Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Хамзаұлы Елеусізовтің жақында өзімен бұрын қызметтес болған Алматы біріккен авиаотрядының бортсеріктерімен кездесуі өте бір жылы шырайлы жағдайда өтіп, оған қатысқандарға да ұмытылмастай әсер қалдырды.
Қарап тұрсаңыз, оған да қырық жылдан астам уақыт өткен екен. Талай адамның жадынан да шығып кететін уақыт қой. Бұл мектеп бітірген соң оның әскерге барып, онда екі жыл қызмет еткеннен кейін, 20 жасында алғаш рет еңбекке араласуы еді.
Бортсерік. Қазақ балалары бара қоймайтын жұмыс. Жастайынан әлдебір жаңалыққа жақын жүретін Мэлстің романтикасынан да туған шығар. Жерде емес, көкте жүру – жастықтың арманы. Алматы біріккен авиаотрядында сол жұмысты үш жыл атқарды. Жақсы атқарды. Оған жұрт куә. Оны қырық жыл өткен соң да ұмытпапты.
– ТУ-154 ұшағында қызмет істедік. Өңкей қыздардың арасындағы жалғыз жігіт Мэлс Хамзаұлы осындағы ауырлау жұмысты атқаратын. Сол үшін оны барлығымыз жақсы көрдік, сыйладық, – деп еске алады Людмила Резниченко. – Сонан соң ол бүкіл біріккен авиаотряд жастарына жетекшілік етті. Жалындаған жас жігіт біздің бәріміздің есімізде қалды.
Міне, арада қырық жыл өткен соң үш жыл бірге қызмет еткен әріптестеріммен кездескенде, президенттіктен үміткердің олардың аузынан өзі жайлы талай жылы лебіздерді естуі, әрине, қуанышты әрі тебірентпей қоймайды.
Қырық жыл өткен соң ұмытпау да біраз жайды аңғартады. Кейбіреулердің тез ұмытылатыны да бар. Ал ісімен, мінезімен көзге түскен азаматты жұрт ұмытпайды екен. Ұмытпағаны өз алдына, сол сұлу бикештер – бортсерік қыз-келіншектер оның кейінгі өмірін де қадағалап отырыпты.
– Біз сені білеміз, сайлау күні саған дауыс береміз,– десті олар жастық кездегі достарын ортаға алып.
Өзінің қырық жылғы еңбек жолында Мэлс Хамзаұлы біраз жерде еңбек етті. Сонда бір жерде көп тұрақтамаған ба деген де ой келуі мүмкін-ау. Әсте де олай емес. Ол – затында жаны жаңалыққа құмар адам. Көп нәрсені көргісі келеді, білгісі келеді. Аз уақыт жұмыс істеген жерінде де осынау аңқылдаған ақкөңіл адам жұрттың есінде қалатыны бар. Бүгін барсаң да бірге жұмыс істегендер ол жайында жылы естеліктерді алдыңа тосады.
Жиырма бестің қылшылдаған жасында ол екі жыл Алматы қаласының Октябрь ауданында жедел комсомол отрядының командирі болды. Сонан соң бес жылдай Алматы темір жолының байланыс дистанциясында жұмыс істеді. Екі жылдай «Зергер» бірлестігі бас директорының орынбасары қызметін атқарды. «Газгипроводхоз» институтында директордың орынбасары болып бес жыл жұмыс істегенде де сол мекемеде оның қалдырған ізі сайрап жатыр. Ондағы адамдар осы бір сөзі мен ісі қатар жүретін азамат жайында жыр айтқандай әңгіме айтады.
Одан кейінгі жиырма жылдан аса уақыт туған табиғаттың жанашыры қызметіне арналған. 1989 жылдың соңында ол Қазақстан ассоциациялары мен кәсіпорындары экологиялық одағының төрағасына тағайындалса, бүгінге дейін сол орында. Оны бұл орыннан ауыстыруға болмайтындай көрінеді. Жұрт оны «Республиканың бас экологы», «Халық экологы» атайды. Сол табиғат үшін талаймен таласады, талаймен айтысады. Кейде мұның біреулерге жақпайтыны да бар. Ал эколог Елеусізов мұның туған табиғатқа жағатынын біледі. Біледі де алған бетінен қайтпайды.
Қоғамдық ісін айтпасаң, Мэлс Хамзаұлының келбеті жұтаң тартар еді. Қазақстан демократиялық күштері форумының тең төрағасы, Үкімет жанындағы туризмді дамыту кеңесінің мүшесі, Парламент Мәжілісі Қоғамдық палатасының мүшесі, Премьер-Министрдің штаттан тыс кеңесшісі. 2005 жылы да өз кандидатурасын ел президенттігіне ұсынған...
Соның бәріне қалай үлгереді дейсің.
Жақсы істерде оның ізі сайрап жатыр.
Мамадияр ЖАҚЫП.
Алматы.