Міне, талай-талай «тар жол, тайғақ кешулерді» басынан кешірген кеңпейіл халқымыз, жайсаң да жомарт жұртымыз өзінің ғасырлар бойы аңсаған асыл тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам басты. Тәуелсіздік! Осы бір жалғыз ауыз сөздің астарына қаншама қымбат та қасиетті ұғым сыйып тұр десеңізші! Оның астарында «мың өліп, мың тірілген» дана халқымыздың асыл арманы, мұратты мүддесі, азаттық аңсаған ата-бабалардың күрес жолы жатыр. «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы Жолдауда мерейтойымыздың ұраны – «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деп айрықша дәл атап көрсетілген.
Иә, еліміз еркіндік алып, өз қолы өз аузына жеткен осы жиырма жыл ішінде қазақ жұрты өткен тарих толқындарында ешқашан қол жеткізіп көрмеген асқарлы асулар мен биік межелерге шықты. Төрткүл дүние қазақ деген халықты танып, жас тәуелсіз мемлекетіміз өркениет шоғырындағы шоқтықты елдердің қатарынан лайықты орнын алды. Басқасын былай қойғанның өзінде, өткен жылы төрт мұхиттың аралығындағы айтулы 56 мемлекеттің басын біріктірген мәртебелі ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрелік айтып, тарих шежіресінен айшықты орнын алатын Астана Декларациясын қабылдатты. Жолдауда атап көрсетілгеніндей, «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жолының – БОСТАНДЫҚ, БІРЛІК, ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ӨРКЕНДЕУ секілді арқаулық құндылықтары қалыптастырылды».
Осы жылдар ішінде экономикамыз ғарышты қарқынмен дамып, халқымыздың демократиялық өркендеуінің алғышарттары да жасалды. Жергілікті өзін-өзі басқару институттары құрылып, жергілікті мәслихаттарға үлкен өкілеттілік берілді. Міне, осындай үрдістерде Ақмола облыстық мәслихаты да өзінің келбетін қалыптастырып, өңірлік даму баспалдақтарында халықтың үні мен мүддесін айқындауда елеулі қолтаңбасын қалыптастырып келеді.
Ақмола облысының халық қалаулылары тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығында жеткен жетістіктерді баянды ету жолында өз сайлаушыларымен тұрақты байланысын нығайта отырып, билік баспалдақтарында олардың үні көмескіленбеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Тек өткен жылдың өзінде ғана облыстық мәслихаттың депутаттары жер-жерлерді аралап, сайлаушылармен 327 кездесулер және жиналыстар өткізді. Сайлаушылардың 664 өтініші қаралып, 600-ден астам тұрғын депутаттардың қабылдауларында болды. Тұрғындардың өтініші бойынша жергілікті биліктің тиісті шешім қабылдауы үшін 197 өтініш-шағымдар жолданды.
Облыстық мәслихаттың дәстүрлі кездесулері мен жүздесулерінде сайлаушылар тұрғындарға медициналық қызмет көрсету, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың қызметін жетілдіру, жер телімдеріне байланысты өтініштер, зейнетақымен қамту, жастарды жұмысқа орналастыру, көлік жолдарын жөндеу, қоғамдық көліктің жұмысын реттеу мәселелерін көтереді. Сонымен қатар, мәслихаттың тұрғындармен жүргізетін жұмысы барысында елді мекендерді көріктендіру және көгалдандыру, лауазымды қызметкерлердің жұмысында орын алған кемшіліктер және аз қамтамасыз етілген тұрғындарға материалдық көмек көрсету мәселелері де жиі сөз болады.
Осындай көкейкесті мәселелерді шешу халық қалаулыларының күнделікті жұмысында өзекті орын алады. Түптеп келгенде, мұның бәрі тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында тұғырға шығарып отырған халқымыздың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын жақсартып, ертеңгі жарқын болашаққа бастайтын сара бағыт екендігі белгілі.
