Алматы, 2011 жылғы 29 наурыз
ЕСКЕРТКІШ МОНЕТАЛАРДЫ АЙНАЛЫСҚА ШЫҒАРУ ТУРАЛЫ
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының № 2155 Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2011 жылғы 29 наурызда «Ғарыш» монеталар сериясынан «Тұңғыш ғарышкер» - номиналы 500 теңгелік «proof» сапасымен биколорлы және номиналы 50 теңгелік нейзильбер қоспасынан, «Шығыс күнтізбесі» монеталар сериясынан «Қоян жылы» номиналы 500 теңгелік «proof» сапасымен күмістен және алтыннан жасалған, Шанхай ынтымақтастық ұйымының 10 жылдығына арналған номиналы 500 теңгелік «proof» сапасымен күмістен жасалған ескерткіш монеталарды айналысқа шығарады.
«Тұңғыш ғарышкер» монеталарының сипаттамасы
Нейзильбер қоспасынан және биколорлы монеталардың екеуінің де бет және сырт жақтарындағы суреттері бірдей. «Proof» сапасымен жасалған биколорлы монетадағы бейне айна тәрізді бетке орналастырылған.
Биколорлы (құрама) монетаның пішіні шеңбер тәріздес, концентрациялы түрде орналасқан сақина және дискіден тұрады. Монетаның ішкі дискі күмістен, сыртқы сақинасы танталдан жасалған.
Монеталардың бет жағына (аверсіне) ортада адам мен ғаламның бірлігін, өткен күн мен бүгінгінің байланысын білдіретін композиция бейнеленген. Оң жақ бөлігінде монетаның номиналы (биколорлы монетада «500 ТЕҢГЕ», нейзильбер қоспасынан жасалған монетада «50 ТЕҢГЕ») орналасқан. Номиналдан төмен Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі бар (биколорлы монетада екі жолға орналастырылған және монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін «Ag 925 16,7 gr. Та 24 gr.» деген жазба). Монетаны айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және ағылшын тілінде «REPUBLIС OF KAZAKHSTAN» деген сөздер жазылған.
Монеталардың сырт жағында (реверсінде) ортада ғарышқа ұшқанына 2011 жылы 50 жыл толатын тұңғыш ғарышкер Ю.А. Гагариннің бейнесі. Сол жақ бөлігінде – «Восток» жер серігі кемесінің суреті Жер шарын қоршаған орбитада бейнеленген, ғарышқа Жерден тұңғыш рет адам ұшырылған жылды және монетаның соғылған жылын білдіретін «1961-2011» деген жазу бар. Айналдыра мемлекеттік тілде «ТҰҢҒЫШ ҒАРЫШКЕР» деген жазу, Ю.А.Гагариннің қолтаңбасының бейнесі және орыс тілінде «ПЕРВЫЙ КОСМОНАВТ» деген жазба.
Монетаның бет жағындағы және сырт жағындағы бейнелер және жазбалар бедерленген.
Ескерткіш монеталар:
1) биколорлы орындалған, массасы 24 грамм танталдан сақина, дискісі 925/1000 сынамды күмістен, массасы 16,7 грамм, диаметрі – 38,61мм., «рroоf» сапасымен жасалған, таралымы – 5 мың дана. Қыры (гурты) бедерлі;
2) ақ түсті «нейзильбер» қоспасынан жасалған, диаметрі – 31 мм., массасы – 11,17 грамм, таралымы – 50 мың дана, қыры (гурты) бедерлі.
«Қоян жылы» монеталарының сипаттамасы
Монеталардың пішіні он екі қырлы. Күмістен және алтыннан жасалған монеталардың екеуінің де бет және сырт жағындағы суреттері бірдей.
Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде аспан әлемінің жұлдыздар картасы жұлдыздарының мифологиялық символдары бейнеленген және монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін жазба (күмістен жасалған монетада - «Ag 925 31,1 gr.», алтыннан жасалған монетада – «Au 999 7,78 gr.») орналастырылған. Монетаның жиегін айналдыра жалпақ күңгірт жиек жүргізілген, оның үстіне айналдыра монетаның номиналын білдіретін «500 ТЕҢГЕ» деген ойыңқы жазуы бар қаусырма, мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ», ағылшын тілінде «REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген ойыңқы жазу және күннің стильдендірілген бейнесі орналастырылған.
Монеталардың сырт жағында (реверсінде) орталық бөлікте шығыс күнтізбесі бойынша 2011 жылдың символы – қоян бейнеленген. Қоянның үстінде Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі орналастырылған. Монетаның жиегін айналдыра жалпақ күңгірт жиек жүргізілген, оның үстіне айналдыра монетаның соғылған жылын білдіретін «2011» деген ойыңқы жазуы бар қаусырма, мемлекеттік тілде «ШЫҒЫС КҮНТІЗБЕСІ», орыс тілінде «ВОСТОЧНЫЙ КАЛЕНДАРЬ» және ағылшын тілінде «ORIENTAL CALENDAR» деген ойыңқы жазу орналастырылған. Күңгірт жиектің ішкі жағында шығыс күнтізбесінің қалған он бір символы орналастырылған.
Монеталардың бет жағындағы және сырт жағындағы суреттер және жазбалар бедерленген.
Ескерткіш монеталар:
1) 925 сынамды күмістен жасалған, массасы 31,1 грамм, сипатталған шеңбер диаметрі – 38,61мм, дайындалу сапасы – «proof», таралымы - 5 мың дана, қыры (гурты) тегіс, бедерсіз, жазуы жоқ;
2) 999 сынамды алтыннан жасалған, массасы 7,78 грамм, сипатталған шеңбер диаметрі – 21,87 мм, дайындалу сапасы – «proof», таралымы – 3 мың дана, қыры (гурты) тегіс, бедерсіз, жазуы жоқ.
ШЫҰ 10 жылдығына арналған монетаның сипаттамасы
Монетаның бет жағында (аверсінде) жоғары бөлігінде бес қабаттап бұралған сегіз бұрышты өрнекті розеткамен көмкерілген Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазу бар. Төменгі бөлігінде – монетаның номиналын білдіретін «500 ТЕҢГЕ» деген жазу. Номиналдың сол жағында Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі және монетаның массасын білдіретін «31,1 gr.» деген жазу, оң жағында – монета дайындалған металды және оның сынамын білдіретін «Ag 925» деген жазу бар. Монетаны айналдыра моншақ тәріздес жиек жүргізілген.
Монетаның сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының эмблемасы орналасқан. Айналдыра мемлекеттік тілде «ШАНХАЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫНА 10 ЖЫЛ» деген жазу және ШЫҰ құрылған жылды және монетаның соғылған жылын білдіретін «2001-2011» деген жазу бар.
Монетаның бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерленген.
Монета 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61мм, «proof» сапасымен дайындалған, таралымы – 4 мың дана, қыры (гурты) бедерлі.
Номиналдары 500 теңгелік және 50 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ шоттарға, салымдарға, аккредитивтерге есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің осы ресми хабарға түсініктемесі
«Ғарыш» сериясынан «Тұңғыш ғарышкер» ескерткіш монеталары ғарышты зерттеу және ғаламның құпияларын игеру тарихындағы айтулы оқиғаларға арналған серияны жалғастыратын күмістен/танталдан жасалған монеталардың және нейзильбер қоспасынан жасалған монеталардың алтыншы жұбы болып табылады.
1961 жылғы 12 сәуірде Кеңес Советтік Социалистік Республикалар Одағының азаматы ұшқыш майор ГАГАРИН Юрий Алексеевич «Восток» жер серігі кемесінде әлемде тұңғыш рет ғарышқа ұшты. Монета осы оқиғаның 50 жылдығына арналған.
Ескерткіш биколорлы (құрама) монета әуеғарыш өнеркәсібінде кеңінен пайдаланылатын металл - танталды қолдана отырып дайындалды.
«Қоян жылы» ескерткіш күміс және алтын монеталар «Шығыс күнтізбесі» жаңа монеталар сериясын ашады. Шығыс күнтізбесі бойынша 2011 жылдың 3 ақпанынан бастап Қоян жылы кірді.
Ескерткіш монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.
Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.
«Proof» сапасымен жасалған ескерткіш күміс монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.
Нейзильбер қоспасынан жасалған ескерткіш монеталардың әрқайсысынан бір мың данадан арнайы пластикалық термовакуумды ораумен сатуға арнап шығарылды.
Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, Алматы қаласында мына мекен-жай бойынша сатып алуға болады: Панфилов көшесі, 98. Анықтама үшін телефоны (727) 273-83-98.