Кеше ел президенттігінен үміткер, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы атынан сайлауға түсіп жатқан Жамбыл Ахметбеков австриялық «ORF» телеарнасы Мәскеу бюросының журналисі Маркус Мюллермен кездесіп, оның қойған сауалдарына жауап берді.
Австриялық журналист кандидатқа ел ішіндегі жағдайға, оның көкейінде жүрген мәселелерге, өзінің сайлауалды бағдарламасына қатысты бірқатар сауалдар қойды. Мәселен, БАҚ өкілінің «Қазақстандағы саяси жағдайды қалай бағалайсыз?» деген сауалына жауап берген Ж.Ахметбековтің пікірінше, әлемнің басқа елдеріндегі сияқты Қазақстандағы дағдарыс салмағы да бірінші кезекте ел тұрғындарының иығына түскен. «Дағдарыс кезінде халық банкирлердің тәуекелшілдігін көтеруге мәжбүр болды. Сол себепті, қазіргі таңда Қазақстанда әлеуметтік мәселелер алдыңғы шепке шықты. Бұл, ең алдымен, азық-түлік, коммуналдық төлемдер бағасы мен тарифтерінің өсуінен көрінеді. Бұған еңбекақының төмендігі мен көп тұрғын үйлердің сақалды құрылысқа айналғанын қосыңыз. Әрине, Қазақстан дағдарыс салдарынан біртіндеп шығып келеді. Демек, ендігі кезекте елдегі жағдай Үкіметтің кәсіби деңгейіне, қабылдаған саяси шешімдерінің сапасына тікелей байланысты болатынын айтуымыз керек», – деді кандидат өз сөзінде.
Ж.Ахметбековпен әңгімелесу барысында Маркус Мюллер оның алдағы өтетін сайлаудан қандай үміт күтетінін сұрады. «Сайлаушылардың дауысын санап, болашаққа алдын ала болжам жасағым келмейді. Бұл – саясаттанушылардың жұмысы. Мен – саясаткермін. Менің міндетім – ең соңына дейін күресу. Ал биліктің міндеті – халықтың үніне құлақ салу, олардың мұң-мұқтажына мән беру, әлеуметтің әлеуетін көтеру», – деді ол.
Сұхбат барысында журналист кандидатқа өзінің халыққа ұсынып отырған сайлауалды бағдарламасының басты ұстанымдары жөнінде айтып беруін сұрады. Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының өкілі өз сайлауалды бағдарламасының 3 ұстанымға негізделгенін, олардың алғашқысы – елдегі ең төменгі өмір сүрудің есептік көрсеткішін халықаралық стандартқа сәйкестендіруге, екіншісі – Қазақстанның мемлекеттік жоғары оқу орындарын бітірген жастардың жұмысқа орналасуларын кепілдендіруге, ал үшіншісі елдегі коммуналдық төлемдер жүйесін жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті.
Сұхбат барысында Ж.Ахметбеков халықшыл коммунистердің 2012 жылғы парламенттік сайлауға белсенді түрде қатысатынын, бұл ретте өз тараптарынан «жаңа әлеуметтік бағыт» бағдарламасы ұсынылатынын атап көрсетті. «Сол арқылы біз қазіргі таңдағы саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйеге парламентаризмнің қандай да бір құрылымдары негізінде әсер еткіміз келеді», – деді ол өз сөзінде.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.