Әйгілі жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген сөзінде сан-алуан астар бар. Кемеңгеріміздің бұл жерде «бесігіңді түзе» деген сөзді «Ұрпағыңды түзе» деген сөздің баламасы ретінде қолданып отырғанын біреуіміз білсек, екіншіміз аңғара бермеуіміз әбден мүмкін. Ал сол ұрпақты түзу жолға салуға атсалысарлық алғышарттардың бірі – ойыншық. Ойыншық деген атаудың өзі үлкендерді ойыншыққа «ойыншық қой» деп немқұрайды қарауға итермелеп тұратындықтан ба, баланың немен ойнауы керектігіне жете мән бермей келеміз. Сонымен бірге, ойыншықты көбінесе баланы алдау, көңілін жұбату үшін ғана пайдаланатынымыз да жасырын емес. Ол аздай, баланы алдарқату үшін әперген ойыншығымыз баламен қоса өзімізді де алдап жатқанын әдетте кеш байқаймыз немесе мүлдем аңғармаймыз.
Жалпы, ойыншық сөзінің соңғы қ әрпін алып тастаса – ойыншы болып шыға келеді. Яғни, бала ойыншықпен ойнамайды, керісінше ойыншық баланы ойнатады, баланы басқарушы-ойыншы, тәрбиешісі деген түсінік тасада қалып келе жатқандай. Сондықтан да ойыншық – ойыншы баланың мінез-құлқын, ойлау деңгейін бірден-бір дамытушы құрал екеніне еш талас жоқ.
Міне, осы баланың ойлау жүйесін дамытушы құралымыз ұрпақ санасына қаншалықты, қалай әсер етуде? Кез келген ойыншық өзіне тән сипатпен баланы қызықтыратыны анық. Жас баланың қызығушылығында шек болмағандықтан, оларға ойыншық таңдау да ата-анаға үлкен сын. Қазіргі қаптап тұрған небір ойыншықтар бала түгілі үлкеннің өзін бір сәтке баурап алады. Несімен? Әрине, сыртқы безендірілуімен. Әшекейі келіскен сол керемет деген ойыншықтар балалардың тәрбиелік, танымдық көкжиегіне өз септігін тигізе ала ма? Тигізсе, қандай тұрғыда? Сонымен бірге, қазіргі қаптап тұрған ойыншықтардың қазақ баласының қанына қайсысы жақын?
Осы сұрақтарға жауап іздеп, бүгінге дейін талай адам басын қатырған болар. Бірақ, сол олқылықтың орнын толтырсам деп бел шешіп, білек сыбана кіріскен, біздің білуімізше, әзірге бірер адам ғана. Мәселен, қазақ балаларының ұлттық дүниетанымына өз ойыншықтарымыз арқылы ықпал ету жолында «Атакәсіп-Астана», «Тәлім-таным», «Балбала» сынды серіктестіктер белсенді атсалысып келеді. Динара Ахметкәрімованың жетекшілігіндегі «Тәлім-таным» әріптерді қазақша сөйлетсе, Қыдырәлі Болманов басшылығындағы «Балбала» қуыршақтары да қазақша сөйлеп, қуандырып жүр. Соңғы екі серіктестіктің интерактивті ойыншықтарының заманауи болмысы, өзіндік орыны ерекше десек те Сәкен Болыс басқаратын «Атакәсіп-Астананың» төл ойыншықтарымызды түгендеуімен, түрлендіруімен жөні бөлек.
