Кез келген қоғамның ілгері дамуы оның әрбір азаматының Отанға деген сүйіспеншілігі мен болашаққа деген талпынысынсыз мүмкін емес. Әр азаматтың ықылас-ниеті мен арман-тілегінен бастау алып, ұлт мұратын жүзеге асыру масатында құрылған «Нұр Отан» ХДП бүгінде жалпыхалықтық саяси күшке айналды.
Біздің таңдаған саяси бағытымыздың дұрыстығын өткен жылдар ішінде қол жеткізген табыстармен дәлелдеуге болады. Өткен барыс жылы ел тарихында маңызды орын алатын оқиға – Қазақстан Еуропаның аса беделді ұйымы – ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық етті. Сонымен қатар, 11 жыл бойы өтпеген Ұйым Саммитін ұйымдастырып, Астана Декларациясын қабылдатты.
Бұл жоғары сенімнің түп негізінде елімізде жүргізіліп отырған салиқалы саясаттың нәтижесінде қалыптасқан этносаралық татулық, саяси тұрақтылық, дінаралық және конфессияаралық келісім жатыр.
Еліміздің экономикалық тұрақты дамуының және тиімді сыртқы саясатының нәтижесінде Қазақстан 2011 жылы ШЫҰ мен Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеді. Мұның өңірдегі геосаяси тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, Қазақстанның инвестициялық әлеуетін арттыратыны сөзсіз.
Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде бәсекеге қабілетті, саяси жүйесі мығым, экономикасы тұрақты мемлекет құруға қол жеткіздік. Бұл табыстарға жетуіміздің алғышарттары жарқын болашаққа талпынған ортақ мүддеміз бен халқымыздың жарасқан бірлігі болса, оны қалыптастыруда «Нұр Отан» саяси партия ретінде өз миссиясын жоғары абыроймен атқаруда.
Әр азаматтың салиқалы өмірі, тұрғындардың әлеуметтік қорғалуы мен қоғамда демократияның өміршең болуы «Нұр Отан» ХДП алдына қойған негізгі стратегиялық міндеттердің бірі. Үстіміздегі жылдың 11 ақпанында өткен «Нұр Отан» ХДП XIII съездінде қабылданған 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы осы міндеттер биігінен көрінудің кепілі.
Сондай ақ, партия басымдықтарының бірі ел болашағы – жастар әлеуетінің сапасын арттыру. Партия съезінде жастар тәрбиесіне жаңа леп беру қажеттігі, Отан игілігі үшін жұмыстану керектігі атап көрсетіліп, жастарды қоғамға қызмет етуге баулу мақсатында олардың басын біріктіретін «Жас Ұлан» қозғалысын және «Жас Қыран» балалар ұйымының жаңа жүйесін құруға нақты тапсырма берілді.
Осыған орай, «Нұр Отан» ХДП-ның «Жас Отан» жастар қанаты мектеп жасынан бастап рухани-адамгершілік тәрбиелеу үрдісінің бірегей құрылымын жасау үшін «Жас Ұлан» және «Жас Қыран» ұйымдарының жаңа жүйесін құруға білек сыбана кірісіп кетті.
Ағымдағы жылдың 10 наурызында Парламент Мәжілісі депутаттарының, орталық мемлекеттік органдар өкілдерінің және балалар ұйымдары жетекшілерінің қатысуымен аталған ұйымдардың құрылымы жөнінде нақты іс-әрекеттер мен оны жүзеге асырудың тетіктері талқыланды.
Жалпы, «Жас Ұлан» және «Жас Қыран» саяси сипаттағы әрекеттерге қатынаспайтын, жасөспірімдердің азаматтық белсенділігін арттыру арқылы оларды біріктіру бағытындағы қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырумен айналысатын ұйым болып қалыптаспақ.
Жиналыс қорытындысы бойынша ұйымдар жұмысын үйлестірудің нақты тетіктерін құру мақсатында орталық мемлекеттік органдар мен балалар ұйымдары жетекшілерінің қатысуымен сараптамалық топ құрылды.
Жас ұрпақтың азаматтық қалыптасуы бағытында ұйымдар келесі міндеттерді жүзеге асыратын болады:
– азаматтық белсенділік мәселесінде ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету;
– жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, олардың рухани-адамгершілік, зияткерлік және нақты әлеуетін, экологиялық және рухани мәдениетін арттыру;
– жастардың бойында қазақстандық патриотизм сезімін және азаматтық жауапкершілік ұстанымын, республиканың мемлекеттік рәміздеріне, Қазақстан халқының мәдени мұрасына, тіліне және дәстүрлеріне құрметпен қарауды қалыптастыру;
– саламатты өмір салтын насихаттау;
– жастардың әлеуметтік маңызды бастамаларына қолдау көрсету және оларды іске асыру;
– жастар арасында спортты, туризмді дамыту арқылы рухани және табиғи жетілуін қамтамасыз ету;
– жастарды аға буынға деген құрмет, қамқорлық және мейірімділік рухында тәрбиелеу;
– дарынды жастарды іздеу, оларға көмек көрсету және ілгерілету;
– ғылым мен білімнің әртүрлі салаларындағы, мәдениет пен өнер, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы жастардың ғылыми-зерттеу, ақпараттық жұмыстарын ұйымдастыру және оларды қолдау.
Бүгінгі күні аталған ұйымдар жұмысының бағыт-бағдары республикамыздың өңірлерінде «Жас Отан» жастар қанаты филиалдарының ұйытқы болуымен қызу талқылануда. Талқылау қорытындысы бойынша ұсыныстар түгелдей ескерілетін болады.
Бекетай ҚАДІРҚҰЛОВ, «Жас Отан» ЖҚ Атқарушы хатшылығының менеджері.