Облыстық мәслихат депутаттарының тікелей араласуымен облысымыздың елді мекендеріне ауыз су тарту мәселесі тұрақты көтеріліп келеді. Ел экономикасы әлеуетінің жарқын бір көрінісіндей 2011 жылы облыс орталығының сумен жабдықтау жүйесін қайта жарақтандыру мақсатында республикалық бюджеттен 2,6 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Өткенге қанша емексу жасасақ та бұдан бұрын Көкшетау қаласының су тарату жүйесін қайта құруға мұндай қаржы бөлініп көрген жоқ. Осының бәрі бүгінде 20 жылдық межесіне қадам басқан ел тәуелсіздігінің жемісі екендігі даусыз.
Өз сайлаушыларының аманаты бойынша Степногор қаласынан сайланған депутаттар Заводской, Ақсу, Шаңтөбе және Новокранштант кенттерінің су тарату желілерін жаңғырту туралы үнемі мәселе көтеріп келеді. Осыған байланысты биылғы жылы осы елді мекендердің су тарату желілерін жаңарту мақсатында кешенді бағдарлама қабылданды. Облыстық мәслихаттың депутаттары В.Подманкова және И.Жанғоразовтардың жігерлі іс-шараларының нәтижесінде Степногор қаласындағы №6 мектеп-гимназияның ғимаратына және Аршалы ауданы Сарыоба орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Астрахан ауданынан сайланған халық қалаулысы Д.Сағадатованың табандылығының арқасында Зеленный ауылын электр қуатымен қамтамасыз етуге 12,2 миллион теңге қаржы бөлініп, Астраханка ауылында ардагерлерге қызмет көрсететін әлеуметтік дүкен ашылды.
Тәуелсіздік пен демократия бір-біріне тікелей байланысты ұғым болмаса да бірінсіз бірі өркендемейтін қанаттас құбылыс екендігі даусыз. Осы орайда демократияны дамытуға жергілікті өзін-өзі басқаруды жақсартудың, жергілікті мәслихаттардың өкілеттілігін арттырудың өлшеусіз ықпалы болатындығы талас тудырмайтын шындық. Бүгінде облыстық мәслихат депутаттарының тікелей араласуымен іс жүзіне асырылып жатқан әлеуметтік мәселелер соның айқын дәлелі болса керек. Халық қалаулыларының үні билік органдарына әсер етіп, ықпалды шаралардың іс жүзіне асырылуы да сол тәуелсіздік берген өкілеттіктің арқасы. Мәселен, Ақмола облысының орталығы болған жылдар ішінде Көкшетау қаласының адам танымастай өзгеруі сол ел қол жеткізген еркіндіктің нәтижесі. Көкшетау қаласын көріктендіру мен абаттандыруға төрткүл дүниені тізерлеткен кешегі әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс кезеңінің өзінде «Жол картасы» аясында 1,3 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Қаланы көріктендіру мен абаттандыру үшін екі жыл ішінде ешқашан мұндай қаржы бөлінген емес. Көкшетау көшелерін жөндеу және көгалдандыру үшін 2011 жылы тағы да мемлекеттік бюджеттен 900 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр.
Өңірден сайланған депутаттар С.Елубаева, Г.Марченковалардың бастамасымен соңғы жылдары облыстық кітапхананы бүгінгі заман талабына сай компьютерлік қондығылармен жабдықтау тұрғысында кешенді жұмыс атқарылды. Сол сияқты халық қалаулыларының ықпалы мен қалалық саябақты қайта жабдықтау, қалалық коммуналдық кәсіпорындардың жарғылық капиталын қорландыру тұрғысында айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Қазақтың көркем де көрікті өңірлерінің бірі – шежірелі Көкшетауды көркейту қай кезеңде болса да қазақ азаматтары үшін мұратты мақсат болғандығы анық.
Еңбекшілдер ауданынан сайланған халық қалаулысы К.Әдиетованың тікелей араласуымен соңғы жылдары осы ауданның Невское, Мамай және Андықожа батыр ауылдарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешім тапты. Сол сияқты осы аудан аумағындағы Степняк – Макин бағытындағы облыстық дәрежедегі жол күрделі жөндеуден өткізілді. Облыстық мәслихат депутаттарының белсенді араласуының нәтижесінде облысымыз өткен жылы болған Қызылағаш ауылының қасіретіне жанашырлық көмек көрсетті. Депутаттар өздерінің жеке қаржысы есебінен 524 мың теңге аударса, мәслихат депутаттары басқаратын облыстағы кәсіпорындар Қызылағаш ауылының тұрғындарына көмек ретінде 4,5 миллион теңге қаржы аударды.
Жоғарыда атап өткеніміздей, тәуелсіздігіміздің 20 жылдық шежірелі шеру жолында еліміздің барлық өңірлерінің экономикасы елеулі даму биігіне шыққаны белгілі. Бұл үрдістен Ақмола облысының экономикасы да сырт қалған жоқ. Соңғы 10 жылда өңірдегі өнім өндіру көлемі 6,8 есеге өсіп, 562 миллиард теңгеге жетті. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі 640 доллардан 5200 долларға немесе 8 есеге артты. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру аясында өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 175 миллиард теңгеге жетіп, 2009 жылмен салыстырғанда 46 миллиард теңге өсімді қамтамасыз етті. Индустрияландыру картасы шеңберінде 2010 жылы жалпы құны 74 миллиард теңге болатын 14 нысан пайдалануға берілді. Ақмола облысының алтын өндіру кәсіпорындарында Қазақстанда теңдесі жоқ технология қолданыла бастады. Былтыр «Алтынтау – Көкшетау» алтын айыру фабрикасында 4 тонна алтын өндірілсе, биыл 15 тонналық деңгейге қол жеткізетін жобалық қуат іске қосылмақ. Ал бұл өз кезегінде Ақмола облысының алтын өндіруде республикамызда бірінші орынға шығуына, Қазақстанның әлемдегі алтын өндіретін жетекші 15 мемлекеттің қатарына қосылуына мүмкіндік береді.
Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында ақмолалықтар Астананың азық-түлік белдеуін жасау мақсатында 1 жыл ішінде жалпы құны 7 миллиард теңгені құрайтын 13 жобаны жүзеге асырды. Облысымыз өткен жылы 96,5 мың тонна ет, 453 мың тонна сүт, 443 миллион дана жұмыртқа өндіріп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосты.
Әрине, тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерді баянды ете отырып, демократияны дамытуда жергілікті өзін-өзі басқаруды жақсартудың көп маңызы бар. Бұл ретте облыстық мәслихаттарға жүктелетін жауапкершілік жүгі зор. Себебі, адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті жайлардың бәрі жергілікті жерлерде шешіледі. Сондықтан облыстық мәслихаттың жұмысын өскелең талап дәрежесіне көтеріп, жергілікті жерлердегі өкілетті органдардың беделін арттыру осы 20 жыл ішінде жүріп өткен жолымыздың асқарлы белесі болмақ. Бұл мақсатта жергілікті жерлерде атқарылып жатқан жұмыс ауқымы айтарлықтай. Оған Ақмола облыстық мәслихатының атқарып жатқан жұмыстары да айшықты дәлел болса керек. Биыл тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы ел өмірінде елеулі де ерен оқиға ретінде аталып өтіледі. Біз үшін бұл – тек мерейтойлық оқиға ғана емес, сонымен бірге, жетістігімізді де, кемшілігімізді де саралап, болашаққа тұғырлы бағдар жасайтын шешуші кезең. Ендеше, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, барлық қазақстандықтар болып жарқын болашақ жолында жасампаз еңбекке жұмылайық.
Өмірсерік МҰСАБАЕВ, Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы.
Көкшетау.