Сондықтан да төл ойыншықтардың төңірегінде тер төгіп келе жатқан «Атакәсіп-Астана» ЖШС директоры Сәкен Қасықбайұлы Болыстың бастамасының басты құндылықтарына мүмкіндігімізше тоқталғанды жөн санадық. Сәкен Қасықбайұлының ойыншық өндірісіне қойылатын барлық стандарттық талаптарға сай ұлттық ойыншықтар жасап шығарғанына да біраз уақыт болыпты. Алдына қойған мақсатының алғашқы бөлімі бойынша «Бөбек- домбыра», «Әсем үй», «Керемет үй», «Саз аспаптары», «Ойландырар оюлар», «Әуенді бесік», «Астана-Бәйтерек» деп аталатын жеті түрлі ойыншық жасап, елдің қызығушылығын арттыра түсуде. Мысалы, «Бөбек-домбыраның» әр бөлшегінің атауына байланысты шағын тақпақтар жазылған қосымша кітапшасы да шығарылған екен. Мұның кішкентай балалар үшін ойыншық домбыраның әр бөлшегін өз қолымен құрай отырып, тіл байлығын дамытуына да ықпалы мол. Тарих қатпарларында қалып қойған қазақ халқының төл ойыншықтарын тірілтіп, заманға сай жетілдіріп, ұлтына ұсына білген азаматтың табандылығы жұртым деген жүректі елжіретпей қоймайды. Түсінген жанға бұл ойыншықтардың жарасымды жасалуы – өшкен шырақтың қайта жануымен бірдей. Олай болатыны – ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастыруда ұлттық ойыншықтардың орнын ешбір бөгде ойыншық ауыстыра алмайды. Сол үшін төл ойыншығымызды төрге шығарудың барлық мүмкіндігін қарастыруды бір ғана адамның мойнына жүктеп қою қаншалықты қисынды?
Бұл жерде біреуге ақыл айту емес, «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деген Абай нақылына жүгініп, Сәкен Болыстың бастамасы түрткі болған ойларды ортаға салу. Бізді ойландырып отырған жай – осынау ұлттық нақышы айқын ойыншықтардың өте аз мөлшерде шығып жатуы. Ол ойыншық өндіруші кәсіпкердің мүмкіндігіне байланысты болғанымен, дәл отандық ойыншық мәселесіне олай біржақты қарауға болмайды. Себебі, балалар тәрбиесі ақсап тұрған заманда ұрпақ санасын ұлттық тәрбиемен байытуға зор ықпалын тигізгелі тұрған «Атакәсіп-Астана» ойыншықтары – таптырмайтын құрал. Төте жол. Ұрпақ тәрбиесінің жетекшісі боларлық дүние.
Иә, осынау ойыншықтармен елді қамту ісін бір ғана кәсіпкердің жеке күшіне жүктеп қойып отыра беру елдігімізге сын секілді. Сондықтан бұл мәселе Үкімет деңгейінде талқыланып, бүкіл Қазақстанды қазақы ойыншықтармен қамтамасыз етудің жолдары қарастырылса дейміз. Неге десеңіз, еліміздегі бүкіл балабақшалар мен ойыншық дүкендерін ұлттық ойыншықтармен қамтуға серіктестік өндірісінің күші жуық арада жетпейтіні анық...
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына тарту ретінде ұлттық ойыншық индустриясы іске қосылып жатса нұр үстіне нұр болар еді. Ондай жағдайда жоғарыда аталған 7 ойыншық саны 77 ойыншықтан да асып кетеріне еш күмәніміз жоқ. Ойыншықтардың саны мен сапасын арттыру «Атакәсіп-Астана» ЖШС жоспарында да жоқ емес екен.
Егер біз балаларға тартымды ұлттық ойыншық үлгісін жасап шығарсақ, бұл жеткіншектердің өз халқының өткенімен балабақшадан бастап-ақ танысуына жол ашатыны анық. Және осы ұлттық ойыншықтар арқылы жас буын алдындағы тіл мен діл мәселесін де жеңілдетуге, жеделдетуге әбден болады. Қазіргі жастарымыз көз ашқаннан өзгенің ойыншығымен ойнап, өзге атауларды жаттап өскендіктен, кейін өз тіліне шорқақ болмағанда қайтсін? Мұны бүгінгі таңда өмірдің өзі дәлелдеп беріп отыр. Қазір қалада туған балақайлардың кез келгенінен сұрасаң, олардың ешқайсысы ұлтымыздың тұрмыстық құралдарына, саз аспаптарына, салт-дәстүріне қатысты атаулардың ешқайсысын білмейтініне көз жеткізесіз. Бірақ, «Барби» қуыршағы, «Өрмекші адам», «Шрек», «Бэтмен» және т.б. кім екенін сұрасаң, ұйқылы-ояу отырып та жауап береді. Міне, біздің ұрпақтың уызында қандай қоспалардың бар екенінің көрінісі.
Серіктестік басшысы Сәкен Қасықбайұлы өз жобасындағы ойыншықтарды тек ойыншық тұрғысында ғана емес, тәрбиелік мәні бар құрал ретінде де ұсынып отыр. Көкірегі ояу көпшілікті қызықтырып отырғаны да ойыншықтардың осы қыры. Өйткені, балалар ұлттық ойыншықтармен ойнай отырып ойлайды, ойыншық бөлшектерінің атауын білу арқылы қазақы танымы толыса түседі. Мәселен, ойыншық нұсқасына айналған ұлттық саз аспаптарымыз арқылы фольклорымызға қатысты, киіз үй арқылы салт-дәстүр, көшпелі тұрмысымызға қатысты қаншама атаулар жас ұрпақ жадында жаңғырмай ма? Ол атаулар ойыншықпен бірге ортамызға оралып, күнделікті қолданысқа енер еді. Нақтырақ айтқанда, бір ғана киіз үйдің құрылым атаулары, оның ішіне жиналатын тұрмыстық бұйымдар, келімді-кетімді адамдардың туыстық қатынасы, оларға берілетін бата, тарту ететін сый, сақталатын сыбаға – бәрі-бәрін балаларымыз ойнай жүріп үйреніп алса, несі жаман? Киіз үй дегенде кейбір жандардың көз алдына шын мәнінде шаңы шыққан киіз елестеп, мұны несіне айтып отыр деуі де мүмкін. Бірақ, бұл мүлде олай емес. Заманауи материалдардан жасалған ойыншық нұсқасына айналған киіз үй балалардың жас ерекшелігіне орай көлемі жағынан бірнеше түрге бөлінбек. Ол үлгілерді бала өзі бұзып, өзі тігіп (құрап) ала алатын болады. Барлық бөлшегін өз қолымен ұстап, үйді құрай отырып ойын баласының өзі талай танымдық дүниелерге қанықпақ.
Көз алдыңда тұрмаса, дүкенде сатылмаса, әрине, бізде ұлттық ойыншық жоқ секілді, болмаған секілді түсінікте жүре береміз. Жүріп те келдік. Ал енді жоғалғанымыз табылып жатқанда тағы да жайбарақат жүре беруіміз керек пе? Олай дейтінім, ұлттық ойыншықтарымыздың дүниеге келгеніне де, сөз болғанына да бірер жылдай уақыт болып барады. Ол ойыншықтар өз Отанынан неге қолдау таппай отыр? Қолдау тапса, ендігі қазақы ойыншыққа қарық болып қалар едік қой. Біз ұлттық ойыншықтарға бизнес ретінде ғана қарамауымыз керек. Ұлттық ойыншыққа ұлттық идеология ретінде қарауымыз қажет. Үңіле білсек, ұлттық ойыншық та – ұлттық идеология. Ұлттық болмысқа тұнып тұрған қазақы ойыншықтарды дамыту, жетілдіру арқылы қазақ тілінің көсегесін көгертуге біршама үлес қосамыз. Ұлттық ойыншықтар арқылы өзге ұлт бүлдіршіндерінің бойына қазақылық болмыстың дәнін егеміз. Сонымен бірге, ұлттық ойыншықтар төңірегіндегі тәрбие жұмыстарын толықтыра отырып, жүйелі деңгейде балабақша өміріне енгізілсе. Бұл жағдай Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолға алынып, білікті педагог, психологтардың талқысына түсіп, тиімді шешім жасалса, үлкен ұтысқа қол жеткізген болар едік. Сол арқылы ұлттық тамырынан қол үзіп бара жатқан ұрпаққа тосқауыл қоюға тырысармыз. Осы бір ұлттық ойыншық төңірегі жете зерттелсе жетесіздік азайып, зерделілік жетілер, бәлкім...
