына мемлекеттік субсидия берілді. Бұл кәсіпорын үшін үлкен көмек. Облыста аталған бағдарлама өмірге жолдама алған күннен бастап оның көмегін алуға кәсіпкерлерден 10 өтініш түскен болатын, соның барлығы да мемлекет тарапынан қолдау тауып, оларға 1,5 миллиард теңге шамасында қаржылай көмек берілді.
Алайда, өткен жылы жеке кәсіпкерлікті қолдау үшін бөлінген 509 миллион теңге қаржы республикалық бюджетке кері қайтарылды. Облыстағы шағын бизнесте жүрген кәсіпкерлер тарапынан қаржылай көмек алуға ешқандай өтініш түспеген. Биыл кәсіпкерлерден түскен бес өтініш те дер уақытында қанағаттандырылған.
– Әншейінде кәсіпкерлер несие алудың қиындығын, күрделілігін, банк үстеме пайыздарының жоғарылығын көп айтады. Ал мемлекет 7 пайыздық үстемемен несие ұсынып отырғанда оны пайдалануға асығар емес, – деді облыс әкімінің орынбасары Виктор Мейстер. Егер кәсіпкердің несие алуға кепілге қоятын жылжымайтын бұйымы жеткілікті болмаса, онда «Даму» қоры алатын несиенің жартысындай кепілдік қаржы береді. Міне, осы бағыттағы жеңілдікті қазір облыста 30 миллион теңге сұраған бір ғана кәсіпкер пайдалануға бел буып отыр.
Кәсіпкерлердің аяғын тұсайтын түрлі бақылау органдарының тексерісі екені осы уақытқа дейін ауыз жаппай айтылып жүр. Виктор Мейстер кәсіпкерлер несиені алысымен түрлі бақылаушы органдар тарапынан жаппай ұмтылатын тексерулер олардың «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына қатысуға белсенділік танытпайтынының басты себебінің бірі екенін айтты. Кәсіпкерлердің пікірінше, бақылау органдарының тексерулері көбіне кәсіпорын басшыларын сақтандыру, білмегенін білгізу емес, кінәлауға дайын тұрады. Өткен жылы «Бизнесті президенттік қорғау» сайтына түскен 2000 хаттың ішінде 960-ы мемлекеттік бақылау-тексеру органдарының іс-әрекетіне жазылған шағым болатын.
Облыс әкімі Сергей Кулагин кәсіпкерлер мен құқық қорғау органдары жұмысында тазалыққа, әділдікке, адамгершілікке негізделген ортақ мәміле болуы керектігін айтты. Кәсіпорындарда да барлығы бірдей ылғи тақтайдай тегіс бола бере ме? Ереже бұзушылық, мемлекет қаржысын жымқыру кездеспейді дегенге сену қиын, ондай мысалдар жеткілікті. Сондықтан бақылау органдарының тексерісі әділ әрі бизнесті дамытуға бағышталу керектігін айтты аймақ басшысы.
Сонымен қатар, Сергей Кулагин бизнес пен билік арасында тығыз байланыстың болуын ескертті. Кейде кәсіпкер кездескен кедергілерді шеше алмай, өз сорпасына өзі қайнап жүргенде, аудан, қала әкімдері мұнан тіпті хабарсыз отырады.
Бүгінде кәсіпорындардағы өзекті мәселенің бірі кадрлардың жетіспеушілігі болып отыр. Облыста 17 кәсіптік лицей, 30 колледж жұмысшы кәсібі мен түрлі мамандар дайындайды. Осы оқу орындарында балалардың 65 пайызы білім алады. Дегенмен, форумда сөз сөйлеген Қостанай индустриалдық-педагогикалық колледжінің директоры Виктор Колпаков кәсіби мамандық беруде түбірлі шешетін мәселелердің бар екендігін де айтып өтті. Алдымен облыстағы кен алыбы, асбест комбинаты сияқты ірі кәсіпорындар өз кадрларын дайындап алуға қаржы құятын уақыт жеткен сияқты. Сол сияқты кәсіпорындардың барлығы да бюджет есебінен дайындалған мамандарды күтіп отырады. Екіншіден, облыста кәсіптік білім беретін мекемелердің материалдық-техникалық базасы тым ескірген. Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрынғы станоктарды пайдаланатын болашақ токарьлар мен слесарьлар экономиканы заманауи үдемелі жаңғырту талаптарына жауап бере ала ма?
– Қазір астық алқаптарында «Джон Дирлер» және еуропалық комбайндар жүйткіп жүргенде, біз механизаторларды 1978 жылы шыққан «Енисей» және «Ниваға» арнап дайындаймыз, – деді Виктор Колпаков. Шешеннің сөзіне құлақ қойсақ, кәсіби білім беретін оқу орындары түлектерін жұмысқа орналастыру облыс әкімдігі мен облыстық білім беру басқармасының ылғи да назарында отырады. Өткен жылы колледждерді бітіргендердің 86 пайызы, лицей түлектерінің 93 пайызы жұмыс орнын тапқан.
Форумда бизнестің әлеуметтік әріптестігі де әңгіме өзегі болды. Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі осы мақсатқа өткен жылы бір жарым миллиард теңге бөлді. Облыста жөнделіп жатқан ауруханаларға, клубтар мен мектептерге кәсіпкерлер қосқан үлес аз емес. Алдағы уақытта да бизнестің әлеуметтік әріптестігі оның дамуындағы басты бағыттың бірі болып қала береді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.