Қыруар қаржыны тендер арқылы «үлестіру» шыққалы бері бала кезде оқыған мына бір мысал ойға орала беретін болып жүр. Ол «Бір қазан сүтті пісіріп, суытуға үйдің іргесіне қойып едік, енді бір қарасақ, қаспағы да қалмапты» деп басталатын.
«Төгіліп қап па?», «Біреу ішіп кетіп пе?», «Төгіліп те қалмаған, ешкім де ішпеген». «Төгілмесе, ешкім ішпесе, бір қазан сүт қайда кеткен?». Мәселе, міне, осы сауалға берілетін жауапта. «Көбелек келіп күмп етіп, көбігін ішіп ол кетті. Жапалақ келіп жалп етіп, жарымын ішіп ол кетті. Қарға келіп қарқ етіп, қалғанын ішіп ол кетті. Сауысқан келіп саңқ етіп, сарқып ішіп ол кетті. Қырғауыл келіп қиқу сап, қазан түбі қаспағын қырнап ішіп ол кетті», дейді мысал.
Айтайын дегеніміз, тендердегі қыруар қаржы да қазандағы сүт сияқты, бір қарағаныңша «қаспағы» да қалмайды. Бүгінде үлкенді-кішілі, ұзынды-қысқалы, жуанды-жіңішкелі, білімді-білімсіз әкімқаралар мен кәсіпкерлердің ел қаржысына қол салуға ұялмайтындары сонша, алақандай ауылдағы жүзшақты оқушыға арналған мектептің құрылысына миллиардқа жуық теңге бөліп, «мырзалық» таныта бастапты. Неге? Өйткені, миллиардтың жарымы «шәпкі», «процент» деген үпі-сүпімен «жапалақтардың» жемсауына, «қарғалардың» қарнына кетеді. Қалғанын «сауысқандар» мен «қырғауылдар» бөліседі. Көлбеңдеген «көбелектер» де құр қалмайды. Ал аңқау халықтың талан-таражға ұшыраған бұл қаржысына бір емес, бірнеше мектеп салуға болады. Сөйтіп, әлеуметтік жоба «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отаудың» кебін киіп, құрқылтайдың ұясындай бірдеңеге айналады. Әйтпесе, қаржы «тапшылығынан» жұмыс кейінге ысырылады. Мүлде тоқтауы да мүмкін. Бұл кезде, әрине, әлгі бір-бірімен сыбайлас үлкенді-кішілі, ұзынды-қысқалы, жуанды-жіңішкелі, білімді-білімсіз әкімқаралар мен кәсіпкерлер майы тамшылаған қолдарын жалап, келген жағына асығыс-үсігіс тайып тұрады.
Міне, осыдан кейін есіңе түбінде қаспағы да қалмаған бір қазан сүт түспегенде қайтеді, енді?
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.