«Баланы – жастан» дейтін қазақ бүгінгі таңда «Баланы – балабақшадан» деуге мәжбүр. Жасыратыны жоқ, балабақшаларымыздың басым бөлігі Кеңес Одағы кезінен келе жатқан әдістемемен тәрбие жұмысын жүргізуде. Пайыздық өлшеммен алғанда, таза қазақ тіліндегі балабақшалар өте аз. Аралас тілде дегендердің атауы ғана. Ал, балабақша дегеніміз – бала танымының алғашқы сатысы қалыптасатын кезең. Тілі де осы ортаға байланысты қалыптасатыны анық. Ендеше, балабақшадағы ұлттық тәрбиені неге күшейтпеске? Мысалы, жаңа жылдық мерекеге бүлдіршіндер де мейлінше дайындалып, жасанды шыршаны әшекейлеп, Аяз атаға қатысты сан-алуан тақпақтар жаттап дегендей, әзірлік жасауға әбден дағдыланған. Кейін сол үйренгендерін өмір бойы естерінен шығармайды. Сол секілді Наурыз мерекесі төңірегінде неге көптеген ұлттық тәрбиемізді қалыптастырмаймыз? Аяз ата орнына Қыдыр атаны енгізіп, шыршаның орнына киіз үй құрсақ, еш сөкеттігі жоқ. Шыршаны әшекейлеген секілді киіз үйдің іші-сыртын жабдықтап, соған байланысты қаншама аңыз, ертегі, тақпақтар жаттап жарысқа түссе несі бар.?! Баланың ұлттық танымын ұлғайтуға қатысты түрлі шараларды ойластырып жатсақ, оған біреу тыйым салып отырған жоқ қой.
«Тәрбиесіз берілген білім қауіпті» дейді Әл-Фараби даналығы. Яғни, бірінші – тәрбие, екінші – білім. Біз бала бойындағы мәдениетті білім емес, тәрбие арқылы ғана қалыптастыра алатынымызды мойындауымыз керек. Қазіргі біздің қоғамда да олқы соғып тұрған жағдай – осы жеткіншектер тәрбиесі. Теледидар көрсетілімдері мен түрлі компьютерлік ойындарға бой алдырған балғындарымыздың болмысы «бір түрлі» болып бара жатқаны жасырын емес. Ал, оның алдын алу үшін – тәрбие мәселесінің тетіктерін нығайту қажет. Ұлттық тәрбиенің уызына жарымаған жеткіншектің жан-дүниесі жадағай болмақ.
Енді ел ертеңі үшін алаңдап жүрген ұлттық ойыншықтар авторы туралы да әңгімелей кетсек артық болмас. Тарбағатай ауданы Ойшілік ауылының тумасы С.Қасықбайұлы – ұзақ жылдардан бері қолөнер бұйымдарымен шұғылданып, ұлттық аспап, ою-өрнек жасауда әбден ысылған маман. Бұл оның ұлттық ойыншықтар жасауға кездейсоқ келе салмағанын білдіреді. 1991-1993 жылдары Алматыдағы «Шертер» ұлттық аспаптар шеберханасында жұмыс істеп, Сапар Ділманов, Сейдахмет Келгендаев сияқты танымал шеберлердің алдын көрген. 1993-1998 жылдары Қарағандыда өзі жеке шеберхана ашып, осы өнерге бейім жастарды баулыды. Халықтық педагогика, этнопсихология мамандықтары бойынша мектептерде үйірмелер ашқан. Осының бәрі жиылып келіп балалардың жандүниесіне не қажет екенін ұғынуына түрткі болды. 2003 жылдан бастап «Атакәсіп-Астана» ЖШС ашып, ұлттық бұйымдар жасауды қолға алды. Ұлттық ойыншықтар жасауға осындай дайындықпен келген Сәкен Болыс қазіргі ойыншықтардың сипатын ашып беретін өлеңдерді де өзі жазып, ойыншықтарды қосымша кітапшасымен бірге ұсынуда. Бұған дейін үлкен конкурстарға қатысып лауреат атанса, 2001 жылы «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медалімен марапатталған.
Қайрат ЗЕКЕНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.