Кездесу барысында Қазақстан мен Канаданың әлеуметтік-экономикалық дамуының түрлі салаларындағы ынтымақтастықтың келешегі, соның ішінде ауылшаруашылығы, аграрлық өнеркәсіп, мәдени-гуманитарлық байланыс, азаматтық авиация, аэроғарыш және әскери-өнеркәсіптік салалардағы мәселелері талқыланды.
Кездесуде басты назар 2016 жылы құрылған Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесі аясындағы екі елдің бизнес-құрылымдарының өзара іс-қимылына аударылды. Тараптардың пікірінше, кеңес қызметі екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға мүмкіндік береді. Премьер-Министр Канаданың Қазақстанның маңызды серіктесі екенін айтып өтті. Екі елдің де жаһандық экономикалық сын-тегеуріндерді еңсерудегі әрекеттері инфрақұрылымға инвестициялардың өсуі мен өңірлік және жаһандық экономикалық ықпалдастықты есепке алғанда сәйкес келетінін айтты.