Президенттіктен үміткер сайлау мәресі жақындаған сайын өзінің сан қырлы қабілет-дарынын аша түсуде. Өткен сенбіде ҚазҰУ-дің Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен «Ғани Қасымов достарын шақырады» атты ән кеші осы жайды тағы бір айғақтады.
Үміткермен кездесуге университет студенттері ғана емес, сонымен бірге, соғыс және еңбек ардагерлері, Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар, қала тұрғындары көптеп келді. Ғани Есенгелдіұлын залдағы қауым ду қол шапалақтап қарсы алды. Кездесуді ұйымдастырған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы сахнаға танымал жас әншілер мен музыканттарды шығарды.
Айталық, халықаралық конкурстардың лауреаты Қайрат Түнтеков, тамаша төлтума әндердің авторы әрі орындаушысы Айдарбек Дүйсебаев, жиырма жылға жуық эстрадамызға көрік беріп жүрген сазгер әнші Ерлан Көкеевтер көпшіліктің құрмет-сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген өнерпаздар. Осынау әншілер мына мерекелік жиынға жиналған қауымға «құлақтан кіріп бойды алар», бұлбұл көмейден сылдырай құйылған таза бұлақтай өз дауыстарын сыйлады. Ғани ағалары олардың әндерін ықыласпен тыңдап, өнер академиясына еліміздің әртүрлі өңірлерінен шынайы дарындардың жиналғандығын атап көрсетті. Депутаттыққа кандидат сол дарынды жастардың көбімен жақсы таныс, олардың дайындықтарында да болып жүреді.
Сахнаға белгілі әнші Толқын Забированың шығуы залдағы мерекелік көңіл күйдің қуанышын шарықтата түсті. Толқын әлі ұмытыла қоймаған «Екі жұлдыз» жобасындағы сияқты, қосылып шырқау үшін Ғанекеңді сахнаға шақырып, жұртты мәз етті. Қосыла шырқалған ән кемелдік пен жастықты, саясаткер мен әншіні болашаққа бірлесе ұмтылдырғандай біріктіріп тұрды. Әлбетте, өнерде де үлкен өре танытқан үміткер үшін қазақстандықтардың саясаттағы, экономика немесе мәдениеттегі мүдделері бірдей ортақ екені осы ән кешінде де жарқырап көрінді.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Алматы.
--------------------------------
Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.