Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауына байланысты республикамыздың шетелдік мекемелері жанынан құрылған сайлау учаскелерінің бірі Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің резиденциясында орналасқан. Мәскеудегі бұл №143 сайлау учаскесінде дипломаттар, еліміздің ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, Кеден одағы комиссиясы жүйесіндегі өкілдері, қазақстандық ұйымдар мен компаниялардың Мәскеудегі өкілдіктерінің қызметкерлері, олардың отбасы мүшелері, жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттер мен әскери курсанттар, өзге де қазақстандық азаматтар дауыс береді.
Дауыс беруге арналған үй-жай талапқа сай жабдықталған. Бір тақтаға президенттікке кандидаттардың фотосуреті мен олар туралы ақпарат ілінген. Орталық сайлау комиссиясы белгілеген құжаттар жиынтығы, учаскелік сайлау комиссиясының құрамы арнаулы тақтаға орналасқан. Сайлау комиссиясының дербес бөлмесі бар, онда комиссия мүшелерінің күн сайынғы кезекшілігі ұйымдастырылған. Дауыс беру уақыты мен орны ресейлік БАҚ-тар арқылы сайлаушылар назарына жеткізілді.
Шетелдік мекемелердің жанында құрылған сайлау учаскелері бойынша белгіленген талапқа сәйкес сайлаушылар тізімін таныстыруға беру үшін комиссия мүшелері сайлаушылар тізімін нақтылап, пысықтау үстінде. Сайлаушылар арасынан биыл тұңғыш рет дауыс беретін жастар анықталуда. Сайлау комиссиясы осы жас сайлаушылардың алғаш рет пайдаланғалы тұрған мемлекет басшысын сайлау құқығын есте қалдыруына қатысты іс-шараларды да ойластыруда.
Биылғы президенттік сайлау – халықтың өз таңдауы. Мұны Қазақстаннан тыс жерде тұрып жатқан ел азаматтары да терең сезінуде. Соған орай 3 сәуір күні әркім өз жүрек қалауымен таңдаған кандидатын жақтап дауыс беруге дайындалуда.
Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.
Ресей Федерациясы.