Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының кезекті отырысы өтті. Онда Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сараланды.
Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті депутаттардың талқысына екі заң жобасын ұсынды. Атап айтқанда, «Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын ұйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеу және даму тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, газ тасымалдау жүйелері бойынша газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу қағидасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары бар.
Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Еңбек кодексіне түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасымен жұмысты жалғастыру қажеттігін айтып отыр. Ал Қаржы және бюджет комитеті еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне электронды ақша мәселелері бойынша толықтырулар енгізуді қарастыратын заң жобасын екінші оқылымға дайындады.
«Егемен-ақпарат».