«БАЛАПАН» – БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ
Бұл күнде бүлдіршіндерді балабақшалармен қамту мәселесі Қарағанды өңірінде де өзекті болып отыр.Деректер бойынша қазіргі кезде облыста 2 мен 6 жас аралығында 54 мың жеткіншек өсіп келеді. Олардың мектепке дейінгі тәрбие және оқыту орындарына тартылуы 82 пайызды құрайтындығы былай алып қарағанда төмен көрсеткіш болмағанымен бәріне бірдей осындай мүмкіндік жасау түпкі міндет саналады. Осы мақсаттағы шаралардың ойдағыдай жүзеге асырылып келе жатуы, оған қосымша серпін берілуі алдағы аз уақытта барлық жас ата-аналар басты тілегіне жететіндігіне үміт үлкейтеді. Жақында облыстық әкімдікте тағы бір талданып, талқыланған «Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы» көзделген бағытқа байланысты жаңа істер көкжиегі кеңейе түсетіндігін көрсетеді.
Кезінде оңтайландыру делінген желеумен орынды-орынсыз жабылып қалған балабақшалар қатары бүгінде қайта толығып, соңғы екі-үш жылда бұрынғы ауыр жағдай түзеліп қалды деуге болады. Аталған уақытта 5939 балдырғанның соның шапағатына бөленуі былайша айтуымызға толық дәлел. Өздеріне құшағы ашық 177 балабақша мен 289 шағын орталықтың көбі ішкі және сыртқы келбетімен әсем.
Тілге тиек бағдарлама бойынша атқарылуға тиісті істер кім-кімді де қуантар еді. Мәселен, бірінші кезекте бос тұрған немесе басқа мақсатқа пайдаланып жүрген балабақша ғимараттарын коммуналдық меншікке қайтарып, жөндеуден өткізу көзделсе, сонымен бірге жаңадан салынатыны да аз емес. Мұндай шара ірі қалалардан бастап алыс елді мекендерді қамтиды. Атап айтқанда, биыл төрт балабақша құрылысы жер аяғы кеңісімен басталғалы тұр. Бұған қоса қалпына келтірілуге тиісті 6-уы күзде есік ашпақ. Сондай-ақ, мектептер жанынан құрылатын шағын орталықтар 1342 бүлдіршін күлкісіне бөленеді. Сөз орайында жұртшылық құлағын түрдірген жағымды жаналықтың бірі, жекеменшік түрінде төрт балабақша пайда болмақ. Ал олар әлбетте, ата-аналар көңілінен шығуға талпынып бағуға тиіс. Мұның өзі бұдан былай қарай балалы шаңырақтарды қайсысын қалайтындығына тартатындығы талассыз.
Сонымен бұлар мерекелі жыл үлесіне тиетін шаруа болса, одан кейінгі кезеңге белгіленген міндеттер және ауқымды. Тағы бір балабақшаны қатарға қосу, бұрынғы нысандарды коммуналдық меншікке қайтару арқылы 2 мыңға жуық өренді орналастыру ойдағы іс. Облыста жылдан-жылға табиғи өсім жоғарылап келеді. Оны да ескермеске болмайды. Сондықтан келесі кезекте 800 орындық 3 балабақша құрылысы қолға алынады.
Айта кеткен жөн, мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері қатарын арттыру мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында да қоса жүргізіледі. Сол бойынша Қарағандыда 11, Теміртауда 4 балабақша құрылысын салу жобаға енген. Бұл ғимараттар тәрбие беру және оқытудың озық үлгідегі құрал-жабдықтарымен жасақталып, барлық талаптарға сай салынады. Әрқайсысында суға жүзуге арналған жеке бассейні болуы қарастырылған. «Қарағанды облыстық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аймақтық орталығы» АҚ басқармасының бастығы Виссарион Ким баян еткендей, бұған 10 миллиард теңге бөлінген. «Ескісін қалпына келтіргеннен гөрі жаңасын салған анағұрлым арзанға түседі әрі пайдалану мерзімі ұзарады. Жұмысты тиянақты атқарып шығуға қолайлы жағдай жасалған. Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлағаннан артық не тарту бар. Сол себептен де құрылысшыларымыз құлшынысы ерекше», дейді ол. Бүгінде балабақшаларға қабылдануға кезек күткен 9515 балдырғанды 2013 жылға дейін 100 пайыз осы орындарға орналастыруды орындау күн тәртібіндегі міндет.
Иә, енді балабақша мәселесінің шешімін табуға да күш жетеді. Сөйтіп тәуелсіздіктің шуағына жас ұрпақты аялата түсу « Балапан» бағдарламасының мерейлі мақсаты.
ЖЕТІМДЕР ЖАСЫТЫЛМАЙДЫ
Өскелең жеткіншекке деген ұдайы қамқорлықтың тағы бір жағымды көрінісі ата-аналарының күтімінсіз қалғандар мен жетім жасөспірімдерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған шара болып табылады. Кәмелеттік жасқа дейін мемлекеттік мекемелерде тәрбиеленіп, одан соң баспанасыз болу жағдайына ұшырайтын жандардың онсыз да ауыр тағдыры қиындай түсетіндігі белгілі. Арқа тұтары, сүйенері жоқ жүректері қаяулы жастардың бар үміті мемлекеттік қолдауға қайта тіреледі десек, ал оның құлашын жылдан-жылға кеңге серметуге күш салынып келеді. Сондықтан сол үшін қабылданған кешенді бағдарлама иігілікті іске үлкен қозғау салғалы отыр.
Бүгінде облыстағы жетім балалар үйінде 4862 жеткіншек тәрбиеленуде. Біразы ертең өз тірліктерін өздері көруге көшуі тиіс. Бұған дейін алаңсыз күн кешкен өрендер өміріне қиындықтың зоры сонда туындайтындығы жасырын жай емес. Бәрінен ең қинайтыны баспана мәселесі алдан шығады. Соны қазір 1024 жас бастан кешіп жүргендігі мәлім.
Осыған байланысты аймақ басшысының тапсырмасымен жасалған арнаулы жоспар бұл санаттағы қыздар мен жігіттерді тұрғын үймен тұрақты немесе уақытша қамтамасыз етуді көздейді. Қалалық, аудандық әкімдіктерге биыл оларға 301 пәтер бөлуді қарастыру тапсырылған. Онымен қоса қолданыстағы 5 балалар үйіне 4-уі қосылады деп күтілуде. Бұлар Қарағандыдағы, Теміртаудағы, Жезқазғандағы кәсіптік мектептер жанынан бой көтереді. Мұның сыртында облыс орталығында аймақ бойынша 200 орындық алғашқы жастар үйі ашылады. Облыстық білім беру басқармасының бастығы Есенғазы Иманғалиев мәлім еткендей, оған отау көтерген жетім отбасылар бірінші кезекте орналастырылады. Ал біраз бөлігінің жеңілдік жолмен баспаналы болуларына мүмкіндіктері де бар. Сондай-ақ өз беттерімен табыс тауып, пәтер сатып алуларына төмен деңгейлі мөлшердегі несиелік көмек беру жағы да ойластырылған. Сөйтіп бағдарламаға сәйкес таяудағы екі жылда 16-23 жас аралығындағы сүйеушісі жоқ жастардың үштен бір бөлігін тұрақты, қалғандарын уақытша тұрғын үймен қамту жүзеге асырылады. Осы орайда белгіленген іс-шараларға қойылып отырған биік талап, жоғары жауапкершілік оның тындырымды атқарылуына итермелейтіндігі анық екенін атап өте алмайсың.
Жалпы, сарапшылар талдауына қарағанда, асыраушысынан айрылған балалардың 80 пайызы былайша айтқанда тірі жетім топтағылар санатына жатады екен, яғни әке-шешелері болса да сондай күйге ұшырағандар. Балалары түгіл өздері күнін көруге жарамайтын ата-ана құқығынан айырылғандар қатары өспесе азаймауы бұл мәселенің тағы бір қиын жағы. Бұл түйткіл ескерілмей жатқан жоқ.Үлкендердің ұрпағына жауапкершілігін заңдылық тұрғыда нығайту, мемлекетке масылдықтың алдын-алу, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – осы бағыттағы істің бір қыры.
Қалай болғанда да туған ата-анасынан мейірім көрмей, жетім қалған сәбилер, интернат тәрбиеленушілері, тағдыр тәлкегін тартушылар жасытылмайды. «Жүдеу көңіл жұбаныш іздейді» делінген емес пе. Аталған бағдарламаның ізгі мақсаты да осы. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласының қызметі соған жұмылдырылған. Бір тәуірі, бұрынғыға қарағанда тағдыры қиын жеткіншектерді қалыпты тірлікке қосып, өмірде өз орындарын табуға мүмкіндік мол. Ендеше мемлекет тарапынан туғызылатын жақсы жағдай тұрмыстарына тіреу болары сөзсіз.
АРДАГЕРЛЕРГЕ АЯЛЫ АЛАҚАН
Облыста шынайы қамқорлық құшағына бөленушілер қатарындағы соғыс, еңбек ардагерлерінің ризашылығы ерекше. Бүгінгі бейбіт өмір мен шат-шадыман тұрмыс іргетасын қалаушылардың мұң-мүдделері, талап-тілектері әрдайым басты назарда. Былтыр 35-і жаңа пәтерлерге қоныстанса, 304-нің үйі жөнделіп берілді. Жергілікті бюджет және демеушілер арқылы оларға жалпы сомасы 146 миллион теңгеге біржолғы материалдық көмек жасалуы қадірменді қарттарға арналған аялы алақанның айғағы. 388 қартқа сауықтыру орындарында емделуіне мүмкіндік берілді.Коммуналдық төлемдерден босату бәрінің көңілінен шықты.
Ардагерлерді жақында облыс әкімі Серік Ахметов тағы бір жылы хабармен қуантып тастады. Жұмыс істеуге кіріскен Соғыс ардагерлеріне медициналық көмек көрсету облыстық орталығының бұдан былай есігі ашық. Алдағы айда стационарлық емделушілерге медициналық кеңес беретін мекеме құрылмақ.
Биылғы Жеңіс күні мерекесі әдеттегідей көбінің есінде қалады. Майдангерлермен бірге тыл еңбеккерлеріне 90 миллион теңгеге материалдық көмек көрсетіледі. Бұл әрқайсысына 50 мың теңгеден сыйақы беріледі деген сөз. Ескі, қолайсыз үйлерін жаңа пәтерлерге ауыстыратындар жылдағыдай аз болмайды. 200-і жаз айларында еліміздегі белгілі сауықтыру орындарында емделетіндігін қуанышпен қарсы алып отыр.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды.